Ағайынды Украина мен Беларуссия арасында шиеленіс бар. Неге?

Халық арасында орысқа украиннен жақын ұлт жоқ деген пікір әлімсақтан бері бар десек те,  тілдері де, түрлері де бір-біріне өте ұқсас, сенімге негізделген діндері де бір орыс пен украин арасы соңғы кездері қатты ширығып кетті. Оған себеп — Ресейдің 2014 жылы Қырымды Украинадан жалған референдум жасап, аннексия жолымен тартып алғаннан бері Шығыс Украинада жарияланбаған соғыс жүргізіп келе жатқандығы болса керек. Бұрындары орыстар украиндерді «хохол», украиндер орысты «москаль»  деп мінеп-әжуаласа, бұл әзіл емес, нағыз нәсілдік кемсітушілік екеніне бүгіндері көзіміз жетіп отыр. Ендігі жерде украин халқы Ресей агрессиясын орыстың украиндерге ғасырлар бойы жасап келе жатқан жаулық пиғылының көрінісі деп бағалауда. Нәтижесінде АҚШ бастаған Батыс елдері Украинаға ауқымды қару-жарақ пен экономикалық, атап айтқанда қаржылық көмек көрсете бастады. Соның арқасында соңғы бірер жыл көлемінде Украинаның экономикасы тізерлеп қалған күйінен еңсесін көтеріп, аяғын тік басатындай деңгейге жетіп қалды. Қос ел арасындағы саяси және әскери текетірес-тен екі жақтың да қарапайым халқы зардап шегуде. Өйткені, соғыстың ешқашан да жақсылық әкелмесі, керісінше, қиыншылыққа тап қылары кәміл. Бүгінгі күні Ресей Батыс санкциялары әсерінен терең стагнация мен тұрмыстық тауқыметтерге ұрынса, қазіргі таңда бұрындары туристер мен демалушылар легі бір сәт толастамайтын Қырымға келушілердің қарасы азайып, демалушылар саны күрт қысқарып кетті. Украина Қырымға жіберілетін суды бөгеп, Қырымның ауыл шаруашылығын сусыз қалдырса, бизнеспен айналысатын компаниялар мен жеке тұлғалар санкциялардан шошып, аталған өңірмен қатынас жасаудан қашуға мәжбүр болды.
Бұл аздай, аталған екі елмен бауырлас тағы бір славян елі әлгі текетіреске тартылып отырған сыңайы бар, ол — Беларусь. Сөйтсек украиналық ұлтшылдар Беларуссия жерінің біраз жерін өздеріне қайтарып алуды көздейді екен. Олар тіпті  аталған елдер арасында шекара туралы келісімнің барлығына пысқырып қарамайтын сынды. Биылғы жылдың маусым айының соңында Украина мен Беларусь Луцкіде алдағы 2019 жылы Чернобыль АЭС-і маңында белгіленген аймақта мемлекеттік шекараны делимитациялауды аяқтауға келіскен болатын. Тараптар жоспарды бекітіп,  «жол картасын» жасап, кезекті рет (кезекті болатыны, екі ел арасында шекаралық бекеттер жұмыс істеп тұрғанымен, шекараның өзі жер телімдерімен белгіленіп бөлінбеген, соның салдарынан жергілікті тұрғындар мен билік органдары арасында жанжалдар жиі туындап тұрады) қол алысқан-ды. Мәселеден хабардар жандар арасында қос ел арасындағы шекаралық келісімге қол жеткізуге Янукович пен Азаров тандемінің сіңірген еңбегі зор дейтіндер көп. Бірақ олардың саяси сахнадан кетуімен әлгі келісімнің бәрі іске аспай, бүгінгі билік кешегі күндеріне зар болып қалды.
Украина мен Беларуссияның қазіргі шекарасы шамамен XVI ғасырларда Люблиндік Унияның Польша мен  Литвамен келісімге қол қоюы негізінде белгіленіпті деседі. Мұндай бөліну бұрынғы Киев Русінің облыстары мен Польшаны бөлуден кейін байқалған. Ресей империясы кезінде территориялық бөліну бұрынғы орта ғасырлық кезбен сәйкес келіпті. КСРО-ны құру кезінде шенділер өзгеріс жасауды артық санап, жасаса да сәл ғана жасап, бәрін сол күйінде қалдырғанды дұрыс деп шешіпті. Бірақ төрде ілулі тұрған мылтықтың ақыры бір атылмай қоймайтыны сияқты, өзгерістерге толы қайта құру кезеңінде шиеленістер қайта өршіп, текетірес ширыға түскен еді. Мәселен, 1648 жылғы көтеріліс кезінде Богдана Хмельницкий казактары шайқасты қазіргі Беларуссия ауыстырып, оның оңтүстік бөлігін Запорождық Әскер құрамына қосуға күш салыпты. Бірақ жеңіліс тауып, өңірден кетіп тыныпты. Ал