Тірі өлік немесе жел қуған қаңбақтар неге көбейіп кетті?

Ұлы дала ұлағатының түпсіз терең екенін ғасыр көзімен қарағанда қас қағым сәтте көзі ашық қырағылардың көзін жеткізді, жалпы бәріміздің емес. Олай дейтін себебім заманның ала құйыны ортасында жел қуған қаңбақтарымыздың саны кемудің орнына, арта түсуінде.

Қырық пышақ қырқылжың қыламын…

Сипаттап айтқанда тарихпен де, заманмен де сөйлесе алатындарымыз нарыққа сұрақ қойыпты: «Адамдарды шүлдік қыламын» депсіз, оны қалай түсіндіресіз?» — деп. «Оларды адамдық кейпінен айырамын, сонда шүлдік болмағанда, кім болмақ?» — деген екен. «Адамдық кейпінен қалай айырасыз?» — дегенде, «Қырық пышақ қырқылжың қыламын, жақсысын жаманға айналдырамын», — деп қысқа қайырған екен.            Үйленгендер келісімшартқа отыруы керек екен, ол өркениетің ұсынғаны, озған елдердің заңы, ол мәдениеттіліктің белгісі, біз озған елдерден қалмауымыз керек, тағы басқа түсініктер «әйел теңдігі», «әйел құқығы» заңдармен толықты. Сонымен отбасын құрмай жатып, «айырылу» дегеннің шетін шығарып, дайындап қойдық. Ал осы жасағанымыздың ұлы даланың бір сөзбен айтқанының маңы түгіл шаңына да ілесе алмайтынында шаруамыз жоқ, «келінің қызыңдай болсын» деп көпті көрген деген үлкендеріміз де сайрай жөнелдік. Неге дейсіз бе? Қатардан қалмау керек қой. Ата-баба не деді дейсіз бе? «Барған жеріңе судай сіңіп, тастай бат», — деген десек, олар оны «барған жеріңе балдай сің» деп өзгертті, бабалар бал сөзін білмегендей. Ал «отымен кіріп, күлімен шық» деген биіктігін мүлде ұмыттық. Енді орны ауысқан, айтылуға тиістілері айтылмаған осы түсініктер отбасын біріктіруге ме, әлде бұзуға ма, неге арналған, өздеріңіз талдап қараңыздар. «Қазақ даласында айырылысу болмаған, олар жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған» деген түсініктер енді біршама жылдан кейін ертегіге айналуы мүмкін. Сөйтіп өркенитке жақындауымыз бұл бағытта да алдымызға «жан салмау жетістігімен» дамуда.
Нарықтың екінші айтқанына үңілсек, «жақсыны жаман қыламын» дегеніне, бұл оңайдың оңайы екен ғой. Оның «жақсы жақсы емес, не пайдалы сол жақсы» заңына сүйенгендердің тойына барыңыз, сонда көресіз кімнің қайда отырғанын, кімге көп көңіл бөлетінін. Ақсақалдар, не ақындар, не азаматтар ма, әрине қалталылар. Ал әкімдер болса, «О-о!», круто болмақ. Әлбетте қалталыларға ешкімнің қарсылығы жоқ және оны қызғаныштан қаралауымыз деп ойламаңыз. Мұны айтқанымыз бабалардың «байлық қума, қараясың» дегенін ойға салғымыз келгені ғой. Себебі байлық қуғандардың жан жүйесінің қарая бастағаны күнделікті өмірден анық байқалады. Байларды жайына қалдырып, Елбасы сынаған үш қабат үй тұрғызып, оны өткізе алмай жүрген «іскерліктерін» айтпағанда, мастанған, масайраған шенеуніктерді айтайықшы, халық ақшасына шетелдің көлігін алып, шетелдің бешпентін киіп шелтиген, өзімізде көлік жоқтай, өзіміздің киім жоқтай. Елбасы айтпаса, шетелдің көлігі мен киімін киіп шелтие берер ме еді, әй қайдам, олардың сырт дүниесі иілмегенімен, ішкі дүниесі өзгерді деп ойламаймын. Оны өршіп тұрған жемқорлық айғақтайды. Бұдан он жылдай бұрын жемқор десе, түңілетінбіз. Енді ол бедел беретін іске  ұқсап, орны төр болуға айналып барады. Сөйте-сөйте халықтың санасын өзгерту оңайдың оңайына айналудан «оңайдың» зорайуына бағытталуда. Бір тонналық торт жасау, он көлік міну, ұлан асыр той жасау жарыстары қарапайым ғана дүние. Ал ұлы далалықтар айтқан «бұ дүниеде жарыстың біреуі ғана жарыс, ол — адамдықтың жарысы» дегенді ойға салғымыз келгені ғой, оны еститін құлақ, көретін көз болса.
ҰБТ-дағы «Ойбай!»

