Жаңа әкім сұлтанов үкіметке Астананы дамытудың тамаша жобасын ұсынды

     18 қыркүйектегі Үкімет отыры-сында Астана қаласының «су жаңа» әкімі Бақыт Сұлтанов «Астана қаласының 2019-2023 жылдарға арналған жинақы құрылысы жөніндегі кешенді жоспарын бекіту туралы» баяндама жасады. Алдағы бес жылда «атқарылады» деген жоспарлардың ішінде құрылыс салу аймақтары, экономикалық өсім және орта, шағын бизнесті дамыту, жол, көше аумақтарын кеңіту мен тұрғын үй аумақтарын абаттандыру, гүлзарлар салу мәселесі, 2021 жылға қарай қаланы газбен қамтылатын аудандары мен жаңа мектептер салу секілді көптеген өзекті мәселелер жиналысқа қатысушылар назарына ұсынылды. Еліміздің бас қаласының болашақ келбеті тек қана елордалықтар үшін емес, бүкіл ел үшін де көңіл бөлуге тиісті мәселе екені түсінікті. Жаңа әкімнің «жақсы баяндамасы» Астана қаласының алдағы уақытта тіпті де дами түсетіндігінен дерек бергендей. Себебі Астана қаласы тәуелсіз елдің болашаққа деген сенімі мен аршынды қадамының айғағы екені тағы бар. Сондықтан да Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев, Астана қаласының бас жоспары мен оның барлық тыныс-тіршілігін үнемі назарда ұстап отырады. Қала тарихынан хабары бар адамдар, жас қаланың бас жоспары мен қатысты жобаларының бірнеше мәрте өзгертілгенін, бұл тұрғыда Елбасымыздың табандылық танытып, көп күш жұмсағанын жақсы біледі.

Жоба мүдделі мемлекеттік органдармен келісілген. Игеру аумағының шекаралары 25 мың жеті жүз гектардан 15 мың төрт жүз гектарға дейін оңтайландырылды және 5 перспективалы құрылыс салу аймағы анықталды (Мыңжылдық аллеясы мен «Нұр-лы жол» темір жол вокзалы; Мәңгілік Ел даңғылы; Тұран даңғылынан батысқа қарай; Телман кентінен оңтүстікке қарай; Асан Қайғы көшесі ауданын жаңарту). Халықтың көші-қон және туу көрсеткіштерінің өсуі есебінен халық санының жыл сайын орташа есеппен 2,5 процентке ұлғаюы күтіледі (2023 жылға қарай шамамен 1 млн. 500 мың адам) және 2030 жылға қарай шамамен 2 млн. адамға жету жоспарлануда. Болжам бойынша экономика өсімінің жыл сайынғы қарқынының 4 проценттен 6 процентке дейін өсу салдарынан, 2023 жылға қарай елорданың Жалпы өңірлік өнімі 70% процентке ұлғайып, 10 трлн. теңгеден асады. Бұдан басқа, шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 216 мыңнан асып, 37 проценттен астам өседі. Өңірлік жалпы өнімде шағын және орта бизнестің үлесі 2023 жылы 57 процентке дейін өседі (2018 жылы – 50,5%). Экономика мен салық салынатын база өсімінің күтілетін қарқыны Жергілікті бюджет кірісінің 43,7 процентке, 355 млрд. теңгеге дейін ұлғаюын қамтамасыз етеді. Астана қаласынан республикалық бюджетке жыл сайынғы түсімдер 14 процентке, 2018 жылғы 823 млрд. теңгеден 2023 жылы 940 млрд. теңгеге дейін өседі. Сонымен қатар, алдағы 5 жылдың ішінде елорданың дамуына шамамен 6 трлн. теңге жеке инвестиция салынады. Осылайша, 1 теңге мемлекеттік инвестицияға 4-5 теңге жеке капитал салынатын болады. Өз кезегінде, бұл әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымның кеңеюіне, сондай-ақ тұрғын үй құрылысының өсіміне мүмкіндік туғызады. Аумақтарда белсенді құрылыс салу 2023 жылға дейін шамамен 10 млн. шаршы метр тұрғын үй енгізілімін қамтамасыз етеді.  Көліктендіру деңгейінің 8-9 процентке дейін жыл сайынғы ұлғаюын ескере отырып, 2023 жылға дейін 121 км жол, 2 жол айрығын, 3 көпір, 1 жол өтпесін, 1 тоннель салу және 1 айналма жолды аяқтау жоспарлануда. Көлік қаңқасын құру елорда жолдарында көліктік коллапстың туындауына жол бермеуді және қаланың негізгі магистральдарынан 50 процентке жүктемені төмендетуге мүмкіндік береді.

