Бір адамның қателесуі — мыңдарды адастырады

Дін — қоғамдағы ең өзекті тақырыптардың бірі. Бұл тек Қазақстанда ғана емес, басқа елдерде де солай. Сондықтан осы салада мақала жазып, сюжет әзірлеп, оны бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайтын журналистер қауымының да діни сауаты болуы керек. Себебі, бір автордың қателесуі — мың оқырманның адасуына әкеліп соғуы әбден мүмкін. Жақында ҚР Қоғамдық даму министрлігі осы тақырыпта қалам тербеп жүрген журналистерді Астанаға жинап, «Дін тақырыбын БАҚ-та жариялау» атты оқыту-тренингін ұйымдастырды.
Семинарға еліміздің барлық облыстарынан келген 20-дан астам журналист қатысты. Түрлі республикалық және облыстық БАҚ өкілдері алдында ҚР Қоғамдық даму министрлігіне қарасты Қоғамдық келісім комитеті төрағасының орынбасары Балғабек Мырзаев, Д.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының профессоры, филология ғылымдарының докторы Гүлмира Біләлова сынды ғалымдар дәріс оқыса, «Kazmedia» медиамектебінің директоры Махаббат Есен, «Еуразия-1» телеарнасының тілшісі Нұрбек Бекбау сияқты танымал журналистер өз тәжірибелерімен бөлісті.
Қоғамдық келісім комитеті төрағасының орынбасары Балғабек Мырзаевтың сөзінше, «Дін тақырыбын БАҚ-та жариялау» тақырыбына арналған оқыту-тренингі осымен үшінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Енді БАҚ өкілдерімен алдағы уақытта да тығыз байланыс ұстап, осындай семинарларды жыл сайын өткізуді межелеп отырғанын айтты. Сондай-ақ, Қазақстандағы діни ахуал қазір қандай деңгейде тұрғанына кеңінен тоқталып, алдағы жоспарлармен де бөлісті. Спикердің айтуынша, Қазақстан халқының  72 пайызы Ислам дінін ұстанса, 22 пайызы православ дініне сенеді. Сонымен қатар қалған 7 пайызының діни сенімі басқа бағыттарда.

Біз үш бағытта жұмыс істейміз

— Дін саясатын реттеу мақсатында әзірленіп, қабылданған арнайы бағдарламалар бар. Соның бірі — Елбасы жарлығымен бекітілген «Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы». Міне, осы құжатта көрсетілген тапсырмаларды орындау мақсатында біз үш бағыт бойынша жұмыс жүргізудеміз. Біріншісі — еліміздің зайырлылық сипатын дамыту, екінші — еліміздегі  тіркелген діни бірлестіктер мен діни конфессиялар арасындағы байланысты, татулықты нығайту, үшінші — теріс ағымдағы діни бірлестіктерге тосқауыл қою. Міне, осы секілді маңызды мәселелерді іске асыру үшін бізге журналистер қауымының көмегі ауадай қажет, — дейді Балғабай Әбдіқайымұлы.
Қазақстанда ресми түрде тіркелген 18 діни конфессия бар. Республикалық Қоғамдық келісім комитеті осы діни ұйымдардың барлығымен бірдей байланыс орнатып, бірдей жұмыс жасайды. Ал діни бірлестіктер өз тараптарынан заң шеңберінен шықпай, мемлекет қойған талаптарды орындауы парыз. Яғни, өздерінің діни сенімдері бойынша ғибадат-құлшылықтары мен діни рәсімдерін және үгіт-насихат жұмыстарын белгіленген орындарда ғана жүргізулері тиіс. Бұл — еліміздегі дін өкілдерінің барлығына қойылған бірдей талап, бірдей заң.
— Қазақстан халының негізгі бөлігі мұсылмандар болғандықтан, кейбір азаматтардан «басқа діни конфессиялардың жұмысына заң бойынша тосқауыл қою керек» деген ұсыныстар түсіп жатады. Бірақ біз зайырлы мемлекетте өмір сүретін зайырлы қоғамның өкілі болғандықтан ондай қадамға бара алмаймыз.  Бірақ кейбір діни ұйымдар тарапынан заң бұзушылықтар анықталғандықтан әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды. Себебі, олар қоғамдық орындарда діни әдбиеттерді тарату сынды басқа да үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген, — дейді Балғабек Әбдіқайымұлы.
Балғабек Мырзаевтың сөзінше, болшақта ҚР Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек. Сонымен қатар Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстер қайта қаралып, діни ұйымдар тарабы заң бұзушылықтарын тоқтатпаған жағдайда Қылмыстық кодекспен жазалау мәселесі қаралуда. Себебі, қазіргі қолданыстағы заң бойынша мемлекет оларға айыппұл салумен ғана шектеледі екен. Егер, олар белгіленген айыппұлды уақытында төлеген жағдайда одан ары әрекет жасай алмайды. Сондықтан болашақта заң бұзушылар Қазақстан азаматы болса қылмыстық жауапкершілікке тарту, егер шетел азаматы болса Қазақстанның аумағынан шығару мәселесі қарастырылатын болады.

