МҰРАТ МҰРАСЫНЫҢ МАҢЫЗЫ

Сонау 1986-1990 жылдары институтта дәріс берген профессор ұстазымыз Зұлхарнай Алдамжаров шәкірттерін ғылым жолына баулыған бірегей азамат еді. Ұстазымыздың ықпалымен1998 жылы ғылым жолын қуып,А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің ізденушісі болып тіркелген тұста, «Мұрат Мөңкеұлының жырларындағы тарихи оқиғалар мен азаттық идеясы» тақырыбы аясында іздену туралы ақыл-кеңесін берген-ді. Сол берген кеңестің нәтижесінде «Азаттық жаршысы — Мұрат ақын» (Ұстаз. Ғылыми-әдістемелік журналы №1, 2000 жыл), «Мұрат мұралары оқулыққа енсе» (Қазақ тарихы журналы, №4, шілде-тамыз, 2003 жыл) және  «Азаттық жаршысы» («Мұнайлы Астана» газеті, 11 қыркүйек 2009 жыл)атты мақалаларым жарық көрген.

Тарихтан белгілі, 1867-1868 жылдары жүргізілген патша үкіметінің сайқал реформасы нәтижесінде қазақ жерлері толығымен алпауыт, аш көз Ресей империясының отарына айналып, Жайық өзенінің бойына казак-орыстар мен қарашекпенділері орналасып, Бақсай, Карманово, Топайлы, Зеленый, Кулагино, Гребенщиково т.б. орыс-казак әскери бекіністері салынып, мұздай қаруланған патша үкіметінің құлақ кесті құлындай болған казак әскери бөлімдерімен толықтырылды. Осы аталған ірілі-уақыты бекіністер патша үкіметінің Жайық бойын толық отарлауының тірегі мен күш-қуаты болды. Бекіністерге орналасқан отарлаушы казактар Жайық бойының байлығын еміп, еркін талан-таражға салумен және халықты тонаумен айналысты. Казактардың жөнсіздігі жөнінде А.К.Гейне былай деп жазды: «Өздерінің тонаушылығы мен зорлық-зомбылығы арқылы олар қырғыздардың (қазақтар, А.А.) бойында бүкіл орыс халқына деген өшпенділік орнатты».
Халықтың қуанышы да, қасірет-қайғысы да, ең алдымен, ақынның жүрегін жарып өтетіндігін тарихтың өзі дәлелдеп отыр. Патша үкіметінің отарлау саясатының мәнін түсінген сұңғыла ақын — Мұрат Мөңкеұлы (1843-1906 жж.). Мұрат Атырау облысы Қызылқоға ауданы Қарабау ауылында дүниеге келген. Моласы Индер ауданының Жарсуат ауылы маңындағы қорымда. Қазақ әдебиетінде Мұрат Мөңкеұлының алатын орны ерекше.
Мұрат — жезтаңдай шешен әрі жырау, төгілген төкпе ақын. Мұсылманша сауатты, дәуірінің алдыңғы қатарлы азаматы болған.Халқының басына түскен замана ауыртпалықтарын көре де, көрсете де білген, шынайы азаттықты аңсаған халық ақыны болды.
Мұрат  Мөңкеұлы қалдырған  мұраларға көз салсаң, оның творчествосына кең арналы, сан-салалы ақын тұрғысынан  қараймыз да, патша үкіметіне, отарлау саясатына деген ақынның тарихи-саяси көзқарасына терең бойлап бара бермейміз. Оның белгілі бір себептері де бар. Кезінде тарихқа, әдебиет пен өнерге үстемдік еткен коммунистік идеология, солақай саясат жұртшылыққа Мұрат Мөңкеұлы мұраларын идеялық жағынан өте зиянды шығармалар ретінде таныстырып келді. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 1947 жылғы 21 қаңтар күнгі «Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы саяси өрескел қателер туралы» қаулысынан кейін ақынның өлең-толғаулары оқулықтардан алынып тасталды. Оған «Зар заман ақыны» деген шекпенді кигізіп, мұраларын шаң басқан архивтерге салдық.
