Халықаралық симпозиум өтті

Жақында Алматы қаласында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ұйытқы болуымен Халықаралық симпозиум өтті. Университеттің Баспасөз және Қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Жандар Асанның айтуынша, симпозиумның басты мақсаты — ғылым, білім саласында зерттеу жасап жүрген түркі елдері ғалымдарының басын қосып, пікір алмасуын қамтамасыз ету, жаңа ғылыми зерттеулерге жол ашып, түркі әлемі әдебиеті мен мәдениетінің кеңеюіне ықпал жасау.
Алқалы жиын үш күнге созылды. Осымен бесінші рет ұйымдастырылып отырған алқалы жиынға Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстан және Башқұртстаннан 300-ден астам ғалымдар мен сарапшылар қатысты.

Жиынды Қыздар Университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенова ашып, симпозиумның маңызына тоқталып өтті.
— Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қайта дүниеге келген «Мәңгілік ел» мұратының да негізгі өзегі – Ұлы Дала елін түркі халықтарының ата-жұрты ретінде қабылдауға негіздеу, тамыры терең ұлттық мәдениеттің сақталуын және дамуын қамтамасыз ету. Жаңа мыңжылдық Еуразия кеңістігінде үлкен саяси өзгерістер бастау алды. Түбі бір түркі мемлекеттері тәуелсіздік алды, бабалар арманы шындыққа айналды. Бұл өзгерістер – жаңа саяси-экономикалық және мәдени кеңістіктің пайда болуына жол ашты. Қазақстан туысқан халықтар ынтымақтастығының нығаюына қашан да ұйытқы болып келеді. Ұлт Көшбасшысы Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VI саммитінде түркі халықтары-ның рухани жаңғыру мәселесіне тоқталып, Түркі елдерінің қасиетті орындарын көздің қарашығындай сақтау мақсатында Түркі кеңесінің жанынан «Түркі әлеміндегі 100 жаңа есім», «Түркі әлемінің киелі жерлері» арнайы жобаларын әзірлеуді ұсынды. Осы жобаларды жүзеге асыру үшін ха-лықаралық деңгейде ғылыми зерттеулер жүргізу қажеттілігі туындап отыр. Бүгінгі симпозиумға қатысып отырған ғалымдар осындай іргелі жобаларға өз үлестерін қосады деп ойлаймын, – деді Г.Алдамбергенова өз сөзінде.


Жиынның пленарлық отырысына ҚР Білім және Ғылым министрлігінің Болон үдерісі және академиялық ұтқырлық орталығының директоры Алмагүл Құлтуманова, Халықаралық Түркі академиясының сарапшысы, PhD докторы Эльмира Қалжанова, Қазақстандағы Түркия Республикасының Вице-Консулы Алтай Алпер, Түркия Республикасы Нийде Өмер Халисдемир университетінің ректоры, профессор Мухсин Кар, Әзірбайжан Республикасы Баку Еуразия университетінің ректоры, профессор Назым Хюсейнли, Түрік халықтарының мәдениет қоры президенті, «Түркі әлемі» газетінің бас редакторы Ахмет Дағдуран, шетелдік және отандық жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтардың өкілдері де қатысып, өз ойларын ортаға салды.

Сондай-ақ, жиында Білім және Ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлінің құттықтау хаттары оқылды.
Басқосуда ғалымдар педагогика, тіл, әдебиет, тарих, мәдениет, өнер, халықаралық қатынастар, экономика, философия, әлеуметтану, гендерлік, жаратылыстану ғылымдары саласында пікір алмасып, болашақта түркі әлемінде ортақ ғылыми жобаларды жүзеге асыруға уағдаласты.
Айта кетейік, Халықаралық түркі әлемі зерттеулері симпозиумы алғаш рет Түркияның Нийде Өмер Халисдемир университетінде 2014 жылдың 18-21 наурыз күндері аралығында өткен болатын. Түркі халықтарының ынтымақтастығын көздейтін «Түбіміз бір Түрікпіз» фестивалі да тұрақты түрде ұйымдастырылуда.

Гүлшат Бақытжан

(10)