Аштан өлген мысықтың балаларынан кейінгі ащы ойлар

Марғауларын тастаған «көкек» мысық

Таңертеңмен терезенің пердесін бір шетіне жинақтап жатқанымда, мысықтың баласы марғаулардың шиқылдаған дауысын естіп қалдым. Сөйтсем біздің мысығымыз үшемді туған екен. Олардың дене бітімдерінен ғана өзгешелікті байқауға болады, біреуі — кішілеу, ал қалған екеуі — ірілеу көрінді.
Бұл біздің тарғыл мысық шамасы осыдан екі-үш жұма бұрын, қабырға бойы жиналған жиһаздың үстінен ашық тұрған тартпалардың ішіне үңіліп, біраз заттарды жерге құлатқан еді. Бұл көріністі байқаған біз: «Мына мысыққа бірдеңе көрінген бе?» — деп, жиһаздың үстінен қуып жүріп жерге түсіргенбіз. Сөйтсек, ол балаларына жайлы орын іздеп жүргенге ұқсайды.
Марғаулар жарық дүниеге келгенімен де көздері әлі де болса жабық көрінеді. Бірақ өздері тынымсыз шиқылдап, тұмсығымен енесінің емшегін іздеп жатқанын көргенде біртүрлі жаның ашып кетеді екен.
Осы кезде, дәл үстінен түскен менен сескенді ме, мысық жатқан жерінен қарғып тұрып, жылдам үйден далаға шығып кетті.
Мысық сол кеткеннен мол кетті. Балаларын қызғанбақ түгілі жақындаудан қашты. Сөйтіп ол қазіргі кездегі кейбір жеңілтек әйелдер секілді, аяқ астынан тірідей балаларынан безген «көкек» мысыққа айналды.
Ол мұндай қадамға емшегінен сүт шықпағандықтан ба, жоқ әлде, біз мысықтың балалары тоңып қалмасын деп қағаз қорапқа салғандықтан барды ма, ол жағы бізге әзір белгісіздеу. Әйтеуір, балаларының жанына күшпен жақындатып апарсақ та, далаға атып шығып қашып кетеді.
Сол қалпында ол балаларына жоламастан қарны ашқанда ғана үйге кіретін дала безер болып кетті. Уақыт өткен сайын марғаулардың қарны ашып, шырылдай бастады. Мұны көрген біз шыдай алмай, көзге дәрі тамызатын, «түтікшемен» дүкеннен алынған сүтті «жылытып», марғаулардың аузына тостық. Олар қарны ашқандықтан болар, бірден «түтікшеге» үйреніп кеткендей болды. Шөлдемесін деп, шөлін басу үшін сүтке аздаған суды да қосып бердік.
Бұл жағдайды көрген біз де енді өлмейтін шығар деп қуанып қалдық. Бірақ біздің қуанышымыз көпке бармады, түні бойы бас жағымызда шиқылдап ұйқы бермейтін марғаулар бір-екі күн өткеннен кейін дауыстары саябырсып тыныштала бастады. Алдында біз бұны қарындары тойған соң ұйқыға батқан ғой деп жақсылыққа жорыдық. Сөйтсек марғаулар әлі құрығандықтан ба «түтікшені» салғанымен, тартып соруға да күштері жетпеген секілді. «Түтікшені» жоғары ұстап аузына салғанда, сұйық сүт салмағымен өзі өңешіне құйылып жатқандай білінді. Бірақ сол сумен сұйытылған сүттің өзін біреуі жұтса, енді біреуінің жұтуға да шамасы келмеген сыңайлы. Ірілері қозғалақтап, ал кішілеуі қимылдаудан да қала бастағандай көрінді.
Келесі күні таңертең кішілеуі ұзынынан түскен қалпы қимылсыз сұлық жатты. Байқап қарасақ аяқтарын созған қалпы қатып қалыпты. Өлген марғауды пакетке орап, барлық жағдайлары жасалған «жайлы» үйлердегі қоқыстың жәшігіне апарып тастадық.
Қалған екеуі ыңырсып, мұрындарымен түрткілеп қозғалып жатқандай болды. Біз де шама-шарқымыз жеткенінше «түтікшемен» тартқылап тамақтандырып жаттық.
Алғашқы күні бірінен кейін бірі шиқылдап ұйқы бермеген олар, бұл түні де анда-санда бір шиқылдағаны болмаса, соңында ұзақ ыңырсып барып тынышталатын еді. Енді міне, екінші марғау да мәңгілікке көз жұмды. Бұл уақытта маған «кейбір көршілер көзін ашпастан суға тастай сал, өздері тұншығып өледі» деген ақыл-кеңестерін де айтқан еді. Бірақ мен мұндай іс-әрекеттерге бара алмадым. Бұл мысықтың баласын да ақ пакетке орап, қоқыс жәшіктеріне апарып тастадық.
Үшінші марғау, алдыңғы екеуіне қарағанда ірілеу болғандықтан ба әлі де болса қимылдап, өмір сүргісі келгендей бір жағы ыңырсып жатса да тұмсығымен түрткілеп енесінің емшегін іздегендей, өмір мен өлімнің арасында арпалысып жатқандай әсер етті.
Ол басқаларына қарағанда өз әлінше қуатты әрі жинақы көрінді. Дегенмен даусы біртүрлі ыңырсып, созылыңқырап барып шығып жатты. Біз болсақ бұл үшінші марғаудың белсенді іс-әрекеттеріне қарап, тірі қалатын шығар деп үміттенген едік. Қалай десек те, «ажал» атты тажалдың уысынан шығу мүмкін емес екен.
Сөйтіп төртінші күні бітім-болмысы үлкендеу көрінген марғау да қимылсыз қалды. Мен осы оқиғаны өз көзіммен көргеннен кейін, аштан қырылған миллиондаған қандас-бауырларымыз жайлы ойыма біртүрлі дүдәмал ойлар оралды.

