Шора САРЫБАЕВ: «ӨТІРІК АЙТПАҢДАР. АСТАМШЫЛ БОЛМАҢДАР. ШҮЛДІРЛЕМЕҢДЕР!»

Қазақ халқы талантына, тұлғасы сай білімді азаматтарға ешқашан кенде болған емес. Соның бірі — саңлақ ғалым, қазақ жұртшылығына кеңінен танымал Сарыбаевтар әулетінің бір перзенті, тіл білімі мектебінің үлкен ақсақалы, академик Шора Шамғалиұлы Сарыбаев еді.
Асыл азаматты өткен шақта еске алып отырғанымыздың себебі, Шора атамыз осы биыл ғана 94-ке қараған шағында бұл пәни дүниені тастап, бақи мекеніне сапар шегіп кетті. Дегенмен оның өнегелі өмірі мен айтқан ғақлият сөздері, ұлтқа істеген қызметі өскелең ұрпақтың жадында мәңгі қалады және мән-маңызын ешқашан жоғалтпайды.
Айта кететін нәрсе, шығармашылықпен айналысатын адамдардың аз еместігін көріп, біліп жүргенімізбен Сарыбаевтар әуелеті, оның ішінде Шора Шамғалиұлы сияқты ұлт қамы үшін көп күш-қайрат жұмсап, асқан ыждахаттылықпен, ұқыптылықпен, қажырлықпен қызмет жасаған әулеттер мен тұлғалар қазақ арасында саусақпен санарлық қана десек, көпшілік бізбен келісетін шығар. Мысалы, Жұбановтар әулеті, Сәтбаевтар әулеті, Әуезовтар әулеті, тағы бір-екі-үш әулет болды. Осы қатарда Сарыбаевтар әулеті де бар. Бұл әулеттердің ұлт үшін істеген ұшан-теңіз еңбектерін ерекше атап өтіп, кейінгілерге үлгі-өнеге етіп ұсынып отырсақ артық емес.
Енді төмендегі сұхбаттың мән-жайына келейік. Осы мыңжылдықтың басында Жазушылар Одағының құрылтайшылығымен «Әдебиет айдыны» атты газет шығып тұрды. Сонда қызмет істеу бақыты бізге де бұйырған. Бас редакторымыз Талаптан Ахметжан. Біз ақылдаса келе газет бетінен «Ашық әңгіме» деген айдар ашуды ұйғардық. Мақсат — халық ауызында жүрген тұлғаларды сөйлету болды. Сөйтіп сұхбат алатын кісілердің тізімін жасап, саралап, мұқият дайындық жүргіздік. Осы тізімде академик Шора Сарыбаевтың да есімі бар еді. Ақсақалдың үйіне телефон соқтық.Кездесетін уақытты келісіп, сосын кездесіп, ашық-жарқын әңгіме дүкен құрып, оны қағазға түсіріп, жариялауға дайындадық. Бірақ аяқ астынан газетіміз жабылатын болып, сұхбатымыз сол күйі шықпай қалды. Сөйтіп жүргенде біртіндеп ол да ұмытылды… Қарап отырсам, содан бергі аралықта он жыл уақыт өте шығыпты. Таяуда Шора ақсақалмен жүргізген сол әңгіменің қолжазбасын жеке архивімнен тауып алдым. Оқып көрсем, мән-маңызын әлі жоғалтпаған сияқты. «Ештен кеш жақсы» дегендей, бүгінде арамызда жоқ, бірақ «өзі өлсе де, сөзі өлмейтін» абыз ақсақалмен болған сол әңгімені үлкен ілтипатпен оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік. Қабыл алыңыздар.

«Байғұс тасбақалар да құдды адамдар сияқты шыңғырады екен»

— Шора ата, осындай үлкен жасыңызға қарамай уақыт қат заманда мұрсат тауып, бізге сұхбат беруге келіскеніңіз үшін рақмет айтамыз. Сонымен ғылым жолы — ауыр жол деп жатамыз. Сізге осы ауыр жолды таңдауға не түрткі болды?
