Нұрлан Нығматулин: Бюджеттің әрбір тиынына дейін есептеулі болуы керек

Астанада ҚР Парламентінің Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің басшылығымен өткен Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заң жобасы талқыланды.

Нақтыланған бюджет қаржысы қайда жұмсалады?

Қаржы министрі Әлихан Смайылов:  «Жалпы республикалық бюджеттің шығыс бөлігінің ішкі өзгерістері үш бағыт бойынша жүзеге асырылды. Біріншіден, Шымкент қаласы мен Түркістан облысының әкімшілік мәртебелерін өзгерту туралы Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру, оған қосымша 29,7 млрд. теңге бағыттау ұсынылады, екіншіден, 83,9 млрд. теңге  сомасында қосымша қаржыландыруы бар Мемлекет басшысының жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауларында берілген тапсырмаларын іске асыру ұсынылады. Аталған қаражат шеңберінде көптеген іс-шаралар жүзеге аспақ. Мәселен, агроөнеркәсіптік кешен әлеуетін дамыту, сапалы және қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету, инвестициялық жобалар арқылы бизнесті өркендету, елдің көліктік-логистикалық хабын дамыту көзделіп отыр. Үшіншіден, нақтыланған бюджет жобасында салу мерзімінен озып кеткен жобалар бойынша қаржыландыру, сондай-ақ, бұрын қабылданған міндеттемелерді қамтамасыз ету көзделген. Осылайша, 9,8 млрд теңге сомасындағы қосымша қаражат білім беру, инженерлік инфрақұрылым, тұрғынүй салу, газдандыру объектілерін салу бойынша жалғастырылған жобаларды іске асыруды тездетуге бағытталады. 9,2 млрд. теңгені әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағыттау ұсынылады», — деп, нақтыланған бюджеттің қандай салаларға бағытталып отырғанын жеткізді.

Ұлттық банк инфляцияға жол бермейтін шаралар қабылдады

Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев:   «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджеттегі өзгерістердің параметрлері Ұлттық банктің келісімі бойынша ағымдағы жылы жеке макроэкономикалық көрсеткіштерді қайта қарауға негізделген. 2018 жылғы қаңтар-қыркүйек айларда инфляция 3,3 пайыз болды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен төмен. Қыркүйектегі жылдық инфляция өткен жылдың соңындағы 7,1 пайызбен салыстырғанда 6,1 пайызға дейін төмендеді. Ұлттық банктің бағалауы бойынша биылғы жылы инфляция 5-7 пайыздық мақсатты дәлізде қалады. Ал 2019 жылы ол 4-6 пайыздық жаңа төмен мақсаттық дәліздің жоғары шекарасында қалыптасуы керек. Сондай-ақ инфляцияның өсуіне жол бермеу үшін Ұлттық банк 15 қазанда базалық ставканы 9 пайыздан 9,25 пайызға дейін көтеру туралы шешім қабылдады. Базалық ставканың жаңа деңгейі теңге активтеріне сұранысты арттырады және қолайлы ақша-несиелік жағдайларын сақтауға мүмкіндік береді», —  деп мәлімдеді.

Қазақша қашан үйренеміз?

Жалпы отырыс барысында депутат Мұсырман Кәрібаев Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асыловаға, «Бибігүл Амангелдіқызы, бюджетті көктемгі нақтылау кезінде Мемлекет басшысы Жолдауында қойылған міндеттерді және Президенттің 5 әлеуметтік бастамасын, сондай-ақ басқа да міндеттерді іске асыру үшін Білім және ғылым министрлігінің шығыстары 117 млрд. 800 млн. теңгеге ұлғайтылды. Алайда қазіргі таңда аталған сомма 23 млрд. теңгеге азайтылды. Бұл бөлінген қосымша қаражаттың шамамен 20%-на тең. Бұл министрліктің қосымша бөлінген бюджет қаражатының осынша қомақты соммасын игермеу себебі қандай? Бұл Мемлекет басшысының берген тапсырмаларын толық әрі уақтылы орындауға теріс әсерін тигізбей ме?» — деп сауал жолдаған еді. Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова сұраққа орысша жауап берген еді, Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин:– «Бибігүл Амангелдіқызы, сіз Мәжілісте барлық мұғалім мен оқушыны 3 айда ағылшынша сөйлететін боламыз дедіңіз. Бірақ сізге мемлекеттік тілді үйренетін уақыт келген шығар. Ойланыңыз!» —  деп ақыл берді.

