ЫНТЫМАҒЫНАН БӨЛЕК, ЭКСПОРТЫ МЕН ИМПОРТЫ ЖАРАСҚАН ЕКІ ЕЛ

1945 жылдың 2 қыркүйегі – Вьетнам халқы үшін ең ерекше әрі қастерлі күн. Бұдан 73 жыл бұрын дәл осы күні әйгілі көшбасшы Хо Ши Минь Ха-Ной Ба-Динь алаңында Тәуелсіздік Декларациясын оқып, Вьетнам Демократиялық Республикасының, қазіргі Вьетнам Социалистік Республикасының құрылғанын жариялады. Содан бері әуесі оқтан, елі мен жері оттан аман келе жатқан Вьетнам Социалистік Республикасының әлемдік аренада, әсіресе, Азия елдерінің ішінде беделі зор. Құрылғанына биыл 51 жыл толған Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қауымдастығы (АСЕАН) халықаралық ұйымының жарты ғасыр ішінде үлкен жетістікке жетуінде Вьетнамның да ауыз толтырып айтарлықтай үлесі бар.

       Жуырда аталмыш мемлекеттің тәуелсіздік мерекесі Астанада да атап өтіліп, оған халықаралық ұйымдардың өкілдері, елшілер мен вьетнамдықтар қатысты. Вьетнам Социалистік Республикасының елшісі Доан Тхи Суан Хйен қайсар да батыр мемлекеттің әр азаматы кез келген ұлт өкіліне сондай ізетті екенін байқатып, шараны қазақша сөйлеуден бастады. 29 маусымда Қазақстан мен Вьетнам республикаларының дипломатиялық қатынасына 26 жыл толса, екі ел арасынан қыл өтпес дос мемлекетке айналды. Осы үшін де және әлемде бейбіт келісімді насихаттап жүргені үшін Вьетнам елшісі Қазақстан халқына және оның Президенті Н.Назарбаевқа алғыс білдіріп, ізеттілікпен басын иді.

      Ал, жиынға қатысқан ҚР Сыртқы істер вице-министрі Ғалымжан Қойшыбаев Вьетнам елшісін және осы елдің Қазақстандағы өкілдерін тәуелсіздік күнімен құттықтап:

-2011 жылғы ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Вьетнамға және 2012 жылғы Вьетнам Президенті Чыонг Тан Шангтың Қазақстанға жасаған өзара сапарлары саяси сенімге және екі елдің жан-жақты өзара әрекет етуіне негізделген Қазақстан-Вьетнам арасындағы қарым-қатынастарының жоғары сапалы деңгейін көрсетті. Біз Вьетнаммен аймақаралық ынтымақтастықты дамытуға үлкен мән береміз. Биылғы жылдың соңына дейін қазақстандық және вьетнамдық делегациялардың жоспарланған сапарлары өзара сауда-саттықтың өсуіне, екі ел арасындағы экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейтуге оң ықпал ететініне сенімдімін. Құрметті Елші ханым, Сізге және барлық Вьетнам халқына гүлдену, бейбітшілік, игілік және табыс тілеймін,-деді.

      Өзара ынтымақтастықтан бөлек, экспорты мен импорты жыл сайын тең түсіп отыратын Қазақстан-Вьетнам елдерінің байланысы бұдан әрі беки түспек. Ресми мәліметке сүйенсек, 2017 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 542,7 млн. АҚШ долларын құрады. Оның ішінде: Қазақстан Республикасынан экспорт – 274,2 млн., Қазақстан Республикасына импорт – 268,5 млн. АҚШ долларын құраған.

(14)