Жалғанған өмір

— Бала қайдан келдің? Атың кім? — деп сұрақтың астына алып жіберді. Мен Нарынқолдан келгенімді және атым Асқар екенін айтып танысып алдық
Ой бала! Сен Мұқағалидың жерлесі екенсің ғой. Мұқағалиды білмейтін қазақ бар ма? Біздер қазір Мұқағалимен мақтанатын болдық деді де: «Маңдайда бір тал шашым ағарыпты, Белгісі болғай-олдағы «даналықтың». Ығысып қара құсқа бара жатыр, Кекілі кешегі анау балалықтың. Ағарсын шашым, мейлі, ағармасын, Алаң боп ауырмағай оған басым. Жастықтың оты сөнер,оты сөнер, Қызуы бойда бірақ жоғалмасын» — деп жазған өлеңі, мына біздің жасымызға келгендерге арналған деп Мұқағалидың бір өлеңін мәнерлеп оқып шықты.
Орекең Нарынқолды білетін болып шықты. Ол жақта құдалары барын, олармен барысып-келісіп тұратыны жайлы аз уақыттың ішінде айтып берді. Тіпті екі жақтың ауа райының ұқсастығын, өзінің мал маманы екенін бір совхозда бас маман екенін де  айтып салды. Менің қайда оқитынымды білген соң әлі жассың денсаулықты жас кезден сақтамасаң кейін оны түзеу қиынға түседі деген сияқты ақылдарын да жасырмады. Түскі тамақта бізбен бір столда отыратын Тәукең Орекеңмен Алматыдағы малдәрігерлік иниститутта қатар оқыған курстасы болып шықты. Екеуі құшақтасып көрісіп жатыр.
Тәукең Қордайдың азаматы екен. Тәукең де Орекең сияқты бір совхоздың бас мал маманы болып шықты. Төртінші орынға әлі ешкім отыра қоймапты. Екі әріптес әрі курстас достар Сарыағашта кездесулерін  жақсылыққа жорыды. Тамақ кезінде екеуінің әңгімелері таусылмады. Өткен кездерін айтып біраз іштерін босатты. Екі дос бүгінгі күндерін ем-домға емес, жолыққандарын жууға арнады. Орекеңнің шақырғанына көнбеген Тәукең; «Мен сенен бір күн бұрын келгенмін, сондықтан мен саған ерулік беремін», — деп, екеумізді өзі жатқан бөлмеге алып келді. Үйден алып келген азық-түліктерін столға қойып, екі шиша қазақстандық коньякты шығарды.
Оларға қызмет жасау ешкім айтпасада ма-ған жүктелді. Дастарқанын жасап, шәйларын қойып біраз қызмет жасадым. Екеуінің әңгімелері алдымен шаруашылықтары жайлы өрбіді. Біраздан соң студенттік кездеріндегі өздері көріп куә болған қызықты әңгімелерден бастау алды. Курстастарының қайсысы қайда істейтіндері біраз әңгімеге арқау болды. Сөз арасында Таукең: «Есіңде ме бізбен бір бөлмеде жатқан көкшетаулық Серік деген кішкене бала», —  деді. «Ия, ия оны ұмыту мүмкін емес қой», — деп Орекең қарқылдап тұрып күліп алды. Әңгіме былай болған екен. Бір бөлмеде жатқан төртеуінің біреуі Серіктің бойы кіші әрі әлжуаз бала болған. Қалған үшеуі ірі денелі әрі спортпен айналысатын жігіттер. Олар Серіктің кішілігін пайдаланып ылғи жұмсай беріпті. Кейде түйміштеп алатын көрінеді. Оқу бітіріп елге қайтар кезде үшеуі: «Секе, сен бізге ренжіме? Артық кеткен жеріміз болса кешір», — дейді. Сонда Серік: «Сендер де мені кешіріңдір», — дейді. «Ей, сенің неңді кешіреміз?» — десе, Серік: «Сендер мені ұра берген соң мен сендердің шәйларыңа ылғи несебімді қосып беріп отыратынмын» дегенін айтып мәз болысты. Спорт тақырыбы да тыс қалмады. Екеуінің күрестен жаттықтырушылары Қабден Байдосов болғанын, қалалық жарыста екеуі де жүлделі орындар алғандарын мақтанышпен айтып отырды.   Олар айтушы, мен тыңдаушы.
