Жандос ҚҰСАЙЫНОВ: «Бұл заң шықса отандық кино саласында елеулі өзгерістер болатын сияқты»

Қыркүйектің 14-і күні Астанадағы М.Нәрікбаев атындағы «KazGUU»-де «Кинематография туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кинематография мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заң жобаларын талқылау мақсатында «Қазақ киносы: жас кинематографистер көзімен» атты дөңгелек үстел өтті. Кино саласында жүрген жастардың ойы тыңдалған жиынды «Астана фильм академиясы» ұйымдастырса, оған ҚР Парламентінің депутаттары мен Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері де қатысқан еді. Осы дөңгелек үстелде ұлттық кино туралы ұтымды ойлар айтқан режиссер-сценарист, көпшілікке «Шабдалы» фильмі арқылы танылған Жандос Құсайыновпен аз-маз сұхбаттасудың сәті түсіп, әңгімеміз төмендегідей өрбіді.

Ұлттық өнімдеріміз көбірек берілсе…

— Жандос мырза, кино туралы Заң жобасын талқылау мақсатында өткен дөңгелек үстелден не түйдіңіз? Ұсыныстарыңыз ескерілетініне сенімдісіз бе?
— Бұған дейін кино туралы Заң жобасының бірнеше жиналысына қатысқан едім. Бұл жиында айтылған ұсыныстар бұған  дейін де айтылды, талқыланды. Ұлттық киноны дамытуға  қатысты екі ұсыныс айттым. Біріншісі — Францияның тәжірибесі, яғни, шетелдік фильмдердің прокатынан түсетін табыстың 10%-ын  отандық   фильмдерді қолдауға жұмсауы, екіншісі — Оңтүстік Кореяның ұлттық киноға арналған «квота күндері». Кәрістер жылына 73 күнді кинотеатрларда тек қана өз туындылары көрсетілетін етіп заңмен бекітіп қойған. Бірі — Еуропаның, екіншісі — Азияның алпауыт мемлекеті десек, екеуінің де ұлттық киноға қатысты ұстанымдары көңіл қуантады. Бірақ бұл ұсынысым әзірге көтерілген мәселе күйінде қалатын түрі бар. Өйткені, халықаралық конвенция, экономикалық келісімшарттар дейсіз бе, әйтеуір, Қазақстанда мұндай тәжірибелерді қолдану әзірге Заңға қайшы саналады екен. Ал бұрын болмаған кино туралы Заң жобасының тек Парламентте ғана емес, сол саланың мамандарының ортасында депутаттар, министрлік өкілдерімен бірге талқылануы келешекте отандық кино саласында елеулі өзгерістердің пайда болатынын көрсететін сияқты. Меніңше, бастысы Заң қабылданса болды, ары қарай өзгерістер мен толықтырулар енгізіп отыру қиын емес.
— Мемлекеттің қамқорлығында болу — мемлекеттің тапсырысын орындау деген сөз бе? Айтқым келгені, белгілі бір деңгейде шектеу қойылып, ол туындының сапасына әсер етпей ме?
— Бұл жерде мен дайындап шығарған туындыларымыз прокаттық тұрғыда мемлекет қамқорлығында болуы керек дедім. Яғни, отандық өнімдер Голливуд, Еуропа, Ресей мен Қытай, т.б. елдердің киноларымен бірдей деңгейде прокатқа шықпауы тиіс. Керісінше, біздің фильмдерімізге басымдық берілуі керек. Мәселен, мейрам күндері тек қана ұлттық өнімдеріміз және прайм-тайм уақыттарда отандық кинолар көбірек берілсе дегендей. Ал кино өндірісіне сырттан келіп ешкім араласа алмайды. Қазір әркім өзінің көзқарасымен түсіріп жатыр, ол айтпаса да түсінікті. Сонымен бірге талқыланған Заң жобасының ерекше атай кететін тұсы — ұлттық кино жасаушыларға салықтан босату сияқты бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Мұның өзі ұлттық кино түсіруге үлкен мотивация болмай ма?
— Дұрыс айтасыз. Бір сөзіңізде «Халыққа қалағанын емес, керегін беру керек дейтін қағида бар» дейсіз. Ал өзіңіз бұл қағиданың үдесінен қаншалықты шығып жүрсіз?
— Бұл сөзді іс-әрекет тұрғысынан айтқан едім. Сондықтан нәтижесі қандай деңгейде екенін білмеймін. Өзіміз осы уақытқа дейін қанша туынды дайындап шығарсақ та, көрерменге керекті дүниені ғана ұсынуға тырыстық. Өйткені, біз интертеймент, яғни, қазір күліп, қазір ұмытатын ойын-сауықтық емес, көбінесе арғы жағында үлкен ой жататын, қазақты бірлікке шақыратын дүниелерді шамамыз жеткенше ұсынып жүрміз. Мәселен, соңғы шығарған «Шабдалы» фильмінде елдің ауызбіршілігін сақтау, оңтүстік-солтүстік болып бөлінбеу, руға бөлінбеу, керісінше адамдарды еңбекке, жақсылыққа шақыру секілді тақырыптарды қамтуға тырыстық. Және аталмыш тақырыптар осы фильмде сәтті көрініс тапты деп сенімді түрде айта аламын. Өйткені фильм жарыққа шыққаннан кейін көптеген мақалалар жазылып, ұнамды пікірлер айтылды. Солардың барлығында да осы айтылған қазақы ұғымдар толықтай қамтылып, көрермендердің көңілінен шыққаны анық байқалды. Осыдан-ақ біз қалағанымызды жасап шығарсақ та, көрерменге керегін бере алғанымызды түсіндік әрі бір жағынан қуандық. Ал қалағаным осы екен деп ойын-сауық үшін қаптаған комедиялардың қатарын толтырудың қажеті шамалы сияқты. Мысалы, қыз бен жігіттің арасындағы махаббат, жігіттің қыздың үйіне барып қонуы сияқты көріністерден гөрі көрерменге пайдалы, бүгін көріп, әбден күліп, ертесіне ұмытып отыратын емес, тағылымға толы кинолар көп болса екен деймін.
— Қаптаған комедиялардың дені қазақы менталитетімізге сай емес дейсіз ғой?
— Менталитетімізге мүлдем жат деп кесіп айта алмаймын. Себебі, біреудің еңбегін жоққа шығарғым келмейді. Тек бірыңғай күлкі шақыратын емес, халықты кез келген мәселеге басқаша көзқараспен қарауға шақыратын ерекше фильмдер жарыққа шықса екен деген тілек бар.