Зұлмат аштықта қырылғандардың соңғы үміті

…Өткен мыңжылдықтың соңғы ғасырының басында 1919-20 және 1931-32 жылғы ашаршылық жайлаған кезеңі, қазақ халқының 2,5-3,0 миллионнан астам қандас-бауырларынан айырылған қасіретті жылдарына жатады!!!
Менің пайымдауымша, сол ашаршылық жылдарға арналған шығармалар жинағы құмға сіңген судай «тапшы» көрінетін секілді?! Себебі біз сол аштық жылдарына арналған еңбектерді жинақтайтын болсақ, халқымызға келген осы кесепатты нәубеттің толық қасіретті қайғылы трагедиясын көз алдымызға елестете алмайтын сияқтымыз. Неге?!
Өйткені осы тоқсан жылдың ішінде, осындай талай ауылды жалмаған ашаршылық жылдары жайлы — 90 (тоқсан) кітап түгілі публицистикалық мақалалар жазылды ма екен?…
Осы кезде, сол уақытта аштық туралы жазылған «Майлықара» және «Наркомға хат» деген 16 (он алты) ауыз шумақ өлеңі үшін, 18 (он сегіз) жыл бас бостандығынан айырылған, сол қасіретті жанның өз сөзімен айтқанда:
«Он жылдан. Он алты мың шақырымнан,
Тайганың таулы-тасты тақырынан.
Өзімді-өзім сүйреп алып келдім,
Қызғанып әуелгімді, ақырымнан!» — деп жазған Алаш арыстарының бірі дарынды ақын, талғампаз, талантты, Қазақстанның халық әртісі, біртуар тұлға Шахан Мусин ағамыз еріксіз еске түседі.
Даңқты әрі тағдырға қасқайып қарсы тұрған қаһарман ағамыз, өткен ғасырдың басында 1913 жылы Павлодар облысы Май ауданы үлкен Ақжар ауылында дүниеге келген екен.
Айтулы ағамыз бар-жоғы — 25 жасында, аштық туралы — 19 жасында «ашына» жазған осы өлеңдері үшін, «айыпты» деп танылып, жалған жаламен сотталып кетеді.
Алайда Кеңес үкіметінің темір қақпасы мен сыз табаны жастық үмітін жалмаса да, жантүршігерлік темір қапастың шерлі тауқыметін тартқызса да, өр Қазақтың сағын сындыра алмаған еді. Керісінше, тағдырға мойымай қарсы тұрып, сексеннің сеңгіріне шығып, тоқсанға таяу ғұмыр кешті!!!
Ардақты ағамыз атақты екі өлеңінің тарихы туралы естелігінде былай деп жазады.
…1931 жылы бұрынғы Семей облысы Бесқарағай ауданының сол кездегі орталығы болған Семияр селосына келіп, жұмысқа орналасып, аудандық атқару комитетінде қызмет істей бастайды.
Араға бір жыл салып, 1932 жылы май (мамыр) айының бас кезінде аудандық қаржы бөлімінде істейтін әкесі Әлімханмен шамалас Темірхан ағасына еріп, ауданның ең бір алыс қырындағы, бұрынғы Ақбота болысы атанған ауылға іссапармен баратын болады. Ақботаның атын естігенде, сол маңда өткізген кейбір күндері ойына оралып, көз алдынан өте бастайды…
Сонымен бір күні Темірхан ағасымен екеуі ағаш арбаға мініп, алыс сапарға шығады. Ол уақытта — 100 (жүз) шақырым жер — бір күндік жол болып есептелінетін еді. Аудан орталығынан 40-50 шақырымдай жер ұзаған кезде, тап-тақыр қара жолдың бойында, бірде жолдың оң жағында, енді бірде сол жағында, бірде жақындау, бірде алыстау әр жерде өліп жатқан, даланың қарға мен құзғындарына жем болған адамдардың «сүйегін» өз көзімен көреді?!… Қатты шошып кетеді?!

 

Асқар Сәрсенбай, жазушы-әлеуметтанушы,
Алматы қаласы

(Жалғасы бар)

(23)