Адамның рухын компьютер анықтай ала ма?

 Ақыр заман жақындағанда жер бетінің тіршілігін   ешбір шығынды қажет етпейтін робот-компьютерлер басқарады деген бұдан отыз жылдай бұрын  екі көзі аспанға  қарап, айналасындағы   бимаза өмірді санасына іле бермейтін, бір фанат жігіттің  шатты-бұтты әңгімесін естіп едім. Ол кезде,  «Мынаның сөзі қызық екен»,  — деп қолымызды сермеп күліп қоя салғанбыз. Сол фанаттың  сандырағы келген уақытты да енді көріп жатырмыз.  Бүгінгі күні барлық   адамның    тыныс-тіршілігі, іс-әрекеті, өмірге  шыр етіп келгеннен өлгенге шейін   компьютерге тәуелді болды.  Адамның  ақылды  екенін, ақымақ екенін, білімді, білікті екенін   анықтап бағасын беретін бағдарламалар енгізілген компьютерлер қызметке барар баспалдақтарды кірпік ілмей күзетіп тұр.  Бесіктен белі шықпаған  баладан бастап, мектеп бітірушілерге шейін компьютердің  елегінен өтіп,   роботқа ұқсап барады.

Реті келген соң айтпасқа болмайды ертеректе компьютер жаңадан қызметімізге ене бастағанда жұмыстағы  орыс қызы  түрткілеп  ғаламторды ақтарып жүріп бір қызық бағдарлама тауып алыпты.  Әр адамның  қанша жыл өмір сүретінін есептеп береді екен. Содан бүкіл ұжымымыз жабылып,  «көріпкел» компьютерге телміріп, әрқайсымыз «ажал   келіп есігімізді қағатын»   уақытты   анықтауға кірістік. Шынын айту керек сол күні           «пәленбай жаста  жарық дүниеден көшесің » деген  ақпарат алған  әйелдердің  біразының жүректері сыр беріп,  қамығып  қалды. Бір үлкендеу кісі  бар еді:
— Ойпырм-ай,  адамның ажалын Алладан басқа кім біледі?  Мына  компьютердің былжырағына сенгендерің не? — деп  бізді қатты сөккен болатын. Шынында,  оның бетін аулақ қылсын,   компьютердің    болжамының біреуі де  дәл  келген жоқ.
Ал, енді  барлық жерде  әсіресе мемлекеттік  қызметке  үміткер     маманның  зияткерлігі    компьютер берген бағамен анықталатын болды.   Орыс тіліндегі  «интеллектуальный» деген сөздің баламасы  өте ақылды, ойлау жүйесі дамыған, жан дүниесі кіршіксіз,  рухы мықты дегенге саяды. Сонда көзі жоқ, құлағы естімейтін, адаммен сөйлесіп  тілдесе  алмайтын, жан дүниесіне терең бойлай алмайтын, жүрексіз     компьютерге   жастардың алдағы тағдырын шешуді кім жүктеп қойған?  Ия, сан алуан бағдарламалар бар.  Ондағы талаптардың бәрі жасанды, жаттанды  қатып қалған  темірдей қағидамен жазылған.  Осы бағдарламалардың  барлығы біздің қым-қиғаш  өміріміздің талабынан шығады деп ауыз толтырып айта аламыз ба? Олардағы  адамның миын шірітуге  лайықталған   қулыққа толы   сұрақтар  қазақтың менталитетін ескере бере ме?  Әлгі  компьютердегі   сұрақтарға    күндіз-түні  дайындалып,  жадында  жаттап алып жауап берген  жастар  шыққан соң бір сағатқа жетпей  ойында  ешбір түйін  сөздің  жұрнағы да  қалмайтынын    қызық қылып айтып жүр. Тірі адам мен тірі адамның  бір-бірін сынақтан өткізгеніне  ешнәрсе де жетпейді.
Бір атақты ақын «Компьютерден  өлеңдер, шығармалар  оқимын-ау, бірақ тіреліп қаламын.  Ана төрт бұрыштың ішінен шырмалып  шыға алмаймын»,— деп ренжіген еді.   Ия, ойыңды еркін шарықтатып, санаңды сан құбылысқа  жетелейтін  кітаптың да қадірін білмей бара жатырмыз-ау.
Біраз жылдардан бері   қоғамда компьютерлік  жүйе   сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға  бағытталған  деген бір қағида қалыптасты. Шынында  компьютер берген  баға –парағын  одан кейінгі  конкурстық комиссиялардың барлығы  «жалау» қылып ұстап алып, жас кадрлардың жолын кесіп жатады.  Бұл  мұзы ерімейтін қатып қалған қағида. Адамның  болмысы, мінез-құлқы   қуаныш пен реніштен  өрілген сан түрлі жұмбақ дүние, тереңін ешкім болжай алмайтын мұхит,    көгілдір аспанның  көгіне  шарықтаған құс, оны ешбір компьютер дәлме-дәл  доп басып айта алмайды.  Егерде  елдің алып-қашпа  сөзіне  сенсек сол компьютердің түбінде де  керегін сүзіп алып, ал керегі жоғын суға жібере салатын  епті қолды балықшы-бағдарламашы  да  отырады  екен.  Адамнан қулық  артылған ба?  Осыдан кейін компьютер сыбайлас жемқорлықты толық жойып отыр деген әңгімені  ауылдағы апаға айтарсыз. Оның жүйесі  басқарылған тамыр-таныстыққа  бейімделген.    Сырын  ұққан  адамға   ішінде тас түйін «жұмбақ»  көміліп  жатыр.
Ал, жуырда  көрші елдің мақтан үшін  шетелге апарған роботты  сыбайлас жемқорлық туралы сұраққа жауап бере алмай,  көпшіліктің көзінше бұзылып қалды. Компьютер де, робот та  адамның рухына терең бойлай алмайды.  Жалпы сөзбен айтсақ табиғат ерекше жаратқан  адамның  ақылын, қабілетін, адамгершілігін, шеберлігін,  ұтқырлығын,   бір-бірімен арақатынасын    және тағы басқа қасиеттерін  бағалауға компьютерді қолдану  барып тұрған сорақылық дер едім.
Қазір  мемлекеттік басқару жүйесіндегі   қызмет тізгінін  ұстаған жастардың  барлығы компьютердің талабымен жұмыс атқарады. Көпшілігінің  жүзіне көз жіберіп    мұқият   қарасаң     жылылық, жанашырлықтан   жұрдай, өзіндік пікір  жүйесі шектеулі, қағазды бұрқыратып  жаза беретін.   «роботты» көресің.  Халықпен  ортақ тіл тауып сөйлеспек түгіл, олардан қашқақтап,  қатты сескеніп тұрады.   Қиын-қыстау  сәттерде    қараша   жұрттың    «Қашан біздің  әлеуметтік жағдайымыз түзеледі?» деген қарапайым сұрағына  жауап таппай  бұзылып қалады-ау деген  күдігіміз бар.

Нұрила Бектемірова

(23)