Көрермен қазақ киносына толықтай сенуі керек

— Қай салада болмасын өзімізді өзбектермен салыстыратын әдетіміз бар ғой. Осы Өзбекстанның киноларынан олардың ұлттық ерекшеліктерінен бұрын шынайылық сезіліп тұрады деп жатамыз. Мұның сыры неде деп ойлайсыз?
— Мұның бірнеше комплекстік мәселелері бар. Біріншіден, өзбек фильмдерін тек қана «өзбектер» жасайды. Яғни, қаны да, жаны да өзбек, өзбекше сөйлейтін, Өзбекстанның ішкі мәселелерін жете түсініп, жақсы білетін ауылынан шыққан өзбектер. Екіншіден, өзбектің актерлары да өзбекше таза сөйлейді. Бізде дүбәра әртістер көп-ақ. Не орысшаны, не қазақшаны қатыра алмайтындар жетерлік. Орысшасы жақсы шығар, бірақ, қазақша сөйлеуді қатыра алмайтыны нақты енді. Сол үшін біздің елде киноны қолға алғанда тек қана қазақтарға ма, әлде қазақстандықтарға арналған фильм бе соны біліп алу керек.
Өзбектерді асыра мақтай бергім де келмейді, өйткені, өзімізде де таланттар жетерлік. Меніңше, өзбектер киноларын шетел көрсін, солар танысын деп түсірмейтін сияқты. Олар өзіміздің көрермен көрсін, кишлактағы Баһадүр ата көрсін, болмаса Айман апа көрсін деп түсіретін сияқты. Ал бізде ше? Біздікілер еуропалық жюрилер тамсансын, Қазақстанды шетел танысын деп түсіретін секілді. Осы жерде айтқым келетіні, біз Қазақстанды танытуымыз керек, шетелдіктер танысын деген комплекстен арылуымыз керек. Біз алдымен өзімізді танып алуға тиіспіз. Бір-бірімізді танып, менталитетімізді бойымызға әбден сіңіріп алайық, сосын жасаған дүниеміз бір-бірімізге қызық болса, оған шетелдіктер міндетті түрде қызығады. Өзімізді өзіміз танымай жатып, анау қызықсыз, мынау қызықсыз деп сылтауратып, шетел көрсін, фестивальдердің сыйлығын алайық деп түсірсең бастапқы мақсатыңнан айырылып қаласың. Мақсатынан айырылып қалған кез келген режиссердің қолынан шалажансар туған дүние шығады. Сосын келіп біздің киномызды өзіміздің көрермендер көрмейді деп ренжиді. Қазақтың фильмдерін қазақтар көрмейді емес, көреді. Көрермендерді кінәлау дұрыс емес. Бар кінә — мына бізде, режиссерларда! Біздің өзімізде проблема жетерлік.
— Соңғы сұрақ болсын. Шалажансар дүние дедіңіз ғой. Ал «шалақазақша» түсірілген фильмдерге көзқарасыңыз қалай?
— Бұл үрдісті ақтамаймын да, жақтамаймын да. Бізде киноны таза қазақша түсіруге болады. Бірақ жасанды шығады. Өйткені күнделікті тұрмыста орысша араластырып сөйлейтіндіктен, актерлардың тілі қазақша шықпай жатыр. Алысқа бармай-ақ, екеуміздің әңгімемізден де байқасаң орысша сөздер араластырып сөйлеп отырмын. Бұл мәселеге кімді кінәлаймыз, оны білмеймін. Ал кино саласындағы бүгінгі біздің негізгі міндетіміз — көрерменді сендіру. Сенім тұрғысынан қазақ-ша-орысша араластырып түсіруге мәжбүрміз. Алайда мұны әдетке айналдырып алмау үшін уақытша процесс деп қабылдауымыз керек. Яғни, одан арылатын күнге де жетеміз. Өйткені көрермен қазақ киносына толықтай сенген кезде таза қазақша фильм ұсына аламыз. Сенім деген бірден пайда болмайтындықтан, әзірге «шалақазақша» кино ұсынудан басқа амал жоқ. Бірақ, тағы айтам, мұны ақтамаймын да, жақтамаймын да.
— Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан – Ермұрат НАЗАРҰЛЫ

(19)