— Ғылым жолы — ауыр жол дегеніңіз бер жағы, ғылым жолы — азапты жол, ол — ұйқысыз түндер, ол — жұқарған жүйкелер, ол — толассыз күрестер, сосын ол — қасиетті жол. Әр азапты жолдың өз қасиеті бар. Ал менде мамандық таңдау мүмкіндігі мүлде болмады десе болады. Себебі бұл жолмен арғы атам Сарыбай жүрген, ол Нарындағы Ханордада Жәңгір хан ашқан мектепте мүдір болған, оның бұл ісін атам Харес ары қарай жалғастырған, одан кейін бұл іспен әкем Шамғали айналысты, ол мұрагерлік жолмен бізге ауысты. Біздің Сарыбаевтар әулетінен тараған ұрпақтың барлығының дерлік белгілі дәрежеде ғылыммен, өнермен байланысы бар.
Тікелей әкеме келетін болсам, Шамғали Харесұлы батыс өңірдегі Бөкей ордасында дүниеге келген кісі. Алғаш Жәңгір хан негізін қалаған атақты мектепте хат таныған. Кейін Орынбордағы молдалар дайындайтын «Хұсайния» медресесінде оқыды. Ол бұл жерде кейін белгілі тілші ғалымдар болып қалыптасқан Құдайберген Жұбанов, Ғали Бегалиев, Қасым Басымовтармен бірге дәріс алды. Бұлар өле-өлгенше бір-бірімен тығыз араласып, өзара көмектесіп тұрды. Әкем Ташкентте ашылған алғашқы қазақ институтының (ҚазИНПРОСС) қадасын қағысқан адам және сонда сабақ берген. Керек десең, біздің әкей әйгілі Әбубәкір Диваевпен бірге Ташкенттегі Орталық Азия университетінің (САГУ) негізін қаласқан қайраткер.
Ал Алматыға алғаш рет 1921 жылдары Түркістан Республикасы Халық ағарту комиссариятының тапсырмасы бойынша Жетісуда мұғалімдер институтын ашу үшін іссапармен келген. Мінеки, мына бір кітапты саған көрсету үшін арнайы алып келдім. Бұл кітап «Жизнь и деятельность представителей казахской нацинальной интелигенций в Туркестане. Сборник документов и материалов» деп аталады. Шымкент қаласынан 2004 жылы шыққан. Осы кітаптың 184-ші бетін ашайық, мұнда былай деп жазылған: «Алматинское педогогическое училище организатором является Ш.Сарыбаев, бывший преподаватель Киринпроса в Ташкенте, приехавщий в Алмату летом 1921 г.
Летом 1921 году в Алматы организовались краткосрочные подкурсы. С 6 сентября начались занятия в педучилище в составе три подготовительных классов А, Б и В с 60 учащимся, отсутствуют учебные пособия, обмундирования, преподователи по три-четыре мес. без жолованья». Осында жылдың соңына дейін әрі директор, әрі мұғалім болып еңбек етті. Кейін әкей Ташкентке қайта оралып, Орта Азия университетінде дәріс оқыды.
Ол кезде халық өте кедей тұратын еді, киерге киім, ішерге тамақ болмады. Ал интеллигенцияның жағдайы тіпті мүшкіл еді. Айналада арандатушылар, тыңшылар, орысқұлдар өріп жүрді. Олар еркін ойлы ұлттық интеллигенцияның адымын аштырмады. Китетсең желкеңді қиып түсіреді. Алайда қазақ интеллигенциясы оның да жолын тапты. Өздері киерге киім, ішерге тамақ таба алмай жатса да, жиі-жиі ауылдарға шығып, талантты жастарды іздеп тауып, оларды оқытып, өрге жетелеумен болды. Әкей тума педагог еді, ұстаздыққа деген құлшынысын бір-екі ауыз сөзбен жеткізу қиын. Қазір ұлтқа қызмет жасап жүрмін деп көлгірсу сәнге айналды ғой, ал біздің әкей бұл туралы ойлады ма, ойлмады ма, ол жағын білмеймін, бірақ қазақты, қазақ тілін, қазақ дәстүрін жанымен сүйді, сол үшін күресті, сол үшін өмір сүрді. Оның бұл құлшынысы артында қалған жазба мұраларында да айқын көрініп тұрады.
