Аты-жөнді қазақшалау тек өзімізге байланысты

Аты-жөнді қазақшалау тек өзімізге байланыстыт немесе Джумалиев, Айнура, Асема болып қашанғы жүреміз, ағайын-ау!

Қызыл империя күйрегенмен, оның еккен дәні әлі күнге улы жемісін беріп келеді. Жетпіс жылда құлдық қамытын мықтап киген қазақ елі тәуелсіздіктің ширек ғасырында одан арыла алар емес. Бұл айтылғандарға күллі қазақтың бір кісідей аты-жөнін қазақша жаздыра алмай жүргені мығым дәлел. Алдағы әңгіме шала қазақша есімдер мен орыс орфографиясына бас ұрып жазылған жартылай қазақша ныспылар жайлы болмақ.
Кеңес кезінде қазақ тіліне қысым жасағаны белгілі. Ол тілдік саясаттың қазақы есімдерге «шабуылымен де» айқындалады. Қазақ тіліне тән дыбыстарға «жойқын соққы беру» үрдісі жетпіс жылдан астам уақыт жүйелі жүргізілді. Қазақты өзінің төл дыбыстарынан ажырату арқылы дүбәра, дүмбілез ету мақсаты көзделді. Бұл кеңестік мүдде бүгінге дейін сақталып отырғаны өкінішті. Жаңа туған сәбиге ата-анасы Жігер деп ат бергенде,  құжат толтырған маман Жигер деп жасытып жіберген. Өмірбек есімін әлі күнге дейін орысшаға бұра тартып, Омырбек деп жүргеніміз де ащы шындық. Тегіміздегі — ов пен — евтен арыла алмай, «әлдекімді ренжітіп аламын ба?» дегендей жалтақтап, тайсақтап жүргенімізге ширек ғасыр толды. Соған қарап отырып, тәуелсіздігіміз санамызға әлі дендеп сіңе қоймаған ба деген үрейлі ойға қаламыз. Себебі құжат толтыруда орысшаға бағынып жазу қанымызға сіңіп кеткен. Құлдық санадан қайткенде арылуға болады?
Бір қуанарлығы — көптеген қазақ отбасылардың перзенттеріне таза қазақша есім беріп, толық ұлттық сипаттағы текпен түрлендіріп отырғаны. Батырлардың, хандардың, билердің есімдерін беру фактілері жиілегені — егемен еліміздің тарихын тереңнен қопарып, ұрпағына сіңірту қарекетін қамдап жатқанын көрсетеді. Дінмұхамед есімді балалардың өз аттарын мақтаныш көріп, Д. Қонаевтың елге еткен еңбегі туралы жүйелі әңгіме тиегін ағытқанын көргенде, қуанышымызда шек болмады. Неге десеңіз, мұндай ұлы тұлғалардың есімін алған балада мақтанышпен қатар сол ұлылыққа деген жауапкершілік сезімі болатыны да белгілі.
Мұндай рух көтерер жайттар болғанымен, кереғар оқиғалар басым болып тұр. Дәлел ретінде айтарым — Алматы мектептерінің кез келген бір сынып оқушыларының аты-жөнін сүзіп қарағанда, басым бөлігінің тектерінде жіңішкелік белгісі көзге сүйелдей басылып, ұлттық намысты «жіңішкертіп» үзіп жіберердей жиі ұшырасады. Әлмира — Альмира, Әсел — Асел, Әлмұхаммед — Альмухаммед болып «түрленіп» кеткен. Бұл түрленудің төркіні тым әріде жатқаны бесенеден белгілі. Тектері тексерілген балалардың тәуелсіздіктен кейін туылғанын ескерсек, орысшаға тәңірідей табынудан «теріс» жазылған есімдер расымен де ұлттық құндылықтың деңгейін көрсетіп тұр. Біздің елімізде Тәжікстандағыдай «тек ұлттық аттар берілсін» деген шектеу жоқ. Әркім өзі қалаған есімді айдар ете алады. Сондықтан да Айнұрлардың Айнура болып, Әсемдеріміздің Асема болып кеткендері намысты шабақтайды.
Жә, барды баяндадық, жоқты жіпке тіздік. Енді бұл шала қазақша аттардан шығар жол қайсысы? Ол жол заңдық тұрғыда қарастырылған. Егер бала кәмелетке толмаса, оның тегін өзгертуге ата-анасы толық құқылы. Ал 16 жастан асқан азаматтар өз тегін қазақшалауға, яғни өзгертуге хақысы бар. Ол үшін жергілікті Әділет басқармасы мен АХАЖ, халыққа қызмет көрсету орталықтарына бару жеткілікті. Ал кәмелетке толған азамат өз атасының атын тек етіп алғысы келсе, оған туған әкесінің туу туралы куәлігі қажет болады. Егер азамат өзге елде туылса, ҚР аумағында тегін өзгерткісі келсе, онда туу куәлігі тіркелген елге сұраныс жіберу қажеттілігі туындайды. Бұл құжаттар көшін білген адамның «әй, қойшы, тегімдегі жіңішкелік белгісімен-ақ қылдай болып жүре бергенім артық» деуі де ықтимал. Бұлай қолды бір сілтемес үшін бар қазаққа керегі — өткір ұлттық намыс.
Ұлттық намыс әр қазақтың отбасынан басталуы шарт. Бізге Джумалиев деген азамат келді. Оған «Д» әрпін алып тастауды өтіндік. «Менің төлқұжатымда солай. Оны өзгертуге сіздердің де, менің де хақым жоқ» деп ол кісі үзілді-кесілді қарсы шықты. Яғни, аты-жөнін өзгерту өзімізге, намысымызға байланысты, ағайын! Иә, әрбір қазақ сәбиіне қазақы есім беріп, оның толық қазақша жазылуын қадағалап, құжатын май шаммен қарап, қабылдап алса, бүгінгідей ала-құлалық болмас та еді. Әлі де кеш емес. Қазақылануды өз тегімізден бастап, ұлттық бояуды есімімізге ұялатуға әлі де кеш емес.

Айзат Рақыш

(49)