Туған ауылын қайта тірілткен азамат

Тәуелсіз еліміздің кішкене ғана бір ауылының түтінін түзу ұшырып отырған азамат жайлы ұзақ толғауға болады. Балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен сол бір тоқсаныншы жылдың тоқырауы ауыл азаматы Қанат Жариясұлының да қабырғасына қатты батқан. Өзі туған Қарағанды облысы, Нұра ауданы, Изенді ауылының тұрғындары жұмыссыз қала бастады. Жұмыс істейтіндердің өзі бір айлық еңбегіне бір қап ұн, бір қой алып, жанын бақты. Жекеменшіктегі малдың басы күрт кеміді. Егістік жердің көлемі бірнеше есе қысқарды. Халыққа қызмет көрсететін әлеуметтік-мәдени орындар жамылып, ғимараттар қирап, талан-таражға түсті. Ауызсу тапшылығынан тұрғындар жан-жаққа үдере көше бастады. Тұрғын үйлердің қабырғалары мен үйінділері ғана қалды. Ауылдың кетеуі кетті.

Қара басының қамын күйттеп кейбір азамат қалаға кетіп жатқанда Қанат Жариясұлы тұралап қалған туған ауылын аяғынан тік тұрғызсам деп жарғақ құлағы жастыққа тимеді. Өліара шақта Изенді ауылының шаруашылық тізгінін қолға алды. Қанат басшылыққа келгенде шаруашылықтың экономикасы құлдырап, іргесі сөгіле бастаған. 1990 жылдары шаруашылықта 3000 ғана қой қалып, 1000 гектардан астам ғана алқапқа егін себетін. Шаруашылық 62 миллион теңге қарызға белшеден батқан. Шұғыл шешім қабылдап, үлкен бетбұрыс жасамаса ауыл қыл үстінде тұрған еді. Ауылдың экономикасын көтеруде еңбек етіп, дамыл таппады. Ерте тұрып, кеш жатты. Қанаттың небәрі 3 жылдың ішінде ешқандай несие алмай асқан ұйымдастырушылық және таза еңбегінің арқасында шаруашылықтың 62 миллион қарызынан құтылғаны ерен ерлікке пара-пар еді.
Құлдыраған шаруашылықты тығырықтан шығаруда Қанат Отарбаевқа зоотехниктік және агрономдық білімі үлкен септігін тигізді.

