«Восток-2018»: Ресейдің әлемге сес көрсетуі ме?

Ресей 11-17 қыркүйек аралығында «Восток-2018» әскери жаттығуларын өткізіп, оған 300 мыңға жуық жауынгер, 80 әскери кеме, 36 мың моторлы техника және 1 мыңнан астам ұшақ пен тікұшақ қатысты. Мұндай көлемді әскери жаттығу соңғы рет Кеңес дәуірінде сонау 1981 жылы өтіпті. Ол кезде Батыс елдері мұны КСРО-ның әскери әлеуетін паш етуі және ірі операцияға дайындалуы деп бағалаған көрінеді. Осыншама ауқымды әскери жаттығу өткізуге қандай факторлар себеп болғаны жайлы отандық сарапшылар пікірі әрқалай.

Сая-саттанушы Досым Сәтпаев: «Қазір Ресейдің Батыс елдерімен байланысы ушығып кетті. Ресей әскери жаттығуды «психологиялық қару» ретінде қолданғысы келетін сияқты. Мұндай әдісті кезінде Кеңес Одағы да пайдаланған. Ресей президенті Владимир Путин бұрынғы мемлекеттік қауіпсіздік органының қызметкері ретінде мемлекетті басқару ісінде Кеңес Одағының бұрынғы әдістерін пайдаланып келеді. Кеңес үкіметі ылғи да мұнай мен әскери күшке сүйенді. Бірақ бұл артықшылық оларға көмектеспегенін  тарихтан білеміз. Екінші  жағынан,  Ресей әскери жаттығуды өткізу арқылы халықтың патриоттық сезімін жасанды жолмен қалыптастырғысы келеді. Владимир Путин  бір флаконға кеңес идеологиясы мен бұрынғы патшалық Ресей жүйесінің белгілі бір элементтерін араластырып, өзінен де бірдеңе қосып, «ура-патриотизмнің» қорқынышты қоспасын алып отыр. Осылайша, әлем елдері санасында: «Ресей әлемдік держава ретінде қайта күш жинап жатыр, ол барлық жауына тойтарыс беруі керек, Ресей қайтадан зұлым альянстың ортасында қалды»,— деген түсінік пайда болады. Бұл өз кезегінде Ресей халқының бір бөлігін дүбәралануға  алып келеді»,—дейді.
Саясаттанушы Расул Жұмалы: «Ресей соңғы 5-10 жылда ірі әскери шараларды жиі өткізетін болды. Менің ойымша, бұл кездейсоқтық емес. Себебі, Ресеймен бірқатар Батыс мемлекеттері арасындағы байланыстар күрт нашарлап кетті. Әсіресе, Украина мен Сириядағы жағдайдан кейін. Сондықтан Ресей әскери күшін әлемге паш ету арқылы сес көрсеткісі келетіндей.  Ресей ЖІӨ-нің 5-6 пайызын әскери дайындыққа, қару-жарақ жасауға бөліп отыр. Бұл көрсеткіш өте жоғары. Мысалы, Еуропа елдерінде бұл көрсеткіш 1-1,5 пайыздан аспайды (АҚШ-та шамамен 2%, Қытайда 2-3%). Бұл — Ресейдің өзінің әскери әлеуетін дамытуға баса мән беріп отырғанын көрсетеді. Меніңше, әскери жаттығуды ұйымдастыру арқылы Ресей билігі халықтың назарын басқа жаққа аударғысы келетін сынды. Ресейде экономикалық және қаржылық дағдарыс өтіп жатыр. Рубль бағамы құлдырауда, мемлекеттің ішінде шешімін таппаған өзекті мәселелер баршылық. Мысалы, зейнетақы жүйесін реформалауға қатысты наразылық, жастар мәселесі, Навальныйдың қозғалыстары, т.б. Қазіргі таңда билікке деген сын күшейіп бара жатыр. Менің ойымша, осындай жағдайда азаматтардың басын қосу, қоғамды біріктіру, сыртқы жаудың бар екенін еске салудың бір жолы — ауқымды әскери жаттығу өткізу»,— деген пікірде.
«Интерфакс» агенттігі «Восток-2018» — «халықаралық жаттығу» деген мәртебе иеленгендігін алға тартады. Оған Қытайдан 3 200 әскер, 900 әскери техника, 30 ұшақ; сонымен бірге Моңғолия әскерлері де қатысты. Кейбір сарапшылар Қытайдың бұл ауқымды әскери жаттығуға қатысуына үлкен күдікпен қарайды. Мәселен, жоғарыда аты аталған саясаттанушы Досым Сәтпаев: «Мұның өзіндік себебі бар. Қазір Ресей сияқты Қытайдың да АҚШ-пен қайшылықтары баршылық. Антиамерикалық көңіл-күй  Бейжің  мен  Мәскеуді уақытша біріктіріп отыр. Бірдеңе бола қалса, Қытайдың өз күшіне сенері кәміл. Себебі, соңғы жылдары Қытай әскери салаға қомақты қаржы бөліп, әскери әлеуетін айтарлықтай бекемдеп, күш-қуатын еселеп арттырды. Сосын, Қытай біреуге тәуелді болғысы келмейді. Керісінше, ол өзге елдердің өзіне тәуелді болуын қалайды. Бұл оның – басты мақсаты. Қытай мұны экономикалық құралдар арқылы жүзеге асырады»,— дейді.  