Депутаттың сауалы – министрдің жауабы

Ел бюджетін талқылаған еңселі жиын барысында бюджет қаржысының уақытылы игерілмей, жыл соңында қыруар қаржыны қайда жұмсау керектігіне бас қатырған министрлерге депутаттар тарапынан бірқатар сауал жолданды. Өз кезегінде депутат Дулатбеков Нұрлан Орынбасарұлы: «Құрметті Әлихан Асқарұлы Смайылов, Үкімет 2017 жылы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепті қараған кезде, бюджеттің жиі түзетілетіндігі оны атқарудағы проблемалардың бірі ретінде қаралған болатын. Есеп комитетінің деректеріне сәйкес Үкімет заңды орындау мақсатында 2016 жылғы 6 қаңтарда 2017 және 2019 жылғы бюджет туралы ҚР заңын іске асыру туралы Қаулы қабылдап, бұл Қаулы кейінен 25 рет өзгеріске ұшыраған. Осыған байланысты менің сұрағым, бюджетке енгізілетін түзетулер санын азайтуға арналған ұсынысымызды, сіздер, қалай қабылдап отырсыздар. Сіз басқаратын министрлік бюджетке осыншама  түзетулер енгізуді азайту үшін қандай шаралар қабылдап жатыр», — деп Қаржы министріне сұрақ қойған еді. Қаржы министрі Әлихан Смайылов: «Түзетулерді азайту үшін тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Біріншіден, осы түзетулерге байланысты Үкімет қаулыларын тек қана Қаржы министрлігі жасайтын болады. Екіншіден, барлық әкімшілермен апта сайын тиісті жұмыс жүргізіледі. Биылғы бюджеттің қаражатын игеру бойынша, нәтижесінде, мамыр айынан бері тек қана екі түзету болды. Жылдың аяғына дейін тағы да екі ғана түзету болады деген болжамымыз бар», — деді. Өз кезегінде спикер Нұрлан Нығматулин: «Дұрыс, оны бақылауға алу керек, әйтпесе өткенде өзіңіз көрдіңіз, Әлихан Асханұлы, желтоқсанның 25, 26, 27-сі аралығында 25 қаулы қабылданды. Ертең жыл аяғында бәрі белгілі болады ғой. Сондықтан бәрін бақылауға алуымыз керек», — деп ескертті Қаржы министріне.
Ал келесі кезекте сөз алған депутат Қайназаров Уәлихан ҚР Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушы Роман Склярға: «Сіздер Инвестициялар және даму министрлігінің бюджетін биылдың өзінде екі есеге қысқартуды сұрап отырсыздар», —  деп игерілмеген қаржыға сұрау салды. Әрине бұл сұраққа Роман Скляр өздерінің уәжді жауабын қайтарды.
Қаржы министрі Әлихан Смайылов  бюджет қаражатын игермей отырғандарға шара қабылдауды сұрады. Әдетте елдегі шешімін таппаған экономикалық мәселелерді бюджет тапшылығына жаба салатын шенеуніктердің сылтауы спикер Нұрлан Нығматулиннің ашуына тиді. «Ең үлкен портфельді арқалап отырсыңдар», — деп Инвестициялар және даму министрлігіне шүйліккен Нұрлан Зайроллаұлы, бюджет қаржысының діттеген жерге жетпей, оңды-солды талан-тараж болып отырғанын «безтолковые планирование» деп қатты сынға алды. «Алдымен барлық кіріс-шығысты есептеп, бюджет қаржысын бекітеміз, сосын жетпеді деп «займ» сұрайсыңдар. Елбасы тапсырмалары орындалмаған күйінде кейінге қалып жатады «хозяйственный подход» қайда? Бюджетке «түпсіз бөшке» секілді қарауды қою керек. Біз барлығын жоспарлап аламыз, бірақ ештеңе істемейміз ең соңында ғана стратегиялық сұрақтар есімізге түседі. Қаржыны құямыз-құямыз, соңында «қорыта» алмай «құсамыз». Алда 3 жылдық бюджетті жоспарлауға кірісеміз. Бюджеттің әрбір тиынына дейін есептеулі болуы керек. Сол кезде дайын болыңдар!» — деп ескертті Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин. Сөйтіп «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заң жобасын талқылауға 105 шенеунік қатысып, бюджетке енгізілген өзгерістерді мақұлдады. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин заң жобасындағы түзетулер аясында қаржыны тиімді игеру маңыздылығына тоқталды. «2018 жылғы республикалық бюджетке түзетулер бойынша өте маңызды заң жобасын мақұлдадық. Осы түзетулер Елбасының сессияның ашылуында және биылғы Жолдауда берілген тапсырмаларды қаржыландыруға, нақты қадам жасауға мүмкіндік береді. Сондықтан жыл соңына дейін Үкіметтің, жергілікті органдарда осы қаржыны тиімді игеру» маңызды болып отыр»,  — деді төраға.
Тілекгүл Есдәулет

(10)