Қазір жасыратын ештеңе жоқ, әкей бізден көбіне бөлек тұрды. Ылғи да іссапарда жүретін. Біресе Алматыда, біресе Шымкентте, біресе Бұқарада, біресе Самарқандта, біресе Ташкентте, әйтеуір қолы босамайтын. Аумалы-төкпелі заманда әкемнің тағдыры да, отбасылық өмірі де оңай болған жоқ. Біз Ташкенттен Алматыға 1924 жылы көшіп келдік. Ол кезде мен сегіз жасар баламын. Қалада қазақ тілінде жалғыз №12 мектеп болды, қалған мектептің бәрі орыс тілінде. Әкей ай-шайға қараған жоқ, мені сол жалғыз қазақ мектебіне берді. Ол кезде қазақ оқығандары жаппай балаларын орыс мектебіне беріп жатқан уақыт. Біздің әкей олай істемеді, «жоқ, қазаша оқисың» деп қазақ мектебіне жетелеп апарды. Мектеп жанында интернат жұмыс істейтін, онда ауылдан келген қазақтың қарадомалақтары, әке-шешесінен айырылған жетім балалар жатып оқитын. Әкей сұмдық қатал еді, мені солардың арасына апарып тықты. Сонда бәріміз қазақша сөйлесеміз, қазақ театрына барамыз, қазақша тақпақ жаттаймыз, ән айтамыз, бәрі қазақша болды. Ал каникул кезінде сонау қияндағы Орал жақтағы ауылға апарып тастайтын, бұлданғаныма қарамайтын. Онда да балалармен қазақша сөйлесеміз, бірге ойнаймыз. Міне, менің қазақ тіліне деген махаббатымды әкей осылай оятты. Сол үшін әкемнің алдында қарыздармын.
Біздің балалық шағымыз өте ауыр жағдайда өтті, бірақ жоғалып, адасқанымыз жоқ. Бәрі әкейдің өжеттігінің арқасы.
Бір жайт есіме түсіп отыр, соны айтып берейін. Біз Алматыға алғаш келгенде қазіргі Көк базарға жақын жерде тұрдық. Зобалаң кезең еді ғой. Ұмытпасам 1937 жылы болатын. Бізді, шиеттей бала-шағаны, өкімет адамдары келіп үйден қуып шықты. «Контраның күшіктері» дейді бізге аларып. Сөйтсек әңгіме былай болыпты. Әкей жаңадан ашылған Журналистика институтында дәріс оқитын, бір үйде қонақта болады. Әңгіме үстінде әкей: «Бұл қандай заман өзі, Ахмет Байтұрсыновтан басқалары саяси әңгімеге жоламайды, қашқақтайды» демейме… Сөйтсе, қонақта бірге отырған қазанбас біреу сол замат тиісті жерге жеткізіп қойыпты. Жендеттерге керегі де осы, дереу бір жас журналиске тапсырма беріп, әкейдің үстінен айыптау материалдарын жинатып, көлдей қып мақала жаздырыпты. Ол мақала «Қазақ әдебиеті» газетінде «Ұлшыл фашистердің асырандысы» деген тақырыппен жарияланды…
— Мен ол мақаланы архивтен өз көзіммен көргенмін, ата. «Қазақ әдебиетінің» 70 жылдық тойы қарсаңында басылымның шежіресін жасау маған тапсырылған еді. Сонда газет тігінділерін парақтап отырғанда, 1937 жылдың 28 қазанындағы №43 санында жарық көрген ол жалақор мақаланы оқып шығып, кейін көшірмесін шығартып алғаным бар. Ұмытпасам, авторы — Қанапия деген біреу. Ол Шамғали Сарыбаевтың Алматыға Марксизм-Ленинизм институты мен Журналистика институтында қазақ тілінен сабақ беретінін, оны