Батыста жаңашылдық та, жетістіктер де, рухани байлық та бар

«Нұр Отан» партиясы, ҚР Ауылшаруашылық министрлігі, Халықаралық «Qazaqstan zamany» газеті, «Мөлдір бұлақ» журналы, «ЕлАна» сайтының «Ауыл – руани жаңғырудың қайнар көзі» атты дәстүрлі экспедициясы Батыс Қазақстан облысында

Облыстың біраз жерлерін аралап, ауылшаруашығы саласындағы көптеген өзгерістер мен дамуды өз көзімізбен көруге мүмкіндік туды. Халықтың жағдайы, ішкі әлеуметтік жағдайлар, облыстың әр саладағы жетістіктері мен кемшіліктері жайлы тереңірек зерттеп, білу экспедицияның басты мақсаты.

Степанның фабрикасы толық автоматтандырылады

Экспедиция «Орал құс фабрикасынан» өз жұмысына кірісті. Бізді қарсы алған директор Сироткин Степан Сергеевич ең алдымен біздің үстімізге ақ жамылғы, басымызға арнайы бас киім, аяғымызға арнайы қаптама киюімізді өтінді. Себебі құстар адамдар тарапынан тарайтын инфекцияларға өте төзімсіз екен. Сырттан ауру кірмеу үшін қауіпсіздік шаралары қатаң бақылауда болатынын директор бар жан-тәнімен айтып түсіндіріп жатыр.
Степанның сөзіне қарағанда осы өңірді фабриканың жұмыртқалары қысы-жазы қамтамасыз етіп тұр. Солтүстік облыстарда және Ресейде орналасқан құс фабрикалары бәсекелес болып саналатындықтан, «Орал құс фабрикасы» өз жұмыртқаларын жаз айларында өте арзанға сатады екен. Ол кездері көршілес елдің құс фабрикалары Батыс Қазақстан облысына өздерінің арзан жұмыртқаларын көптеп кіргізуге тырысатын болып шықты. Өз тауарларын өткізу үшін бұл фабрика да жұмыртқаларын өте арзанға сатады екен. Жаз айларында 30 пайыз шығынға ұшырап, кейін күз, қыс мезгілдерінде сол шығынның орнын толтыратынын жап-жас басшы осылай түсіндірді.
Басқа жақтардағы құс фабрикалары жемнен көп тарықпайды, өздерінде дәнді дақылдар мол өседі екен. Ал Батыс өңірі ондай емес, табиғаты, жер қыртысы басқаша, жаңбыр аз жауатындықтан дәнді-дақылдардың өзіндік құны да қымбатырақ шығатыны рас. Сонымен қатар басқа жақтағы құс фабрикалары толықтай авто-маттандырылғандықтан оларда шығын аз болады. Ол бірінші кезекте тауардың құнына әсер етеді. Степанның алдағы уақытта құс фабрикасын толық автоматтандыруға жоспары бар болып шықты.
Құс фабрикасына қарасты 7 корпус бар. Оның 2 корпусы балапандар. Қалғандары жұмыртқа табатын тауықтардың корпустары. «Алдағы бес жылда біз үш есе өсуді ойлап отырмыз. Қазір 120 қызметкеріміз бар. Автоматтандырылсақ ол жұмыскерлердің сандары да сәйкесінше қысқарады. 2004 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан құс фабрикасы сол уақыттан бері жаңартылмаған. Алдағы уақытта әкімшілік арқылы жалға жер алып жатырмыз, шаруашылықты кеңейтуді жүзеге асырамыз», — дейді жүзі бал-бұл жанған Степан.

Өнімдері халал «Кублей»

