Бүркітші қыз Айшолпан Нұрғайыпқызы: Елімнің ерекше құрметіне ие боламын деп ойламаппын

Әлемге аты шыққан 17 жастағы бүркітші Айшолпан білімін енді Астанамызда жетілдіретін болды. Бұл туралы “Білім-Инновация” халықаралық қоғамдық қорының президенті Дархан Өте арнайы мәлімдеме жасаған болатын.
Моңғол елінен Қазақ даласына алғаш рет табан тіреген таулық қызымызбен сұхбаттасу  үшін арнайы жолықтық.

— Айшолпан, өзіңе Қазақ-станның бір емес, екі оқу орны білім грантын бөлді. Бірі — «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорының Кембридж бағдарламасымен оқытатын «Spectrum» халықаралық мектебі болса, екінші грант — Сүлейман Демирел атындағы университетке қалаған мамандығын таңдау шартымен білім гранты. Енді таңдауыңды айтшы. Аталмыш білім гранттары бойынша оқуыңды жалғастыратын боласың ба, әлде Монғол еліне қайтасың ба?
— Жоқ, мен алдымен «Spectrum» халықаралық мектебінде білімімді жетілдіремін. Мен Баян-Өлгейде  12 сыныпта оқып жатқаныммен ол жақтағы білім бағдарламасы мен бұл жер мүлде ұқсамай-ды. Сол себепті мен бір жыл кейінге шегеріп оқуды жөн көрдім. Бұл менің өз шешімім. Енді барлығы жақсы болады деп ойлаймын. Қазірдің өзінде мұндағылар маған аса жоғары дәрежеде қамқорлық танытып отыр. Рақмет айтамын.
— «Spectrum» халықаралық мектебінде тек ағылшын тілінде білім берілетінін білесің ғой?
— Иә, білемін.  Мен қазақша, моңғолша, түрікше және аздап ағылшынша білемін. Сол себепті тіл үйрену маған қиынға соқпайды деп ойлаймын.
— Баян-Өлгейдегі оқып жатқан мектебің, ондағы мұғалімдер, жалпы былайғы жұрттың өзіңе деген ықыласы қандай? Сен әлемге аты шыққан бүркітші қызсың ғой.
— Жалпы менің ішкі дүнием тұйық. Көп сөйлей бермейтін едім. Енді ашыла бастаған тәріздімін. Мен сыныпта кәдімгі оқушымын. Ешкім мені өзгелерден ерекшелемейді. Ерекшелегенін өзім де қаламаймын. Ал ағайын-туғандарым «біздің Айшолпан» деп мені мақтан тұтады. Көшеде көп адам танып жатады. Үлкендер болса тоқтап тұрып сол көше бойында маған батасын береді. Мен қолымды жайып бата аламын. Бұл үрдіс бізде қалыпты жағдай.
— Айшолпан құсбегілікке қалай келдің?
Бүркіт  жайында айтып берші?
— Мен кішкентай кезімнен бүркітке өте жақын едім. Үйде әкемнің бүркіті болды. Үнемі соның қасынан шықпайтынмын. Бүркітке жем беріп оны баптаған сәттердің барлығын көріп өстім. Ал сегіз жасқа келгенде әкемнің жанында жүріп барлығын жіті бақылай бастадым. Жасым 10-ға толғанда алғаш рет әкеммен бірге аңға шықтым. Маған  бұл өте қатты әсер етті. Ол кезде ағам мен әкем бүркіт салатын, мен қастарында еріп жүрдім. Қағушы да болдым. Содан кейін ағам оқуға кетті. Міне сол уақыттан бастап мен ағамның бүркітін қолыма қондырдым. Алғашқыда қиын болды. Бүркіт ұстаған қолым талып, кейде тіпті ауыратын. Бірақ қанша шаршасам да оның бірін әкеме айтпадым. Кейін келе барлығына   үйреніп алдым.  Бүркіттің салмағы жаз айларында 15-20 кг-ға дейін жетеді. Сол кезде қиындау, ал қыс мезгілінде  10 кг-нан аспайды.
— Қазіргі ұстап жүрген бүркітің сол ағаңнан қалған құс па?
— Жоқ. Мен төрт жыл бұрын 18 метр биіктегі  құз басынан өзім  балапан алдым. Сөйтіп атын Аққанат қойдым. Негізі ырым бойынша  бүркітке ат қоймайды екен. Мен ат қойдым. Себебі солай болу керек болды. Шетелдерге шыққанда бүркіттің атын толтыру керек болады екен. Сонымен қанаттарындағы ақ теңбілге қарап «Аққанат» деп атадым.