Нөсерлі кәріз жүйесі жаңаша салынады

Нақты шешімді қажетсінетін Астананың өзекті мәселелерінің бірі — нөсерлі кәріз. 2019 жылдың соңына қарай нөсерлі кәріздің қолда бар тазалау құрылыстарын реконструкциялау және жаңаларын салу, жұмыстарын өткізу жоспарланады. Бұл 17 мың гектар ауданды қамтуға (Жастар шағын ауданы, Ақбұлақ, Өндіріс тұрғын алаптары, Ш.Құдайбердіұлы даңғылы ауданы, Мыңжылдық аллеясы, «Нұрлы жол» темір жол вокзалы, Әскери қалашық) және жер үстіндегі сулардың кедергісіз кетуіне мүмкіндік береді. Су жинаудың жалпы алаңы 13 мың гектардан 23 мың гектарға дейін өседі, бұл 2030 жылға дейін игеру алаңының 66 процентке (34,6 мың га) немесе 2020 жылға нөсерлі кәріз желісіне ағын сулар алаңның 96,5 процентін (23,8 мың га) құрайды. Халыққа сапалы қызметтермен қамтамасыз ету үшін 150 км сумен қамту желілерін және 81 км су бұру желілерін салу күтілуде. Екінші, Жылу электр орталығын кеңейту және қайта жаңарту қосымша 2-2,5 млн. шаршы метр тұрғын және коммерциялық  алаңды орталықтандырылған жылу жүйесімен қамтамасыз етеді. Үшінші, Жылу электр орталығының бірінші кезегін салу қаланың батыс және солтүстік бөлігінің жылумен қамтамасыз етеді. Ал қуаттылығы сағатына 418 Гкал үшінші Жылу электр орталығының екінші кезегін салу Мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы жоспарланады. Сондай-ақ, 110 кВ үш қосалқы станциясын салуды және кабельдік желіге қайта жайластырумен 110 кВ ауа желілерін қайта жаңартуды көздейді. Бұл ЛРТ, Мыңжылдық аллеясы, Железнодорожный кентін электрмен қамтуға, қаланың оңтүстік-батыс бөлігінде жүктемені төмендетуге мүмкіндік береді. Газдандыру бойынша бірінші кезеңде 2021 жылға қарай Жылу электр орталықтарындағы су жылытқыш және шағын жеке қазандықтарды, сондай-ақ, тұрғын үй алқаптарын (Көктал, Оңтүстік-Шығыс, Шұбар, Family Village, Garden Village, Өндіріс, Агроқалашық, Железнодорожный, Пригородный, Тельман тұрғын алаптары) газ отынына ауыстыру жоспарланады. Бұл зиянды заттар шығарындыларын 30 процентке төмендетуге мүмкіндік береді. Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында Есіл өзенінің арнасын әрі қарай реконструкциялау жұмысын күшейту жоспарланады (12 учаскелер). Бұдан басқа, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында, қаланың кез келген тұрғын ауданынан 20 минуттық қадамдық қолжетімділікті қамтамасыз  ететін сая-бақтар мен гүлзарлар салу жоспарланады. Білім саласында 2023 жылға дейін келіп жатқан адамдардың есебінен контингенттік өсімі 124 мың жаңа оқу орындарын құрайды, оның ішінде тапшылықты 50% жекеменшік мектептер арқылы, 50% республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен (24 мектеп пен 10 жапсаржай) жою жоспарланады. 2019-2023 жылдары шамамен 63 мың орынға 37 мектеп пен 10 жапсаржай салу жоспарланады. Бұл 2021 жылға қарай мектептердегі оқу орындарының тапшылығын жоюға мүмкіндік береді. Мектепке дейінгі білім саласында 6 млрд. теңгеге 6 балабақшаны мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы салу жоспарланады. Денсаулық сақтау объектілері бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі белсенді түрде қолданылады. 44,1 млрд. теңгеге 13 объект салу, мемлекеттік-жекешелік әріптестік/ республикалық бюджет қаражаты есебінен 30,4 млрд. теңгеге тағы да 2 объект салу көзделеді.   
Кешенді жоспарды іске асыру үшін 1 трлн. 473 млрд. теңге қарастырылады, оның ішінде республикалық бюджет — 946 млрд. теңге (мемлекеттік-жекешелік әріптестік/ республикалық бюджет 100 млрд. теңге), жергілікті бюджеттен 527 млрд. теңге (мемлекеттік бағалы қағаздар шығару — 72 млрд. теңге, мемлекеттік-жекешелік әріптестік – 64 млрд. теңге). Сонымен қатар Кешенді жоспарды іске асыру қаланың да, жалпы елдің де экономикасын дамытуда оң әсер тигізеді. 5 жылдың ішінде бюджетке 7 трлн. теңге түседі (республикалық бюджетке — 5,2 трлн. теңге, жергілікті бюджетке — 1,8 трлн. теңге), сондай-ақ 6 трлн. теңге жеке инвестиция тарту жоспарланады. Бұл 300 мың жаңа жұмыс орнын құруға және 3 млн. турист тартуға мүмкіндік береді (негізгі жобалардың іске асырылуында 5 млн. турист тартылады).