бұл қызметке ұсынған Алашорда лидерлері Байтұрсынов пен Дулатов екенін, сондықтан оның Алашорданың сенімді адамы болып табылатыны тәптіштеп жазып, оны қазақ халқының қаныпезер дұшпаны, «ұлтшыл», «фашист» Жүргеновтың Өзбекстаннан Қазақстанға өзімен бірге ертіп келіп, Журналистика институтына орналастырғанын айтады. Сол мақалада «сұмырай Сейфуллин, Майлин, Жансүгіровтерге» де аямай күйе жағады. Одан әрі «Сарыбаевтың жазғандары бастан-аяқ контра екені даусыз» дей келе, «Ұлтшыл фашисттердің асырандысы Сарыбаев алшаңдап басып арамызда әлі жүріп жатыр. КИМЛ мен КИЖ-дің студенттері Сарыбаевтың қоғамнан тез аластауын тиісті орындардан талап етеді», — деп аяқтайды. Бірақ біздің білуімізше, бұл мақаланы жазған автор Шамғали ақсақалмен бірге әлгі қонақта болмаған көрінеді, ол мақаланы жоғары жақтың тапсырмасымен жазған екен. Сонда тымырайып отырып тыңшылықтан айналысқан, оны «үш әріпке»  жеткізген адам басқа біреу болғаны ғой, солай емес пе? Оның кім екенін білудің мүмкіндігі болды ма?..
— Әрине, ол сұмырайдың кім екенін біз білмесек те, әкеміз жақсы білді. Кейін оны біз де шырамыттық. Қазір ол ескі жараны тырнағым келмейді. Сен сұрама, мен айтпаймын.  Сол күнгі айқай-сүрең әлі көз алдымда. Түн жарымда жүзі суық адамдар үйімізге баса-көктеп кіріп, заттарымызды лақтырып, күштеп қуып шықты. Қазір соны есіме алсам, қараптан қарап қалшылдап кетемін. Бір жаманның бір жақсысы болады демей ме, бұл өмірде қайырымды адамдар да бар ғой. Солардың арқасында Шагабуддинов көшесіндегі бір ескі жеркепе үйге көштік. Иә, шиеттей бала-шағалы анамызға оңай болған жоқ.
Айтпақшы, ұмытып барады екенмін ғой. Анамыз Насима Усманова — татар көпесінің қызы еді. Көрдіңіз бе менің елу пайыз қаным — татардікі. Сары балапан сияқты сап-сары болып сарғайып кеткенім содан болса керек. Менің шығу тегімді татардан тарқататын қайсы бір «шежірешілерге» берер жауабым — осы! Әкей мен шешей 1921 жылы сөз байласып, үйлі-баранды болыпты. Анамыз сегіз құрсақ көтеріпті, оның үшеуі жастай шетінеп, бесеуміз — үлкені мен болып, сосын Болат, Шолпан, Роза, Дина аман-есен ер жетіппіз. Шешей бай көпестің қызы және оқыған кісі. Ташкенттегі қазақ педагогика училищесін тамамдаған. Алма Оразбаева, Мәдина Бегалиева, Нағима Арықова секілді қазақтың оқыған, белгілі қыздарымен құрбы болған, сауатсыздықпен күрескен. «Қазақ әдебиеті» газетінің тұңғыш корректоры болып істеді. Шешейдің әкесі, яғни менің нағашы атам Дінмұхаммед Қонаевтың әкесімен бірге сауда да жасаған. Анау Жібек жолы көшесі бойында тұрған «Қызыл таң» деген сауда орны бар емес пе. Соның құрылысына қаржы құйған кісінің бірі екен. Иә, анамыз сол бір ел басына күн түскен қиын уақытта екі жерде еден тазалаушы болып жұмыс жасады.