Бір шиша біткен кезде әңгімелері қыздар тақырыбына ауысты. Жиырма бес жыл көріспеген достардың әңгімелерін ықыласпен тыңдадым. Сөз арасында Тәукең Орекеңнен Шарапатпен неге қосылмай қалғанын сұрады. Орекең алдындағы стақандағы коньягін қағып салды да: «Тәукеш тағдыр солай болды. Бұл тақырып мен үшін өте ауыр. Сендер Шарапат екеуміздің қалай танысып, қалай ажырап қалғанымды толық білмейсіңдер. Сен тыңда мен саған басынын бастап айтып берейін», — деп, Орекең әңгімесін бастады.
— Шарапатты ең алғаш спорт залдан  көр-дім. Талдырмаш денелі, қою қара шашты, құралай көзді қара қыз мені бір көргеннен-ақ баурап алды. Ол волейбол секциясына қатысатын үшінші курстың қызы екен. Өзімді ұстай алмай қасына барып таныспақшы болдым. Қыздарға еркін сөйлейтін батылдығым, ГДР-де екі жыл солдатта жүргендегі сержанттығым бұл жерде жүрмей қалды. Қасына баруын барғаныммен даусым шықпай қалғандай әсерде болдым. Ол қыз маған  бір жымиып қарады да, қолындағы добын ұстаған күйі киім ауыстыратын бөлмеге қарай кетті. Мен тапжылмай орнымда қалдым. Сол кезде Сайын келіп: «Ей, Орынбасар, саған не болды. Тіл-аузың байланып қалды-ғой. Бір жерің ауырып тұр ма?» — деді. Сол кезде барып есімді жыйдым.
«Сайын, бұл қыз кім? Шынында да менің есім ауып қалды. Талай қыздармен сөйлесіп жүріп мұндай әсерде болмап едім. Мына қыз періште ме? Білсең айтып берші», — деп едім, Сайын ол қызды таниды екен. Волейболдан институттың құрама командасының капитаны, аты Шарапат, бізде ветфактың үшінші курсында оқиды, Қызылорданың қызы деп қысқаша мағлұмат берді. Жаттығудан соң жатақханаға келдім. Көңілім алай-дүлей. Шарапат ойымнан шықпайды. Ертесінде Сайынға: «Сен мені сол Шарапатпен таныстыр деп қолқа салдым. Мен сені Шарапаттың досы біздің Қордайдың қызы жерлесім Райханмен таныстырайын, сол сені таныстырады», — деді. Танысқанша тыным таппадым. Райхан да волейбол командасында ойнайтын қыз екен. Ашық-жарқын, көңілді, өзін еркін ұстайды. Танысатын уақыт мен үшін ғасырға созылғандай әсерде болдым.
Сонымен не керек асыға күткен күн де келді-ау. Ол кезде студенттер театр мен киноға баратынын өзің білесің. Біз киноға бардық. Райхан Шарапатты ертіп шықты. Біз Сайын екеуміз оларды тосып алып, ”Қазақстан” кинотеатрына келдік. Жолда келе жатып біздерді Райхан таныстырды. Менде сол баяғыша сөз жоқ. Сөйлесем бір затты бүлдіріп алатындаймын. Жүрегімнің қағыстары жиілеп кеткендей, тарс-тарс етеді. Кинодан шыққан соң қыздарды жеткізіп салдық. Шарапатқа сөйлейін десем аузыма сөз түспейді. Жатақханаға келгенше менің айтқан сөзім «Қай курста оқисың?»  «Сабағың қалай?» — деген сөзден ары ешнәрсе айта алмадым. Шарапат та сөздің адамы емес сияқты, менің сұрақтарыма екі сөзбен жауап берді. «Үшінші курстамын, сабағым жақсы», — деген жауап болды. Ауыздыға сөз бермейтін маған Сайын аң-таң. «Ей, Орынбасар, сен ғашық болып қалған сияқтысың ғой. Бүйтіп сөйлемей жүрсең Шарапаттан айрылып қаласың», — деді. Мен түнде ұйқыдан қалдым. Түнімен Шарапат ойымнан шықпайды. Түннің бір уағында Шарапатқа арнап өлең жаздым.
Жан емессің жасымда бірге өскен,
Жадымнан шықпайтын күнде естен.
Тілдесуге қасыңа барғанымда,
Жымиып өте шықтың үндеместен.
Ғашық болу дегенің осы шығар,
Шықпадың  ғой күнімен сен есімнен.
Жібімеген жүрегім жібіп кетті,
Қарағанда мөлдіреген көздеріңмен.