Орал қаласының іргесінде орналасқан «Кублей» ЖШС-не барғанымызда осы ет комбинатының атқарушы директоры Нагметов Рахим Валериевич қарсы алды. Бұл ет комбинатына 30 жыл болған екен. Екі жыл бұрын тағы бір бөлігі жаңадан ашылған екен. Жылына 10 мың тонна еттің дайын өнімдерін дайындап шығара алатын біз болған комбинаттың өндірістік аумағы 9 шаршы метрді алып жатыр. Қазірде сиыр еті мен қой етінен түрлі консерві өнімдерін шығарып жатқан «Кублей» ендігі 2019 жылдан бастап жылқы етінен де түрлі жартылай дайын тамақ өнімдерін шығаруды жоспарлаған.
Малдың сүйегі мен мүйізі, тұяқтарына дейін пайдаға асады. Бұл жерде олардан малдардың қоректенуіне қажетті ұнтақтар жасайды. Малдардың терілері Оралдағы «Руно» тері өңдеу зауытына жіберілетін болып шықты. Жаңа технологиялармен жабдықталған комбинаттың барлық жерін көзімізбен көріп, танысып шықтық.
Малдың сойылуынан бастап еттің мүшелерге бөлініп, салқындатылып, ет өнімдерінің түрлі дүкендерге дайындалып жатқанын, сонымен қатар консервілену үрдісін көру бір жағынан қызық екен. «Халал» стандартының сертификатын алған «Кублей» барлық талаптарға сай жұмыс істейді. Бұл жерде де тазалыққа өте қатты мән берілетінін аңғардық. Жұмысшылардың барлығы арнайы ақ халат киген. Мал соятын қасапшылардың барлығының арнайы сертификаттары бар болып шықты. «Халал» стандарты бойынша қойылатын негізгі талаптардың бірі мал бауыздайтын қасапшылардың «бисмиллях, Аллаху акбар!» деп жұмысын бастауы, олардың таза болуы, малдың қанының толық ағып біткенінен кейін барып терісін сыпыру болса, директордың айтуы бойынша осы шарттардың бәрі де «Кублейде» сақталып, қадағаланады. «Халал» сертификатын алған соң қазірде бірнеше шетелдерге өз өнімдерін экспорттап отыр. Сол елдердің ішінен Иранды ерекше айтуға болады. Олардың сұранысын орындап отырған кублейліктер бұл бағыттағы дамуды одан ары қарай жетілдіре беретін ойлары бар екенін білдірді.
Ет комбинатының мал сатып алу бөлімінің басшысы Айтбаев Бақытбек Еркінұлымен арнайы сөйлесіп, оған өз сұрақтарымызды қойдық. Оның айтуы бойынша «Кублей» былтырдан бері шаруа қожалықтарынан 32 мың қой қабылдап алған екен. «Малды нарықтық бағадан төмен алмаймыз. Мал өткізушілер ақшаларын бірден алып кетеді. Оларға арналған арнайы бөлмелеріміз бар. Малдардың салмақтарының өлшеніп жатқанын, барлық жұмысты арнайы монитордан көріп жылы жерде шайларын ішіп отыра береді. Олар қолма-қол десе, ақшалары бірден қолдарына беріледі, есепшотқа не карточкаға жібер десе есепшілеріміз бірден аударады. Мал өткізушілерге сондай қолайлы жағдай жасалған», — дейді Бақытбек көзі күлімдеп.
Алыстан мал жеткізгенде тірілей салмақтары азайып кететіні рас. «Кублей» шаруа қожалықтарымен алдын ала келісімшартқа отырып, кезегі келгенде шаруа қожалықтарынан өздері малдарды ет комбинатына жеткізеді екен. Және де облыстың шаруа қожалықтары бірінші кезекте тұрады. Бұрында екі ортада жүретін делдалдар қазір жоқ. Ет комбинаты мен шаруа қожалықтарының ортасында байланыс күшті.
Шаруа қожалықтары асыл тұқымды малдарды көбейте бастады. Малдың салмақ беретін сапасы да өсіп келеді. Мал қабылдар кезде жергілікті мал дәрігерлерінің рұқсат қағазы болуы маңызды. Сонымен қатар «Кублейдегі» зертханадан малдардың барлығы өтеді. «Халал» сертификатын алғандықтан бұл жерде ауру мал сойылмайды. Осыны басшылық қатты қадағалауға алған екен.
«Кублей» ЖШС бір жылда 200 млн. қалбыр өнім шығарады. 125 түрлі өнім шығарып отырған консервілердің құрамының негізін ет, балық, көкөністер құрайды. Ресей, Тәжікстан, Түркіменстан, Иран сияқты елдерге өнімдерін экспорттап жатқан, 600-дей адамды жұмыспен қамтып отырған «Кублей» ЖШС жұмысына риза пейілмен шықтық.

