Қазақ жігіті əлемнің таңғажайып адамдар ондығында

Жерлесіміз Ренат Елубаев Мәскеудегі «Россия 1» телеарнасында болатын “Удивительные люди” бағдарламасына қатысып, әлемді өзіне қаратты.
Бұл туралы қазір бүкіл ресейлік ақпарат құралдары жарыса жазып жатқаны рас. Біз де жерлесімізбен арнайы сұхбаттасып аталмыш байқау мен өзінің өнердегі ерекшелігі туралы сұраған едік.

— Ренат, өзіңіз Астанадағы Суретшілер одағының мүшесісіз. Сіздің бейнелеу өнерімен айналысып, түрлі байқауларда жеңімпаз болып жүргеніңізді де білеміз. Россия 1 телеарнасында болатын “Удивительные люди” бағдарламасына қалай тап болдыңыз?
— Осыдан біраз уақыт бұрын Мәскеу қаласында өтіп жатқан суретшілер байқауына қатыстым. Сол уақытта аталмыш жобаға іріктеудің болып жатқанын естідім. Сөйтіп, өзіме сұрақ қойдым. Неге? Неге мен бұл іріктеуге қатыспай кетіп қалуым керек? Қазақ елінің атынан қатысуым керек деген ойға қалдым. Содан кейін іздеп жүріп тауып, іріктеуге қатысуға ниет білдірдім. Сөйтсем, ол жерде мен сияқты іріктеуге келген адамдар саны өте көп екен. Дәл қанша екені есімде жоқ, бірақ шамамен 2000 адамға жуықтап қалар. Бұл әлемдік жоба болғандықтан, көбі арнайы дайындықпен келген екен. Тіпті, арасында танымал тұлғалар да болды. «Шешінген судан тайынбайды» демекші тәуекел етіп, іріктеуге өтінішімді бердім.
— Сонымен?
— Сонымен не керек, сан түрлі тапсырмалардан сүрінбей өту басты мақсат болды. Сәл сылбырлық танытсаң, сенің орныңа келесінің дайын тұрғанын анық білдім. Ол бір өте қиын кезең болды. Осылайша іріктеу кезеңнен барлығы 65 адам келесі айналымға жолдама алдық.
Келесі айналым менің өзімнің жаныма жақын бейнелеу өнерінен болды. Бұл кезеңде дүйім жұрттың көзінше бөлшектерге бөлінген кескіндемені арнайы экраннан айналдырып көрсетті. Небәрі 2 минут ішінде мен әлгі айналып тұрған кейіптегі бөлшек бейнені көз алдыма тоқтатып алуым керек. Содан барып көзімді қара таспамен байлап арнайы тақтағы әлгі айналмалы кескін бөлшектерін кәдімгі бейне қалпында салып шығуым керек болды.
— Қалай сонда? Әлгі кескіннің кімдікі екенін және қандай кескін екендігін анықтай алдыңыз ба?
— Айналдырған екі минут ішінде сан алуан кескін көз алдыма келді. Өте ауыр болды. Тек кескіннің адам бейнесі екенін жақсы түсіндім. Сонымен уақыт аяқталған сәтте аздап абдырап қалғаным рас. Жан-жағыма қарауға мұрсат та бермеді. Дереу көзімді таңып тастады да жетелеп, тақта алдына алып келді. Тіпті қайдан, неден бастайтынымды да білмедім. Қолыма қылқаламды алған кезде барып ойым жинақталып, өз өзіме келе бастадым. Сол сәтте барып туындының бейнесі, сұлбасы көз алдыма келе берді. Өзім де таңғалдым. Қолдарым өздігінен сырғанап тақта бетінде еріксіз бір дүниелерді салып жатқандай болды. Бірақ барлығын көзіммен көріп тұрғандай әсермен бақылай алдым. Біреуге айтсам, сенбейді ғой. Бірақ бейнебақылау да бар. Менің әрекетім әлем алдында болып жатты ғой. Тікелей толқында сан мыңдаған адам көріп отырды. Алдымен адамның сұлбасын салдым, сосын көзін дәл келтіруді көздедім. Ақыры не керек маған берілген 5 минут уақытты ұтымды пайдалануға тырыстым.
— Кімнің туындысы екенін, қандай кескінді бейнелеп жатқандығыңызды білдіңіз бе?
— Енді алғашқыда мүлде білмедім. Кейін келе сезіне бастадым. Тіпті, соңында бейненің кімдікі және қандай туынды екенін білдім десем де болады. Бір ғана қобалжу болды. Ол көзін дәл келтіру еді.
— Сонымен кімнің, қандай туындысы болды?
— Ол француз суретшісі Паскаль Прадтың абстракты әйел бейнесі иллюстрациялық көркем туындысы еді. Ол қазіргі заманғы бейнелеу өнері саласы ішіндегі ең ерекше туындыгер саналатын суретші. Міне, бар болғаны осы.
— Сала алдыңыз ба?
— Енді сол жолғы менің ерекшелігімді бағалап, жобаны ұйымдастырушылар осы жылғы әлем бойынша ең ерекше адамдардың ондығының қатарына қосты. Соған қарағанда салып шыққан тәріздімін.
— Бірақ жобаның соңғы кезеңіне неге өтпей қалдыңыз? Әлде кедергілер болды ма?
— Ия, өкініштісі сол, соңғы кезеңнен сүрініп кеттім. Себебі өзім сәл қателік жасап алдым. Мен суретшімін ғой. Ал соңғы кезеңде суретшілік өнерімді ысырып тастап, бірден скульптураны таңдадым. Міне, осы менің қателігім болды.
— Сіз сол байқауға қазақтың оюлы тақиясымен шықтыңыз, рас, себебі не, әлде үнемі киіп жүресіз бе?
— Мен өзіме қайда жүрсем де қазақтың бір ұлттық нақышын көрсетуді міндет деп санаймын. Осылайша арнайы оюланып тігілген тақия киіп шықтым. Қазақ екенімізді көрсетуіміз керек қой. Және бала күнімде де киіп жүретінмін.
— Сурет өнеріне қалай келдіңіз. Ұстазыңыз кім?
— Суретті мен бала күнімнен жақсы көрем. Ата-анамның айтуынша 2-3 жасымда қолыма бояу қарындаштарын алып, түрлі кескіндерді қағаз бетіне түсіруді ұнатқан екенмін. Кейін келе мектеп қабырғасында жүрген кезде қолыма алғаш қылқалам ұстатқан өзімнің нағашы әпкем Шайзат болды. Міне, сол кісіден көп дүниелерді үйрене бастадым. Қылқаламды қалай ұстау керектігін осы кісі үйретті. Одан кейін Арқалық қаласындағы Көркемөнер мектебіне қабылданып, сол жерде төрт жыл білім мен тәлім алдым. Мектепті бітіргеннен кейін Арқалық қаласындағы педагогикалық институттың көркемөнер факультетін тамамдадым. Міне, осылай ептеп жалғасып келе жатқан жайым бар.
— Әнгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан — Бердібек ХАБАЙ

(21)