Ниет бар, жұмыс күші бар, әттеген-айы – жағармайы жоқ

«Қазақстан — 2050: «Ауыл — рухани жаңғырудың қайнар бұлағы». «Нұр Отан» партиясы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Qazaqstan Zamany» газеті мен «Елана» қоғамдық, әлеуметтік-танымдық сайты Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жыл сайынғы «Ауыл экспедициясын» өткізіп отыр.  Қазан айының басында Ауыл экспедициясы Шығыс Қазақстан облысының бірнеше аудандарын аралады.  Назарларыңызға Глубоковский ауданы, Веселовка елді мекенінде бидай егіп, күнбағыс өсіретін әрі мал шаруашылықпен айналысатын «Виситаев РД» шаруашылығының  директоры Тимур Виситаевтан алған сұхбатымызды ұсынамыз.

─ Тимур, «Отызда орда бұзбасаң, қырқыңда қамал ала алмайсың» дегенді басшылыққа алған секілдісіз. Жасыңыз жиырма төрттен енді асса да, шаруа қожалығын басқарасыз. «Виситаев РД» колхоз шаруашылығының тарихы қандай?
─ Шаруашылықтың негізін менің әкем Руслан Виситаев қалаған болатын. Әкем бірнеше досымен біріге отырып, ортақ іспен айналысуды шешіпті. Бастық ретінде бірауыздан әкемді таңдапты. Бұл 2000-шы жылдар болатын. Міне, содан бері қаншама уақыт зырғып өтті. Бас кезінде 160-200 гектардай жер иелігімізде болды. Қазіргі таңда 8000 гектардан астам жермен жұмыс жасаймыз. Мен болсам 2014 жылдан бері шаруа қожалығын басқарып келемін.
─ Қанша адамды жұмыспен қамтып отырсыздар? «Жұмыскерімнің жағдайы жақсы, көйлегі көк, қарны тоқ» деп айта аласыз ба?
─ 12 ай бойы тұрақты негізде жұмыс жасайтын қызметкерлердің саны қырық-қырық бес. Жалпы, біздің жұмыс маусымдық қой. Сондықтан да маусым кезінде (егу, орақ маусымдары) жұмыскерлердің саны 130-дай болады. Біздің ауылда 1000-нан аса адам тұрады. Жұмыскерлеріміздің барлығы дерлік өз ауылымыздан. Көрші ауылдан да бар. Айлық мәселесіне келсек, алатын орташа жалақылары 160 000 теңге.
─ Кеше ғана ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті қазақстандықтардың 2018 жылдың қыркүйегінде бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы бағалау бойынша 160 555 теңгені құрады деп мәлімдеме жасаған болатын. Кейбір алматылықтар армандап жүрген айлықты ауылдағы азаматтардың алуы қуантарлық жағдай. Бүкіл ауылдың күні былайша айтқанда сіздерге қарап отыр. Айтыңызшы, мемлекеттен субсидия аласыз ба?
─ Әрине. Мал шаруашылығы бойынша және гербицид, дизель жанармайы, минералды тыңайтқыштарды, тұқымдарды аламыз. Бұл жағынан келгенде бәрі жақсы. Көңіліміз тоқ.
─  Қарыздарыңыз бар ма?
─ Ешкімге қарыз емеспіз. Лизинг, несилеріміз бар. Ай сайын емес, квартал бойынша есеп айырысамыз. Жылдың соңында несиені төлейміз. Мысалы, бір маусымда 100 миллион теңгеден астам қаржы қайтарамыз. Жарты миллиардтай лизингіміз бар. Бір айта кетерлігі, сатып алынған техниканың өндіруші еліне қарамастан мемлекет қалған 25%-на субсидия ретінде сұрау салмайды. Былтыр солай болған, биыл да солай болуы мүмкін.
─  Осы бір мәселенің күрмеуі шешілгенде оза шабар едік дегендей, әттеген-айлар бар ма?
─ Жыл сайын алдымыздан шығатын кедергі – соляр майының жетіспеушілігі. Әсіресе, күз кезінде күніміз соляр майына қарап қалады. Мысалы, тамыздан бері соляр майын таппай отырмыз. Қолда ақша бар, алайда май жоқ. Шымкенттің соляр майы әлсіздеу келеді, онымен біздің климатта жұмыс істеу қиын. Күн суытса қатып қалады. Ал Павлодардікі мықты, шыдас береді. Амал жоқ, кейде Шымкенттікін сатып аламыз да қиналамыз. Нағыз жұмыс қызған шақта, өкінішке қарай, екеуін де  таппайсың. Павлодар, Шымкент күз келген сайын әдеттері бойынша жөндеу жұмыстарын жасайды.
─ Жөндеу жұмыстарының жүргізілуі соляр майы қымбаттауына әсер етпейді ме?
─ Соляр майы жыл сайын қымбаттайды. Өзіміз 300 тоннадай алдын ала сатып алып сақтаймыз. Жалпы 650 тоннадай керек. Бәрін сатып алып, сақтап қоюға шамамыз жетпейді. Мысалы, былтыр 100 теңге тұратын соляр майы биыл 173-189 теңге. Алыпсатарлар тіпті 200-ге сатады. Сонда былтырғымен салыстырғанда біз 40 миллион теңгені артық төлеп отырмыз. Не үшін деген қисынды сұрақ туындайды. Кезінде бір тонна бидайға 4 литр соляр майы кететін еді, ал қазір төрт тонна бидайға бір тонна соляр майы кетеді. Ал бидай бағасы өзгерер емес. Бұл дегеніміз шикізат қымбаттамайды. 10 жыл бұрын да бидай 40-45 теңге тұратын. Қазір де сол 40-45 теңгеге әзер сатамыз. Басты мәселе осы. Не өнімділікті арттыру қажет не басқа мәдениетке (рапс, соя, күнбағыс өсіру мәдениеті) ауысу керек. Біздің шығыс жақта күнбағыс өсірсең азбайсың. Ал, рапс мен сояға келсек, қиындау.
