«Қазақстан — 2050: «Ауыл — рухани жаңғырудың қайнар бұлағы»

атты «Нұр Отан» партиясы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Qazaqstan zamany» газеті, «ЕлАна» қоғамдық, әлеуметтік-танымдық сайты бірлескен экспедициясы Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында сапарға шығады. Экспедиция сапарын Маңғыстау мен Павлодар облыстарынан бастайды.

Нұрсұлтан Назарбаев: «Ауыл шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдау көрсету қажет. Ауыл тұрғындарының жеке шаруашылығы, малдары бар екенін ескере отырып, олардың өсіп-өнуі үшін ветеринарлық қызметті халықаралық стандарттар деңгейіне жеткізу керек. Ауыл шаруашылығындағы ең үлкен мәселенің бірі — өнімдерді өңдеу. Қазір ауылда бар өнімді ұқсата алмай отырмыз. Алған өнімімізді дайын тауар ретінде шетелге сатсақ, оның өндірушілерге де, мемлекетке де пайдасы тиері анық. Ауыл шаруашылығы өнімін өңдеуді дамыту арқылы осы саланың мамандарын қорғау, оларға қолдау көрсету, ауыл тұрғындарының табысын көтеру, оларды жұмыспен қамту сияқты негізгі мәселелер шешімін таппақ. Бұл бағыттағы үкіметтің ауылға деген саясаты жұмыс орындарын ашуға арналуы керек деген ұстанымға келіп саяды».

«Нұр Отан» партиясы, Ауыл шаруашылығы министрлігі және халықаралық «Qazaqstan zamany» газеті мен «ЕлАна» қоғамдық, әлеуметтік-танымдық сайтының бүкіл ауыл тұрғындарына үндеуі

Қадірлі ауылдастар!

Ауыл — қазағымның тамыры, рухы, тарихы, шежіресі, қара шаңырағы һәм алтын тұғыры. Ауыл — қазақтың тамырына қазақылықты сіңірген, небір нәубеттерден аман алып шыққан, жауһар салт-дәстүрлерімізді аялаған, ұлы тұлғаларды дүниеге келтірген, асыл дініміз бен тілімізді сүйгізген және халқымыздың қара қазанын ортайтпаған алып та қасиетті қазынамыз. Ауыл — қаймағымыз сыпырылып, санымыз азайып, қанымыз сұйылып, рухымыз әлсіреп, санамыз жүдеп, жанымыз тарыққанда қазағын биікке көтерген құтқарушымыз. Ауыл — сан этностарды жатсынбай құшағына сыйғызған, ашыққанға нәр болған, әлемдегі ең қонақжай, ең жомарт қасиетті қара шаңырағымыз. Сол қасиетті де жомарт құтқарушы, қонақжай, алтын тұғыр ауылымыздың бүгінгі жайы қалай? Тәуелсіздігіміздің 26 жылында ауылымыз қаншалықты өзгерді, қандай өзгеріс, жаңа-шылдық бар. Болашағы қандай? ХХІ ғасыр ауылын жасай алдық па? Инфрақұрылымдары қандай дәрежеде? Республикамыздың түк-пір-түкпіріне аттанғалы отырған экспе-дициямыз осы көкейтесті мәселелерді көтереді. Республикамыздағы 7232 ауыл-дың 3750-і аяғына нық тұрған, 2500-і орташа жағдайдағы, 1000-ы болашағы жоқ шағын ауылдар. «Қазақстанда ауылды қайта жандандыру туралы бағдарлама жасайық» деген Елбасының ұсынысы бар. Бірақ бүтіндей қарасақ, ауылдың сыртқы, ішкі көркі, сымбаты, ауылдағылардың әлеуметтік жағдайы мәз емес. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев әрдайым Ауыл мәселесін өз назарында ұстайды. Мемлекет ел экономикасын және жұртшылықтың әл-ауқатын өсіруде осы салаға иек артатынын Елбасымыз үнемі айтып жүреді.
«Ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемін арттыру және әртараптандыру бағдар-ламасының басымдықтарына айналуы тиіс. Және бұл ретте нарықта барынша сұранысқа ие өнім түрлеріне өңделген ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін ұзақ мерзімді, қолжетімді несиелендіруге сервистік-дайындаушы кооперативтерді құруға, өнімді бастапқы қайта өңдеуге, сақтауға, сондай-ақ суармалы жерлерді айналымға түсіруге екпін түсіру керек…», — деп айтқан Президентіміздің ауыл шаруашылығына, ауылға ден қоюында зор мән жатыр. Яғни ауылды түлету дегеніміз экономикамыз бен әл-ауқатымызды көтеру екен. Және Елбасымыз ауылды түлетудің, ауылшаруашылық саласын пайдалы салаға айналдырудың жолдарын кеңінен көрсетті.
Елбасымыздың бастамасымен Ұлт жоспары: «100 нақты қадам» атты бағдарлама жасалынып, қазір ол өмірімізге нық қадам басты. Мемлекетімізді гүлдендіруде, елімізді жасампаз елге айналдыруда бұл бағдарламаның орны бөлек екенін айтып, халқымыз зор баға беріп отыр. Осы бағдарламада ауылға да зор мән берілгенін байқаймыз. Ұлт жоспарындағы  98-қадамда айтылған, көтерілген, нақты қойылған мәселе тікелей ауылға арналған.
Бұл 98-қадамның маңызы неде? Осы қадам арқылы ауылымыздың болашағына, тағдырына нақты не істей аламыз? Жергілікті өзін-өзі басқару және оның бюджетін жасау. Бұл мәселені Елбасымыз бұрын да талай мәрте қозғап, өмірге енгізуге тапсырмалар берген. Бұл ауылдарда, ұжымдарда, кейбір салаларда, қалаларда қолданылып, өзіндік жемісін берген әдіс. Яғни әбден сыналып барып, осы нақты жүз қадамның бірі болып батыл түрде енгізілгенін көріп отырмыз. Сонымен, бұл қадамның маңыздылығы неде?
Біріншіден, ауыл адамдарының белсен-ділігін арттырады.
Екіншіден, олардың патриоттық сезімін оятып, жауапкершілікті күшейтеді.
Үшіншіден, қазір барлық салаларымызды жаулап алған жемқорлыққа қатаң түрде тосқауыл қойылып, бөлінген қаржыны кім көрінген талан-таражға сала алмайды.
Төртіншіден, ынтымақ-бірлік күшейіп, іс-шараларымызды жұмыла атқаруға мүмкін-дік туады. Тұрғындардың әрқайсысында жауапкершілік сезімі күшейіп, ауылдың өркендеуіне нақты іспен көмектесуге деген құлшыныс туады. Мәселен, 5 жылдан бері ауылдарға белгілі бір деңгейде қаржы беріліп жатыр. 2018 жылдан бастап 2 мыңнан астам тұрғыны бар ауылға өздерінің бюджетін жасап беруді үкімет көздеп отыр. Өзін-өзі басқару әдісі арқылы әкімнің де, халықтың да жауапкершілігі күшейеді. Халық өз құқығын қорғай білуі керек.

