Адамдардың ажалына кім кінәлі?

Алматы  облысы  әкімдігінің назарына!

Жуырда ғана Алматы облысы аумағында тағы да адамдарды ажал құштырған қайғылы оқиға болды. Тағы да дейтініміз, шілденің басында Шелек ауылындағы ауруханада кәріз құдығына жөндеу үшін түскен екі сантехник бірдей аяқ астынан ажал құшқан еді. Оларға көмекке келген аурухананың дәрігер-травмотологі Данияр Мергенбаев та газдан уланып көз жұмған. Бұл қайғылы оқиға ел арасында біраз дау-дамай, кереғар пікір туғызып, талай кемшіліктердің былығы ашылып, тиісті орындар қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын жүргізіп, шара қолданамыз деп уәде берген. Тіпті сонау Астана қаласында отырған Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов брифинг өткізіп, тозығы жеткен аурухана ғимаратын  жөндеуге қажетті қаржы қарастырылады деп мәлімет таратты. Одан ҚР Еңбек және  халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова да бұл қайғылы оқиғаға қатысты өзінің пікірін білдіріп, еңбек кодексінде қайғылы жағдай болып, үш және одан да көп адам зардап шеккен жағдайда республикалық деңгейде арнайы комиссия құрылып тексеріледі деп  жариялады.
Ия, нұсқаулар мен тексерулер жүріп жатқан шығар. Алайда келесі қайғылы оқиға көп күттірген жоқ. Биылғы жылдың 12 тамыз күні Кеген ауылының Алғабас ауылында 24-25 жастағы үш өрімдей жас жігіт 13 метр тереңдіктегі құдықтан су сормақ болып, моторды қосып, ауаға жайылған улы газдан көз жұмды. Алақандарына салып, аялап өсіріп, қызығын көреміз деп отырған үш отбасы ел аман, жұрт тынышта ұлдарынан айырылып, қара жамылғанын  ойлаудың өзі жаныңды түршіктіреді.
Осымен улы газға тұншыққан адамдар ажалы тоқтаған жоқ. 29 тамыз күні Қапшағай қаласының №8 ықшамауданында орналасқан №11 кәріз сорғыш стансасында тазарту жұмыстарын жүргізу барысында болған оқиғаға орай баспасөз-конференциясы ұйымдастырылды. Болған қайғылы оқиғадан ұққанымыз 28 тамыз күні күндізгі сағат 11-де  «Қапшағай су арнасы» МКК сумен жабдықтау және кәріз жүйелері объектілерінің қысқа дайындығы бойынша іс-шара жоспарын жүзеге асыру мақсатында Қапшағай қаласының №8 ықшамауданында орналасқан №11 кәріз сорғыш стансасына тазарту жұмыстарын жүргізу  үшін барған үш азамат тапа-тал түсте ажал құшты.
Ол жерде авариялық көлік жүргізуші Ерлан Сәрсенбаев тазарту ісіне қажетті құралдарды  машинасында әзірлеумен айналысып жатқан кезде, үш жұмысшы кәріз құдығына өз жұмыстарын атқару үшін түскен. Кейін құдық маңына келген жүргізуші Ерлан Сәрсенбаев 5-ші разрядтағы слесарь Эдуард Тюменбаевтың, 3-ші разрядтағы дәнекерлеуші Бауыржан Әлихзановтың, 5-ші разрядтағы слесарь Талғат Ахметовтың жансыз денелерін табады. Содан кейін дереу мекеме бастықтарына қайғылы оқиғаны хабарлайды. Қапшағай қаласының жедел көмек беру қызметі мен төтенше жағдайлар бөлімдері қызметкерлері шұғыл жетіп, қайтыс болған мамандардың денесін құдықтан шығарған.
Алматы облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Қапшағай Су арнасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның инженері Ерлан Атчиев те, Алматы облыстық еңбек инспекциясы бойынша басқарма инспекторы Мұрат Мәдіғұлов та, Алматы облыстық төтенше жағдай департаментінің ресми өкілі Азамат Жұртбаев та болған қайғылы оқиғаны баяндаудан басқа еш нәрсе мандытып айта алмады.