Рухани азықты алғашқы орынға қойған «Казкон»

2011 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Казкон» ЖШС-не 9 қыркүйекте 7 жыл толыпты. Түрлі печеньелер, вафлилер мен жүгері таяқшаларымен, құрғақ таңғы дайын астарымен танылған бұл мекеме кондитерлік цехтарында ерекше қарқынмен еңбек етуде. Директор Асетов Жасұлан Қожақұлы елгезек, кішіпейіл азамат екен. Экспедиция мүшелеріне «Казкон» туралы өздерінің еңбектері жайлы бірден айтып, сөзді бастап кетті.
«Атырау, Ақтөбе, Алматыда дистрибютерлеріміз жұмыс істеп жатыр. Алматыдағы «Тоймарт» сауда орталығында біздің кондитерлік өнімдерді таба аласыздар. Дегустация жасағанда біздің өнімдер шетелдік өнімдерден еш кем емес. Шикізаттарымыздың барлығы отандық. Ұн, қант, жұмыртқалардың барлығы өзіміздікі. Шетелдерден тек түрлі дәмдеуіштер мен маргариндерді аламыз. Табиғи таза маргарин қолданамыз. Біздің өнімдер денсаулыққа пайдалы. Құрамында ешқандай трансмайлар, трансизомерлер жоқ. Өнімдеріміз әртүрлі дәрумендермен арнайы байытылады», — деп Жасұлан басшы ретінде бізді өз жұмыстарымен, өнімдерінің маңызымен таныстырып жатыр.
Қандай қиындықтар бары жайлы сұра-ғанымызда ол шетелдік құрғақ таңертеңгі астарды шығарып отырған компаниялардың түрлі сауда орталықтарындағы құны өте қымбат тұратын сөрелерді, орындарды сатып алатынын айтты. Ал отандық өнімдерді шығарып отырған мекемелерге ешқандай жеңілдіктер қарастырылмайды екен. Алдағы уақытта бұл ескеретін жай.
«Казкон» өзінің тәтті өнімдерін Балаларды қорғау мерекесі күні ұл-қыздарға тегін таратады. Саябаққа барып, жас ұрпақты тәтті сыйлықтармен қуантуы, әрине, құптарлық, қуантарлық іс.
Бұл мекеменің ерекше бір іс-шарасы — өз қызметкерлеріне арналған «30 кітап» жобасы. Арнайы таңдалып алынған тізім бойынша бір жылда 30 кітап оқылады екен. Ең көп кітап оқыған үздік қызметкердің отбасымен бірге шетелде демалуға жолдама алатынын білікті директор Жасұлан қуана айтты. Қызметкерлер оқыған кітаптарын арнайы эссе жазып дәлелдеуі керек. Қосымша сұрақтарға да жауап береді. Кітап оқып, рухани байыған ең үздік қызметкерлер сонымен қатар 300 мың, 100 мың, 50 мың теңгелік сыйақымен де марапатталып тұратын болып шықты. Кітаптардың тізімі жайлы білгіміз келіп еді, ішінде көркем әдебиет, іскерлік әдебиет, жігерлендіріп, алдыға қарай талпыныс беретін тақырыптардағы кітаптар бар екен. «Казконның» бұл бастамасы басқаларға үлгі болар іс екен! «Жарайсыңдар, бәрекелді!» — деп бір желпініп қалдық.

Адамдар жақсы көңіл күймен жұмыс істесе…

Зеленов ауданындағы Дария ауылында орналасқан «Каверин» жеке кәсіпкерлігіне барғанымызда қызу еңбектің үстінен түстік. Мына цехта сары май дайындалып жатыр, келесі бір цехта иісі өте бір жағымды «чечил» атты ірімшіктер кептіріліп жатыр. Оның барлығын Каверин Сергей Михайлович атты басшы камералар арқылы алдындағы мониторлардан бақылап қарап отыр екен.
Бұл майлар мен ірімшіктер Батыс өңірін ғана қамтамасыз етіп қоймай, Ресейдің Орынбор, Самара қалаларына да өнімдерін жеткізуде. 2016 жылы жерді алған, 2017 жылдан осы жерде өндіріспен айналысып келеді. «Мактамак» деген сауда белгісімен танымал «Каверин жеке кәсіпкерлігінде 50 қызметкер жұмыс істейді. Өзінің жеке зертханасы бар. Ол жерде сүт пен өнімдер үнемі тексеріліп тұрады. Лабораторияға кіргенімізде қызметкерлер колбаларға бір сұйықтықтарды құйып, тексеріп жатты.
Сергей Михайлович: «Қазақстанда кәсіпорын ашқан өте тиімді. Мемлекет қамқорлығына алып, көмектеседі, субсидиялар береді. Ұжымым отбасым сияқты болып кетті. Қызметкерлерімнің көңіл күйлерін үнемі бағдарлап, қарап жүремін. Кімнің көңілі түсіп жүрсе, өзіме шақырып алып, мәнісін білемін. Мәселесін шешіп келуге үйіне жіберемін. Себебі біз сүтпен жұмыс істейтіндіктен өнім адамның көңіл күйіне, энергиясына тікелей байланысты. Жақсы өнім алу үшін жұмысшының да жақсы энергия беруі керек. Ол адам мәселелерін шешіп келген соң еш алаңдамай, жұмысқа көңілді қалыпта кіріседі. Бұл өте маңызды», — дейді. Сезімтал, қарамағындағылардың жағдайын үнемі бақылап жүретін ақылды басшыға бәріміз сүйсіне қарадық.