Асыл тұқымды зауыты бар ауыл

Қанат 1975 жылы Жараспай орта мектебін тәмамдаған соң, сол кездегі Кеңестік жүйенің солақай саясатымен еңбек жолын Нұра кеңшарында шопан болып бастайды. Бір жыл еңбекпен шыңдалған соң Целиноград зооветеринарлық техникумына түсіп, зоотехник мамандығын алады. Жас маман Нұра кеңшарының бөлімше зоотехнигі қызметіне бел сыбана кіріседі. Осы салада сегіз жыл қызмет атқарған жылдары ауылдастарының сүйіспеншілігіне бөленді. Маман ретінде төл алу, жүн алу, малды етке өткізу, мал қыстатуды үлкен іскерлікпен атқара білді. Қанат шаруашылыққа қажетті қосымша білімді меңгергісі келді. Жары Нәсіп пен үш баласын алып 1987 жылы Целиноград қаласындағы Ауылшаруашылық институтының агрономия факультетіне оқуға түсті. Өзге ұлт басым қоныстанған қалада жалғыз қазақ мектебі ғана болатын. Институтта оқып жүрген кезінде «Жас қайрат» атты ұйым құрып, өзі басшы болды. Ұлтжанды азамат сол ұйымда мемлекеттік тіл — қазақ тілі болуы керек, Целиноградқа тарихи атауы — Ақмоланы қайтару керектігін, қазақ балабақшаларды ашу туралы бастамалар көтерді. Жастарды соңынан ерте білді. Сол жылдардағы Целиноград Ауылшаруашылығы институтының ректоры Кенжеғали Сағадиевке жолығып, қазақ жастарының проблемасын баса айтып, біраз қоғамдық істер атқарды. 1990 жылдың аласапыран кезінде дү-ниеге келген ұлына «ел тыныш» болсын деген ниетте «Еламан» деген есім қойды.
1991 жылы агроном мамандығын алып, ауыл шаруашылығы басқармасының жолдамасымен «Балықтыкөл» кеңша-рында бас зоотехник болды. Осында мол тәжірибе жинайды. Ауқымды жұмыстар атқарды, заман талабына сай мердігерлік әдісті кіргізді. 1999 жылдан бастап туған ауылы «Изенді» ауылында акционерлік қоғам құрып, құрдымға кеткен мал тұқымын асылдандыруды қайта қолға алады. Алматыдағы Қазақ қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу технологиялық институтымен байланыс жасайды. Қанаттың еті тірілігімен «Қазақтың ұяң жүнді, құйрықты қойын» өсіру қайта қолға алынады. 2003 жылдың 30 желтоқсанында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің №666 бұйрығымен Қанат құрған «ОТҚАНЖАР» ЖШС аттестациядан өтіп, «асыл тұқымды зауыт» деп танылды. Асыл тұқымды — қазақтың құйрықты қойы Қарағанды облысы бойынша осы шаруашылықта ғана өсіріледі. Қазір қой басы 18 мыңға жетті. Сөйтіп «Отқанжар» серіктестігі — ауданның ірі қой шаруашылықтарының біріне айналды. Мал шаруашылығын әртараптандыру мақсатында шаруа-шылық 2012 жылдан бастап ірі қара мал өсірумен де айналысады.
Қанаттың ең басты ұраны – ауылды түлету, ұлтты ұлы ету. Осы жолда ол Изенді ауылын 21 ғасырдың қазақ иісі аңқыған ең үлгілі, озық ауыл етуді мақсат етті, сол жолда табанды жұмыс істеді. Ауылды қаражат жағынан демеуші өзі болды. Шаруашылығы шалқыған ауылда көпшіліктің игілігіне айналған көптеген әлеуметтік-тұрмыстық нысандар салынды. Ауыл көрген адамның көзін тартатын сәулетті де дәулетті елді мекенге айналды.
Бүгінгі таңда ауылда 1000-ға тарта тұрғын мекен етеді. Орта мектеп, мешіт, фельдшерлік-акушерлік пункт, 140 орындық Мәдениет үйі, Б.Артаев атындағы спорт кешені, «Ақбота» балалар алаңы, шалғайдағы қыстақтарда тұратын балаларға арналған мектеп жанындағы 30 орындық мектеп-интернат, жастарға арналған би алаңы, халыққа қызмет көрсету орталығы, кітапхана, «Алакөл» қымызханасы, «Ақ босаға» мейрамханасы. Бұлардың барлығы Қанат басшылық жасайтын «Изенді» ЖШС мен «Отқанжар» ЖШС қаражаты есебінен салынған нысандар. Олардың жалпы сомасы 45 млн. теңгені құрайды. Сауда үйі, наубайхана қалтқысыз қызмет ете бастады. Аудан орталығы шашылып қалып жатқан мына заманда Қанат шалғай бөлімшелерге көрсе көз сүрінетін жаңа үйлердің салынуына үлес қосты. Шалғайдағы малшылар отын, жемшөппен қамтамасыз етіледі. Қыстақта заман талабына сай үйлер салып, сонда тұратын оқушыларды таситын жаңа автобус сатып әперді. «Жыл оқушысы» номинациясы бойынша оқу жылы қорытындысында озаттарды ынталандыру сыйлығы тапсырылады. Оқушыларды жыл сайын Астананы тамашалауға жіберіп тұрады.