Ендігі айтпағым, нарықтың ойнақ салғаны аздай, өзімізге өзіміздің ойнақ салғанымыз. Жемқорлыққа жол бермеудің соңғы жолы деп, ұлттық бірыңғай тестіні енгіздік және ол мектептің негізгі көрсеткіші болды. Содан басталды да кетті «әйдәй шап», «қалмай шап», «жанай шап», «ойбай шап», «жайпап шап»-тың қиямет қайымы. Мектеп оқуды ысырып жаттауға кірісті, оның оқушыны сақау қылатын, ойын байлайтын мақаулығын ескермей, талайлардың отбасына жемқорлық болып енетінін ескермей. Нәтижесі не болғанын өздеріңіз білесіздер, олар елін емес, өзін ойлайтындар, себебі оған жету жолы оларды осыған итермеледі, қалыптастырды. Енді оларды қайта даярлап түзеткіміз келеді, бабалардың «табиғат теңестірмегенді заң түзетпейді»-сін ескермей. «Осының бәрін неге жіпке тізіп отырсыз, жетістігіміз аздай» дерсіз. Оныңыз дұрыс, мен қара жағу үшін санамалап отырған жоқпын, керісінше  «ауруын жасырған ауырмай өлетінін» еске салғым келгені.
«Тәрбие бесіктен басталады» деп тақылдамай, айтып, айтып жауыр қылып, мәнін кетірмей, оны алтындай ардақтауымыз керектігін ойға салғым келгені. Мәнін түсінбей білгішсінгендер алтынымызды мысқа айналдыра бастағанын айтқым келгені. Ата-баба ақыл айтпаған, өнеге көрсеткен. Орындалмайтынды ақыл есебінде айтып, жалқын жастарымызды ақыл сөзден безіндірмеуімізді айтқым келгені. Үлкен де, теледидар да ақыл айтуға құмар, ал жеткіншектің өмірден көргені басқа: ақшасы бар төрде отырады ақылымен емес, қалтасымен. Қайда да оларға жол ашық, ақылды болғаны үшін емес, қалталы болмағы үшін. Қайта-қайта айтуда ескірмейтін Құран сөзі ғана, адам тілі қайта-қайта айтуды көтермейді, сондықтан жиіркеніш тудырады. Айтайын дегенім «басқа пәле тілден» екенін ескерту,  оның «елге пәле тілден» болып кетпеуі үшін. Ата-баба жаугершілік заманда қобыз үнін естіртпеген, жасытады деп. Неткен тереңдік. Қанша білімдіміз десек те кейде ата-баба деңгейінен көріне алмайтынымыз өкінішті-ақ. Сондықтан ата-бабаның «он үште отау иесі» деуді «он бес» деп түзетудің қажеті шамалы, қанша оқымысты болсақта. Сондықтан «қазақ әйелі бір қолымен бесікті, бір қолымен жерді тербетеді» деп қазақ әйелін қорлаудың қанша қажеті бар? Сондықтан алтынымызды қорламайық, бесігімізді түзетіп алғанша.

