Жамбыл өңіріндегі тарихи ескерткіштер

Қазақ жерінің қай өңірінде болсын ата-бабаларымыздың сан алуан тарихи ескерткіштері көп екендігі бесенеден белгілі. Тәуелсіздігіміз келгелі бұл тарихи қазына-байлығымыз жаңа қырынан зерттеліп, олардың мән-маңызы артқаны сөзсіз. Бұл біздің тарихымыз ғана емес, сондай-ақ ата-бабаларымыздың елін, жерін қорғаудағы ерлік істерін кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге етіп, насихаттаудың тамаша ескерткіштері екендігі соңғы кездері жиі айтылып жүр. Әсіресе Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан кейін осы қазына-байлығымызға мемлекетіміздің ерекше көңілі аударылды. Өңірлерге экспедициялар, автошерулер ұйымдастырылып жатқандығын жақсы білеміз. Міне бүгін біз Жамбыл өңіріндегі тарихи ескерткіштерінің қысқа мазмұнды таныстырылымдарын беріп отырмыз.

«ЕЖЕЛГІ ТАРАЗ» ҚАЛАШЫҒЫ (I-ХІХ ғғ.)

Тараз қаласы б.д.д 40-36 жылдары тұрғызылған. Ұлы Жібек жолындағы тарихи-мәдени орталықтардың бірі. Қала алғаш рет Византия деректерінде 568 жылдары аталады. Ал 630 жылдары осы өңірге саяхаттап келген Қытай саяхатшысы Сюань-Цзянь: «Тараздың аумағы 8-9 ли. Бұл қалада көптеген елдердің саудагерлері аялдап, түрліше заттар əкеліп сатады», — деп жазған. Араб саяхатшысы Ибн Хаукаль да қаланы дəл осылай: «Тараз — мұсылмандардың түріктермен сауда жасайтын қаласы», — деп суреттейді. Ал араб тарихшысы Әл-Макдиси болса: «Тараз — бақтары мол, тұрғындары тығыз орналасқан үлкен қала», — деген мəліметтер қалдырады. Х ғасырдың ортасында Тараз қаласы Қараханидтер империясының ірі мәдени орталығы болды.
Тараз қаласының көне негізгі тарихи орталығы «цитадель» деп аталады. Мұнда қаланы билеушілердің резиденциясы орналасқан. Цитадельге жапсарлас қабырғамен қоршалған қаланың «шахристан» деп аталатын бөлігінде зиялы қауымның, бай саудагерлердің, қолөнершілердің үйлері және шығыс базары мен мешіт, ал шахристан қабырғаларына жапсарлас қолөнершілердің шеберханалары, үйлері «рабад» орналасты.
Ежелгі Тараз қаласының аумағында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде қыштан жасалған су құбырлары, қоғамдық моншалар, мыс-қола теңгелер құятын орын, тас төселген көшелер және басқа да құрылыстар табылды.

ТЕКТҰРМАС КЕСЕНЕСІ ( ХІV ғ.)

Тектұрмас кесенесі ХІV ғасырда Талас өзенінің оң жағалауында салынған. Бұл қаладағы өте көне діни орындардың бірі. Осы төбенің басында зорастризм, христиандық, мұсылмандық рәсімдегі зираттар орналасқан. Төбенің етек жағында ежелгі жерасты жолы  және Талас өзені арқылы өтетін тас көпір болған.
ХХ ғасырдың 30 жылдарындағы  атеистердің дінге қарсы саясаты кезінде жартылай қираған. ХІХ ғ. 80 жылдары түсірілген кесене формасының қарапайым фотосуреті ғана сақталып қалған. Аталған кесененің  орнына 2001 жылы археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, 2002 жылы ортағасырлық үлгіде кесененің алғашқы орнында жаңадан кесене тұрғызылды. Тектұрмастың тарихи аты — Сұлтан-Махмудхан. Ал Тектұрмас сөзінің өзі түркіше «тынымсыз  орын» дегенді  білдіреді.

ҚАРАХАН КЕСЕНЕСІ (ХІ-ХІІ ғғ.)

