«Менің таңдауым — балаларға көмек көрсету»

«Менің таңдауым — балаларға көмек көрсету!» атты ұранмен №40 жалпы білім беретін мектепте 2018-2019 оқу жылының 1 тамыз — 30 қыркүйек аралығында дәстүрлі республикалық «Мектепке барар жол» атты қайырымдылық акциясы өтуде. Акцияға байланысты мектеп бойынша «Мектепке барар жол» акциясын өткізу туралы жоспар бекітілді. Осы уақыт аралығында аз қамтылған отбасынан шыққан оқушыларға мектеп әкімшілігі тарапынан демеушілер іздестіріліп, материалдық көмек көрсету жағы қолға алынды.

Бұл қайрымдылық шараның мақсаты — әлеуметтік көмек алуға құқығы бар аз қамтылған, көпбалалы, тұрмысы қолайсыз отбасылардың балаларына, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға және басқа санаттағы балаларға әлеуметтік көмек көрсету, оқумен қамтылмай қалған мектеп жасындағы балаларды анықтау және есепке алу, сондай-ақ әлеуметтік себептер (киімдерінің, аяқ киімдерінің, мектеп құралдарының жоқтығы) бойынша балалардың мектепке бармауын алдын алу.

Осы акцияны іске асыру жоспары негізінде мектебімізде тұрмысы төмен отбасы балаларына көмек көрсету мақсатында мұғалімдер мен ата-аналарға арналған ақпарат бұрышы ашылды. Дәстүрлі қайрымдылық жұмыстарының нәтижесі жан-жақты демеушілерге хат жазу, ақпараттандыру жұмыстары арқылы көп ұзамай жемісін тапты. Акцияның алғашқы іс-шарасын қоржынымызды сауапқа толтырайық деген бастамамен тамыз айының 20 күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазреттің бастамасымен Алматы орталық мешітінде «Мектепке жол» қайырымдылық акциясымен басталды.

Бұл шара аясында әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан 1300 балаға оқуға қажетті құрал-жабдықтармен толтырылған мектеп сөмкелері табысталып, Құрбан айт мерекесінің құрметіне орай «Құрбан айт құтты болсын» айттық сыйлық қорапшалары үлестірілді. Осы қайрымдылық шараға біздің де мектебіміздің жағдайы төмен отбасынан шыққан 20 балаға көмек ретінде оқуға арналған мектеп сөмкелері мен мектеп жабдықтары табыс етілді.

Шараға Алматы қаласының кәсіпкерлері, солардың ішінде, Алматы қаласы мәслихат депутаты, білікті кәсіпкер Қайрат Құдайбергенов және «Уақып» корпоративтік қайырымдылық қоры мен «Ықлас» қайырымдылық қауымдастығы демеушіліктерін көрсетті. Бұл игілікті іске Алматы қаласы мешіттерінің имамдары да өз үлестерін қосып, айлықтарының 10 пайызын қайырымдылыққа жұмсады.

Аталмыш акцияның ігі істері 25.08.2018 жылыАлматы қаласы, Бостандық ауданы әкімі аппаратының, Бостандық ауданы әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің және аудандық Мемлекеттік кірістер Департамментінің демеушілігімен өз жалғасын тапты. Осы аталған әкімшілік мекемелердің демеушілігімен «Мектепке жол» атты республикалық акциясының медиа-жоспарына сәйкес мектебіміздің әл ауқаты төмен және көп балалы отбасынан шыққан 40 балаға көмек ретінде оқуға арналған мектеп сөмкелері мен сабақта қолданатын дәптер, кітаптар табыс етілді.

28 тамыз күні Алматы қаласы Бостандық аудандық Ішкі істер бөлімі, жергілікті полиция бөлімшесінің ювеналды полиция қызметкерлері де, қайырымдылық шарасынан шет қалмай, көмекке мұқтаж жандарға әлеуметтік көмек көрсетті. Атап айтсақ, мектебіміздің қабырғасында Алматы қаласы Бостандық аудандық Ішкі істер басқармасы ювеналдық полиция бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Рита Махметованың ұйымдастыруымен ювеналды полиция  қызметкерлері әл ауқаты төмен және көп балалы отбасынан шыққан  мектебіміздің 10 оқушысына оқуға арналған мектеп сөмкелері мен сабаққа қолданатын оқу құралдарын табыс етіп көмекке мұқтаж ата-аналарды бір қуантты.

Көмекке зәру балалардың бір сәттік қуанышына куә болған полицейлер қолдан келген көмектерін аямайтындықтарын жеткізіп, жаңа оқу жылына сәттілік тілеп, елдің қорғаны болар үлкен азамат болып өсетіндеріне сенім білдірді.

Осы акция аясында мектебіміздің 70-ге жуық  баласы мектеп сөмкелерімен және оқу құралдарымен қамтамасыз етілді.

Олай болса, мектеп басшысы ретінде мектебіміздегі әлеуметтік жағдайы төмен оқушыларына жылулық танытқан, мейрімділік көрсете білген демеушілерге мектеп ұжымы атынан, ата-аналар атынан алғысымды білдіре отырып, осындай қайрымдылық игі шаралар жұмысы мектеп қабырғасында әрі қарай жүзеге асырылатынына сенім білдіремін.

АСҚАР САРБАҒЫСОВ,

Алматы қаласы, Бостандық ауданы

№40 жалпы білім беретін мектептің директоры

(18)