БҚО-да 110 елді мекенге таза ауызсу жеткізілді

Облыс басшысы Алтай Көлгінов өңірлерге арнайы іссапары барысында қос бірдей ауданда ашылған су құбыры құрылысының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.
Алдымен Қазталов ауданы Талдыапан ауылдық округінде өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасының «Ақбұлақ» бағыты аясында таза су жүйесі іске қосылды.
Шалғай елді мекендерге су желілерін тартып, ел тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтуға бағытталған «Ақбұлақ» бағыты бүгінде ауданда қарқынды жүргізілуде. Талдыапан ауылдық округіндегі  таза ауызсу құрылысының жұмысы 778,674 млн. теңге қаражатты құрады. Талдыапан, Сарықұдық, Қайшақұдық, Қособа ауылдарына су құбырын жүргізу жұмыстарын «БатысГазСтрой» ЖШС сапалы атқарып шықты. Бүгінде 1383 ауыл тұрғыны таза ауызсумен қамтылып отыр.
Ауылдың қуанышына ортақтасуға келген өңір басшысы Алтай Сейдірұлы:
— Бұл көптен күткен қуаныш. Жалпы Қазталов ауданының 13 елді мекеніне газ тарту жұмыстарын бастадық. Ауыл халқын сапалы ауызсумен қамту — Елбасының Жолдауларындағы басым бағыттардың бірі. Таза судың игілігін көріңіздер. «Судың да сұрау бар» дейді қадірлеңіздер. Сіздер үшін мемлекет жасап жатыр. Алдағы уақыттарда жетістіктеріміз мол болсын. Жанашыр азаматтардың арқасында ауылда біраз жұмыс атқарылған, — деп құттықтау лебізін білдірді.
Сонымен қатар құрылыс жұмыстары өткен жылы басталған Жаңақала топтық су құбыры құрылысы да пайдалануға берілді.
Тұрғындарды таза ауызсумен қамту Жаңақала ауданында маңызды мәселенің бірі болып келді. Ел тілегін ескерусіз қалдырмаған өңір басшысы бұл іске үлкен қолдау көрсетіп, күрмеулі мәселені шешуге күш салды. Нәтижесінде 2017 жылы тамыз айында «Құлшық» жерасты су көзінен Жаңақала топтық су құбырының құрылысы басталды. Тапсырыс беруші ҚР Ауыл шаруашылық министрлігі, Су ресурстары комитеті болса, бас мердігер — «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» ЖШС. Жобалық құны 2 млрд. 522 млн. теңге болатын аталмыш құрылыстың келісімшарт бойынша аяқталу мерзімі 2018 жылдың желтоқсан айы еді.
Бұл топтық су құбырынан аудан бойынша сегіз елді мекен, атап айтсақ, Жаңақазан, Жуалыой, Мәстексай, Мұқыр, Жаңажол, Сарыкөл, Жаңақала, Көпжасар ауылдарының тұрғындары таза ауызсумен қамтамасыз етілетін болады.
Нысанның техникалық сипаттамасына тоқталсақ, құбырдың ұзындығы 150 шақырым. Су жинайтын резервуар сыйымдылығы 2000 текше метр. Электр желілерінің ұзындығы 32 шақырым.
Қазіргі таңда Құлшық құмдағы су көзі басында орналасқан алты су ұңғымасы, тұрғын үй, электр желілерінің құрылысы, сондай-ақ, Жуалыой елді мекенінде орналасқан екінші насос стансасының құрылыстары толық аяқталды. Жуалыой елді мекеніндегі 86 үйге су құбыры тартылған.
Жаңақала топтық су құбыры құрылысының ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыс әкімі Алтай Сейдірұлы:
— Бұл көптен күткен қуанышты жағдай. Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, біз облыс бойынша 110 елді мекенге таза ауызсуды жеткіздік. Бүгін сіздер соның нәтижесін көріп отырсыздар. Елбасы Жолдауында ауыл халқының тұрмыс-тіршілігін, өмір сүру сапасын көтеруді жүктеп, міндеттеген болатын. Себебі, біздің өңірдің тең жартысы аудандар мен ауылдарда тұр. Ауылда адам өмірінің сапасына әсер ететін бірден-бір нәрсе, ол — ауызсу, жол, газ. Жаңақалада да таза ауызсу талай жылдан бері «жыр» болып келе жатқан мәселе. Бұл мәселені мен Елбасыға баяндадым, ол қолдады. Соның нәтижесінде 110 елді мекен немесе 2000 шақырым су құбыры тартылды. Ең бастысы таза ауызсу болса, адамның денсаулығына да пайдалы болады, өмір сүру сапасы да артады. Сондықтан сапалы ауызсудың игілігін, пайдасын өздеріңіз көріңіздер, — деп Жаңақала топтық су құбырының құрылысын жүргізген «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» ЖШС-ның директоры В.Крыловқа алғысын жеткізді.

Айгүл Ахметова

(4)