Бүркітші қыз «Білім-инновация» лицейінде білім алмақ

25 қыркүйекте елордадағы “Spectrum” халықаралық мектебінде “Білім-инновация” Халықаралық қоғамдық қорының басшысы Дархан Өте жаһанға “The Eagle Huntress” деген атпен танымал бүркітші қыз Айшолпан Нұрғайыпқызына қордың білім грантын табыстады деп хабарлайды kazaknews.kz порталы.
Бұған дейін Айшолпан туралы сюжетті көріп, жеткіншектің өнеріне таңырқағанын айтқан қор президенті Д.Өте ұлттық құндылығымызды дәріптеп жүрген Айшолпанның Отанын бір көргісі келген тілегін ескеріп әрі болашақта жаһандағы үздік жоғары оқу орындарында білім алуға бар мүмкіндікті жасау үшін “Білім-инновация” Халықаралық қоғамдық қоры білім грантын ұсынып отырғанын жеткізді. Білім грантының құны 20 мың доллар тұрады.
“Spectrum” халықаралық мектебінің басшысы Артур Төлепбеков Айшолпанның білім алуы үшін бар жағдайдың жасалатынын, жатын орны мен тамағы, оқу құралдарымен толықтай  қамтамасыз етілетінін айтты.
Айшолпан Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында жергілікті мектептердің бірінде 12 сыныпта оқиды. Бала кезінен құсбегілікке әкесі баулыған. Айшолпанның құсбегілік ата-бабасынан мұраға қалып келе жатқан өнер екендігін айтады.
2016 жылдың қазанында атақты америкалық режиссер Отто Белл Айшолпан туралы  «Бүркітші қыз» (The Eagle Huntress) деректі фильмін көпшіліктің назарына ұсынған болатын. Фильм жарыққа шыққаннан кейін Айшолпан әлемдік білім мен ғылым саласында көшбасшы саналатын Гарвард және Оксфорд университеттеріне шақырту алған еді. Әлемге әйгілі ЖОО-да оқу үшін Айшолпанға міндетті түрде шет тілін жоғары деңгейде меңгеру қажет. Айшолпанның анасы Алмагүл қызына терең білім алып, жан-жақты шыңдалуына бар мүмкіндік беріп отырған Қазақстанға және “Білім-инновация” Халықаралық қоғамдық қорына зор алғысын білдірді.

(24)