Қазіргі кезде қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Әрине, тағы да үш адамды ажал құштырған қайғылы оқиға егжей-тегжей сарапталып, тиісті, жауапты адамдар  жазасын алар. Реті келген соң айтайық Шелек ауданындағы аурухананың бас дәрігері өз еркімен қызметтен кеткен. Көтергіміз келіп отырған мәселе бұл емес. Ә дегенше 9 адамның  өмірін жалмаған қайғылы оқиғаның алдын алу жөніндегі жұмыстың нәтижесіздігі көңілімізді алаңдатып отыр. Әрбір адам мейлі жас болсын, егде болсын кәріз жүйесінде және тағы басқа орындарда жиналатын улы газдың адам өміріне аса қауіпті екенін білуге тиіс.
Ақиқатын айтсақ халықты құлақтандыру, тұрғындар арасында улы газдың өте қауіпті екені жөнінде ақпараттық жұмыстарды жүргізу үшін қаншалықты қаражат керек? Ғаламтор, теледидар одан қалса смартфондар әр адамға қазіргі кезде қолжетімді болды емес пе? Қарасаң осыған қатысты тиісті, жауап беретін мекемелерде штат бірліктері мардымсыз деп айтуға ауыз бармайды.
Ал алғашқы қайғылы оқиғадан кейін-ақ шу көтеріп, кәсіпорындар, өндіріс, құрылыс, жеке секторлардағы және тағы басқа мекемелердегі техникалық және еңбек қауіпсіздігін   сақтау жөнінде жаппай тексерулер, оқу-жаттығулар жүргізу қажеттілігі өз-өзінен туындады емес пе?
Брифингке қатысқан Алматы облыстық төтенше жағдай департаментінің ресми өкілі  Азамат Жұртбаев: «Кегендегі қайғылы оқиға жеке үйде болған, бізге қатысы жоқ», — деген уәж айтып үлгерді. Ия, жеке үйде болса да ол жастарды, тіпті оқушыларды өмірлеріне қауіп төндіретін улы газдардан сақтану жолдарын үйрету тіптен артық емес қой. Қайғылы оқиға кезінде анықталғаны тыныс алу жолдарын улы газдан қорғайтын бет перде кимеген Шелек ауруханасының сантехниктері де, Қапшағай су арнасы кәсіпорнының мамандары да тиісті ережені, сақтамағандықтан көз жұмған. Осы бір қарапайым сақтықты олардан кім талап етуі тиіс еді? Әрине, қағаз жүзінде бәрі қаттаулы екеніне күмәнсізбіз.
Брифингке қатысқан лауазым иелері де өздерін бір мысқал болсын жауапты сезініп отырған жоқ. Адамдарда  керек кезде «анау» деп өзгені көрсетіп, кінәлайтын  алтыншы саусақ өсіп шығады деген ұғым бар. Тиісті мекемелердің әлі күнге шейін жайбарақаттықтары бізді таңқалдырды. Облыста күнде төтенше жағдай болып жатқан жоқ қой. Аз мерзім ішінде улы газдан  9 адамның көз жұмуы кездейсоқтық емес шығар. Адамның өмірінен басқа қымбат не бар?
Ғаламторда жарияланған «Алматы облысының еңбек инспекциясы бойынша басқармасы» мемлекеттік мекемесі Ережесін бір сыдырғы қарап шыққанда 2 тармақшасының  5 пунктінде «жұмыс берушілердегі еңбек қауіпсіздігін және еңбек қорғауды қамтамасыз етуге жауапты адамдардың білімін тексеруді жүргізеді», — деп  тайға таңба басқандай жазылып тұр. Тек қана осы мекеме тарапынан  тиісті талап болды ма екен деген заңды сұрақ туындайды. Неғылса да билік тарапынан барлық адамдар өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін нәтижелі шешімдер қабылданады деген ойдамыз.

Нұрила Бектемірова

(22)