Басқаларға Шарапатсың,
Мен үшін жан апатсың.
Сұлу қыздар көп болсада,
Басқаларды қаламаспын.
Жүрек тулап сүйдім сені,
Басқа қызға қарамаспын.
Ертесінде осы өлеңді Райханға апарып беріп, Шарапатқа өз қолыңмен тапсыр дей отырып:
—  Өзің білесің, мен ақын емеспін, бірақ осы өлең жолдары таза жүрегімнен шықты. Саған сендім дедім. Жүректен шыққан бұл өлеңім өз мақсатына жетті… Біз Шарапат екеуміз ажырамай ойда да, қырда да бірге жүретін болдық. Екеуміз жүргенде қол ұстасып аламыз.
Мен оның қолын қысып-қысып қоямын. Ондағы ойым сен мендіксің дегенім, ол да менің өзінің әдемі нәзік саусақтарымен қолымды қысқансиды. Мен оны:
— Мен де сендікпін деп айтқаны деп түсінемін. Студенттер біздерді Қыз Жібек пен Төлеген дейтін. Сол кезде біз де Қыз Жібек пен Төлеген сияқты қосыла алмайтынымызды білмеппіз. Тағдыр біздерге оң көзімен қарамапты. Тіл-көз болып кетті ме? — деп ойлаймын.
Шарапат оқуды бітірген жылы мен үшінші курсты аяқтадым. Шарапат жолдамамен Торғай облысына кетті, Райхан, Сайын бәріміз Шарапатты пойызға шығарып салдық. Пойызға отырғанда көзінен жасты байқадым. Сөйтсем менімен іштей қоштасқаны екен ғой. Шарапат Торғайдан Амангелді ауданына бара жатып жол апатынан қайтыс болыпты.  Бұл суық хабарды мен кейін бір жетіден соң естідім. Естігенде көзімдегі жасты тыя алмадым. Құдай басқа бермесін жақын адамыңнан айрылғанда дүниеде қаңырап бос қалғандай  болады екенсің. Ендігі жерде маған өмірдің ешқандай мәні болмағандай сезіндім. Тығылып жылай бердім, жылай бердім. Шарапаттың өлгеніне сенбеймін. Сайын екеуміз Қызылордаға барып,  туған туыстарына көңіл айтып қайттық. Анасына мен туралы айтқан екен, мамасы мені көріп:
— Қарғам-ау, сен екеуміз Шарапттан айрылып қалдық қой. Тағдыр сен екеуіңнің бірге болуларыңды жазбапты ғой. Қош менің Шарапатым, Қош! —  деп, көз жасын төккен кезде жыламаған адам қалмады. Менің де сай сүйегім сарқырап кетті. Тағдыр неткен қатал еді, баласын анасынан, мені сүйгенімнен айырып әкетті ғой. Бұл қайғы мені қатты есеңгіретіп тастады.
Шарапат ойымнан ғана емес, түсімнен де кетпейтін болды. Әлі күнге дейін сағынамын. Осы сөздерді айтқан кездерде Орекеңнің көзінен жас парлап ағып отыр екен. Менің де көзімнен жас ағып тұрғанын аңғармаппын.
Тәукең Орекеңе басу айтып жатыр. Орекең дереу бір стақан құйылған коньягін ішіп салды да бір күрсінді. Кейін Сайын дос маған бір шумақ өлең жолдапты.
Айтып жүріп махаббатты,
Ала алмадың Шарапатты.
Шарапаттай енді қыз жоқ,
Сүйкімді мөлдір көзді қарақатты — депті.
Сайынның айтқаны рас болды. Шарапаттай қыз кезікпеді. Тірі адам тіршілігін істейді демекші Шарапатқа ұқсайтын қыз іздедім. Бес жылдан соң ауылға мұғалім болып келген Сәулеге үйленіп, тоқтап қалғандай болған өмірім жалғасты. Сәуленің Шарапатқа көп жері ұқсайды. Сәулені көргенде Шарапатты көргендей боламын, — деп сөзін аяқтады.
Осы әңгіме менің ойымнан шықпады. Орекең мен Шарапаттың мөлдір махаббаты жайлы жазуды ойлап жоспарлап едім, соның реті келгенше уақыт шіркін өте шықты. Содан бері  біраз  жыл өткен соң осы әңгімені жаздым.

Әкебаев  Беркін,
Республикалық «Алтын қалам» әдеби байқауының жүлдегері

(29)