Көркіңнен сенің айналдым, еркем, Қазақтың салтын сақтаған көркем

Ата-бабаларымыз шашқа айрықша мән  бергені сондай-оны ғарышпен байланыстырып,  жалғастырушы қасиеті бар деп түсінген.  Ұрын келген  күйеу жігітті болашақ  жарымен-қалыңдығымен таныстырғанда, орындалатын «қол ұстатар, шаш сипатар»  кәдесінің шығу төркіні осы иланыммен байланысты.

Қазақ халқы ұғымында, эстетикалық түйсінуінде қолаң шаш, сүмбіл шаш дегендердің шаштың сипаты ғана емес, ару қыз деген мәнде қолданылуының                 өзі-ақ көп нәрсені  аңғартады. Ал біздің ғашықтық дастандарымыз бен ән өлеңдеріндегі «шаштарын он күн тарап, бес күн өрген» деген сияқты әсіреулерден қыздардың  шашының қаншалық асқақ  поэтикалық образға айналдырылғанын көреміз. Жақсы күтіліп, таза ұсталып, ұқыпты таралып, әдемі өрілген шаш тән арулығы мен жан сұлулығының, сезімтал сергектіктің белгісі болып табылады.

Білектей арқасында өрген бұрым,

Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын,- деп Абай тамсанып, аш белге оралған, тірсекті соғатын бір бұрымды, қос бұрымды шаштардың асқақ сұлулыққа балағанын аңғару қиын емес.

Ата-бабалырымыздың  халықтық нагіздерінің бастау- көзін ашуға оралып, асқақ арулық нышаны ретіндегі «ұзын қолаң шашты» дәріптеу мақсатында №149 жалпы білім беретін мектебімізде   қыздар арасында «Үздік шаш үлгілері», «Бұрымды қыздар» байқауы жүргізілуде. Байқау жыл бойы жүргізілетінін  қыздарымыз  қуана қарсы алды. Күнде қыздарымыз жарысып сабаққа әр түрлі өрілген шаш үлгілерімен келеді. Қыздардың әр түрлі тәсілдермен, ерекше  ыждағатпен  өрілген шаштары  қыздарымыздың қаншалықты жандары сұлулықты, әсемдікті  қалайтындықтарын аңғартады.

Қай заманда да  шаш күту-бас күту, әсемдікке талпыныс ретінде тәрбиелік, әдептілік белгісі болып қала беретіні даусыз.

Алматы қаласы, Алатау ауданы

№149 ЖББ мектеп директорының

 тәрбие ісі жөніндегі орынбасары С.Сайлыбаева

(22)