Облыстық семинарлар Изендіде өтіп жүр…

Нұра ауданының 90 жылдығына орай серіктестік басшысы Қ.Отарбаев Топаркөл бөлімшесінде балалар ойын алаңын және тойхананы ашты. Изенді селолық округінің әкімі Құдабай Алпысбайұлы:
— Қанатпен тай құлындай тебісіп, бірге өстік, мектепті бірге бітірдік. Оқу бітіргеннен кейін туған ауылда біріміз зоотехник, біріміз мал дәрігері болып қызмет атқардық. Ол шаруашылықтың тізгінін ұстаса, мен әкім болып тығыз байланыста болып, ауылымызға қызмет атқардық. Қанат жастайынан өткір, алғыр, бір істі аяғына жеткізбей тынбайтын қасиеті өміріне серік болып келеді. Ешуақытта көлгірсуді білмейді. Әділін айтады. Оның ең жақсы бір қасиеті — жаңашылдығы. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін терең түсінген «Отқанжар» ЖШС директоры Қанат Отарбаев ауылдың көркеюіне, экономикалық әлеуметтік жағдайының нығаюына ерекше мән береді. Изенді ауылында Қанат шаруашылықты басқарғаннан бері жаңадан салынған ғимараттар бой түзеді. Малшылардың жағдайы назардан сырт қалған емес. Жаңадан салынған жылы үй, қора жайы пайдалануға беріп қойған. Ауылды таза ұстайды. Бір бригада маусымдық жұмыстарға жегілмей, ауылды тазарту жұмыстарын жүргізеді. Ауыл көшелеріндегі күл қоқысы шығарылып отырылады. Бас мерекеміз Тәуелсіздік күнінде жыл қорытындысы бойынша «ең әдемі аула» деген ауыспалы тақтайша табыс етіліп, жақсы істеген ауыл көше тұрғындары ынталандыру сыйлықтарын алады. Оралман бауырларын да бауырға басты. Ауданның 80 жылдығына орай «Сексен жылдыққа сегіз игі іс» деген арнайы бағдарлама болды, бұл бағдарламаның орайына қарап істегені емес, өз жүрегінің қалауымен алты отбасыны көшіріп әкеліп, үй-жай, қора-қопсысын салып, алдарына 10 қой, бір жылқы, бір қара мал салып, жұмыс тауып беріп, үлкен көмек көрсетті.
Қалада өтетін семинарлар енді көркіне көз сүрінетін осы ауылда өте бастады. 2007 жылы кітапханашылардың облыстық семинары, 2009 жылы асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту тақырыбында облыстық семинары, 2010 жылы ауылдық елді мекендерді дамыту жөніндегі облыстық семинары, 2011 жылдың шілде айында аудандық жазғы «Сарыарқа — 2011» ХХY Спартакиадасы өтті. Тәуелсіздік күніне тарту ретінде аудан орталығы Нұра кентіне облысымыздың ешбір өңірінде жоқ ерекше көрік беріп тұрған қымызхана тарту етті, — дейді.
Қ. Жариясұлы өзінен кейін ауылға тірек болатын азаматтарды да осы бастан дайындау үстінде. Жоғары оқу орынын бітірген жас мамандарды ауылға тартты. Агроном мамандығына Мейірман Мамышевті, мал дәрігерлікке Ғалым Құрманбетовті оқытып, диплом алдыртты. Ол жігіттер ауылға келіп қызмет етті. Институт бітірген Тілек Жақатай деген жас маманды алып келді. Басында бөлімше зоотехнигі, қазір бас зоотехник болды. Астанадан Изенді ауылына көшіп келген жас кәсіпкер Жарлығасын Сатыбалдинге «Отқанжар» ЖШС директоры Қанат Отарбаев екі тұрғын үй береді. Жары екеуі бөдененің жұмыртқасын сатып алып, өсіріп, бүгінде «Дінмұхамед» жеке кәсіпкерлігін ашып, бөденеден күніне 400 жұмыртқа алып, шаруашылығын дөңгелетіп отыр.
Қанат жастайынан өлең жырға құмар болып өсті. Қазақтың қара сөзінің қадірін білді. Оның 30-ға тарта өлеңіне ән шығарылды. Әнін көбіне жазған ауылдың тумасы, талантты сазгер Аманкелді Шахарбаев шығарады. Екеуі құстың қос қанатындай болып тамаша әндерді дүниеге әкелді. Ауылына деген құрметі, «Изенді вальсі» өлеңінде, «Қазақстан, алға!», «Арқаның арулары», «Қарағанды», «Ұлы дала елі», «Ауыл мұңы», «Мизам шуақ», «Қазақстан барысы», «Шаңырақ шаттығы», «Көңіл толқыны», «Ауыл нақыштары», «Туған елдің түтіні», «Кешір мені», «Қара қазан» сияқты әндері ел аузында айтылып жүр.
Жұмабек Тәшеновке бүкіл қазақ қарыздар. Сол кісінің арқасында еліміздің жері-міздің бөлінбей, тұтастай сақталып қалды. Біртуар тұлғаның мерейтойы республика көлемінде елеп ескерілмеді. Мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеновтің 100 жылдық мерейтойы құрметіне «Отқанжар» ЖШС директоры Қанат Отарбаев 2015 жылдың 11 маусым күні Изенді ауылында үлкен мәдени шара ұйымдастырды әрі қаржылай демеушісі болды. Жастар арасында футболдан турнир өткізді. Көкпар тартысы болды. Оған 5 ауылдан жастар қатысты. Ұлы тұлғаның рухына құран бағышталып, ас берілді. Қанат Ж.Тәшеновке арнап «Дәуір дарабозы» өлең шығарды. Мәдени шараға Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, ақын Серік Тұрғынбекұлы, жазушы, тәшеновтанушы Мейрам Байғазин, Мемлекет тарихы институтының аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Қанат Еңсенов, ҚР Ұлттық мұражайының «Қазақстан тарихы» бөлімінің бастығы Жанар Бейсова және Жұмабек Ахметұлының келіні Фатима Сыдыққызы қатысып, сөз сөйледі.

Марапат иесін тапты. Қанат Жариясұлы Қарағанды облысының “Үздік асыл тұқымды мал шаруашылығы” номинациясы бойынша жеңімпазы, сондай-ақ ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің “Ең үздік ұйым”дипломымен марапатталды. «Құрмет» ордені (2010), «Ерен еңбегі үшін» (2003) медалі, Республикалық «Парыз 2010» конкурсының алтын жүлдегері.
2013 жылы жүргізген Халықаралық ұлттық бизнес рейтингінің тәуелсіз сараптамасының нәтижесінде «Сала көшбасшысы» атағының иегері болды. ҚР Білім және ғылым министрлігі «Білім меценаты — 2008» атағының иегері.
Қарағанды облысы, Нұра аудандық мәслихатының үш шақырылымдарының депутаты болып сайланды.

Жұлдыз ТОЙБЕК,
Халықаралық «Мәдениет
майталманы» медалінің иегері

(59)