Оқырмандар біле жүрсін, тағы бір әңгіме айтып берейін. Отызыншы жылдар ел үшін ең бір ауыр кезең болды ғой. Ашқұрсақпыз, жалаңашпыз. Аштық адамды не істетпейді! Біздің қытай көршіміз болды. Орысшаға судай еді. Сұмдық пысық болатын. Қанға сіңіп кеткендіктен бе екен, біз оған сақтықпен қарадық. Бір күні аулада ойнап жүр едім, ол мені ымдап өзіне шақырды. «Ыстық сорпа ішесің бе!» — деп сұрады. Мен басымды изедім. Ол маған бір кесе ыстық сорпа құйып, бір кесім ет берді. «Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді» демекші, мұндайда бәрі де дәмді бола береді екен ғой. Тамсанып ішіп алдым. Сосын ол: «Не жегеніңді білесің бе?» — деп сұрады. Мен: «Білмеймін», — дедім. «Бұл тасбақаның сорпасы», — деді ол. Мен: «Дәмді екен», — дедім. Бірде тасбақа сорпаға бүкіл отбасымызбен шақырды. Қытай шал алдымен суды бүлкілдетіп қайнатып алады, сосын сол қайнаған қара суға тасбақаны тірідей салады. Байғұс тасбақаларға да жан керек, құдды адамдар сияқты шыңғырады. Тасбақалардың шыңғырған дауысынан төбе құйқаң шымырлайды.Бірақ оны шешеміз білмейді, білсе сорпасын ішпей қояды деп ойладық. Әрине, көп уақыт өткен соң шындықты айттық. Иә, соңғы кезде тасбақалардың сол шыңғырған даусы қайт-қайта құлағыма келетін болып жүр. Ондайда «Астапыралла!» деп қоямын.

«Қазақ оқығандары қазақ тіліне опасыздық жасады»

— Шора ата, бәлкім, бұл сұрақты сізге қоюымыздың жөні жоқ шығар. Бірақ тағдырдың аты тағдыр ғой, одан ешкім қашып құтыла алмайды. Сұрайын дегеніміз біреулер Шамғали Харесұлының атақты шығыстанушы ғалым, башқұрт ұлтының ақсүйек ұланы Әбубәкір Диваевтың қызымен некелескені туралы айтады. Осы қаншалықты рас? Соны өз аузыңыздан естісек деп едік.
— Біздің әулеттік архивімізде Шамғали Сарыбаевтың белгілі шығыстанушы ғалым Әбубәкір Диваевтың қызымен некелескені туралы куәлік сақтаулы. Бірақ оның егжей-тегжейі бізге беймәлім, жұмбақ. Әкеміз де бұл неке туралы жұмған аузын ашқан емес, біз де ежіктеп сұраған емеспіз. Сондықтан ол жайлы көп біле бермеймін. Ал Әбубәкір Диваевтың кім болғаны, қазақ үшін қандай іс тындырғаны туралы мен айтпасам да, баршаға белгілі…
Одан да соғыс уақытынан сыр тарқатайын. Шындығына көшсек, сол кездің өзінде-ақ Алматы орыстанып үлгерген болатын. Көшеде де шүлдір-шүлдір, мектепте де шүлдір-шүлдір, кеңселерде де шүлдір-шүлдір орысша сөйлейтін. Тіпті, орысша жөн сұрау сәнге айнала бастаған-ды.
