«Атама көлеңке түсіріп алудан қорқамын!» — деді Зейнеп апа Тараз өңірінде болғанда

Апта басында халық қаһарманы, қазақтың көрнекті жазушысы Бауыржан Момышұлының келіні,  Зейнеп Ахметова Әулиеата өңіріне келіп, жерлестерімен жүздесті.
Көрнекті жазушы алдымен Тараз қаласының орталығында орналасқан «Жеңіс» саябағындағы батыр Бәукеңнің еңселі ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Қайта жаңғыртылған демалыс орнын тамашалап, таңданысын жасырмады.
— Бұрындары атамыздың ескерткіші  театрдың бір жақ шетінде, көрінбей елеусіздеу тұрушы еді. Қазір еңсесі көтеріліп, биік тұғырда нағыз орнында тауыпты. Оның үстіне ескерткіштің артқы жағында орналасқан  Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің тақтасы, шейіт болғандардың белгітастарына қарап атаның жауынгерлері тұрғандай бойымды ерекше бір сезім толқытты. Бұл Әулиеата елінің қасиеттілігін, ұрпақ тәрбиесінің көрініс табатын киелі орын болады деп ойлаймын, — деді З. Ахметова.
Сол күні жазушы  «Баласағұн» орталық концерт залында облыс жұртшылығымен кездесіп, еркін форматта сұхбат құрды.Облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен өткен тағылымы мол кездесуді басқарма басшысы Берік Уәли ашып жүргізді. Аманат арқалаған жан» атты шараны көруге келген халықтың қарасы көп болды.Зейнеп Ахметова алғысөзін батырға келін болудың жауапкершілігі жөнінде бастады.        — Аллаға шүкір, мен Қазақстанның талай жерін араладым, еліміздің оңтүстік-солтүстігі, батыс-шығысы түгел мені арнайы шақырып жатады. Талай елдің дәмін таттым. Бұның барлығы менің кереметтігімнен немесе менің мықтылығымнан емес, мұның барлығы атаға жасалып жатқан құрмет деп белімін.  Бір үлкен кісі «Шуақты күндерді» сатып алып, орысшалау, тікбақайлау келініне алып келіп, «Мә, мына кітапты оқы! Бәукеңнің келініндей келін бол!» деп ұсынбай ма, сөйтсе келіні: «Бәукеңнің келініндей келін болу үшін, Бәукеңдей қайыната болуы керек» деп айтқан екен. Мінекей сол секілді менің Зейнеп апа, қазақтың келіні атанып жүруімнің барлығы сол атаның биік  рухы, қасиетінің арқасы. Атамды ардақтаған, құрметтеген қазақ деген текті халықтың жүрегінен таралып жатқан ұшқындарының маған да шарапаты тигендей. Әйтпесе кімге-кім келін болмай жатыр. Бірақ мені елдің бәрі біледі, көшеде келе жатсам таниды. Сонда «Сіз Зейнеп Ахметовасыз ба?» дегенде «Ол кім еді?» дегендей абдырап тұрып қаламын. Ал енді «сіз үлкен кісінің келінісіз бе, батырдың келінісіз бе?» десе елпең етемін. Шынында да егер ата болмаса мен кіммін? Мың жерден кітап жазайын, басқа болсын мұның барлығы атамның қасиеті, атамды жақсы көрген халықтың ниеті. Шындап келгенде мені халықтың өзі тәрбиеледі. Өйткені өзгенің келінінде елдің шаруасы жоқ, ал Момышұлының келіні қалай жүріп-тұрады, тіпті қалай киінеді барлығы халықтың назарында. Сондықтан атаға көлеңке түсіріп алмайын, атаға сөз келтіріп алмайын деп түзу сызықпен жүруге тырысамын, — деп Зейнеп әжей ағынан жарылды.
