Жолдаудың жүгі ауыр

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы Қазақстан халқына арналған «ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫНЫҢ ӨСУІ: ТАБЫС ПЕН ТҰРМЫС САПАСЫН АРТТЫРУ» Жолдауы бұл жолы да өзінің стратегиялық ерекшелігімен барша қазақстандықтардың көңілінен шығып отыр. Стратегиялық құжат еліміздің әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуының өзекті мәселелері мен халық тұрмысын одан әрі арттыру міндеттеріне арналды.

Елбасы Қазақстанда табысты жұмыс істеп келе жатқан нарықтық экономика моделінің қалыптасқандығын баса айтты. Ел экономикасының дамуы бұл бүкіл Қазақстанның қандай да бір саласы болмасын қарқынды түрде алға жылжуының кепілі екендігі сөзсіз.
«Qazaqstan zamany» газетінің барша ұжымы, Астана мен Алматы қалаларындағы арнайы редакциялармен бірге еліміздің барлық өңіріндегі меншікті тілшілер жолдауда айтылған басым бағыттар мен стратегиялық жоспарлардың елімізде орындалуы, орындалу барысының қадағалануы мен жолдауды халыққа түсіндіру жұмыстары барысын  желі арқылы талқылап, басылым арқылы оны халыққа насихаттауды бастап кетті.
Елбасы Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіруді тапсырды.
Бұл барлық сала бойынша түрлі меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін еліміздегі 1 миллион 300 мың адамның еңбекақысын тікелей қамтып отырғандығын атап өтті. Осының ішінде бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін 275 мың қызметкердің еңбекақысы көбейіп, орта есеппен 35 пайызға өсетіндігін айтты. Бұл дегеніміз әсіресе ауылдық жерлерде мардымсыз жалақыға жұмыс істейтін бұқара халықтың  тұрмыстық деңгейінің артуы деген сөз.
Осы мақсаттарға 2019-2021 жылдарда  республикалық бюджеттен жыл сайын 96 миллиард теңге бөлу керектігін тапсырды.
Жолдауда Елбасы еліміз бойынша ЖОО-дарын бітірген мамандардың жұмыспен қамтылуы мен сапалы маман әзірлеуді бүгіннен бастап қолға алу керектігіне тоқталды. Сапалы маман — келешек кепілі. Ал оны жұмыспен және жоғары жалақымен қамту — ел болашағы болатын бәйтеректі барынша баптау деген сөз.
Жолдауда Елбасы халықтың әлеуметтік мәселелерінен өзге экономика, ауылшаруашылық саласы, білім, жаңа технология мен бірге денсаулық саласының да қордаланған проблемаларын түйін-түйінімен тарқата отырып, мәселенің шешілу жолдарын да баяндап берді. Қажет болған жағдайда сол салаға жауап беретін тұлғаны орнынан тұрғызып, дүйім ел алдында атқарылып жатқан шаруалардың есебін алды.
Атын атап, түсін түстеп айтқан ведомство өкілдері, оның ішінде әкімдер де ел экономикасы саласын дамытуда  қажетінше шетелдік  тәжірибені арттыру керектігі жөнінде Елбасының өзінен сыни пікір естіді. Бұл сыни көзқарас өңірлердің қарқынды дамуына ықпал етуі тиіс.
Жел тұрса Үкіметте жинала қалатын жоғары билік өкілдері үшін енді жинала берудің қажеті шамалы болады. Жиын-терінді қысқартатын уақыттың жеткендігін ескерткен Президент, атқамінерлердің жыл сайын 100 тәулік уақыттың тек жиналыс жасаумен өткізіп келе жатқандығын айтты. Пайдасыз отырыстарды телефонмен де шеше беруге болатындығы, оның орнына елге қызмет жасау керектігін Бақытжан Сағынтаевтың өзіне қадап айтты. Бұл тек Үкімет пен Парламентке ғана емес, барша  құрылымдар мен облыс әкімдеріне қарата айтылған пікір деп түсінген абзал.
Жалпы жиын жасап жарысатын ақ жағалылар ендігі кезекте арқаны кеңге емес, тезге салатын уақыттың келгендігін түсіну керек.

Қайрат Алтынбеков “Баспана” Ипотекалық ұйымының Басқарма төрағасы:
«7-20-25» бағдарламасына қатысуды ынталандыру үшін кем дегенде 50 млрд. теңге бөлінуі тиіс

