Ұлт руханиятына қосылған қос кітап

Ғұлама ғалым Рашид ад-дин Фазлуллах ибн Имад ад-Даула Абул-Хайр Али Хамаданидің (1247-1318 ж.ж) «Жамиғ ат-тауарих» еңбегі тұңғыш рет түпнұсқадан қазақшаға аударылып, ұлт руханиятын теңдессіз тарихнамамен толықтырды. Еуразия құрлығындағы адамзат тарихын толық баяндаған алғашқы іргелі еңбек 1316 жылы парсы тілінде жарық көрген. 7 ғасырдан кейін қазақ оқырманымен қауышқан тарихи жинақ ұланғайыр даланы мекен еткен халықтардың пайда болуы, олардың түрлі тайпаларға бөлінуі, осы тайпалардың бел баласы, жарты әлемге жарлығы жүрген даңқты Шыңғыс ханның өмірбаяны мен шежіресі, ғасырлар бойы билік құрған ұрпақтарының жылнамасы сол кездері олармен замандас, қанаттас өмір сүрген елдердегі елеулі оқиғаларды нақты деректермен толық қамтыған.

Ал қазан төңкерісіне дейін қазақ даласында жарық көрген қайталанбас туынды Бекасыл Биболатұлының шағатай тілінде жазылып, араб, парсы тілдерімен қатар ескі түркі қадимше сөздерді де қажетіне қарай қолданған «Зикзал» атты еңбек дін мен ділдің, наным-сенімнің және ғаламның тылсым сырларын ғылыми тұрғыда зерделей отырып, қазақтың дүние танымы мен Ислам игіліктерінің жымдаса-үндескен құпия қырларынан сыр тарқатады. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында өмір сүрген автордың бұл шығармасының түпнұсқасы 2000 жылдың басында ғана табылған.
Ғибраты мен ғылыми мазмұны, тарихи тағылымы терең қос туындының тұсаукесері Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Түркі әлемінің 100 тұлғасы» бастамасы мен елімізде табысты жүзеге асырылып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Халықаралық Түркі академиясының қолдауымен өтті.
Беташар рәсімде «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев: «Рашид ад-диннің «Жамиғ ат-тауарих» еңбегінің алғаш рет қазақ тіліне аударылуы шын мәнінде тарихи оқиға. Бекасыл Биболатұлының «Зикзал» кітабының да ана тілімізге тәржімалануы рухани өміріміздегі елеулі сәттердің бірі екені сөзсіз. Әлемнің біраз тілдеріне аударылған еңбектің Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Халықаралық Түркі академиясының бастамасымен тікелей парсы тілінен ана тілімізге аударылуы біз үшін үлкен жеңіс. Сондықтан осы игі істің басы-қасында жүрген Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәліге және басқа да азаматтарға алғысымызды білдіреміз. Академияның ұлттық кодымызды сақтауға, дәріптеуге, руханиятымызды дамытуға бағытталған еңбектеріне сәттілік және табыс тілейміз», — деді.
Халықаралық Түркі академиясының президенті, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ Басқарма төрағасы, профессор Дархан Қыдырәлі қос туындының тек қазақ руханияты үшін ғана емес, күллі түркі дүниесі үшін үлкен олжа екеніне тоқтала келе, — «Жамиғат ат-тауарих» парсы тілінде жазылған ортағасырлық тарихи әдебиеттің аса маңызды ескерткіштерінің бірі. Бұл үлкен тарихи энциклопедия. Тарихты жазу, тарихты жасаумен бірдей маңызды. Себебі тасқа жазылмаған тарих өшеді немесе соны жазғанның несібесіне көшеді. Кезінде ұлы дала төсінде айтулы із қалдырған айбарлы бабаларымыздың даңқты шежіресі ұлт жадында көмескі тартқан еді. Тәу етер тәуелсіздігімізбен бірге тарлан тарихымызбен де қайта қауыштық. Соның жарқын айғағының бірі бүгін сіздерге таныстырылып, тұсауы кесіліп жатқан алдарыңыздағы сүбелі еңбектер. Кейінгі ғасырларда көз жазып қалған осы дәстүрді бізге Бекасыл Биболатұлының кітабы арқылы жетіп отыр, — деді.