«Бала тапқандікі емес, баққандікі»

Иә, Сіздің «бесігіміз түзелді, оған қандай кінә тағасыз?» деуіңіз орынды-ақ. Бірақ Сіз мына сұраққа жауап бере аласыз ба? Ананың баласы үшін тілейтін үш тілегін айта аласыз ба? Айта алмасаңыз біреуін ғана есіңізге салайын: «Жаратқан Ием, баламды иірілгеннің иірімінен, жиырылғанның жиырымынан сақтай гөр» дегені ойыңызға орала ма? Оралса, оны түсіндіре аласыз ба? Бесікке қалай жақындайтынымызды білмесек, баланы неге беске дейін патшаша күтетінімізді білмесек, бар білгенімізден не пайда екенін көріп жүрміз ғой. Ата-баба қандай терең, анаға баласы үшін әрбіреуі үштен тұратын үш тілек айттырған.  Сондықтан әйел қартайғанда ел анасына айналған. Осыларды ана толық білмесе, бала оныкі ме, әлде «білетін» біреудікі ме? Интернет құшағындағыны толық менікі деп айта аласыз ба? Бабалардың «бала тапқандыкі емес, баққандыкі» дегенін есіңізден шығардыңыз ба? Әлде, енді не шара деп отыра бересіз  бе? Кейбіреулер баланың бос мезгілі болмасын деп жеті-сегіз үйірмеге апарып жүр. Сол дұрыс деп ойлайсыз ба? Соның бәрі ананың бір елжірегеніне тұрмайтынын білмейсіз бе? Сол тасу арқылы балаңызбен арада тек биологиялық қатынас қана қалатынын білмейсіз бе? Ал рухани қатынас басқалардың қолында, олар жақсы болса да бәрібір, басқаның аты басқа. Жиренше хан сарайынан лашығына барғанда «Ай-хай, кең сарайым, боз үйім!» — деп неге айтты, соның тереңіне үңілдіңіз бе? Барлық мән де, маң да осы «ай-хай»-да жатыр ғой, біле білгенге…
Білім  және  білім  министрінің  пәрменімен Алматы, Атырау мектептерінде «Жерұйық» ғасырлық жобасы бойынша пилоттық жоба өткізілді. Осы жылдың наурыз айында оның таныстырылымы Атырау облысының Мақат, Жылой аудандарында өткізіліп өзінің жоғары бағасын алды. Енді қараңыз жобаны қорытындылау кезінде оған қатысушылар тепе-тең екіге жарылды. Жартысы, Мақат ауданының барлық тәрбие-білім мекемелері, Атырау қаласының екі мектебі және Алматы қаласының төрт мектебі, жобаға жүрекжарды пікірлерін білдірсе, қалғаны, Атырау қаласының екі мектебі, Жылой ауданына келген жиырма шақты мұғалім жұмған ауыздарын аша алмады, бір сәтте айтқандарынан тайқып, таныстырылым кезінде жобаны көкке көтерген «жаппай шаптар» осылай екінші топты құрады. Таныстырылым кезінде жобаны дымдары қалмай қолдаған жиырма шақты Ақтау қаласы мектептерінен бір ғана №21 мектеп-гимназия сөзінде тұра алды, қалғандары екінші топты құрады. Енді өздерің бағамдай беріңіздер екінші топтың жайын. Осы жерде ұлы далалықтардың «басында ақыл ұстаз, соңында айналар ол шәкіртке» дегені ойға оралады…
Қазақ — Қалмақ соғысында қарсыластар күш сынасуды жекпе-жектен бастайды екен. Жекпе-жектің түгелге жуығы қазақтардың еншісінде болған. Қалмақтар айқайға басып шапса, қазақтар «ә, мынау жеңілді» дейді екен. Қанжығалы Қабанбайдан өштерін алуға бірнеше жыл дайындаған алып сайыскерін шығарып, ол дымы қалмай айқайлап, даурыққан екен. Қабанбайдың алпысты алқымдаған кезі екен, Абылай бастаған топ оның орнына басқаны шығарғысы келсе, Қабаң көнбей, айқайлап, шуламай, қой қайыруға шыққан қойшыдай асықпай қалмақ батырына жақындаған екен. Қалмақ батырының сырт пішініні адам шошырлықтай екен, астындағы қазан аты есектей көрініп, қазақ жағы демдерін ішіне тартып, қалмақ жағы батырымен қоса айқай-шуға басыпты. Ал қазақ батыры сол жайбарақат итбүлкілімен тыпыршып, тағат таппаған қалмаққа жақындағаны сол екен, қалмақ атынан жерге сырғып түскенде, енді қалмақ жағы демін ішіне тартыпты. Сөйтсек, қалмақ уыздай жас екен, қазақ батыры оны өлтіргісі келмей найзасымен аттан ысырып түсірген ғой.  Оны түсінбеген қалмақ ашуға булығып атына қайта мінгенде, «саған керегі осы ма» дегендей, бір айыр шөпті көтергендей қалмақтың бір батырын найзасымен көкке көтерген екен. Міне, үнсіздіктің үлгісі, іс бітірерлер айқайламайды, шуламайды.