Дәл он жыл өткен соң шыққан Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің 1957 жылғы 8 шілдедегі «Қазақ халқының әдеби-поэзиялық және музыка мұрасын зерттеуді сын тұрғысынан қарап, пайдаланудың жайы және оларды жақсарту шаралары туралы» қаулысы қоғам өміріне сәл-пәл жылылық орнатты. Осы қаулыны жүзеге асыру үшін 1959 жылы 15-19 маусым аралығында Қазақ КСР Ғылым академиясында Тіл және әдебиет институты ғылыми-теориялық конференция өткізді.Конференция барысында Мұрат, Дулат және Шортанбай сынды ақындардың әдеби мұраларына баға берілді. Мұрат Мөңкеұлының шығармаларына байланысты төмендегідей қорытынды жасалды: «Жалпы білім беретін мектептерде ақынның творчествосын оқыту қажетсіз», — деп саналсын.
Ақын шығармаларының басты ерекшеліктерінің бірі — патша үкіметінің отарлау саясатына ашық қарсы шығуы. Мұрат Мөңкеұлының «Үш қиян», «Қазтуған», «Сарыарқа» толғау-дастандарындағы негізгі идея — азаттық идеясы.  Мысалы:
Ақ борықтай иілген
Кейінгі туған баланың
Ұстайма деп білегін,
Шаяма деп жүрегін.
Шашын, мұртын қойдырып,
Ащы суға тойдырып,
Бұзама деп іреңін.
Адыра қалғыр заманның
Мен жаратпаймын сүреңін.
Мұрат ақын ел жерінен, тәуелсіздігінен айырылып қана қоймай, болашақ үміттен де ада болғалы тұр деп бағалай білген. Міне, Мұрат Мөңкеұлы мұраларының маңызы сонда деп білеміз. Зеңбірегі жер қопарған, от оқты қаруы бар патшаның баскесер шапқыншыларына қарсы тұру, ел қорғау мүмкін болмаған кезде азаттық жыршысы Мұрат Мөңкеұлы өз өлеңдерімен халықтың қайғы-қасіретін, бостандыққа ұмтылатынын шебер көрсете білді. Оның отарлау саясатының мәнін өлеңдерінде толық ашты, өзінің сол кезеңдегі тарихи оқиғаларға көзқарасын ашық та еркін білдірген ақын екендігін тарихтың өзі дәлелдеп отыр. Мына өлеңдерінде отарлау саясатының бет-пердесін ашып көрсете білгенін нақтылай түседі:
Еділді келіп алғаны
Етекке қолды салғаны.
Жайықты келіп алғаны
Жағаға қолды салғаны.
Ойылды келіп алғаны
Ойындағысы болғаны.
немесе:
Еділді алса — елді алар,
Енді алмаған нең қалар
Жайықты алса — жанды алар
Жанды алған соң не қалар!
Ол патша үкіметінің 1867-1868 жылдары жүргізген реформасының мәні мен мақсатын айқын түсінгенін жоғарыдағы аталған толғау-поэмаларында дәл тауып, басып айтқан. Ұлан-ғайыр шұрайлы далаға патша үкіметінің ашкөздене тап беруі ақынның ыза-кегін оятып, толғау болып төгілген. Сонымен бірге 1868-1869 жылдардағы Орал, Торғай облыстарындағы, 1870 жылы Адай көтерілістері туралы ақынның естімеуі мүмкін емес.
Тәуелсіздік жылдарына дейін жан-жақты зерттелусіз жатып, талдауын таппаған шешен де суреткер ақынның асыл мұраларын бұдан да әрі тереңірек зерттеп, ақын творчествосындағы азаттық идеясының сыры мен қырын аша түссек, нұр үстіне нұр емес пе?! Мектептің тарих оқулықтарына ақынның отаршылдыққа қарсы жазылған толғауларының үзінділерін енгізсе, жас ұрпақ туған жердің қадір-қасиетін айрықша сезінер еді.
Аққали АХМЕТ,
Х.Досмұхамедов атындағы
Атырау мемлекеттік университетінің
профессоры, тарих ғылымдарының
докторы

(170)