Кейін соғыс басталды. Ер жігіттер топ-топ болып майданға, «қасиетті соғысқа» аттанып жатты. Керек десеңіз, оқуға түсетін де ешкім қалмады. Қазақ оқығандарының көпшілігі балаларын орысша оқытқан. Сондықтан маған филология факультетіне түсу аса қиынға түскен жоқ. Әрине, алған білімім де жаман емес еді. Университетте бізге Мәулен Балақаев, Ісмет Кеңесбаев, Нығымет Сауранбаев сияқты кілең ығай мен сығайлар сабақ берді. Солармен бірге біздің әкей де оқу әдістемесінен дәріс оқыды. Айтпақшы, әйгілі жазушы Мұхтар Әуезов та бізге сабақ жүргізді. Керемет білімді кісі еді, қағазға қарамай сөйлейтін. Халық ауыз әдебиетін, Абайдың өлеңдерін жатқа соғатын. Математикадан Орынбек Жәутіков берді. Бірақ математикаға менің түк ебім болмады. Өкініштісі, осы ұлы ұстаздарымның бәрі балаларын орыс мектебінде оқытты. Әрине, оның өздері үшін пайдасы болғанмен, қазақ үшін зияны көп болды. Меніңше, қазақ интеллигенциясының қателескен жері де — осы! «Заман солай болды, бұл жерде біздің не кінәміз бар?» — деп ақталады біреулер. Оған заманның ешқандай кінәсі жоқ. Заманды жасайтын жеке адамдар, оның ішінде интеллегенция өкілдерінің үлесі үлкен. Оны оқығандар білмеді емес қой, білді. Білгенде қандай! Соған қарамай көпшілік қазақ оқығандары қазақ тіліне опасыздық жасады. Өздері суын ішіп отырған құдығына түкірді. Қазір қазақ ұлты соның зардабын тартып жатыр. Бүгінде қазақ тіліне шабуыл жасап, қазақ арасын алатайдай бүлдіріп жүргендер сол орысша оқығанардың ұрпағы. «Отаршылар тәрбиелеп шығарған элита өз халқының басты жауы» деп Махатма Ганди ақсақал қандай көрегендікпен айтқан десеңші. Бүгінде «қазақ тілінің болашағы жоқ»  деп шүйлігіп, бөрідей шулап жүрген элитасымақтар сол орысша тәрбие берген оқығандардың асыраған күшіктері. Біз оны білмей, көрмей отырғанымыз жоқ.
Біздің әкей бала тәрбиесінде өте қатал болды. Кезегіміз келгенде біз де әкеміздің жолын қуып, балаларымызға спартандық тәртіп орнаттық. Балаларымды қазақ балабақшасына бердім, қазақ мектебінде оқыттым. Кейде маған орысша тіл қататын болса, мен теріс қарап оған жауап бермейтінмін. Жоғары білімді Ленинградтағы университетте алды. Ол жақта жүріп бірнеше тілді меңгерді. Бірақ маған хат жазса, қазақ тілінде жазатын. Неге? Егер орысша жазса, менің оқымайтынымды біледі. Сонысы маған ұнайды. Әкейден жұғысты болған тәрбиенің жемісі ғой. «Баланы жастан» деп қазақ бекер айтты дейсің бе? Қазақ сұмдық данышпан халық қой, бірақ дарақылығы да жоқ емес…

Қажымұқан да, Дина да біздің үйде тұрған

— Сіздің соғыс жылдары туралы айтқан әңгімеңізден соң еске түсіп отыр. Соғыс жылдарында күй анасы Дина Нұрпейісова, жауырыны жер иіскемеген балуан Қажымұқан сіздің үйде бірге тұрыпты. Сол жайында таратып айтып берсеңіз?..