Асыл тұқымды сиырлар көбейіп келеді

«Перспектива КАН» ЖШС-не барға-нымызда алдымыздан Карин Нұрлан Амангелдіұлы шығып қарсы алды. Бірнеше адам бірігіп екі жыл бұрын асыл тұқымды сиырларды ұстау үшін мал қоралар салған екен. Салмағы 800-900 кг. болатын асыл тұқымды ақбас сиырларды көріп азаматтардың ісіне риза болдық. Сонымен қатар малға қарайтын жұмысшыларға арнап керемет үйлер салып, оларға барлық жағдайды жасап қойыпты. Ол үйлердің маңына Ресейден мың қарағай әкеліп отырғызған екен. Ен далада өсіп тұрған қарағайларға қарап Қазақ елінің де осылай уақыт санап өсіп, өркендеп келе жатқанын түсіндік.

 

Теректі ауданы

«Алтын белгі» жаудырған гимназия

Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданындағы «Үміт» лингвистикалық гимназиясы — білім сапасының көрсеткіші жағынан республика бойынша үздік мектептердің үштігінен орын алған білім ошағы.
Гимназия 2001 жылы 1 қыркүйек айынан бастап ашылды. Жанында ұлдарға және қыздарға арналған екі жатақханасы бар. Мұнда 7-11 сыныптарда 207 оқушы білім алуда. Былтырғы 33 түлектің ҰБТ сынағындағы орташа көрсеткіші 122 баллды құрап, 17 түлек «Алтын белгі», 8 — «Үздік» аттестатты қорғап шықты. Барлығы да мемлекеттік оқу грантына ие болды.
Құрақ ұшып қарсы алған гимназия директоры Кереева Нұрбөбек Есполқызының бастауымен акт залына беттедік. Әдебиетке жақын, журналист болуды армандайтын балалардың қарасы мол екен.
Алматыдан арнайы келген «Мөлдір бұлақ» жас зиялыларға арналған танымдық журналының бас редакторы, «Qazaqstan zamany» халықаралық қоғамдық-саяси, танымдық газетінің тілшісі, «Серпер» сыйлығының лауреаты, белгілі ақын Саят Қамшыгермен кездесу барысында жеткіншектер оған өздерін қызықтырған сауалда-рын қойып, әңгімесін ұйып тыңдады. Жазушы шығармашылыққа құмар балдырғандардан сұхбат алып, алдағы уақытта олардың жазған-сызғандарын журналға шығаруға уәде етті.
Айта кетейік, осы оқу жылында шы-ғармашылық конкурсқа 98 оқушы қатысса, соның аудан көлемінде 35, облыс көлемінде 26, республика көлемінде 87 оқушы қатысып, І, ІІ, ІІІ орындарды иеленді.

«Төлеңгіт» шаруа қожалығында

«Подстепное» ауылының шетінде мал өсіріп, дәмхана ұстап отырған Қанат Дакишевтің «Төлеңгіт» шаруа қожалығындағы бір мезетте он алты сиыр сауатын қондырғы орнатылған жаңа мал қорасы, байлаулы бие көзді қанықтырды. Қожалыс басшысының айтуынша, қымыз ашытып, сүт-қаймақ, саумал дайындап, саттыққа шығарады. Ағарғанға сұраныс мол, қаладан келгендер күтіп жүріп алып кетеді екен өнімді. Сондай-ақ мемлекеттік бағдарлама бойынша көршілес Ресейден асыл тұқымды ірі қара малын сатып алуға тапсырыс беріп қойыпты.
Тағы бір жаңалық — «Төлеңгіт» шаруа қожалығының негізінде батысқазақстандық ғалымдар етті мал шаруашылығы бойынша модельдік ферма құрмақ ниетте. Ғалымдардың таңдауы дәл осы шаруашылыққа түсуі кездейсоқтық емес. Бұл жерде ғылыми жұмысқа қажетті барлық жағдай бар: қалаға жақын, дамыған инфрақұрылым, жайылымдық жер, база, асыл тұқымды малдың екі түрі (әсіресе, герефорд тұқымды етті бағыттағы мал).
— Осы шаруашылықта ғылыми, оқыту семинарлары өткізіліп, студенттердің тәжірибе жинақтауын, ғылыми ізденістер жұмысын, жаңа бастаған фермерлерді оқыту, т.б шаралар ұйымдастырады. Бұл жерде қоршалған жайылым, қыс кезінде жылытылған су беру, технологиялар, соның ішінде цифрландыруды енгізу мүмкіндіктері қаралады. Заманауи приборлар қолдану малды тез арада сәйкестендіруге мүмкіндік береді. Шаруашылықта бөлу орындары, бекіткіштер, электрондық салмақ өлшегіштер орнатылады. Олардан көрсеткіштер мәліметтер базасына түсіп, өңделеді. Ол приборларға қолданыстағы азықтан малға ең тиімді жем-шөп жинағын құратын «Рацион плюс» бағдарламасы қосулы болады. 2019-2020 жылдарға жоспарланған жоба мемлекет тарапынан қаржыландырылмақ, — деп әңгімеледі аудан әкімінің орынбасары Лауаз Уәлиев.

