Футбол: ФИФА-да дау-дамай өршіп тұр

Қараша айы басталғалы әлемдік футболда дау-дамай ушығып кетті. Football Leaks атты футбол трансферлерін, ойыншылардың жалақылары туралы жазатын портал бірнеше сенсациялық жаңалықты жариялап, көпшіліктің жағасын ұстатты. Порталдың айтуы бойынша, Катар әлем чемпионатын сатып алған. Негізгі айыптау былай. 2010 жылы сол кездегі Францияның президенті Николай Саркози Катардың мұрагер ханзадасы Тамим бин Хамад Аль Танимен кездескенде оған 2022 әлем чемпионатын алып беруге көмектесетінін айтып, уәде берген. Әрине, оның қарымтасы бар. Яғни ханзадаға ПСЖ клубын сатып алып және Францияда BeIN Sports арнасын ашуды сұраған. Сөйтіп, Катарға әлем чемпионатын өткізуге Мишель Платини көмектесетін болып шешіледі (Платини 2015 жылы футболдан 8 жылға шеттетілген болатын). Катар тарапы өз міндетін орындайды: 2011 жылы 31 мамырда Qatar Sports Investments ПСЖ клубының 70 пайыз акциясын сатып алады. BeIN Sports арнасы өз қызметін 2012 жылдың 1 маусымынан бастайды. Ал Катар әлем чемпионатын өткізу құқығына 2010 жылы 2 желтоқсанда ие болды. Ал 2011-2013 жылдар аралығында «Манчестер Сити» мен ПСЖ клубтарының бюджетінде айтарлықтай дефицит байқалып қиналған еді (45 миллион еуро көлемінде). Олардың қаржылық фэйр-плейді бұзғаны анықталып, Чемпиондар лигасына қатысу құқығынан айырылып қалу қауіпі туындаған еді. Екеуінің де қожайыны Таяу шығыс елдерінен. ПСЖ сол кезде шартты демеушілік көмек түрінде Катардың туризм министрлігінен жылына 215 миллион еуродан алған. УЕФА сарапшылары бұл келісімшарттың нарықтағы құнын бар-жоғы 2,8 миллион еуро деп бағалаған. Ол кезде «Манчестер Ситидің» жылдық шығыны 566 миллион еуроны құраған. Бұл рұқсат етілген қаржылық фэйр-плейден бес есеге көп. Негізі лимит 45 миллион еуро көлемінде.
Бұл тұста қазіргі ФИФА басшысы Джанни Ин-фантино УЕФА-ның бас хатшысы болған. Ол екі клуб-тың бұл әрекетінен хабардар болған. Бірнеше рет құпия түрде екі клубтың жетекшілерімен кездескен. 2014 жылы мамыр айында «Манчестер Сити» мен ПСЖ УЕФА-мен ортақ келісімге келеді. Сөйтіп, бұл клубтарға  20 миллион еуро көлемінде айыппұл салынады. Келесі жылы «Манчестер Сити» мен ПСЖ жаңа ойыншыларды сатып алуға 1 миллиардтан астам қаржы жұмсаған. ФИФА басшысы Джанни Инфантино клубтардың әрекетінен ешқандай заңбұзушылық болмағанын айтып ақталған. «Реал» мен «Барселона» қатарынан үш жыл Чемпиондар лигасын жеңіп алғаны белгілі. «Интер» мен «Бенфика» 60 жылдары, «Аякс» пен «Бавария» 70 жылдары, «Ливерпуль»  80 жылдары, «Милан» 90 жылдары дүрілдеді. Портал соның бәрінің астарынан заңбұзушылықтарды көріп отыр. Тағы бір шу «Ең үздік жас футболшы» атанған француздық Кильян Мбаппенің орасан зор жалақысына байланысты. Бүгінгі таңдағы ФИФА аясындағы дау-дамайдың бір парасы, міне,  осындай. Бұл даулардың қашан аяқталары да белгісіз. Бұл жердегі даудың ең маңыздысы 2022 жылы Катарда өтетін әлем чемпионаты. Егер Football Leaks порталы сериялы материалдарын жариялауды тоқтатпаса, келесі біріншіліктің өту-өтпеу сұрақ астында қалмақ.

(14)