— «Жамиғ ат-тауарихтың» қазақ тіліндегі толық басылымы — тарихшы ғалымдар мен зиялы қауым үшін ғана емес, барша жұртымыз үшін айтулы олжа, елеулі жаңалық, — деп, атап өтті Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті — Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары Әмірхан Рахымжанов.
Кітаптарды парсы, көне шағатай тілдерінен аударған Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің «Түріктану» ғылыми-зерттеу орталығының аға қызметкері, араб, парсы тілінің білгір маманы Зәріпбай Жұманұлы: «Осындай маңызы зор кітаптарды аударуды Алла маңдайыма жазғанына шүкір деймін. Бекасыл Биболатұлының «Зикзал» кітабы туралы айтар болсам, ол ерекше тәсілмен, асқан шеберлікпен жазылған», — деді. Сондай-ақ, Зәріпбай Жұманұлы БАҚ өкілдерінің Рашид ад-диннің «Жамиғ ат-тауарих» еңбегіне қатысты сұраққа, «Ең алғашқы исі түркі қауымының бастауы Сайрам қаласы мен Талас арасындағы екі үлкен Алатау мен Қаратаудың баурайында, қазақтың киелі топырағында ата қонысы болғаны, түркілер содан көбейіп, таралғаны жөнінде тың деректер бар. Түркінің түп төркіні Алтай емес. Түркілер мал-басы өсіп, өрісін кеңейтіп Алтай тау баурайы, түгел дешті Қыпшақ даласына дейін ту тіккен мекенге байырғы атауларды да ала барып, жаңа қонысты өз қалауынша атауды дәстүрге айналдырған. Сөзімізге дәлел тек Қара қорым атауының өзі бірнеше қонысты иемденіп, кейін Шыңғыс хан ордасы да Қара қорым деген символикалық атауға ие болуының мәні тереңде. Тарихқа үңілсек, Қара қорым деп аталатын, бірнеше қоныстың барына куә боламыз. Рашид ад-диннің «Жамиғ ат-тауарих» кітабында қай ру, қай тайпа қандай қоныста мекен еткені анық айтылған. Ал ұлы қаған Шыңғыс ханның ата-бабалары жөнінде, олар керейлермен аралас өмір сүрді. Яғни, моголдардың тілдері, салт-дәстүрлері, ғұрып әдеттері, сөйлеу мәнері керейлермен бірдей еді деген мағлұмат жазылған. Мұны әлі терең зерттеп, қорытынды шығару жұмыстары алдағы күндердің еншісі», — деді Зәріпбай Жұманұлы.


Қазақ руханияты үшін баға жетпес қазына – қос кітапты аударуға түрткі болған, оның сапалы шығуына жанашырлық танытқан танымал тұлға Бейбіт Атамқұловқа және еңбегі сіңген барша азаматтарға шексіз алғысын білдіріп, құнды еңбектің қазақ тарихын түгендеуге, жадының жаңғырып, ұлттық кодымызды түйсінуге, сол арқылы халқымыздың рухани жаңғыруына қызмет ететініне, тарлан тарихымыздың ақтаңдақ беттерін аша түсетін бағалы еңбек боларына зор сенім артып отырғанын айтқан Дархан Қыдырәлі Зәріпбай Жұманұлына зор еңбегі үшін Түркі академиясының күміс медалін табыстады.

Айта кетейік, Кітаптағы парсы тіліндегі жүзге жуық өлеңді қазақ өлеңі формасына көркемдеп аударған ─ ақын Ақберен Елгезек. Туынды Еуразиялық Топтың (ERG) қаржылай қолдауымен жарық көрді.

Т.ЕСДӘУЛЕТ

(10)