Жер астынан келген хат

Мен 1968 жылы Қарағанды облысы, Балқаш қаласында дүниеге келдім. Саяқ кентінде мектеп бітіріп, армияға кеттім.
1988 жылы армиядан келдім, ауылда мауқымды басқанша жүрдім. Содан соң Алматы қаласына келдім. 1990 жылы үйлендім, екі балам, немерем бар.

Үйленгеннен соң дұрыс жұмыс керек болды. жатақханада Марат Омаровпен (әнші) бірге тұрғанбыз, сол азамат кездесіп қалып мені метроға апарып, жұмысқа кіргізді.
Ол 1933 жыл болатын. 1993 жылдан бері метрода проходчикпін. Ол мамандықты оқып, үйреніп, куәлігін алдым. Өзіндік көп қиындықтар болды. Қиындықтар қайда жоқ, соған қарамастан жұмыс істей бердім. Әрине қиын күндерде көмек болмаса шығу қиын еді ғой. Үйден әке-шешемізден аздап көмек болатын.
Жақсы көмек ТОО ДП «тонельный отряд № 1»-нің бастығы У.И.Салығов деген азаматтан болды. Ол кісінің жаны салауат болсын, бізге өз баласындай жанашырлықпен қамқор болды. Жанұямызбен бір күнді белгілеп, моншаға баратынбыз. Екі жыл политех университеті жатақханасына тегін тұрғызды.
Қиындықтан әлпештеп алып шықты. Жақсы адамдардың аялы алақаны, жылы сөзі мені шыдамдылыққа үйретті. Менің әкем «Бұл сендердің мемлекеттерің, не болды алқымнан алып, Назарбаевтан басқаларыңның өмір сүрулерің біреуге міндет па?» — дейтін.
Әкенің сөзі күш берді. Егемендігіме қызыға қарадым. «Іргесі шайқалмасын», — деп Алладан тіледім. Солай, Фурманов көшесінен Сайын көшесіне бірақ жеттім. Одан бері 25 жыл уақыт өтіпті. Кім менің еңбегімді бағалайды, кім көріп тұр?» — деп ойлайтынмын. Бірнеше рет грамоталар алдым.
Бір күні маған қалалық әкімшілік шақырып жатыр деген хабар келді. Неге келгенімді білмеймін, ұзақ тостық әкімді. «Қазақстанға еңбек сіңірген құрылысшы» дегенде менің аты-жөнім аталды. Кеудеме төс белгісі тағылды. Далаға шықтым, қуанышымда шек жоқ, бірақ жанымда ешкім болған жоқ. Себебі мен өзім білмейтінмін не үшін келгенімді. Абайға қарай қанат біткендей ұштым, қуанышымды туғандарым мен достарыммен бөлісуге.
Мені метрода «әнші жігіт» дейді. Ән айтқанды жақсы көрем. Әжептәуір даусым бар. Басымнан өткен екі оқиғаны метроға қатысты болғандықтан айта кетейін.
Жердің астымен бригадалар жаяу жүріп өтеміз, ауыр бұрғыларды арқалап. Сөйтіп өтіп бара жатсам (әкемнің аты Алексей), бір орыс жігіт ағасы: «Алексей!» — деп айғайлайды. Қарасам өзіміздің ауылдық азаматы Демешуткин Михайл екен. Үлкен әпкемен бірге оқыған. Жұмыс іздеп келіпті, ауылда да тракторист болатын.
Ағам еді, жұмысқа алыңыздар, — деп бастықтарға, кадр бөліміне бардым. Олар «ағам» деген сөзге таң-тамаша болды. Михайлдың әке-шешесі 1954 жылдары біздің өңірге қоныс аударғандар, туғанымыздай. Оларды ешкім орыс демейтін.
Бұл менің өмірімнің беті. Одан неге қашуым керек. Жігіттердің қалжынына қалжын қосылды. Метроның өрнектеу (отделки) бөліміне Германиядан жұмысшылар келді.
Бір неміс сені іздеп жүр Ғабид дейді. Үкідей ұштым  білгім кеп. Бір неміс маған қарай құшағын жайып жүгіріп келеді. Құшақтасып жөн сұрасты. Неміс көзіне жігіт болса да жас алды. 1990 жылдардың басында көшіп кеткен неміс жігіті екен.
3 күнге арыз жазып алып, шығып қонақ еттім. Сағынышын көзінен көресің, жүрегім ауырды. Бірге өстік қой. Сонда ойладым жерім, елім аман болсын деп. Қалғаны немене дейсің, ең үлкен жүк ол туған жер, туған ел! Осыны ұмытпайықшы, бауырлар!

Рымқұлов Ғабид,
метроның жұмысшысы,
Қазақстанға еңбек сіңірген құрылысшы

(20)