бұрынғы Ресей империясында Азамат соғысы басталғанда Украина Халықтық Республикасы деп аталған сепаратистер Гомельді басып алып, сосын қазіргі Беларусьтің оңтүстік облыстарын әскери жолмен жаулап алуға талпыныс жасапты. Бірақ онда біраз күн ғана үстемдік құрса керек, өйткені, одан оларды большевиктер тұрып шығарыпты. «Аузы күйген үрлеп ішеді» десек те, Гомельге қатысты тарихи мүдделілік жайлы наразылық қазіргі сепаратистер мен ұлтшылдар аузынан әлі де жиі естіледі. Әсіресе қазіргі уақытта, өйткені, бүгінгі ұлтшылдар сақадай сай қаруланған, ұйымшыл, сол себепті аса қауіпті. Ал, КСРО кезінде Украина-Беларуссия арасындағы шекара мәселесі Қызыл Армия оңтүстік Польшаға Азаттық шеруін бастаған 1939 жылы толығымен шешілген-ді. Ал қазіргі күйінде  Ұлы Отан соғысы біткеннен кейін Польшамен тиісті келісімшарттарға қол қоюдан соң қалыптасқан. Содан бері КСРО мен Польша арасындағы шекара мемлекеттік ретінде халықаралық тұрғыдан мойындалып келсе, КСРО-ға кіретін Украина мен Беларуссия арасындағы шекара шартты түрде ғана болып келді. Одақ ыдырағаннан кейін Беларусь те, Украина да мемлекеттік шекараны қалпына келтіруге құлшыныс таныта қоймады. Себебі, бір-ақ сәтте кешегі бір астаудан ас ішкен, тарихи бауырлас екі ел бір-біріне шетелдік болып шыға келеді дегенге сенгендер аз-тын. Бірақ шынайы өмір ақиқаты соған көз жеткізді.
Украин-белорусь кордоны 1993 жылдың 11 шілдесінде мемлекеттік шекара болып белгіленді. 1995 жылдың маусымында тараптар бір-бірлеріне бұрынғы өткен кезеңдер бойынша да, бүгін де, ертең де ондай территориялық мүдделіліктері жоқ екенін мәлімдеді. Мемлекеттік шекара туралы ке-лісімшартқа 1997 жылы 12-і мамырда қол қойылды. Сол жылы оны Рада ратификацияласа, 2010 жылы Беларусь Республикасының Ұлттық жиналысы да солай етті. Ал 2013 жылы 18-і маусымда тараптар ратификациялық грамоталармен алмасты. Украинада төңкеріс болғаннан кейін өзінің территориялық тұтастығына төнер қатерден секемденген ресми Минск өз шекарасын бекемдеуге және шекаралық тәртіпті қатаңдатуға қатысты шараларды қабылдады. Бұл бұрындары Беларуське еш кедергісіз баруды әдетке айналдырған Ресей азаматтарына да залалын тигізді. 2014 жылдың 30-ы маусымында беларусь-украина шекарасын демаркациялау тәртібі туралы Ережеге қол қойылды.
Бейберекетсіздік пен Украинадағы шектен шығушылық салдары көп күттірмеді. Осылайша, келісімшарт бойынша Волынь облысындағы Жиров каналы Беларуське өтіп, оған демаркация жасау үшін Беларусь шенділері келді. Жергілікті ұлтшылдар бұған наразылық білдіріп, мұның арты 2016 жылы шиеленіске әкеліп соқтырды. Украина жағы Беларусьті ауыл шаруашылығы егістіктерін суаруға су алады деп айыптады. Ал Жиров каналындағы суға мафия мен күш құрылымдарына арқа сүйеген жергілікті тұрғындар кәріптас (янтарь) жуатын. 2017 жылы Украина жақтан 200-ге тарта адам шекараны бұзып өткеннен кейін Беларусь шекарадағы қорғаныс шараларын күшейтуге мәжбүр болды. Бүгіндері онда жаңа бекіністер мен қоршаулар құрылысы жалғасып жатыр. Украиналық ұлтшылдар да отқа май құюдан танар емес. Олар «этникалық украин жерлері» тақы-рыбын үнемі көтеріп, жүйкеге ши жүгіртумен келеді. Украина ТМД-дан шығып кетіп, Кедендік Одақ пен ЕАЭО-ға мүше болудан бас тартты. Ресей болса АҚШ бастаған Батыс елдері салған санкциядан есін жия алмай, Шығыс Украина мен Донбасқа көмек көрсетуге қаржы таба алмай қиналуда. Украинада президент сайлауы жақындап келе жатқанын ескерсек, Ресей мен Украина, Украина мен Беларусь арасындағы шекарада жаңа шиеленіс ошақтары пайда болуы әбден мүмкін. Тек оның бетін әрі қылсын деп тілейік, өйткені, арамызда қаншама шақырымдық қашықтық жатса да, оның салқыны біздің елге де тиері кәміл.

Ермек Сахариев

(20)