Аққанат күніне 500 граммдай ет жейді. Оны балапан күнінен баптадым. Жалпы бүркіт иесіне ұқсайды. Иесі ашушаң болып үнемі бүркітке тиісе беретін болса, онда құс та ашушаң болып кетеді. Мұндай бүркіт кейде адамның өзіне де шабуыл жасауы мүмкін. Менің құсым өте сабырлы. Аққанатты аңға салғанда ол бірден тарпа бас салмайды, байыппен әрекет жасайды.
— Сен оқуды Астанада жалғастыратын болдың. Енді Аққанатты кім баптайды?
— Біз отбасында төрт ағайындымыз. Ағам, сіңілім және бауырым бар. Мен Аққанатты сіңіліме тапсырамын, себебі ол қыз бала ғой, мінезі де маған ұқсайды. Бүркітім жатырқамайды деп ойлаймын.
— Астанада бүркіт баптау туралы ойланып көрдің бе?
— Әрине, бүркіттен қолымды үзгім келмейді.  Астананың маңайындағы ауылдарда бүркіт баптайтын ағайындар бар деп естідім. Реті келіп жатса сол ағалармен танысып, бүркіт баптасам деген ойым бар. Мүмкін болса қансонарға  шыққым келеді.
— Сен  қазақтың төл өнерін әлемге танытып, сол арқылы біршама елдерде болдың. Ал қазақ даласына алғаш рет келуің. Жалпы қандай әсерде жүрсің?  
— Әсерім ерекше. Мені  келе жатыр дегенді естіген тілшілер қауымы жолдан күтіп алды.  Өзім осында ерекше құрметке лайық боламын деп өмірі ойламаппын. Мен жай ғана қыдырып келген едім. Ал мұнда мені үлкен құрметке бөлеп жатыр. ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев ағамның қабылдауында болдым және ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы да уақытының сонша тығыздығына қарамастан мені арнайы қабылдап, анама  шапан жапты. Ерекше қуандым. Бұл тек маған ғана көрсетіліп жатқан құрмет емес, бұл қазақтың құсбегілік өнеріне деген құрмет. Жұрт солай түсінсе екен.
— Туған елің алыста қалды. Ата-анаңнан жырақта оқу қиын емес пе? Үйіңді сағынатын боларсың?
— Мен білімімді Астанада жалғастырамын деп ойлаған жоқпын. Бұл бір тосын оқиға болды.  Астанада қалу туралы ұсыныс түскенде көп ойлануға тура келді. Анам екеуміз Монғолияда қалған әкеммен, ағайын-туыспен ақылдастық. Осылайша Астанада қалып білім алуды дұрыс деп шештім. Ал мен Баян-Өлгейде 12 жыл бойы мектеп жатақханасында тұрып білім алып келдім. Сол себепті жатақханада ата-анамнан жырақ тұру маған қиын емес. Ата-ана адамға ыстық болады ғой. Дегенмен ата-ана, ағайын-туыс Монғолияда, ал өзім Қазақстанда болатындықтан аздап болса да сағынатыным рас.
— Қазақстаннан басқа да қандай шет елдерде болдың? Ол елдерде сені қалай қарсы алды?  
— Мен санап отырсам барлығы 26 сырт елде болыппын. Барлығында Аққанатымды қолыма қондырып жүрдім. Менің ойымша ол елдерде менен гөрі бүркітіме көп мән берілетін сияқты. Өз отаныма бүркітсіз келсем де,  маған деген ыстық ықыластары ерекше екенін байқадым.
— Болашақ арманыңмен бөліссең, жалпы кім болуды армандайсың? 
— Менің арманым тілші болу. Соның ішінде этнография саласына ден қойсам деп ойлаймын. Себебі мен болған 26 елдің барлығында алдымен салт-дәстүрге ерекше назар аударылады екен. Сондықтан тілші болу арқылы қазағымның салт-дәстүрін әлемге танытқым келеді.  Сондай-ақ, АҚШ-тың Гарвард университетінде оқығым келеді. Одан кейін түрлі жанрларда деректі фильмдер түсіріп көп қаражат жинасам деген ойым да бар. Ойым жүзеге асып жатса, түскен ақшама болашақта өз атымнан қайрымдылық қор мен арнайы мектеп ашсам деймін. Қор атынан әлеуметтік жағдайы төмен адамдарға көмектескім келеді.
Ал мектепте жастарға, балаларға бүркітті қолға үйретудің қыр-сырын үйретсем деп армандаймын.
— Рақмет, Айшолпан армандарың орындала берсін.

Сұхбаттасқан —
Бердібек  Хабай

(19)