БОС ЖАТҚАН ЖЕР ЖАУ ШАҚЫРАДЫ

Ертеде Омбының жанға жайлы, малға құт құйқалы жеріне орыстар қоныстанып жатыр дегенді естіген ақмолалықтар толғанып, ойға батыпты. Ақылгөй дала даналарының бірі өкініп: «Бос жатқан жер жау шақырады» деп айтып едім ғой, құлақ салмадыңдар, бәрі кеш енді…», — депті.
— Кеш те болса көшіп барып, қонысқа жер табайық.
— Көшеміз.
— Қақтығыста қазақ өліп жүрмесін, байқаңдар!
— Байқайтыны жоқ, жерден үлесімізді алайық дескен отыз-қырық шақты түтін азаматтары көшті бастап кетті. Қырық күншілік жол жүріп, Омбының бос жатқан жеріне жетіпті.
Қызыл империя кең байтақ қазақ даласының қай тұсы бос жатқанын жатқа білді. Семей өңірінде, одан соң Атырау облысының Қызылқоға ауданының құмдауыт Тайсойған даласында жойқын қаруларды сынақтан өткізді. «Төртінші сорт» деп бағаланған қазақ ұлты жойылып кетеді-ау деп жанашырлық танытпады. Тайсойғанмен іргелес жатқан Ойыл ауданында жойқын қарулар сыналған тұста жалаңбас жүргендердің шашы түсіп қалып, мұрындарынан қан кетіп, ондаған адам қаза тапты. Көп адам ұзақ ғұмыр сүре алмай, дүниеден озды.
Қызыл империяның жойқын қаруларының сынақ алаңы Капустин Яр, Азғыр, тіпті Байғанин ауданына дейін ендеп кірді. Осы орайда батыстағы облыстардың басшылары жойқын қарулардың зардабын түсінбей, дым көрмегендей, дым болмағандай «қызыл империя кетті, келмейді, өлгендер тірілмейді» деп жайбарақат, дүние байлығын ойлап қамсыз отыр. Әйтпесе, бос жатқан жерлердің барлығын игеріп, елді мекендерді орналастырса, болашақ ұрпақ тыныш ұйықтап, бақытты күнін өткізер еді.
«Тыныш ұйықтап» дегеннен шығады, «Арқанкергендегі» шекараны, ондаған жауынгерді бір жауыздың қырып салғанын қалай ұмытасың. Егер осы өңірде кеншарлар өркендеп тұрса, жастар қырылып кетпес еді. Бос жатқан иесіз аймақтың қасіреті ұмытылмайды. Қанішер терроршыны атып тастарға үкім шығару керек еді. Қазір халықтың адал нанын жеп, түрмеде жатыр.
Қазақтың кең байтақ даласының ұлтарақтай әр жерінде де байлық жатыр. Облыс басшылары болашақты ойлайтын болса, ұлтына жаны ашыса өндірістік негіздегі кеншарларды бос жатқан жерлерді игеруге жұмылдыруы керек. Ойы озық, қазіргі заманғы түрлі технологияларымен қаруланған білімді жастар бос жатқан жерлерді игеріп, уақыт өте ауылды қалаға айналдырар еді.
Қазіргі ауылдарда мал, егін шаруашылықтарын өркендетудің бірден-бір жолы машина, трактор стансаларын салып, механизаторларға мемлекеттен бөлінетін ақшаны аямай еселеп төлесе, олар бір-бір шаруашылықтың мал азығын тегін дайындап берсе, жайлау малға толар еді.
Тарихымызда бос жатқан жерден Державин қаласын тұрғызған Ақпан Үкібаев және бос жатқан жерден қала жобасындағы колхозды одақтық биікке көтерген екі дүркін Социалистік Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергенов, тағы басқа дала даналары жетерлік. Сондықтан бүгін министрлерден бұрын облыс әкімдері болашақтың қалаларын бос жатқан жерлерді игеру арқылы гүлдендіруді ойласа дейсің.
Жақында Солтүстік Қазақстан облысындағы 38 совхоздың халқы босып кетіп, жері бос қалғаны туралы жаңалық тарады. Облыс басшысы Құмар Ақсақалов ол жерлерге Ресейден халықты алдырып, толтырмақ па? Осы жерлерге «Серпін» бағдарламасы арқылы оңтүстіктегі халқымызды көшірсек, тақияға тар келмес.
Әлемде америкалық санкция белең ала бастағанда шетелден келетін азық-түлікке сенім жоқ. Тағы бір ескеретін мәселе, жалға жер беруді де 49 жылға емес, 10 жылдан асырмау керек. Бұл кейбір қулардың жерді сатуын тоқтатар еді. Ата Заңымызда жерді сатуға болмайды делінсе, олжа қуғыш пысықайлар тыйылар еді. Қорыта айтқанда, жеріміз гүлденсе, бақытты боламыз.

 

Табыл Құлыяс

(37)