Кездесуде Зейнеп Ахметова ер Бәукеңнің айтқан өсиеттерін де тебірене жеткізіп, әңгіме барысында адам бойындағы кейде өзі байқамай да қалатын мінездері жайлы келелі ойын ортаға салды.
— Атам кейде үстелді тарс ұрып, «Көзіме қара!» дейтін. Ол кісінің көзіне рухың жетіп қарау қайда, ол дегенің өрттің ішіне секіріп кеткенмен бірдей. Дегенмен сескеніп  қарағандай  боласың. Сонда: «Жақсы адамның жақсылығын айтсаң да жағымпазданба, жаман адамның жамандығын бетіне бассаң да жала жаппа», «Қатарыңнан ассаңда халықтан аса алмайсың. Халықтың алдында басыңды иіп жүр» дейді. Ал үлкен кісіден бұдан артық қандай өсиет керек.
Мені біраз мақтап жібердіңіздер. Мақтау дегенге адам сеніп қалуы мүмкін. Мақтау деген бірінші кезекте адамды ұялтады, екінші рет сәл ғана ұялтады, ал үшінші рет адамға ұнайды. Төртінші рет айта түссе екен дейсің, ал бесінші рет жаныңа тіпті жағып кетеді. Содан кейін адам үйренеді. Ал одан кейін біреу мақтау сөз айтпай қойса қалай болатыны белгілі. Сондықтан мақтауға үйренбеу керек. Ал мен қанша мақтаса да қорықпаймын. Неге дейсіздер ғой? Өйткені оның бәрі атаға арналған. Егер атаның келіні болмағанда осынша мақтауды естімес едім. Сондықтан мақтап жатқанда мен ол сөздердің барлығын тек атаға өткізіп жіберемін, — деді З.Ахметова.
Рухани әңгімеге шөлдеген көрермен 2 сағаттық сырласу барысында Зейнеп Ахметова қаруы мен қаламын қатар ұстаған қайын атасы Бауыржан Момышұлы жайлы қызықты да тартымды әңгімелерімен қоса, бала тәрбиесі, келін мен ененің қарым-қатынасы, бүгінгі қазақы тойлардың форматын өзгерту мәселелері жөнінде кеңінен айтып, қазақтың салт-дәстүріне қайшы кейбір әдет-ғұрыптарды да сынап өтті.
— Тұсаукесер жоралғысын алайық. Оны еліміздің әр жерінде әртүрлі етіп өткізеді. Бүгінгі күні көпшілік тұсауксереде сәбидің аяғын байлайтын жіптің неге ала болатынын білмей жатады. Мәселен ала жіппен байлауды, біреудің ала жібін аттамасын деген мағына береді дегендей түсінік беріп жатады. Ол дегеніңіз мүлде дұрыс емес. Алажіптің мәні тіпті үлкен. Алажіп ол өмір, тіршіліктің нышаны, символы. Бір Құдай жалғыз, қалғанының барлығы екіден, ер мен әйел, ыстық пен суық, қараңғы мен жарық деп кете береді. Ол бірінсіз бірі жоқ. Мінекей,басына жақсылық келіп, бақыт басына қонған кезде асып-тасымасын, қайғы келгенде басылып-мүжіліп қалмасын, деген ниетпен екеуін тең кеседі. Қайшымен кесуге болмайды, себебі қайшы деген екі жүз. Сондықтан пышақпен кескен. Бұл жайдан-жай нәрсе емес. Қазақ ештеңені ойсыз шығармаған, — деді жазушы.
Залға жиналған халық сұхбат барысында көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, тұшымды жауаптар алды.
Жазушы ертесінде Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті мен Тараз инновациялық-гуманитарлық универси-тетінің жастарымен жүздесіп, салихалы әңгіменің тиегін ағытты. Сондай-ақ, бүгін Б.Момышұлы ауылының Мәдениет үйінде жуалылық жұртшылықпен кездесу өтуде.

Саятхан Сатылғанов

(31)