Сонымен, құрметті ауыл жанашыры!

Біз бәріміз бірлесіп ауылға нақты, батыл қадам жасамасақ, немқұрайлылықтан арылмасақ, тек ауыл ғана емес, бүкіл ұлтымыздың, мемлекетіміздің болашағы бұлыңғыр болып, берекесіздік етек алатыны сөзсіз. Елбасымыздың «Қазақстан — 2050: Мәңгілік ел» стратегиясында «Ауылды қайта жаңғыртайық!» деген алға қойған жарқын мақсат пен міндет тұр. Қалай жаңғыртамыз, оны бүгін бастамасақ, ертең кеш болады. Осы үндеу аясында сіздерге ой тастау мақсатын-да бірнеше қағидаттарды назарларыңызға ұсынып отырмыз.
1. «Оян, қазақ!» демекші, алдымен өзіңіз, ауылдың әрбір азаматы оянып, дүр сілкініп «Бұл — тек менің ауылым! Осы туған ауылыма не істей аламын?» деген көзқарасты, жаңашылдықты сенімді, жауапкершілікті жүрегімізге ұялатайық.
2. Ауыл ажары алдымен сіздің үйден басталуы тиіс. Үйіңіздің сыртқы келбетіне көз жүгіртіңіз. Ағаш, гүл егілген бе? Тазалық қалай? Қақпа, дуал, қоршаулары қалай?
3. Көшеңіз қалай? Асфальттанған ба? Шашылып жатқан күл-қоқыстар жоқ па? Су құбыры, газ тартылған ба?
4. 98-қадамдағы Өзін-өзі басқару жүйесін жүзеге асыру өзіңнің қолыңда, қадірлі ауылдас. Қашанда ауылда белсенді азаматтар мен азаматшалар болған, әлі де бар деп білеміз. Тек белсенді ғана емес, қолынан іс келетін, адал, тәртіпті, ойын ашық айта білетін азаматтар бас қосып, Өзін-өзі басқару тобын құрған жөн. Бұл қоғамдық топ әкіммен біте қайнасып жұмыс істеуі тиіс.
5. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған салт-дәстүрлеріміздің айнасы осы ауыл. Бұл құнды мәселе шынында да ауылдан бастау алуы керек.  Жастарымызды салт-дәстүрлерімізбен сусындатып, дінімізбен нұрландырып, тіліменен байытып, Отанымен мақтаныш тұтқыза білсек. Арақ-шарапты жолатпай, салауатты өмірге үйренсек, ауылға береке келеді.
6. Мектеп түлектері қашанда ауылымыздың жарқын болашағы. Осы алтын бесігімізде тәрбиеленген ұрпағымыздың өз ауылына деген сүйіспеншілігін, патриоттық сезімін ояту — басты парызымыз.
7. Ауылдың әрбір тұрғыны, отбасысы — ең үлкен байлығымыз. Кедей отбасыларға ауыл болып көмектесу, қасіретке ұшырағандарға демеушілік жасау — әрбіріміздің парызымыз. Өйткені береке-бірлік те, бақ пен рух та отбасынан, балабақша мен мектептен басталады. Енді тағы бір айтатын мәселе туған ауылынан сыртқары жүрген азаматтармен де құрылған топ байланысты үзбей, олардың демеушілігіне жүгіну қажет.
Қадірлі ауылдастар! Біздің ауылымыз мемлекетіміздің іргетасы іспеттес. Әрбіріміз ауылымызды көтеруге, оның шаңырағының биік болуына үлес қосуға міндеттіміз. Сонда ғана ауыл өмірі көңілді, ондағы әрбір отбасы да нұрлана түспек. Кәнеки, осы айтылғандарды, көтерілген көкейтесті мәселелерді жерге қалдырмай, іліп әкетейік. Ауылымыздың шаңырағы биіктеп, мәртебесі ассын!