Орамал дауы тағы ушықты

Көпшілікке белгілі жаңа оқу жылы бастала бере орамал дауы тағы ушықты. Еліміздің батыс өңірінде кейбір азаматтар кәмелеттік жасқа толмаған қыздарын мектепке арнайы формамен емес хиджаппен апарған. Ал оқушыларға сабақ формасымен келуді талап еткен мектеп әкімшілігімен бір мәмілеге келе алмай отыр. Істің соңы сотқа жетіп, «діншілдер» әкімшілік қамауға алынды. Бұл мәселеге қатысты министрліктің ұстанымы мынау:
— Біз ешқашанда азаматтардың діни сеніміне қарсы болған емеспіз. Үйінде және көшеде мұсылманша киініп, қыздарымыз орамалдарын таға берсін. Бірақ мұның да өз шарттары бар. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мұсылман адамға неше жасынан бастап діни рәсімдер парыз болатынын айқындап берді. Яғни, кәмелеттік жасқа толмаған мектеп оқушылары үшін орамал тағу парыз еместігін айтуда. Бұл — мемлекеттің емес, діннің үкімі. Бірақ, өкінішке қарай, кейбір өңірлерде екінші-үшінші сынып оқушылары орамалмен мектепке баруда. Бұл мемлекеттік мекеме болғандықтан заң оған рұқсат етпейтіні рас.  Сондықтан біз азаматтарымыздың арыз-шағымын ескере отырып, мектепке арнайы бөлме әзірледік. Бұл мектеп ішіне кіргеннен кейін діни киімдерін сақтап қойып, шыққанда ауыстырып, киіп кетуіне жасалған жағдай. Батыстың кейбір діншілдері бұған да келіспей отыр, — дейді ол.

Шам еліндегі соғысқа балалар да барған

Жаһанды алаңдатқан халықаралық түйткілдердің бірі — Сирия соғысы. Кейбір ақпарат көздеріне сүйенсек, Шам еліндегі шайқасқа  Қазақстаннан 300-дей азамат барды деген болжам бар. Бірақ қазіргі күні олардың қаншасы соғыста мерт болып, қаншасы тірі жүргені бір Аллаға ғана аян.
— Соғысқа барып қайтыс болған азаматтардың балаларын елге жеткізу жағын ойластырудамыз. Себебі, олардың ата-аналары қылмыскер болғанымен, балаларында ешқандай кінә жоқ. Кейбір мәлімет бойынша, ол жақта ата-аналарымен еріп барған 100-дей бала болса, олардың жартысы екі мен жеті жас аралығында екен. Өздеріңіз ойлап көріңіздер, ондай жастағы балалар соғыс дегеннің не екенін де білмейді. Сондықтан оларды елге аман-есен жеткізіп, қайта тәрбиелейтін болсақ, біздің қоғамның толыққанды мүшесі болып кетеді деген ойдамыз. ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып, ата-анасыз қалған балаларды арнайы орталықтарда қайта тәрбиелеу туралы жоспар әзірледік. Бірақ ол жақтағы азаматтардың құжаттарына және екі ел арасындағы кейбір мәселелерге байланысты  толық шешімін тапқан жоқ. Ал Сирия соғысында қайтыс болған бірнеше азаматтың отбасы елге оралды. Қазір Ақтөбе жақта тұрып жатыр, балалары мектепке барады. Ересектері ол жақта қарулы қақтығыстарға қатыспағанын және қолдарын қанға малып, адам өлтірмегенін дәлелдеген жағдайда жұмыс істеуге мүмкіндік бар, — дейді Балғабек Мырзаев.

