Сталинге хат жазып, ауылын ажалдан алып қалған

Жұмагелді Балғабаевқа ескерткіш қойылды

Бүгінгі таңда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында аудан орталықтары мен ауылды жерлерде игі шаралар өтіп жатыр.  Әсіресе туған жердің тарихын терең білуге, ел үшін, жер үшін тұлғалардың өмірін зерделеуге оң әсерін тигізуде. Күні кеше ШҚО, Үржар ауданы, Таскескен ауылында осындай игі шараның куәсі болдық.

«Қарттар күні» қарсаңында Екінші дүниежүзілік  соғысы жылдарында бұрынғы Семей облысы, Ворошилов атындағы колхоздың төрағасы болған тыл ардагері, еңбек ардагері  Жұмагелді Балғабаевқа  қойылған ескерткіштің ашылу салтанаты өтті.  Аудан өмірі үшін тарихи  мәні зор, жас ұрпаққа үлгі боларлық айтулы шараға аудан әкімінің орынбасары Серікқазы Садуақасов, Қоңыршәулі ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы  Оразанбай Ақайұлы,  аудандық мәслихат хатшысы Каленбек Қарашев, аудан прокуроры Ерлан Баденбаев, аудандық «Нұр Отан» партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бақтыбай Баймұратов,  аудандық білім бөлімінің басшысы Сәуле Жүнісова, Таскескен ауылының  әкімі Азади Қалуұлы, тиісті мекеме басшылары, аудандық ардагерлер кеңесі, зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері, ауыл тұрғындары  қатысты.  Жұмагелді Балғабаевқа қойылған ескерткіш «батырларымыздың жасаған ерліктеріне ұрпақтарының тағзымы» деп қабылдауымыз қажет деп санайды ауыл тұрғындары.
Тыл ардагері Жұмагелді Балғабаев 1901 жылы Сергиопольде дүниеге келген екен. Сергиопольде медреседе және мектептерде білім алып, Сабыржан Ғаббасовпен бірге революцияға қатысып, жаңа өкімет құруына үлкен үлес қосыпты. 1926 жылдан бастап Ақшәулі ауыл советінің хатшысы, одан кейін төрағасы қызметін атқарды. Аягөз аудандық исполкомның нұсқаушысы,  1932 жылдан бастап ауылшаруашылық қызметінде Қарақол совхозында бірнеше жыл  басқарушы, кәсіподақ басшысы болып қызмет атқарған.


Бірнеше жыл Аягөз ауданында Ворошилов атындағы колхозда басқарма басшысы және Аягөз аудандық комитетінің ұсынуымен Семей облысы комитетінің бекітуімен директор қызметін атқарды. 1943 жылы нарком жем союз «СССР-дің отличник сельского хозяйство» деген значогін алған.
1945 жылы Қазақстанның 25 жылдығы құрметіне қазақ КСРО жоғарғы грамотасымен марапатталды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде  ауыл тұрғындарын ұйымдастырып, 4 танкінің ақшасын жинап беріп, осыдан облыстық атқару басшыларынан, жоғары қолбасшыдан алғыс телеграммалар алған. Жұмагелді Балғабаев Сталинге хат жазып, ауыл азаматтарын ажалдан аман алып қалған кездері де болған екен. Репрессиядан аман қалған азаматтардың ұрпақтары Жұмагелді Балғабаевтың азаматтығын осылай еске алады.
1961 жылы зейнеткерлікке шықса да ауылшаруа-шылығында егінді уақытында егу, оны ору және оны шірітпей қырманда  тазалап қоймаларға қоюға үлкен үлестерін қосып, елдің береке-бірлігін сақтауға  ұйымшылдыққа, қамқорлығын жасауға  ерінбеген  адам еді деп еске алады ауыл ақсақалдары.
Үржар аудандық мәслихаты хатшысы Каленбек Қарашаев: Бұл шараны «Рухани жаңғырудың» белгісі деп санаймыз. Жұмагелді ақсақалдың еңбегін аудан еш ұмытпайды. Бұл кісіге арнайы көше де берілді. Жұмагелді Балғабаев ел бірлігі үшін еңбек еткен адам. Сонау соғыстың кезінде де елдің ынтымағы, бірлігі үшін атсалысқан азамат. Бүгін ұрпақтары атамызды еске алып,  ескерткіш орнатып жатыр. Таскескен өнірі үшін үлкен қуаныш деп есептейміз.
Тыл ардагері  Жұмагелді Балғабаев  мүсінінің орнатылуына қаржылай көмек көрсеткен ұрпақтары Жасболат Балғабаев, Айгүл Балғабаева, Ерболат Балғабаев,  Айбек Нұғымаров аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапаттады.


Үржар  ауданы  әкімінің  орынбасары Серікқазы Сәдуақасов  осы шараның ұйымдастырушысы, Балғабаев-тар әулетінің ұйытқысы болып отырған, Жұмагелді ақсақалдың келіні, еңбек ардагері, қажы Тілеш  Балғабаеваға және Жұмагелді ақсақалдың кенже ұлы Болат Балғабаевқа  шапан жапты.

Жергілікті халық осындай игі шараның басында жүрген Үржар ауданы әкімшілігіне алғыстарын жеткізді. Тағзым шарасы Таскескен ауылдық мәдениет үйіндегі ата рухына бағышталған аспен жалғасты. Жұмагелді Балғабаевтың ескерткіші тұрған орын болашақта үлкен саябаққа айналмақ.

Атамызға мың алғыс!
Жұмагелді Балғабаев рухына
(Таскескен ауылы мектеп оқушыларының
арнаған өлең жолдары)

Бүгін міне дүбірлі күн ашылсын,
Атамызға мың алғыс пен мың тағзым!
Сіз дегенде ескерткіште салынып,
Сіз дегенде талай жырлар айтылсын!

Әкелерге арнасам мен жырымды,
Еске аламыз алып деген ұғымды.
Оның бірі Жұмагелді атамыз,
Еңбек еткен өз елінде тұғырлы.

Аягөзде кіндік қаны тамған жер,
Медреседе терең білім алған жер.
Қызмет жасап ел ағасы болумен,
Зор үлестің түп-тамырын салған жер!

Басшы болған еліне жастайынан,
Еңбекте артта қалды қанша майдан.
Бәрінде басқан ізі өнегелі,
Үлгі боп, ұрпағыңа қанат жайған.

Есіміңіз ой-санада жатталады.
Ұрпақтардың жүрегінде сақталады.
Жас ұрпақтар даңқы биік, дара тұлға,
Жұмагелді атамызбен мақтанады.

Талай биік алғыс алған қызметте,
Үлес қосты шаруашылық егінге.
Өзіңізсіз ел бірлігін сақтаумен,
Елін сүйген, жерін сүйген бір пенде.

Қанша алғыс,құрметтеулер жазылды.
Зор еңбектің медальдары тағылды.
Ерең еңбек құрметіне алды ғой,
Талай алғыс, граммоталар жалыңды.

Жасай бер ата, міне осылай мәңгілік,
Жырға қосам, өзіңді ылғи ән қылып.
Еңбегіңе иіліп тағзым етеміз,
Бейнеңді бүгін ауылыма сән қылып.

Ел билеген бір тайпаның марқасы,
Тойлап жатыр өскен елдің ортасы.
Бейнең бүгін аулыңа келді жарқырап,
Жеңіп шыққан зор еңбектің арқасы

Ұлы есім әрқашанда ел есінде.
Жыр болып шырқалады жер бетінде.
Әр ұрпақ, әрбір қандас, бауырлары,
Құрметпен тағзым етер ерлігіне.
Бауыржан Карипов

(74)