— Ол кездегі қазақтардың көңілі кең жайлау еді, қонақжай еді. Үйге шақырусыз, ескертпей-ақ келе беретін. Қазіргі қазақ шақырмасаң, өздігінен қонаққа келмейтін болды. Сол жылдары біздің үйге көптеген атақты адамдар келіп тұратын. А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Б.Майлин, М.Жұмабаев, Х.Досмұхамедов, І.Жансүгіров, Қ.Кемеңгеров, Х.Болғанбаев, Ө.Тұрманжанов, І.Жарылғапов, Қ.Жандарбеков, И.Ұйықбаев, тағы басқалар. Ал күйші Дина Нұрпейісовамен әкейдің туыстығы бар еді, сондықтан өте жақсы қарым-қатынаста болды. Үйінде жөндеу жұмысы жүріп, ол бес-алты айдай біздің үйде тұрды. Өзі бір қызық  кісі еді. Ертелі-кеш домбырасын айналдырады. Кейде бір нүктеге тесіліп алып өзінен-өзі күбірлеп сөйлеп отырады. Құдды бақсылар сияқты. Бізге бәрі қызық, бәрі таңсық, ұрланып тыңдаймыз. Бір күні бізді ұстап алды. Құлағымыздан бұрап алдына отырғызды да, домбырасын ұстатты. Содан Болат домбыра шертіп кетті, ал маған қонбады. Кетерінде домбырасын інім Болатқа сыйлап, батасын беріп кетті. Кейін Болат Дина әжейдің ізімен жүріп консерваторияға түсіп, домбырашы-музыкант болып кетті ғой. Ал мен тақпақ айтқанды ұнататынмын, бірақ ән сала алмайтынмын. Кеудем күмбірлеп тұрады, бірақ ырғағын даусыма келтіре алмайтынмын. Сонда Дина әжеміз қабағын түйіп: «Ән сала алмайтын неғылған қазақсың өзі?!» — деп ұрсатын, жарықтық.
Ал жауырыны жерге тимеген балуан Қажымұқан әкемнің жақын араласқан досы еді. Әкей сол кездегі қазақ  жастарының «вожагі» Ғани Мұратбаевпен де дос болды. Бұлар әсіресе Ташкентте жүргенде жақын араласып тұрды. Ташкент пен Шымкенттің арасы сүт пісірім жер емес пе. Бір-біріне жиі барыс-келіс қылып тұрған екен. Қажымұқан біздің үйде шамамен бір жылдай аунап-қунап жатты. Ол қаламыздың ең көрнекті жері офицерлер үйінде өнер көрсетті. Үстінен машина жүргізді, төсіне рельс қойып, оған он адам отырғызып көтерді. Кеудесі қақпақтай еді, жарықтықтың. Саны бір бұқаның мойнындай жуан болатын. Соны біздің көзіміз көрді. Болат екеуміз етігін шешуге көмектесеміз, шұлғауы кәдімгі адамдардікіндей емес, тым ұзын болатын. Табаны түйенің табанындай жалпақ. Ол уақытта трамвайдың есіктері шағын болушы еді ғой, оған еңгезердей Қажымұқан сыймайтын. Біз оны есіктен итеріп кіргіземіз, түскенде итеріп шығарамыз. Кейде бізді өзімен ертіп алатын. Өзі керемет сөзшең, қалжыңбас, әзілқой еді. Қысқа қағытпаларға жүйрік еді. Қолы да ашық еді. Көрсеткен ойындарынан жақсы ақша түсті. Оның өнеріне қошеметшіл жұрт көп жиналатын. Ол бұл өнерін Ташкент, Шымкент, Қызылорда жақта да көрсетті. Сосын «мұртты патша» Сталинге хат жазды. «Мынау қаражат менің жеңіске қосқан үлесім болсын, самолет жасатыңдар, ол жауға қырғидай тиетін болсын», — дейді. Шынында да, Қажымұқан атамыздың ақшасына жасалған сол ұшақ фашистерді көп қырыпты деп естідік қой кейін… Өкініштісі, біз сол аңыз адаммен бір суретке түспеппіз. Амал не?..
Әңгімелескен —
Болат Шарахымбай
(Жалғасы бар)

(10)