Алакөлдің бағын байлайтын тек жолы ма?

Алакөл — Қазақстандағы Алматы және Шығыс Қазақстан облысының аумағында орналасқан тұйық көл. Емдік қасиеті бар тұзды су қоймасы. Демалушылардың көбі денсаулықтарын түзету мақсатында келеді. Көл суы да минералды ресурстарға, йодқа, тұзға, химиялық элементтерге бай болғандықтан, судың денсаулыққа пайдасы медицинада дәлелденіпті. Судан бөлек, буын, тері ауруларын емдеу үшін қара, ақ балшыққа «оранып» алған туристерді көп кездестіресіз.

Тіпті Кеңес кезінде Алакөлде Ғарышкерлер үйі жұмыс істепті. Онда тек кеңестік ғарышкерлер ғана емес, басқа капиталистік алпауыт елдердің де көктен оралған ұшқыштары бойындағы радиациядан осы көлде демалу арқылы арылатын көрінеді. Жергілікті халықтың пікірінше Жоңғар шапқыншылы-ғы  кезінде  жараланған қазақ батырлары Алакөлдің суына шомылып, емделген деген аңыз бар. Әсіресе бұны Қабанбай (Үржар жағында) ауылының тұрғындары жиі айтады. Жылдағы әдетімізбен биыл да Алакөлде демалып қайтқан болатынбыз. Шипалы көлге апара жатқан көлік жүргізуші:   «Әнеугүні әуежайдан француздарды күтіп алып, Алакөлге апардым», — деді. Жаз бойы Алакөл мен Үржардың арасында туристерді тасып, ақша тауып жүрген география пәнінің мұғалімі екен. Әлбетте «Алакөлге француздар келіп шомылып жатыр» дегенге сенінкіремедім. Себебі нашар дамыған инфоқұрылым шетелдіктер тұрмақ, қазақстандықтарды қызықтырмайды.  Шипалы судан бөлек, туристік инфоқұрылымның төмендігі, шетелдік туристердің баса назар аударатын сәулетті демалыс орындарының жоқтығы, бәсекелестік болмағандық-тан бағаның қымбаттауы, сапасы сын көтермейтін жол,  жағажайдағы жабайы туризм т.т.
Қыркүйек айының басында бір топ журналистерді Алматы облысы Туризм басқармасы, «Ветер странствий» журналы және «Пеликан» отбасылық демалыс орталығының ұйымдастыруымен «Алабұға-2018» («Окуньколь») балықшылар фестифаліне шақырды. Емдік туризм ғана емес, еліміздегі балықшылардың басын қосатын бұл шара осымен 8 мәрте өткізіліп отырғанға ұқсайды. Бұл шара Алматы облыстық Туризм басқармасының бас маманы В.Ежикованың пікірінше, туризмді дамыту мақсатында ұйымдастырылады екен. Әдетте тамыз айының соңына қарай суға түсу маусымы жабылады деп ойлаушы едік. Қыркүйек айында да демалушылар қарасы көп. Бағымызға қарай күн жылы болды. Алматы облыстық Туризм басқармасының бас маманы В.Ежикова, «Ветер странствий» журналының бас редакторы Н.Боровая және т.б. сөз сөйлеп, өткізіліп отырған іс-шараның бағыт-бағдары мен мән-маңызын кеңінен түсіндірді. Екі күнге созылған сайыста фестиваль жеңімпазы Муслим Агапашаев атанды. Бүгінге дейін «Алабұға-2018» фестивалінің үш мәрте жеңімпазы атаныпты.  Екінші орынды Борис Шевкопляс жеңіп алса, үшінші орын алматылық  Юрию Клименкке бұйырды.
Алматы облысы Туризм басқармасының мәліметінше, Алакөл ауданында жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде нысандар саны 2014 жылдың деңгейімен салыстырғанда екі есеге өскен. 2017 жылы Алакөл көлінің жағалауында 1,5 млрд. теңге көлеміне 19 нысан қолданысқа беріліп, 209 жұмыс орны ашылған. Ірі нысандар арасында — «Grand Ville» демалыс аймағы (260 орын), жоба құны 350,0 млн. теңге, «Alakol resort» және «Atlantis» демалыс аймақтары (350 орын) бар. Қазір 400 орындық “Falcon Petroleum” ЖШС көпфункционалды қонақ-үйі кешені-нің құрылысы жалғасып жатыр.

Карипов Бауыржан

(20)