Ал, саясаттанушы Айдос Сарым болса: «Қытай  аталған жаттығуға қатысқанымен, АҚШ және Еуропа елдерімен байланыс орнатуға баса мән береді. Біріншіден, Қытай Ресей үшін «жанын беріп, өлуге бар» мемлекет емес. Екіншіден, Ресей мен Қытайдың арасындағы экономикалық қарым-қатынас Еуропамен немесе АҚШ-пен қарым-қатынастар-дың көлеміне жақындай да алмайды. Қытай Ресейге бола өз ұпайын бермейді. Қытайдың АҚШ және Еуропалық Одақпен 500-600 миллиард долларды құрайтын сауда қарым-қатынасы бар. Ал Ресей мен Қытай арасындағы сауда айналымы осы көрсеткіштің шамамен 10-15 пайызын ғана құрайды»,— деген пікірде. Осы орайда: «Алыстан ұрыс жүргізу тактикасы  заманында ауқымды әскери жаттығуды өткізу қаншалықты тиімді?» — деген сұрақ туындайды.
Бүгінгі күнгі ақпараттық технологиялар дәуірі әскери әрекеттердің де мазмұнын өзгертіп отыр. Мысалы, дрондардың пайда болуы (SWARM) кейбір әскери операцияларды адамдарсыз-ақ жүргізуге мүмкіндік тудырды. Қазірдің өзінде дрондар интеллектке ие болды. Десе де, білікті әскери мамандар ақпараттық әскери технологиялар қанша дамығанымен, ұрыс даласында бәрібір жауынгер маңызды рөлге ие болып қала береді деген пікірге ден қойған.
Генерал-лейтенант Болат Жанасаев: «Қандай гибридтік соғыс болмасын, кез келген соғысқа — әскер, техника, танктер және т.б. әскери құралдар жұмылдырылады. Оған әуедегі, теңіздегі, жердегі артиллериялар қатысады. Кез келген жағдайда құрлық және әуе-десант әскерлері, артиллерия, әскери-теңіз күштері, әскери ғарыш күштерін дайындау керек. Дрондарды атып құлатуға болады. Олар барлау жұмыстарын жүргізу, қарсыластың атыс позицияларын білу үшін керек. Сондықтан қай уақытта болсын, құрлық әскерлері маңызды күшке ие болып қала береді. Тек олар жаңа әскери техникалармен, құралдармен жабдықталып отыруы шарт»,— дейді. Ал әлем елдерінің назарын өзіне аударған аталған шараға қатысты Ресей Қорғаныс министрлігінің өз ұстанымы мен түсініктемесі бар. Ол: «Аталған  «Восток-2018» жаттығуының басты мақсаты — әскерді шалғайға орналастыру кезінде әскери басқару органдарының дайындық деңгейін, өзара әрекеттесуін тексеру»,— деуге келіп саяды екен.

Түйін:
Қалай десек те, атам қазақтың: «Ауырып ем іздегенше, аурудың алдын ал»,— дегенін басшылыққа алсақ, бүгінгідей сырттан төнер қатер деңгейі күн санап артып бара жатқан алмағайып заманда әліптің артын бағып отыра беруге болмайтыны баршаға аян болса керек. Мәселеге осы тұрғыдан келсек, Ресейдің «темірді қызған кезінде» соғуға шешім қабылдауын мақұлдауға болатын сияқты. Себебі, дана халық: «Бұға берсең сұға береді»,— деп тегін айтпаған ғой. Әйтпесе, АҚШ бастаған Батыс елдерінің көпе-көрнеу жасап отырған қысастығына көзді жұмып қарай берсе, Ресей күні ертең бүгінгі күйіне зар болып қалуы әбден мүмкін емес пе? Ендеше, аталған шараға әлем елдерінің қалай қарайтындығы, оны қалай қабылдайтындығы қалың орыс елімен одақтас, мүдделес Қазақстан үшін де айрықша маңызға ие болуы тиіс. Себебі, «кемедегінің жаны бір» деген ұлағатты сөз бар ғой, ең бастысы — соны ұмытпағанымыз жөн дер едік.
Ермек Сахариев

(14)