Ақпараттың рас-өтірігін қалай анықтаймыз?

«Арселор Миталл Теміртау» Думан Смақовқа Қарағанды шахталарындағы ереуілдерді жоққа шығарғаны үшін ақша төледі ме? Сіз түсірген фотосуретті қайда қолдануға болады? Зиянкестердің «құрбаны» болмаудың қандай жолдары бар? Елордалық жастармен болған кездесуде осы және өзге де сұрақтарға жауап берілді.

3-4 қарашада Астанадағы IQ коворкингінде отандық ІТ және медиа саласының білікті мамандарының қатысуымен тренингтер өтті. Тренингтер фактчекинг, ақпараттық қауіпсіздік, ақпарат туралы заң, медиаэтика және әлеуметтік желідегі жеке бренд қалыптастыру бағыттарын қамтыды.

Алғаш болып полиграф тілші, facktchek.kz сайтының бас редакторы Думан Смақов сөз алды. Ол Орта Азияда фактчекинг саласын тұңғыш игергендердің бірі екенін еске сала отырып, жастарды айналадағы барлық ақпаратқа сене бермеуге шақырды.

«Заманауи технологиялардың көмегімен кез-келген адамның бейнесі оған қарсы қолданылуы мүмкін. Сол себепті интернет кеңістігіне, әсіресе әлеуметтік желіге сурет салмастан бұрын, дұрыстап ойланған абзал», – дейді Думан Смақов.

Сонымен қатар, қазір кез-келген ақпараттың бұрмалану қаупі бар. Осындай жағдай Мьянмадағы баланың суретімен байланысты болғаны есімізде. Журналистік тергеу кезінде бұл оқиғаның басқа елде және діни ерекшелігіне қатысы жоқ екені анықталды. Ақпаратты жариялаудан бұрын оны әр түрлі қосымшалар мен бағдарламалардың көмегімен тексеріп алған дұрыс.

«Өкінішке орай, ақпараттың рас-өтірігін анықтау аудиоматериалдарға қарағанда, фото және видеоматериалдарға тікелей қатысты. Соңғыларының авторы мен өзгертулерін анықтау қиын емес», – дейді ол.

Сондай-ақ, Думан Смақов нақты мысалдарды да келтіріп өтті.

«Арселор Миталл Теміртау» шахталарындағы ереуіл кезінде түсірген суретті верификациядан өткізген кезде, кеншілердің киімінде фирмалық белгінің жоқтығы анықталды. Аталмыш суреттің сараптамасына сәйкес, оның басқа ереуіл кезінде жасалғаны белгілі болды», – деп сөзін жалғастырған Думан Смақов тренинг қатысушыларын кездейсоқ ақпаратқа сенбеуге, алдымен оның рас-өтірігіне көз жеткізуге шақырады.

Қандай ақпаратты таратпаған жөн? Бұл жайында медиа заңгер Гүлмира Біржанова жақсы ойлар айтты.

«Адамдардың көбі әлеуметтік желідегі постқа лүпіл басып, оны бөлісу қандай нәтижеге алып келетіні туралы ойлана бермейді. Алайда құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне Сіздің қалдырған қарапайым пікіріңізде экстремистік әрекетке, жаппай тәртіпсіздікке, сонымен қатар ұлтаралық не өзге алауыздық тудыруға бағытталған үндеулер бар деп танылса, әкімшілік жаза тағайындалады. Қылмыстық жауапкершілік те қарастырылған», – деді Гүлмира Біржанова.

Ол тренинг барысында өзімізді қоғамдық жерлерде рұқсатсыз фото не видеоға түсірген жағдайда, үрейленудің қажеті жоқ екенін және бұған заң жүзінде рұқсат етілгенін түсіндіріп өтті.    

         Әлемдегі адамдардың 97%-ы   фишингқа төтеп бере алмайтынын білдіңіз бе? Бұл туралы «ІТ-тірлік» сайты мен «Тимур академия» академиясының негізін қалаушы Тимур Бектұрдан білдік.

«Ең бірінші фишингтің не екенін түсініп алайық. Өздеріңіз түсінгендей, «балық аулау» деп аударылады, яғни жеке деректерімізді аулау. Осылайша, көпшілігіміз белгілі сайттардың қате интерфейстерінде жеке деректерді толтырып, тұрмыстық техника дүкендерінің  жалған «ойнатулары» мен банк «өтемақыларына» ұшыраймыз», – деді Тимур Бектұр.

Ол өз тренингінде әр мақсатқа алуан түрлі электронды пошта қолдануды, әлеуметтік желіде әркелкі пароль қоюды ұсынып, екіфакторлы теңнұсқаландыруды елемеуге болмайтынын айтты.

Жастар арасында танымал The Steppe сайтының негізін қалаушы Зәуре Розмат қысқа, әрі нұсқа сөйледі. Жас кәсіпкер контент тазалығын сақтауды, яғни фейсбукте отыратындарға ересектердің тілімен жазсаңыздар, инстаграмда мақала мазмұнын жастарға қарай бағыттауды ұсынды. 

 

(19)