Ынсап пен Ысырап

Күні кеше Сенат Спикері Қасым-Жомарт Тоқаев мырза Facebook парақшасына «Соңғы уақытта еліміздегі өтіп жатқан той-томалаққа наразылығын білдірді.

Орта Азиядағы біз қатарлы елдер Өзбекстан, Тәжікстан, Түркменстан және Қырғызстанда той  өткізу  ережелері заңмен қатаң бекітілген. Біздің елде ондай бірде-бір заң жоқ. Бәсекеге түскен бай-манаптар тойға қаншама қаржыны шашатынын есептеудің өзі  қиынға соғады. Осы тойларға тыйым салатын уақыт жетті» делінген. Қазақстан ұлттық  телеарнасынан 17.09.2018 ж. той туралы сұхбат берген Парламент депутаты Мұрат  Бақтыярұлының сөзін мен де қолдаймын. Өйткені, көп жылдардан бері сенбі, жексенбі  күндері тамадалық етіп, қосымша табыс табатындықтан, бұл тақырып оң жамбасыма келеді, әрі оны өте жақсы білемін.
Тойхана соғып той жасаудан әлемде жарыс болса, алдымызға жан салмайтынымызға   күмәнім жоқ. Қазіргі таңда не көп, той  көп. Құдай-ау, ата-бабамыздың ойы түгілі түсіне  кірмеген тойларды ойлап тауып, той тойлау бүгінгі қазақтардың ермегіне айналған тәрізді. Тойдың түрі көбейіп кетті. Бәрі тоқшылықтың арқасы ғой. Әйтпесе, үйінде аш отырса, қайдағы той тойлау. Шілдехана, туған күн, сүндет той, тілашар, мүшел той, мектеп бітіру, диплом алу, үйлену той, құда түсу, мектеп бітіргенімізге 10 жыл, 20 жыл, 30 жыл, 40 жас, 50 жас, 60 жас, 70 жас, 80 жас, 90 жас т.б әйтеуір толып жатыр.
Қазіргідей бай мен кедей болып қақ жарылған заманда қисынын тауып, іс бастап  төңірегіне шарапаты тиіп жатқан байлар саусақпен санаулы ғана. «Кедей бай боламын, бай  құдай боламын» дегендей, қай жағынан алсақ та, ауқатты адамның дастарқанында адамның  жанынан басқаның бәрі болады. Залды безендіруі бөлек әңгіме. Ең соңғы үлгідегі  фотоаппарат пен бейнетаспаны сұрайды, биші қыздардың ең сұлу мен ең жақсы билейтіндерін таңдайды, шетелден қалаған әншілері мен танымалы тұлғаларды шақыртады. Тамаданың не айту, не айтпауын өзі қадағалайды. Зәулім мейрамханаға лимузин автокөлігімен кіріп келіп, айналаны таң-тамаша етіп, өзінше керемет қошеметке бөленеді.

Тамада

Әрбір той жасаушы адам сол тойға барын салады. «Тойым қызық та көңілді, тартымды өтсе екен» деп тілейді. Көпшілік риза болып аттанса, біреуі ренжіп кетпесе екен деп, біресе тамағы үшін, біресе қонағының қабағы үшін қатты алаңдайды. Жақсы тамада той иесінің уайымын бірге шегеді.
Жауапкершілікті  жақсы түсінетін тамада той басталардан  кемі бір сағат бұрын келіп,  той иесімен бірге тойды қалай өткізу туралы сценарийін талдап алғаны абзал. Кейбір  тамадалар өздері кешігіп келіп, шала бүлініп жатады. Тамаданың киім киюінен бастап, жүріс-тұрысы, аузынан шыққан әрбір сөзіне мән беруі керек. Көпшілікке қызмет көрсетіп тұрғандықтан, менменсу, дөрекі сөйлеу, біреулермен ұрысып кету, талтаңдап жүру  мәдениетсіздік. Өткенде бір тойда 20 жасар тамада жігіт көпшілікке ұрсып, мінез көрсетіп тұрғанын көріп жағамды ұстадым.
Тамаданың қаруы — сөз болғандықтан, «әй», «өлә», «шли», «ойбай» деген одағай  сөздерді орынсыз қолданбағаны жөн. Көп сөйлеу керек екен деп, бет алды көпіріп көп  сөйлеудің де қажеті шамалы. Сөз сөйлегенде, орысша араластырмай, мағыналы, қысқа  әрі нұсқа, теңеу, тартымды сөйлеу, ән мен әзіл, ойын мен күлкі, ақ тілек пен арнау араласа өріліп тұрса әне тамаданың шеберлігі сол. Тамада үшін ең керегі ізденімпаздығы — өзі ақын, өзі  әнші, артист, өзі домбырашы қалжыңбас болса тіптен жақсы. Өйткені көпшілік көңіл  көтеру үшін келеді.

Тойдағы келеңсіздіктер

Тойға еңбектеген сәбиден еңкейген қарияға дейін келетіндіктен, жартылай жалаңаш  қыздарды билету дұрыс емес деп есептейміз. Ұлттық билеріміз жеткілікті немесе киімі  ашық-шашық емес өзге елдердің билерін билесін. Тағы бір мен түсінбейтін нәрсе, тойдың соңында  ортаға үлкен торттың үстіне шырақ жағып әкеліп, оны жас жұбайларға өшіртеді. «Отың өшпесін», «шырағың сөнбесін» дейтін қазақ халқы үшін бұл жаман ырым. Бірақ оны  ойлап жатқан жұмырбасты пенде жоқ. Себебі қазақтың салт-дәстүрінен бейхабар қалада өскен ата-ананың өздері де ештеңе білмейді. Мүмкін сондықтан болар, 2017 жылы еліміздің статистика бойынша осылай үйленгендердің  қазіргі таңда 70% ажырасып тынған. Қаншама  шығын, қып-қызыл ақшаны қайтара алмайсың. Сонан барып жүйке тозады, ішімдікке  салынып кеткендер қаншама. Ақыл-есінен айырылып, жалғыз көшеде қалады. Мұндай  жағдайларды күнделікті көзімізбен көріп-ақ жүрміз. Даяшы жас қыздар мен жігіттерге  қалып кеткен тамақтарды бермей, қоқысқа тастайтындарды көріп таң қалдым. Қаншама  тамақ ысырапшылықты Шариғат та қолдамайды. Адамда ынсап болу керек деген Пайғамбарымыз.
Сол  зәулім  мейрамханалар  құдайдың  құтты  күні  бос емес. Өйткені жәй күндердің өзінде тойдың орнына ас беру, жаназа шығарудың өзін салтанатты той үлгісіндей қылып  өткізуіне не қуанарыңды, не жыларыңды білмейсің. Бәсеке заманы дегенді теріс ұғынып, тоймен, барлықпен салыстырып өткізу деп қателесіп жүрген сияқтымыз.
Ал осының бәрін көріп отырған, байғұс кедейдің күні жамбасын ұрып өкінумен өтетін  сияқты. Сондықтан бай мен кедейдің той тойлауы екі бөлек, жер мен көктей. Содан барып, банктен қарыз алып қауғаланып той жасайды. Бұл кімге пайда? Кімге зиян? Статистика  бойынша осылай тойға қарыз алғандардың саны 6 миллионға жетіпті.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні Сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаның көтеріп отырған мәселесі өте орынды әрі өзекті. Сондықтан еліміздегі тойханаларға шектеу қойып, 200 адамнан артық ешкімді шақырмау мәселесі туралы заң шығару керек. Әйтпесе, осылай қазақтың той тойлағаны тойлаған.

Жұмамұрат  Шәмші

(28)