Кесене Қараханидтер әулетінің көрнекті тұлғасының бірі — Шах-Махмуд Қараханға арналып салынған. Кесенені салушы шебердің аты-жөні тарихта сақталмаған. Кесененің алғашқы нұсқасы біздің заманымызға жетпеді. 1906 жылы жергілікті тұрғындардың күшімен алғашқы кесененің орнына қайта салынған, алайда оның сәндік өрнектері жойылған. Кесененің алғашқы келбеті мен сәулеттік құндылығын  тек 1902 жылы түсірілген фотосуреттен ғана көре аламыз. Суретте кесене шаршы формалы. Бас қасбетінде кірпіштен өрілген өрнектер бар. 1961 жылғы қазба жұмыстары кесенені сәндеу үшін 30-ға жуық түрлі терракоттар пайдаланылғанын анықтады. 1836-1936 жылдар аралығында Тараз қаласы Қараханның құрметіне Әулие ата деп аталды.
Қазір бұл жер бесік орналасқан орталық залы, үш бұрышында үш худжра бөлмелері бар порталды-күмбезді құрылыс. Қарахан кесенесінің қабырғалары патшалық кезеңінің кірпіштерімен өрілген. Күмбезі мен аркалық ойықтары ғана ХІ ғасырдағы кірпіш-плиткалармен салынған. Кіреберіс маңдайшасында: «Алладан басқа құдай жоқ, Мұхаммед оның елшісі» деген Құран сөздері өрнектелген.

АЙША БИБІ КЕСЕНЕСІ (XI-XII ғғ.)

Айша бибі кесенесі ХІ-ХІІ ғасырларда тұрғызылған ортағасырлық архитектураның ең үздік нұсқасы. Біздің ғажап өлкемізге аяқ басқан әрбір адам мұсылман әлемі құрмет тұтатын, «әулие орын» деп аталған ортағасырлық сәулет өнерінің інжу-маржаны. Кесене қабырғаларының сыртқы жағы қолдан ойылған ою-өрнектері бар 62 түрлі терракот қыш тақталармен көмкерілген. Әр қилы үйлесім мен нұсқалардан тұратын, түрлі өсімдік гүлдері мен геометриялық түрлер сарынындағы өрнектерге бай. Бұл орталық Азия мен Қазақстандағы өнбойы ою-өрнектермен көмкерілген жалғыз ескерткіш. Терракот қыш тақталардың 18-ші қаланымында арабтың куфа әріптерімен оюланған «Күз…бұлттар…жер ғажайып…» деген тылсым сөздер жазылған. Кесененің ішкі жағында жер бесік тұр. Аңыз бойынша кесенені ғашығы Шах-Махмуд Қарахан салдырған екен.
Жерленген адам туралы тек аңыздар ғана сақталған. Аңыздардың бірінде Тараз билеушісі Қараханға іңкәрлік сапары кезінде жылан шағып, қайтыс болған, Зеңгі баба мен Ануар бегімнің ару қызы Айша бибі туралы айтылады. Аңыз бойынша Қарахан өзінің сүйіктісіне арнап керемет кесене салдырған.

БАБАДЖА ХАТУН
КЕСЕНЕСІ (ХІ ғ.)

Кесене — Айша бибінің күтушісі болған адамға тұрғызылған. Кесене өзінің композициясы мен құрылымы жағынан өте қарапайым да қатаң. Құрылыс күйдірілген кірпіштен салынған. Қабырғаларында сәндік безендірулер жоқ, бірақ сәулеттік құрылыстың  жинақы әрі қарапайым  ою-өрнектері  үйлесім тапқан. Кесененің көркемдік пен сымбаттылық беретін призмалық барабанға орналасқан 16 қырлы конус жабыны — Қазақстан күмбездерінің ішіндегі ең ерекшесі. Қасбетінде: «Бұл Бабаджа Хатун қабірі… Оны салушы» деген жазулар бөлігі сақталған. Кесенені соққан Шебердің аты-жөні сақталмаған.
Аңыз бойынша, кесене Айша арудың кү-тушісі болған, кейіннен бибісі өмірден өткен соң жас қабірдің өмір бойғы шырақшысы міндетін атқарған парыз адамы – Бабаджа Хатунның жер бесігі үстіне орнатылған.

АҚЫРТАС САРАЙ
КЕШЕНІ  (VІІІ-ХІІ ғғ.)