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмаларға сәйкес, «7-20-25» бағдарламасына қатысуға ниет білдірген азаматтардың алғашқы жарнасын арзандату үшін қала мен облыс әкімдіктері тарапынан жалпы саны 50 мың данадан кем емес тұрғын үй сертификаттары шығарылатын болады. Қазақстан халқына үстіміздегі жылдың аяғына дейін 10 мыңдай сертификат тапсырылады деп жоспарлап отырмыз. Өздеріңіз білетіндей, «7-20-25» сертификаттары бюджеттік сала қызметкерлері үшін алғашқы жарнаны едәуір жеңілдету мақсатында әзірленген. Оларды қала және облыс әкімдіктері өз тұрғындары арасында үлестіретін болады. Елбасымыз айтқандай, мұндай тұрғын үй сертификаттарын беру мұғалімдер, дәрігерлер, полиция қызметкерлері және басқа да жергілікті өңірлерге қажетті мамандық иелері үшін ипотеканың қолжетімділігін арттыра түспек. Сондықтан, «Нұр Отан» партиясының қолдауымен алғашқы жарнаны азайту бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Осы аптадан бастап әр өңірлерде «7-20-25» сертификаттары беріле бастады. Атап айтқанда, Шымкент қаласы, Ақмола облысында алғашқы сертификаттар өз иелерін тауып үлгерді. Жақын уақытта да, басқа өңірлерде де сертификаттар үлестірілмек.
«7-20-25» сертификатының орташа номиналы 1 млн. теңгені құрап отыр. Біздің есебімізше, жергілікті атқарушы органдар тарапынан «7-20-25» бағдарламасына қатысуды ынталандыру үшін кем дегенде 50 млрд. теңге бөлінуі тиіс.

Аятжан Ахметжан,
«Қазбілім» білім беру орталығының директоры:
Жеті түрлі мәселе толық ескерлуі керек

Ұстаздықпен айналысқалы бері мұғалім мәртебесі туралы заңдық норманың қажет екендігін баспа беттерінде айтып, жазып жүр едік. Елбасы жолдауында дәл осы мәселе көтерілгенде,  айрықша қуандым. Кез келген адам өз ісіне жауап беруі һәм өзгелердің ісіне жауап бермеуі шарт. Соңғы жылдардағы әртүрлі жағдайлар ұстаздар құқығы мен міндеті туралы айқындалуы керек екенін көрсетті.
«Бала құқығы» туралы заңдық норманың әсіре орындалуы мектептегі талап қойғыш, білікті ұстаздардың біразының обалына тиді. Тіпті, оқушы мұғалімге, ата-ана мұғалімге қол көтерген жағдай да қалыптасып үлгерді. Бұл  білім саласына үлкен соққы болды. Кезінде қазіргі министрмен кездесуде де ұстаз мәртебесі туралы заң шығаруды ұсынған едік. Ұстаз мәртебесі туралы заңда сақталуы керек ең негізгі мәселелер:
1. Ұстаздың міндеті;
2. Ұстаздың құқығы;
3. Ұстаздың статусы;
4. Мектеп директоры мен  орынбасарларының міндеті;
4. Білім бөлімі әдіскерлері мен басшыларының міндеті;
5. Әртүрлі  дәрежедегі білім саласындағы мекемелердің жеке құқығы мен міндеті;
6. Жұмысқа қабылдану, жүктеме нормасы, жұмыстан шығарылу ережелері;
7. Мұғалім  санатты мен қайта даярлаудан өтудің нормалары.  Осы жеті түрлі дүние толық ескерілуі керек. Ұстаз мәртебесі туралы заңмен қатар, білім туралы заңға да, бала құқығы, ата-ананың жауапкершілігі туралы нормативтерге де өзгертулер мен толықтырулар енгізілуі керек.

Жауапкершілікті арттырады

Елбасының биылғы Жолдауы да еліміздің әлемдік аренада өз орнын айқындап қана қоймай, өзгелер үлгі тұтар мемлекет деңгейінен төмендемеуіне де  өз септігін тигізері ақиқат. Биылғы Жолдау ел экономикасының әр тараптанып, халқымыздың тұрмыс-тіршілігінің де жақсаруын, қазақстандықтардың болашақта да қалай дамитынын анықтап берді.

Биылғы Жолдаудың ерекшелігі — бұл жолы Елбасымыз Педагог мәртебесіне кеңінен тоқталған. Өйткені қазіргі таңда мұғалімдердің мәртебесі мен олардың өлшеусіз еңбегі заң аясында қорғалу керектігін қоғамның өзі анықтап берді. Әсіресе, Президенттің «5 жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына дейін жеткізу қажет»,– деп айтқаны білім саласына деген үлкен жанашырлық қамқорлығы деп білеміз. Елбасымыздың мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі өзгерту керек дегені болашақ ұрпақтың жан-жақты дамыған, кез келген ортаға өзін бейімдей алуына жол ашары сөзсіз.
Сонымен қатар жоғары оқу орындарындағы білім сапасының жақсаруын күшейту, жоғары оқу орындарын ірілендіру деген ұсыныстары еліміздегі білім бәсекесінің артуына жол ашады деп білемін. Ұлт көшбасшысының әлемдік елдердің тәжірибесінен құралған Назарбаев Университетінің үлгісімен жаңа жоғары оқу орындарын құру қажет деген міндеттері бұдан былай білім саласына жауапкершілікті арттыратыны сөзсіз.
Бұл салада 90 жылдық тарихы бар Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне де нақтылы міндеттер артылатыны ақиқат. Біздің университетіміз ректор Такир Балықбаевтың бастамасымен көптеген тың бастамалардың бастаушысы болып еліміздегі педагогикалық жоғары оқу орындарының көшбасшысы деген аттан айнымай келе жатыр. Биылғы жылғы Президенттің Жарлығымен мемлекеттік гранттардың саны артқаны баршамызға мәлім. Сол гранттардың көпшілігін біздің оқу орнымыз иеленіп отыр. Бұл да біздің оқу орнымыздың талапқа сай білім беретінінің айғағы. Биылғы оқу жылының өзінде-ақ көптеген жаңа бағдарламалар құрылып, студенттеріміздің бәсекеге қабілетті маман болуына біршама жұмыстар жүргізілді. Оқу үдерісіне жаңа инновациялық технологиялар кеңінен енгізілуде. Оқытушы-профессорлардың жауапкершілігі арттырылды. Білімді бағалаудың критерийлік үлгісі енгізіліп жатыр. Сондай-ақ біздің оқу Академиялық ұтқырлық бағдарламасы  бойынша біздің студенттеріміз шетелдік жетекші жоғары оқу орындарында оқып келсе, шетелдік профессорларды да өзіміздегі  оқу үдерісіне көптеп тартып отырмыз. Бүгінде әлемнің 23 мемлекеттерінің 130 университеттерімен әріптестік қызмет атқарып келе жатқан оқу орнымыз бұдан былай да өрісін кеңейте береді деп ойлаймын.
Қысқасы, Жолдауда нақтылы міндеттер белгіленді. Енді оны жүзеге асыруға атсалысу баршамызға сын.
Хайрулла Жанбеков, Абай атындағы ҚазҰПУ
Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры

Негізгі міндет — рухы күшті тұлға, халық, қуатты мемлекет қалыптастыру

Елбасының кезекті Жолдауындағы алға қойған реформаларды іске асыру барысында өзінің барлық іс-қимылын халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған тарихи құжат деп бағалауға  болады. Жолдауда барлық саланы жетілдіруді жан-жақты қамтылып отыр.
Қоғамның дамуы білім беру жүйесіне тікелей байланысты екенін негізге ала отырып мектепке дейінгі білім мен тәрбие беруден бастап жоғары оқу орындарындағы білім беру, кәсіби құзіретті маман даярлауды негізгі міндет деп баса айтылған. Орта мектептердің өзінде балаларды мейлінше сұранысқа ие мамандықтарға бейімдеп, кәсіби диагностика жүргізу маңызды екені баса айтылды.
2019  жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау қажет деген ұсынысынан 3 миллион  мұғалімдердің мәртебесі көтеріледі.
Жоғары білім беру ісінде оқу орындарының маман дайындау сапасына қатысты талаптар күшейтілуі, жоғары оқу орындарында гранттардың санының  көбеюі де,  жастардың білім алуына да   мүмкіндік деп бағалаймыз.
Жоғары оқу орнының табыстылығын бағалаудың басты критерийі — оқу бітірген студенттердің жұмыспен қамтылуы, жалақысы жоғары жұмысқа орналасуы да Жолдаудың басты мақсаттарының бірі болып табылып отыр. Үздік шетелдік топ-менеджерлерді жұмысқа тарту, әлемнің жетекші университеттерімен әріптестік орнатуға да  аса назар аударылған.
Сонымен қатар,  жалақы төлеудің жаңа моделінің  енгізілуі де  еңбек етуге деген  құлшынысты арттыра түседі.
Ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз ету,  барлық емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттарды цифрлық нұсқада жүргізу, дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу, мектептердегі спорт ғимараттарын тиімді пайдаланып, дене шынықтырумен айналысу үшін аулаларды, парктерді, саябақтарды жабдықтау қажеттілігі баса айтылды.
Ұлт саулығы — мемлекеттің басты басымдығы екені, халыққа сапалы әлеуметтік қызмет көрсету ісі тұрғын үй жағдайын жақсарту, еліміздегі кез келген елді мекенде жайлы әрі қауіпсіз өмір сүру сипатындағы мол мүмкіндіктермен үйлесімді түрде толыға түсуі, сапалы әрі қолжетімді тұрғын үй,  экологиялық ахуалды жақсарту, мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған «кедергісіз орта» қалыптастыруға зор мән берілді.
Құқық қорғау мәселесі, қауіпсіздік тұрмыс сапасы, қоғам құқық қорғау органдарының, ең алдымен, полиция жұмысының түбегейлі жақсаруы, Үкіметке Президент Әкімшілігімен бірлесіп, «Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі жол картасын» қабылдауды тапсыруы, полицейлердің жалақысын көбейтуге, олардың тұрғын үй және өзге де әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталуы ұлттың қауіпсіздігі мен  тыныштығын сақтауға ықпалы мол.
Аталған жолдаудың басты мақсаты — Қазақстанда әлемнің алпауыт та алып елдерінің көшіне ілесуде интеллектуалды ұлт қалыптастыру, интеллектуалды әлеуетті арттыру — негізгі стратегиялық негізгі міндет — рухы күшті тұлға, халық, қуатты мемлекетті қалыптастыру.

Тілеубергенов Еразақ Манапұлы,
Заң ғылымдарының кандидаты, доцент,
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық  университеті

 

Бердібек Хабай, Айша Өтепали

 

(20)