─ Қанша гектар жерге күнбағыс егіп отырсыз?
─ Негізі күнбағыс өсіруге басымдық береміз. Себебі мехнаты аз әрі өнімді мәдениет. 2000-2200-дей гектар жерге күнбағыс егілген. Бір гектардан орташа есеппен үш тонна пісте аламыз. Жылына 30-35 центр пісте сатамыз.
─ Бір тонна пісте қанша теңге тұрады?
─ Екі жыл бұрын 75 000-80 000 теңге тұратын. Биыл 90 000 теңге деседі. Әрине, сапаға қатты мән беріледі. Тазартылған, құрғақ пісте болса, сатылуы жеңіл.
─ Дүкеннің сөрелерінен өнімдеріңізді көрмедім. Есесіне көрші елдің күнбағыс майлары толып тұр. Алматы соншалықты алыс па?
─ Жергілікті дүкендерде біздің майлар толып тұр. Ал Алматы қаласына келер болсақ, оны алматылық монополистерден сұрау керек шығар. Отандық өнім тұрғанда Ресейдікіне жүгіргендері қай сасқандары?! Жалпы Шығыс Қазақстанда күнбағыс майын шығаратын 3-4 үлкен компания бар. Мысалы, біздің қожалық пістені «Май» АҚ-ға өткізеді. Алматыны отандық күнбағыс майымен қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар.
─ Күнбағыс егудің мехнаты аз деп қалдыңыз.
─ Айырмашылығы жер мен көктей. Себебі бидай егуге көп күш және қаражат жұмсалынады. Сондағысы 3 тонна бидай. Айналып келгенде, одан көретін пайдаң да көл-көсір емес. Жоғарыда айтып өткендей, бағасы 10 жыл бойы қырық-ақ теңге. Максимум елу теңгеге өседі. Ол үшін қалғандарында өнім шықпауы тиіс. Сондай жағдайда ғана бағаны көтереді. Ал күнбағыс егу жеңілірек. Ара-тұра бақылап қойсаң болғаны. Алайда жақсы, сапалы күнбағыс тұқымының өзі қымбат тұратынын ескерген жөн. Американдық, еуропалық селекцияны сатып аламыз. Бірақ олардың кондиционды маңыздылығы жоқ. Мысалы, кеше ғана жинаған пістенің кондиционды маңыздылығы 15, бізге керегі 7. Демек пістелерді құрғату қажет. Ол үшін тоқ керек. Көптеген шаруа қожалықтарында ондай мүмкіндік жоқ. Сондықтан да олар құрғатқышы бар үлкен қожалықтардың көмегіне жүгініп отырады. Пістем зая кетпесін деп су тегінге болса да сатып жіберуге тырысады. Көп нәрсе күн райына да байланысты. Біздің климаттың шұғыл континентальді екенін білесіз. Мысалы, 2014 жылы ауа райы аномальді болды. Қалың қардың құрсауында қалдық. Танкке отырмасаң, біздің ауылға жете алмайтындай болды. Осындайда күнбағыс ексең де, бидай ексең де тәуекелге барасың. Күнбағыстың тұқымы сапалы болып, дер кезінде жинап алмасаң, еңбегіңнің зая кеткені.
─ Ауыл шаруашылығын цифрландыру дегенді қалай түсінесіз?
─ Таңертең ғана ҚР Ауыл шаруашылы-ғы министрлігінің жіберген хаты қолыма түсті. Ол жерде 2019 жылдан бастап әр шаруа қожалығы мемлекеттен субсидия алу үшін егін алқабының агрохимиялық картограммасын  министрлікке ұсынуы шартты екен. Түсінгенім бойынша, мемлекеттен тегін тыңайтқыштар алғың келсе, егін алқаптарының агрохимиялық сараптамасы көрсетілген картограмманың электронды нұсқасын жасатуың қажет. Мысалы, біздің қожалықта ондай құжат бар. Ендігі шаруа оны цифрландыру ғана. Айтпағым, ертең-ақ министрлікке жіберуге дайынбыз. Бұл құжатты мен институтттың көмегіне жүгіне отырып былтыр жасатып алғанмын. Әңгіме басқа шағын шаруа қожалықтары жөнінде болмақ. Олар қайтеді? Қазан айының бітуіне аз күн қалды. Институттың өзінде екі-ақ адам қызмет жасайды. Ол қызметкерлер егін алқабына келіп, сынама алып, оны агрохимиялық сараптамадан өткізіп, картограмма жасап, оны министрлікке өткізулері қажет. Бір институт бүкіл республика көлеміндегі шаруа қожалықтарының картограммасын жасап беруге екі айдың ішінде қалайша үлгереді? Біздің қожалық, тағы көрші қожалықтан басқасының ондай картограмма жасатқанын естімеппін. Бұл дегеніміз мұндай өзгеріске көбісі дайын болмай шығады. Сол себепті министрлік мұндай тәртіпті аяқасты енгізбей, 2020 жылға дейін созып,  уақыт берсе нұр үстіне нұр болар еді. Себебі шаруа қожалықтары үшін субсидиясыз қалу оңайға соқпайды.
─ Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет!

Сұхбаттасқан ─
Бауыржан Карипов

(21)