Ақыртас кешені VІІІ-ХІІ ғ.ғ. үлкен бітеу тастардан тұрғызылған ортағасырлық сарай кешені. Бұл тарихи кешен — күрделі құпияға толы алып нысан. Тіптен мұның құрылысына қарап еріксіз таң  қалмасқа амалың жоқ. Оның 70-ке жуық бөлмелері бар болған. 15 колонна галереясы мен ортада жарты гектар ашық алаңы бар, сырт қабырғаларының ені 5 метр болып, іргетасы 2 метр тереңдікке қазып орнатылған ірі тас блоктармен қаланған. Ақыртас кешені — күрделі құпияға толы нысан ретінде Египет кереметтері, Афины Акропольдары, Рим колизейі, Перудегі Майя сарайлары және Антикалық аңыздармен деңгейлес жатқан алып құрылыс деңгейінде бағалануда. Археологиялық және архитектуралық зерттеулердің нәтижесінде Ақыртас маңынан бірнеше нысандар табылды. Керуен сарай кешені, монументальды құрылыс, ұзын жақтарымен солтүстіктен оңтүстікке қарай бағытталған.
Ұлы Жібек Жолы бойында орналасқан Ақыртас кешені 2014 жылы 25 маусымда Катар мемлекетінің Доха қаласында өткен ЮНЕСКО-ның 38 сессиясы барысында Бүкіләлемдік Мәдени Мұралар тізіміне енгізілді.
МЕРКІ-ЖАЙСАН ҒҰРЫПТЫҚ КЕШЕНІ

Меркі-Жайсан түрік ғибадатханасы — ерте ортағасырлық түркілердің Меркі-Шу аудандарында орналасқан мәдени-ғұрыптық кешені. Бұл аймақтағы кешенді ескерткіштер тобын  жерлеу орындары — қорғандар, қорғандардың маңында кездесетін ғұрыптық қоршаулар, балбал тастар, жартастардағы суреттер мен руникалық таңбалар және қойтастарда кездесетін ойма жазулар құрайды. Ғұрыптық қоршаулардың әрқайсысының орта тұсында жарым-жартылай сындырылған, беттері шығысқа қаратылған балбалдармен стеллалар орнатылған. Тас мүсіннің мойнында ірі тастардан алқа бейнеленген, сонымен қатар сырт киімінің жағасы мен кең келген жеңі, шығыс үлгісінде малдас құрып отырған бейнесі салынған. Оң қолында кубок үлгісіндегі ыдыс көрсетілген.

БАЙЗАҚ БАТЫР МӘМБЕТҰЛЫНЫҢ
КЕСЕНЕСІ

2000 жылы қираған ескерткіш орнына салынған, авторы — сәулетші А.Момынжанов. Байзақ батыр — би, қазақ халқының қоқанд әміршілігімен күресінің белсенді мүшесі. 1845 жылы Байзақ датқа патша мен Қоқандтың әскери-саяси экспанцияларына қарсы халық-азаттық қозғалысына қатысты және Кенесары Қасымұлы сұлтанның жақындарының қатарында болды. Оның Шу — Талас өзендері арасындағы азат ету қозғалыстарына белсенді қатысуы Оңтүстік Қазақстанның халық ауыз шығармашылығында айқын көрініс тапты. 1864 жылы жазда қоқанд үкіметінің аймақтық көшпелі халыққа көрсеткен езгісіне шыдамаған ол, Әулие ата маңына орналасқан орыс әскерлеріне баласы Ақмолданы қоқандтарға қарсы күресте бірігу ұсынысымен жібереді. Қазақ биінің мұндай әрекеті туралы білген Қоқандтың билеушісі Молда Әлімқұл Байзақты ұстап алып, Ташкентке алып келуін бұйырды. 1864 жылы тамызда Әлімқұлдың жеке бұйрығымен 75 жастағы Байзақ датқа жазаның ауыр түрі: тірідей зеңбіректің аузына байлап, оқпен оның денесін пәршектеді. Халық арасында аты шыққан қарт әрі батырға жасаған ауыр жаза, Ұлы жүздің руларының қоқандықтарға қарсы шығуына әкеліп соқтырды, сондай-ақ олардың көпшілігінің орыстар жағына өтуіне себепші болды.

Саятхан Сатылғанов

(42)