Халықтың табысы төмен. Неге?..

Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев халықтың нақты ақшалай табысын көтеру жөнінде өңір басшыларының есебін тыңдады.
«Елбасының қойып отырған талабы — бірінші кезекте халықтың нақты табысын көтеру.  Өңір-лерге әдейі сұрақ қойып отырмын. Әр айдың қорытындысы бойынша есеп бергенде, алдымен осыған көңіл бөліңіздер», — деп ескертті Премьер-Министр.
«Біздің көрсеткіштеріміз жыл соңына дейін орындалады. Былтырғымен салыстырғанда кейбір кәсіпорындарда өндіріс көлемі төмендеді, бірақ жыл соңына дейін бұл көрсеткіштер жақсарады деп болжап отырмыз. Екі айдың ішінде жағдайды дұрыстауға тырысамыз», — деп жауап берді Алматы облысының әкімі Амандық Баталов. Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек статистикалық деректе қате кетті деп түсіндірді. Сонымен бірге Үкімет басшысы Қызылорда және Маңғыстау облыстарының әкімдерін тыңдап, жауапқа көңілі толмағанын жеткізді. «Шын мәнінде, жауаптарыңыз жоқ. Бәрі сол «статистиканың мәліметі дұрыс емес» деген әңгімеге тіреледі. Болмаса, орташа жалақы жоғары дейсіздер.  Ал халықтың нақты табысы төмен. Оған не себеп? Соған талдау жасау керек. Келесі жолы 11 айдың қорытындысы бойынша отырыста барлықтарыңыз осы сұраққа жауап беруге дайын болыңыздар», — деп тапсырма берді Бақытжан Сағынтаев.
«Орташа айлық номиналды жалақы 2018 жылғы қаңтар-қыркүйекте (бағалау) 158,2 мың теңгені құрады және номиналды мәнде 8,3%-ға, нақты мәнде 1,9%-ға ұлғайды. Жұмыссыздық деңгейі 2018 жылғы қыркүйекте (бағалау) 4,9%-ды құрады» деген ресми дерек бар. Алайда Үкімет тарапынан жасалып жатқан «қамқорлыққа» халық әлі де болса зәру. Халықтың өмір сүру сапасы қымбатшылық, инфляция, несие, баспанасыздық сынды проблемаларға жыл өткен сайын жұтылып бара жатқаны жасырын емес.
Сондай-ақ әлеуметтік желіде Өмір Шыныбекұлы «Аула сыпыратын ком.қызметкерлер 45 мың теңге алады екен.
— Тәуір екен ғой дегеніме…
— Несі тәуір? — деп қалды…
— Кешіріңіздер, дұрыс түсінбей қалдыңыздар. Ауыл мектептерінің техникалық қызметкерлері 28 мың теңге аламыз, — дейді, сонымен салыстырғанда тәуір дегенім ғой деп ақталдым… Біздің үкімет жалақы есептеуді өзгертпесе қиыны қиын», — деп «әзілдеп» отыр. Әзілдің түбі зіл екенін ескерген жөн болар.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ

(19)