Елбасымыздың өзі Шерағаның сөзін тыңдайтын еді

Мен 1969 жылы Алматыға оқуға келген кезде Шерағам сол кездегі «Лениншіл жас» газетінің бас редакторы екен. Біз сол кездің студент жастары Шерағам шығаратын газетті іздеп жүріп оқушы едік. Газет бетіне жарияланған Шерхан Мұртазаның жастарға деген көзқарасы, жастарға деген серпін берер қанатты мақалалары мен пікірлері бізді үнемі алға жетелеумен болды. Міне, мен алғаш Шерағамды осылай таныдым. Менің студент кезімдегі тырнақ алды өлеңдеріме де қанат бітірген Шерағам болды. Газет беттерінде ақын жастардың өлеңдері жиі жаряланып тұрушы еді.  Содан бергі уақыттардың барлығында Шерағаммен бірге болдым деп айтар едім.
Мен үшін Шерағам бір басылымның емес бүкіл қазақтың көшін бастаған ұлы тұлға.
Бүгін күллі қазақ арқа сүйер Шерханынан айырылды. Бүгінгі таң Шерхансыз атты. Қандай ауыр!
Елбасымыздың өзі Шерағаның сөзін тыңдайтын еді. «Елім саған айтам, Елбасы сен тыңда», — деген қанатты сөзі бекер айтылмаса керек.
Тәуелсіздіңтің таңы туған шақта, егемендіктің еңсесін көтеруге, елдің аяққа тұрып кетуіне тікелей себепші болған да Шерағам болды. Ол жазушылықтан бөлек бүкіл қазақ журналистикасына төңкеріс әкелген адам. Бүгінде кез келген журналистті немесе жазушыны тоқтатып сұрасаң,  Шерағаның шекпенінен шықтым деп айтарына кәміл сенемін.
Шерхан Мұртазаның жазушылығының өзі бір бөлек дүние. Жазушылар одағында болған шақта ол өзінің ұлтқа, руханиятқа, елдік жайындағы дүниелерге аса адал әрі сақ болғанын көзім көрді. Қасында талай бірге болдым. Ол қараны да, ханды да бірдей көретін қара қылды қақ жаратын әділет иесі еді. Шерағамнан айрылып, қабырғам қайысып отыр!
Бүгін Қазақ аспаны, күллі Алаш жұрты орны толмас қазаға ұшырады. Қазаның қайырымын берсін. Марқұмның алды жаннат, арты жұмық болғай! Күллі Алаш жұртына қайғырып көңіл айтамын!
 Несіпбек Айтұлы,
ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері

(17)