Бәрін Елбасыға
ысырмай, тірі екенімізді көрсетейік!

Біздің берекесіз айқай-шуымыздан шаршаған Елбасы, кейде «шаршаған боларсыздар» деп бағытты басқа жаққа бұра білудің шебері. Соның бірі — «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру». Үлгі көрсету үшін «Нұр Отан»-да жаңғыруы керек деді де, қараңыз оның қалай жаңғырғанын, көз қуанады, ой шалқиды, бірақ оған айқай-шудың қатысы жоқ, тек «ішің білсін ару-ай» бар, ғашықтардың үнсіз тілі.
«Сонда Сіз бізге не айтқыңыз келеді» дерсіз. Көрген адамға айтарымның бір ұшын шығарып қойдым, әр жағын өздері шешсін деп. Ата-баба «ананың табанының астында жұмақтың кілті бар» деп жұмбақтады. Сол жұмбақтың не екенін айтып едік, оған елтіген жай адамдарды да, әзірге биліктегілерді де көрмедім. «Бәрін Елбасына ысыра береміз бе, бізде де тірі екенімізді көрсетейік» деп талай есікті қақтым, ашылмады. Телеарналарға да жақындағым келді, жақындатпады. Газеттерге бардым, «біздің тақырып емес» дегенді  естідім, жағамды ұстадым. Бар шаруаны бітіретін, біздің тақырып емес дегенді айтпайтын, жақындатпаудан ұялатын жалғызым осы «Qazaqstan zamany» арқылы іштегі сырымды ашып  тағы бір жұмбақ тастайын,  ол  бабалардың  «тоғызыңда  қандайсың, тоқсаныңда сондайсың» дегені. Осыны терең түсінсек, «Жерұйық»-қа да жол ашылады. «Жерұйық»-қа жол ашылса, аңқаулығымыздан, аңғалдығымыздан ақ-қарасына қарамай жиып алған тіршілік атаулының қоқыстарынан бізді қорғайтындар да, тазартатындар да ұлы дала ұлағатының партасына отыра білген ұрпақ қана. Жоғарыдағы айтқандарды ой елегінен өткізе алсаңыздар, олардың бәрі осы жолды сілтеп тұр.
Жоғарыдағы мұғалімдердің екінші тобының аузына кім бе, әлде не ме қақпақ болған. Оның жұмбағын Абай айтып кетті, «Адам деген даңқым бар, Адам қылмас халқым бар» деп. Сонда адам қылмастың күші неде, қызғаныштың қызыл қаншығында ма, араздықтың ала төбетінде ме, әлде құмарлық салған ұйма батпақта ма? Осыларды білмесек, осыларды елемесек, онда нарық айтқан «қырық пышақ қырқылжың»-ның үстінде тұр екенбіз ғой. Ұрпақты осы қырқылжыңнан тазартпасақ, ұрпақты Абай айтқан «үйрет, үйрет ол да болсын өзіңдей ит» қылғанымыз ба? Ұлы дала жұмбағын да айтып, оны шештіріп те тұр өзінің жерұйығы арқылы. Қалталылар да ойлансын, қазағы үшін «осыдан қалған мал да мал» деп, «ұрпаққа бүгін салған жүз ертеңгі миллион, ал баладан аяғанымды ит жесін» деп қаражатын ортаға салып.
Қалтасыздар ойлансын, ойларын ортаға салып, қазақтың ойын қамшылап, «бірігер жеріміз осы» деп, айқай-шусыз, көзбен көріп, ішпен сезіп, ұрпағымыз бабалар ескерткен кезікке жем болмасы үшін.

Рамазан Жәшиұлы

(45)