Шыбық тимес шыңқ етерлер ел көсегесін көгерте ме?

Өткенмен біржола қош айтыстық. Ал жаңадан тапқан берекеміз қаншалықты?
Жаңаша оқыту мен «тың» тәрбиеден не күтеміз?
Кешегі кеңестік білім беру жүйесін істен алғысыз етіп, жаңартылған білім беру мазмұнына көштік. Кешегі мен бүгінді бір сәт салыстырып, бағамдап көрейікші. Жаңаша оқыту мен «тыңнан» беріліп жатқан тәрбиенің сипаты қандай?
Біріншіден, жаңартылған білім беру мазмұнына көшудегі мақсат — әлемнің дамыған отыз елінің қатарына кіру. Енді осы жерде бір сұрақ туады: отандық, яғни қазақы қалыпты сақтап жаңарсақ, әлемнің озық елдерімен терезе теңестіре алмаймыз ба? Өзгенің білім беру жүйесін толықтай «көшіріп алғанда», ұлттық білім беру бояуы қашып, сүреңсіз келешекке тап келмейміз бе?
Екіншіден, жаңаша оқытудың «су жаңа» оқулықтарында қазақтың ұлы тұлғаларынан гөрі шетелдің өзіне де аса белгілі емес ғалымдары көп кездеседі. Мәселен, электронды оқулықтардың жүйесін алғашқылардың бірі болып жасаған Майкл Харт есімі 7-ұлт сыныптарының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінде ұшырасады. Харт есімімен сусындау — озықтықтың бір нышаны ма? Харттың орнына қазақтың ұлы тілтанушысын немесе кез келген ақын-жазушысын берсе, оқ бойы озықтық таныта алмай қаламыз ба? Сұрақ көп анталаған, алайда көңілді демдер жауап жоқ.
Үшіншіден,  оқытудың жаңаша түрінде пәндер тоғысқан түрге ие. Нақтырақ айтқанда, қазақ тілі мен қазақ әдебиеті элементтері бірігіп, қос пән өзара кірігіп кетті. Орыс тілі мен орыс әдебиеті пәніне де кірігудің салқыны тиді. Ал география пәнінде тараулар бойынша химияның, биологияның тақырыптары «адасып» жүр. Бұл әр пәнді бір шоғырмен ұсыну оқушының білім алу үрдісіндегі адасушылық пен шашыраңқылыққа, жүйесіздікке апармасына кім кепіл? Әр пәннің басын бір шалмай, пәнаралық байланыстарды тығыз сақтай отырып, аталған пәннің өзін негізгі тірек етсе жарар еді. Тағы бір мысал, 7-қазақ сыныптарында қазақ тілі пәнінен берілген тақырыптар шәкірттерге география сабағында отырғандай әсер қалдырады. Өйткені тақырыптарының түрі мынадай: «Табиғат пен адам — егіз ұғым», «Ауаның ластануы», «Климат пен ауа», тағысын тағы. Таза тілдік тақырыптар жоқтың қасы, есесіне географиялық білім басым түсіп тұр. Ал 6-қазақ сыныптарындағы қазақ тілі пәнінің тақырыптары да тілдік табиғаттан алыс, Қазақстанның көрікті жерлерін сөз етуден басталады. Осылайша жаңару пәндерді аласапыран араласуға алып келді. Мұның нәтижесін алғашқы жаңартылған сыныптар мектеп бітіріп, оқуға тапсырғанда белгілі болар. «Балапанды күзде санайды» деген сөз бар емес пе?
Төртіншіден, оқулығы мен бағдарламасы кірігіп, бірігуден құралған жаңаша білім беру жүйесінде тәрбие де «тыңнан» төте жол салуда. Кеңес кезіндегідей ата-ана баласын мұғалімге «еті сенікі, сүйегі менікі» деп бермейді. Керісінше қазіргі көп ата-аналар мұғалімнің үстінен қара іздеп, мін тапқысы келіп, кілтипан іздеп отырады. Себеп айқын: қазіргі оқушы-ата-ана-мұғалім үштігіндегі құқығы төмен тұлға тек қана соңғысы. Ал жоғары құқыққа ие болған өзге екеуі елірмегенде қайтсін? Содан да қазіргі мұғалім оқушының көзіне қарап тұрып, орынды сын айтудан, шынайы пікір білдіруден қалды. Мін айтса, «бала құқығын таптады» деп әкіреңдейді «әлділер». Ақиқатын айтса, «баланың намысына тиді», — деп және жекіреді. Содан көпірте мақтап, оңды-солды марапат білдіруден басқа лажы қалмайды. Әр сабақта тиісті-тиіссіз қолпаштай берген соң, бала тек мадақ естуге үйреніп алады. Өз ісінің мақтауға татитынын немесе татымайтынын ажыратқысыз күйге түседі. Шыбық тимес шыңқ етерлер елімізді қандай болашақпен кепілдендіре алады? Даңғаза мадақ, дүрмек марапат, орынсыз елірме мақтау баланың өзіне-өзі берер бағасын тым күшейтіп жібереді. Сол себептен де кеудемсоқ, өзімшіл, қиындыққа төзімсіз ұрпақты тіпті қалыптастырып та үлгердік. Бұл балалар ертең үлкен өмірге шыққанда, сәл қиындықтан тайсала қашып немесе бірден ата-анасына шағымдануға дайын тұрады. Жарым ырыс — жақсы сөзді қазақ атам халық дәстүрінде орнымен айтқан. Ал біз бүгін «жаңару» аясындағы «тым жаңа» тәрбиеге көшкенде, өз баламызға батып сөз айта алмайтын халге түстік. Үйде ата-ана перзентінің көңіліне қарап қалтақтаса, мектепте мұғалімі шын бағасын айта алмаса, ол баладан қандай тұлға шығады? Осындай алаңдаушылық туғызған «бала құқығы басым» жаңа тәрбиелеу тетіктерін қайта қараса! Әй, бірақ… Бұл тек арман болып қала берер. Өйткені бала құқығы деген атпен жасырылған бұл сыңарезу жаңсақ тәрбие жыл өткен сайын күшіне еніп, құтырып барады.
Келмеске кеткен кеңестік білім жүйесін аңсады деп қате ойға қалмасын қайсыбіреулер. Бұл өткенді аңсау емес. Кешегі мен бүгінді бағамдау ғана. Салыстырғанда қазіргі отандық деп аталып жүрген білім жүйесінің қаншалықты отаншылдығы мен тәрбиешілдігі аян болды. Шыбық тимес шыңқ етерлер бос белбеу, күйрек күйден арыла алмай, ел болашағы атты аманатты арқалауға қауқарсыз болып шықпаса игі еді.

Айзат Рақыш

(394)