Ислам діні қазақ еліне қалай таралды?

Биыл ҚР Қоғамдық даму министрлігі мен Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы бірлесе отырып, тағы бір үлкен жобаны қолға алып отыр. Ол — Ислам дінін Қазақстандағы мектебі бойынша зерттеу. Яғни, елімізде Ислам дінінің таралу тарихы қалай болды, жұрт алғаш дінді қалай қабылдады, дінді алғаш таратушылар қандай тәсілдермен жұмыс істеді деген секілді сауалдарға жауап беріледі. Сонымен қатар, діни ағарту ісімен айналысқан үлкен ғұламалар еңбегі де зерттеліп, БАҚ арқылы халыққа көрсету жоспарланған.
— Деструктивті діни ағымдардың көбеюінің бір ғана себебі бар. Ол — халқымыздың Ислам діні құндылықтарын толық білмеуі. Мысалы, асыл дініміздің тек ана дүниедегі пайдасын ғана емес, осы дүниедегі ерекшелігін, адамға берер жақсылығын көптеп айту керек. Себебі, дін ең бірінші тірілер үшін қажет. Ислам құндылықтарының бірі — білім алу. Яғни, кейбір ашылмай келген мәселелерді зерттеп, оны халыққа насихаттау арқылы адасушылықтың алдын аламыз. Сонымен қатар өзге діндер тарихына да зерттеу жүргізу керек. Өйткені тарихты білген адам ешқандай қателікке жол бермейді. Бұл жерде журналистер қауымының қосар үлесі зор. Себебі, сіздердің ең бірінші алға қойған мақсаттарыңыз да осы үгіт-насихат жұмыстары. Сондықтан болашақта сіздермен тығыз байланыста жұмыс жасауға дайынбыз, — деп аяқтады сөзін Балғабек Әбдіқайымұлы.

Салафиттер деген кімдер?

Нұрбек БЕКБАУ, журналист, сарапшы:
— Дәстүрлі Ислам дінін мойындамайтындардың бірі — «салафиттер». Ал «салафит» дегеніміз кім, қайдан шықты? Біз осының тарихын білуіміз керек. Негізі, мұндай адамдар Алланың Елшісі болған Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыздың дәуірінде ғана болды. Яғни, сол тұстағы мұсылмандардың тақуалығы мықты, діни сенімдері жоғары, құлшылықтары түгел болды. Сондай-ақ діни білімдері терең еді.  Ал қазіргілер «солардың жолын жалғастырушымыз» деп жүр. Бірақ Құраннан бірнеше сүре және Пайғамбарымыздың бірнеше хадисін жаттап алып, «салафизм» жолын жалғастыру дегеніміз бос әурешілік. Содан бері қанша ғасыр өткенін білесіздер. Сондықтан бұл мүмкін емес. Мысалы, біз Абылай ханның дәуірін қайталай аламыз ба? Жоқ. Біз де өз тарихымызды білеміз, ұмытпаймыз, құрметтейміз. Бірақ ол кезге қайтып бара алмаймыз ғой. Ол заманға қайта оралу үшін қайта көшпенділік үрдісті қалыптастырып, атпен жүріп, киіз үйде тұруымыз керек.
Салафизмнің өзі бірнеше топқа бөлінеді. Біріншісі — мемлекетшіл. Яғни, биліктің саясатын қолдайды олар. Ал кейбіреуі жиһадшыл болып келеді. Мемлекеттің саясатына түбегейлі қарсы. Бірақ біз үшін бұл екеуінің залалы бірдей. Күндердің күнінде қай-қайсысы да мемлекетке қарсы шығуы мүмкін. Сондықтан қазірден бастап оларды ата-бабамыз ұстанған дәстүрлі Исламның жолына түсіруіміз керек.

Тілеуберді САХАБА

(32)