2030-да Астанада
2 млн. тұрғын
болады

«Халықтың көші-қон және туу көрсеткіштерінің өсуі есебінен халық санының жыл сайын орташа есеппен 2,5 процентке ұлғаюы күтіледі (2023 жылға қарай шамамен 1 млн. 500 мың адам) және 2030 жылға қарай шамамен 2 млн. адамға жету жоспарлануда» деген жері де түсінген адамға талай жайды аңғартса керек. Астана қаласының халық саны қазірге дейін талай маманды есебінен жаңылдырып, талай жоспарды   қайта   қарауға  мәжбүр  еткені белгілі!
1998 жылы 270 мың ғана тұрғыны бар ескі шаһардан әлем көз тіккен әдемі қалаға айналу оңай болған жоқ. Бұл туралы көп айтылды. Соның ішінде ең қызықтысы да, көңіл қуантарлығы да қала халқының жылдам көбейіп келе жатқандығы деп едік. Еліміздің түкпір-түкпірінен білім іздеген, арман қуған жастардың барлығы өз болашақтарын осы жас қаламен байланыстырып, осы қалаға қоныс теуіп жатыр. 2000 жылдардың басында өз жобасымен жеңіске жеткен жапондық сәулетші, марқұм Кисе Курокаваның да есебі қате болып шықты. Сол кезде жан-жақты зерттеп көрген Курокава Астанадағы халық саны 2030 жылы 1 миллион болады деген болжам айтқан. Сонда, оның Голландиялық әріптесі тұрып, «2030 жылы Астанада ең көп болса, 800 мың ғана халық тұруы мүмкін» деген екен. Сонан бергі жердегі ресми мәліметтерді зерделеп көргенде, жас қалаынң жан саны жылдам өсіпті. Курокаваның«2010 жылы халық саны 400 мың болуы мүмкін» деген болжамын, қазақтар «теріске» шығарып, 2002 жылдың өзінде 500 мың астаналық тұрғын Арқаның аязына «жылынып» жүріпті. Сонан кейінгі жылдарда елордалық тұрғындар біртіндеп молая берді. Арада орын алған жаһандық экономикалық дағдарыстар да пәлендей әсерін тигізе алған жоқ. Керісінше, тығыздығы жылдам артып келе жатқан қалаынң бас жоспарларына өзгерістер енгізіліп, инфрақұрылымдары мен жолдар кеңейтіле бастады. 2015 жылдардың кезінде Астанада 800 мыңнан астам халық өмір сүрген болса, онан кейінгі жылдар да тоқырап қалған жоқ. Қазіргі таңда қаладағы мектептер мен балабақшалар құрылысын жеделдету, қалалық әкімшіліктің көкейде ұстайтын мәселелерінің біріне айналып отыр.
Бүгінгі баяндамада айтылған Астана қаласындағы халық санының өсу көрсеткіші туралы нақтылы цифрлар көңіл қуантатындай. «2030 жылы 800 мың тұрғын болуы мүмкін» деген жас қалада, «2030 жылға қарай шамамен 2 млн адамға жету жоспарлануда» деген болжамға өз басымыз қуанып отырмыз. Кезінде Елбасының «Астана қаласының негізгі құрылысы аяқталды. Ендігі жерде Астананың тәжірибесін облыс орталықтарында жүзеге асыра бастаймыз» дегені бар. Қасиетті қазақ жерінің әрбір бұрышы Алаш ұрпақтарының ірге тебер құтты мешін ұясы болатын күн де алыс емес!