Экспедиция мүшелері

Сәуле Мешітбайқызы — Экспедиция басшысы, «Қазақстан Zaman» ЖШС Бас директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан журналистер Одағының мүшесі;
Ертай Айғалиұлы — «Qazaqstan zamany» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі;
Жанбақыт Борантаев —  «Қазақстан Zaman» ЖШС маркетинг және жарнама директоры, Қазақстан журналистер Одағының мүшесі;
Саят Қамшыгер — «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.
Бауыржан Карипов — «Qazaqstan zamany» газетінің бас редакторының орынбасары;
«НұрОтан» партиясы мен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің облыстардағы басқарма басшылары, «Qazaqstan zamany» газетінің меншікті тілшілері.

Экспедицияның мақсаты:

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын ансихаттау.
Ұлт жоспары: 100 нақты қадам» бағдарламасы мен «Қазақстан – 2050» Мәңгілік ел» стратегиясы және басқа да үкіметтік шаралар ауылдарда қалай жүзеге асып жатыр?
Еліміздің түкпір-түкпірлеріндегі тарихи көрнекті ескерткіштерде болу, қазақтың салт-дәстүрлерін зерттеп, зерделеу.
А) Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғырудың» негізгі мақсаттары мен мәні және іске асыру қадамдары (дәріс-сұхбат).
Ә) Н.Ә.Назарбаевтың «киелі жерлер» картасын жасауда Қазақстанның және әр облыс пен аудандардың «Киелі жерлері» туралы мәліметтер жинау және газет арқылы тарату.
Б) Н.Ә.Назарбаевтың Жолдауында көрсетілген «Ауыл шаруашылығы еліміздің экономикасының драйвері болу керек» ұғымын халыққа ұғындыру және ауыл шаруашылығы тауарлары қозғалысының (логистикасы) мәнін және іске асыру жолдарын түсіндіру (дәріс).
Д) Н.Ә.Назарбаевтың «Жүз жақсы есім» бағдарламасын іске асыруда үгіт-насихат және елге белгілі есімдерді жинап, газет бетінде көрсету.
Ауылға деген мемлекетіміздің қамқорлықтары, сондай-ақ ондағы жаңашылдықтар, жаңалықтар, жетістіктер, кәсіпкерлердің толағай істерімен танысып, оны газетімізде кеңінен көрсету.
Жыл басында ауылдардың ерекшеліктерін, сонымен бірге көкейтесті мәселелерді қаузап, оларды газет арқылы үкіметке жеткізу.
Экспедиция соңында осы айтылған, көрген, білген, түйген жайлар төңірегінде Астанада Парламент депутаттары, зиялы қауым өкілдері, мамандар қатысқан дөңгелек үстел өткізіледі.

(30)