Депутат Бақытбек Смағұл: Парламент пен Үкімет тек қана қазақ тілінде сөйлеуі керек деген Елбасының сөзі қайда қалды?

Өткен айдың соңғы аптасында Парламентте өткен Үкімет сағатына қатысқан Астана мен Алматы қаласы, Солтүстік Қазақстан мен Алматы облыстары әкімдерінің орынбасарлары орыс тілінде сөйлеп,  тек Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев қана ондайға бармаған.

Облыс әкімі орынбасарларының бұл тілбұзарлығы қитығына тиіп, оларға қатты ашуланған  Ауған соғысының ардагері, Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл: «Біріншіден, екі облыс әкімі орынбасарының,  Алматы облысы әкімінің орынбасары Айдарбек Байжанов пен СҚО әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбектің мемлекеттік тілде сөйлемегені — ұят дүние. Олар әлде мемлекеттік тілді білмей, менсінбегені ме, әлде Елбасының мақсат-мұратын құлағына ілмегені ме, түсінбей отырмын. Ұят нәрсе! Басшыларыңыз қандай аптал азаматтар! Ал сіздер парламентке келіп отырсыздар, бірауыз амандасу да жоқ. Ұят емес пе, адамның намысы қайда? Әрі-беріден соң ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Парламент пен Үкімет тек қана қазақ тілінде сөйлеуі тиіс»,— деген Елбасы сөзі қайда қалды?»— деп, әлгілерге қатты шүйліккен болатын.  Оларды қорғаштамақ болған Мәжіліс тө-рағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева да «сыбағасын» алған-ды. Ол: «Қазір әрқайсысымыздың екі тілде, тіпті үш тілде сөйлеуге құқығымыз бар. Қанша тіл білеміз, сонша тілде», — деді.  Қателесесіз,  Гүлмира Исимбаева ханым,  басқа жерде қайдам, парламентте екі тілде де, үш тілде де, «қанша тіл білеміз, сонша тілде» де сөйлеуге біздің де,  Сіздің тіпті  құқыңыз жоқ!  Мұны сізге мен емес,  өзіңіз отырған парламент қабылдаған, Президент қол қойған Заңдар айтады.  Елбасы  ерекшелеп тағы айтқанын тағы есіңізге саламыз.  Өйткені, «Қазақстанда мемлекеттік тіл  біреу-ақ,  ол – Қазақ тілі!»— деген уәжді алға тартқан. Қалың оқырман қауым халық қалаулысының бұл уәжіне  толықтай қосылатынына сенімдіміз.
Дәл осындай келеңсіздікке парламент қабырғасында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы да Елбасының «Үкімет тек қазақ тілінде сөйлесін» деген  тапсырмасын аяқасты етіп, таза орысша сайраған. Сонда бұл: «А.Мұхамедиұлы  президенттің тапсырмасын да, сөзін де қыстырмайды»,— дегенді  білдірмей  ме?

(15)