Теректі май зауытының өнімдері

Теректі май зауыты 2009 жылы салынған, алайда жұмысы басталмай жатып тоқтаған кәсіпорын толық технологиялық жаңғыртудан өтті. Бүгінде мұнда күніне 150 тонна күнбағыс өңделіп, 60 тонна өсімдік майы құтыға құйылады екен. Кәсіпорын жылына 16 мың тонна сұйық май өндіреді. Бұл өңірдің қажеттілігінен екі жарым есе жоғары. Май өнімдері тек облыс емес, батыс өңіріне, Ақтау, Атырау, Ақтөбе қалаларына, Түркіменстан, Тәжікстанға жіберіліп жатыр. Қазір Қытайға да экспорт жағдайы да ойластырылуда.
Бас технолог Ақылбек Сармалаевтың айтуынша, Қазақстан бойынша салқын әдіспен сығу технологиясы және физикалық рафинацияға негізделген кішкентай цехтар болғанмен, күніне 150 тонна өңдейтін зауыт жоқ екен.
Айта кетейік, биыл өңірде 54 мың гектарға майлы дақылдар егіліп, 29 мың тонна өнім қамбаға құйылды. Бұған дейін майлы дақылдарды 500 шақырым жердегі Ақтөбеге тасымалдап жүрген шаруалар енді Теректідегі май зауытына тапсыратын болды.

«Cырым KZ» мал бордақылау алаңында

Қожалық басшысы Руслан Лұқпановтың айтуынша, мұнда 3000 бас мал бордақыланбақ. Бүгінгі таңда қажетті жем-шөп (5 500 орам) сатып алынған. Инвестордың өз қаржысы арқылы жүзеге асырылып жатқан жобаның құны 1 млрд. теңге. Әзірге қожалық иесі 100 млн. теңге жұмсап, үлкен үш мал бордақылау алаңын салып қойған. Алдағы уақытта азық-түлік қоймасын, жұмысшыларға арнап бар жағдайы жасалған жатақхана, су мұнарасын салу жоспарлануда. Он адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Тақсай ханшайымы

Теректі ауданында қарасты Долин ауылы маңындағы Тақсай ханшайымының кесенесі Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ашылды.
Тарихқа көз салсақ, 2012 жылдың күзінде Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының археологтары дәл осы жерде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген болатын. Кездейсоқ табылған жәдігер орындары зерттеліп, бұл жерде 4 оба кешені бар екені анықталды. Сөйтіп, «Тақсай оба кешені» деген шартты атауға ие болып, Қазақстанның киелі жерлерінің қатарына енгізілді. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сыдықов жетекшілігімен археологиялық қазба жұмыстарын осы орталықтың ғылыми қызметкері Яна Лұқпанова басқарған топ жүргізді.
Яна Амангелдіқызының айтуынша, Тақсай ханшайымының жасы 35-40 шамасында. Оның бойынан сырға, сақина, алқа секілді 500-ге жуық алтын әшекей табылған. Тіпті үстіндегі көйлегі мен жамылғысы да алтын жіппен тігілген. Алтын ханшайыммен бірге екі күзетшінің жерленуі оның мәртебесі жоғары болғандығын көрсетеді. Тақсай кешенінен алынған бұл артефакттердің алғашқы зерттеу жұмыстары БҚО тарих және археология орталығы базасында жүргізілді.
Тарихи оқиғаның келешек ұрпақ үшін маңызды екенін білетін жомарт жүрек меценаттар қолға алып, маусым-қазан айларында тұрғызылған кесененің биіктігі — 7 метр, ені — 4 метр.

 

Бетті дайындаған —
Айгүл Ахметова, Саят Қамшыгер

(81)