Келешек күншығыстан басталады

Токио әуежайына таң сәріде қондық. Көкте күн жарқырап тұр. Сөйтсек, күншығыс елінде күн ерте шығады екен. Қалаға қарай беттегенде құжынаған көлік, иін тірескен адамды көруге дайын едік. Бірақ қаладан мұның бірін де байқамадық. Қала көшелері бос, ешқандай кептеліс жоқ. Токионың он төрт миллион халқының бар-жоғы да білінбейді. Бұл қалай деп біз таңбыз?!

Токиода алғаш ат басын бұрған жер — Император саябағы. Бұрынырақ империя-ның сарайы орналасқан аумақ сол күйінде сақталыпты. Тек бас сарайдың өзі ағаштан жасалғандықтан, бүгінгі күнге жетпепті. Десе де мандарин, раушан гүлдері мен сакура бақтары әлі жайнап тұр.
Токио сөзі — жаңа астана дегенді білдіреді. Императорлардың билік құрған тарихи мекені Киотодан қоныс аударған император Мэйдзи (1867-1912) Токионы жаңа астана сайлап, батыс әлеміне жапон халқын таныстырады. Осы кезде тапқа бөліну жойылып, дін бостандығы, міндетті білім алу, әскер жасақтау, жерді император меншігіне өткізу жүзеге асырылған. Осы императордың ұрпағы Акихито император әлі күнге дейін тағынан тайған жоқ. Әлбетте, монархтардың бүгінгі билігі белгілі, мемлекеттің қымбат жәдігері, халық бірлігінің ұйытқысы іспетті. Жапония конституциясына сәйкес, император ешқандай саяси мәлімдеме жасай алмайды, шетелдік қонақтарды қарсы алу, премьер-министрді ресми тағайындау, парламент сайлауын өткізеді. Акихито император отбасымен осы бақтың қақ ортасында, қоршалған шағын ғана аумақта тұрады. Туристерге мұнда кіруге болмайды десе де қоршауда өмір сүру оңай емес шығар, сірә. Алдыңғы жылы император денсаулығына байланысты тағынан бас тартты. Бұл Жапония тарихындағы соңғы екі жүз жылдағы алғашқы жағдай, тіпті тақтан бас тарту жайында заң да қарастырылмаған. Сондықтан үкімет Акихитоға ғана қатысты заң қабылдады, ал оның мұрагерлеріне мұның қатысы жоқ, олар өмірінің соңына дейін тақтан бас тарта алмайды.

Шинкансэн — жоғары жылдамдықты пойыз

Жапония көлік мәселесін түбегейлі шешкен ел. Көшедегі көліктің бәрі су жаңа. Негізінен, халық метроны көп қолданады. Сондықтан әрбір ғимарат пен кеңсенің метроға шығатын есігі бар. Сол ғимараттардың шатырында стадион, гольф алаңы, яғни спорт алаңдар салынған. Мұның барлығы сабылған халық легін азайтып, адам қажеттіліктерін бір жерге шоғырландыру мақсатында жасалған. Бұл көше қозғалысын реттеуге сеп. Ал такси қызметі басқа елдермен салыстырғанда арзанырақ. Бірақ Азия елдерінен қымбат, әрине. Көліктердің барлығы автоматтандырылған, есік өзі ашылып, айналарының орнына монитор орнатылған. Қалай десек те, біздегі көлік қозғалысымен айырма жер мен көктей.
Желдей жүйткитін пойыз деп осы пойыздарды айтуға болады. Токиодан Киото қаласына шинкансэн эксперссімен жолға шықтық. Желмен жарысқан пойыз 515 шақырымды 2 сағатта бағындырды. Біз кеш әлеуетінде шыққандықтан, жұмыстан қайтқан халықпен бірге отырдық. Көпшілік 200-300, тіпті 500 шақырым жердегі Киотодан жұмысқа күнбе-күн қатынайды. Шинкансэн әрбір 10 минут сайын жүреді, алдын ала билет алудың қажеті жоқ.
Киото — жапон халқының мың жылдан астам уақыт тарихи астанасы болған, билік тізгінін ұстаған ақсүйек әулеттердің туған жері. Бұрынғы атауы — Хэйан. Жапон тарихына куә болған қастерлі мекенде тарихи ескерткіштер мен жәдігерлер көп. Оларды сақтап қалу мақсатында басқа қалалар сияқты биік ғимараттар мен әйнек бизнес орталықтар салынбаған. Қала сонау ерте ғасырдағы жапон қаласының көркін сақтап қалған, аласа үйлер, тар көшелер мен бақтар жергілікті дәстүрден хабар беріп тұр.
Қазіргі таңда қаладағы туристерді қызықтыратын жер Нара ғибадатханасы не болмаса император сарайы емес, тіпті бамбук бақтары да емес. Мұнда ең қызығы — қолөнершілер көшесі, асхана көшелері, тіпті гейшалар өмір сүретін көшелерде де қаз-қалпында. Сол тар көшелердің барлығын аралап көрдік. Тіпті біз бас сұққан шағын мейрамхананың қожайыны бизнесті әкесінен мұраға алғанын айтты. Ең қызығы, ғимарат бір өзгермеген. Тура бұрынғы салт-дәстүрмен жапон стилінде ұлттық тағам тартады.

Жапония келешекте
өмір сүреді

Қазан айының басында Киото қаласында «Қоғамдағы ғылым мен технология» атты халықаралық форумға қатыстық. Мұнда әлем ғалымдары, бизнес көшбасшылары мен мемлекеттік қызметкерлері жаңа технологияның тиімді, тиімсіз тұстарын ортаға салып, адам баласының болашағына әсерін талқылайды. Осы бейресим форумда талқыланған тақырыптардың бірі — дәстүр-лі технология мен зиянды дағдылардан арылу, адамзат өмірін ұзартып, қауіпсіз болашақ қалыптастыру. Осы тұрғыда жапон халқы бұл бастаманы әлдеқайда бұрын қолға алған. Көшелер айнадай, тіпті қоқыс тастайтын жәшік жоқ. Ендеше қоқыс тастауға болмайды, үйге апарып, іріктеп бір-ақ лақтырады. Электромобильдер мен газбен жүретін көліктер мегаполис ауасын таза сақтау үшін кіргізілген. Бір қызығы, мұнда шылым шегушілер өте көп. Жеке басты құрметтеу мен қоршаған ортаға зиянын ескере келе, шылым шегушілер де ерікті түрде электронды баламаға (IQOS) көшкен. Олар үшін арнайы бөлмелер де жасалған, яғни шылымды басқа баламаға ауыстырған ел өндірістің барлық саласын неғұрлым зиянсыз баламаға ауыстыруға ұмтылуда. Жапондар кез келген жаңа технологияны қолданысқа енгізуге, залалсыз жаңа технологияны тұрмыста қолдануға даяр. Жергілікті халық қоршаған ортаны қорғауды, ортақ игіліктерді сақтауды баяғыда қолға алған.
P.S. Алғаш Жапония туралы Мұхтар Әуезовтың жазбаларынан оқыған едім. Жазушы суреттеген Жапонияны көруге құштар болдым. Бірақ ол кездегі Жапония мен бүгінгі дамыған елді салыстыруға мүлде келмейді. Келешек күншығыстан басталады…

Ақниет ОСПАНБАЙ

(13)