Қаладағы жаңа ірі құрылыс алаңдарын аралады

Өткен сенбі күні Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов LRT көлік жүйесінің бірқатар жаңа стансаларын, құрама темірбетон арқалықтар шығару бойынша полигон, Есіл өзені арқылы өтетін жаңа көпірді, сондай-ақ Мыңжылдықтар аллеясы құрылысымен танысты. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты хабарлады. Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов Президенттің тапсырмасы бойынша LRT құрылысының орындалып жатқанын тексеріп шықты. Аралау барысында Б.Сұлтанов салынып жатқан LRT көлік жүйесінің бірқатар жаңа стансаларында болды. Қазіргі таңда құрылысшылар инженерлік желілер мен желі қадалары мен арқалықтарын дайындауда. Жобаны іске асыру барысы туралы Астана қаласының әкіміне «LRT құрылысы жөніндегі дирекция» ЖШС директоры Адильша Ермұханов баяндады. Жоспарға сәйкес, ЛРТ әуежай мен жаңа «Нұрлы жол» теміржол вокзалын байланыстырады. Эстакаданың ұзақтығы 22,4 км, қала бойынша 18 станса және 19 бірлік жылжымалы құрам болады.
Анықтама: Құрылыс-монтаж жұмыс-тарының негізгі жобасы 2017 жылы мамыр айында қытай компаниялары кәсіпорындарының консорциумы күшімен басталған. Осы жылы жұмыстар толық аяқталады. Құрылыс нысанының желілерінде шамамен екі жарым мың жұмысшы және 155 ауыр техника жұмыс жасауда. Сонымен қатар, Бақыт Сұлтанов құрама темірбетон арқалықтар шығару бойынша полигонға, Есіл өзені арқылы өтетін жаңа көпірге барды. Содан соң дирекция кеңсесінде көшпелі отырыс өткізіліп, онда Астана әкімі «ЛРТ құрылысы жобасын көрсетілген мерзімде аяқтауды қамтамасыз етуді» тапсырды. Сондай-ақ, Б.Сұлтановқа Мыңжылдықтар аллеясының (Алматы ауданы) құрылысы бойынша нақты жоспарларды таныстырды.

Ерқазы Сейтқали мен
Ермұрат Назарұлы

(26)