Жат атауды өзгерту — тәуелсіздік талабы

Жат атауды өзгерту — тәуелсіздік талабы немесе Жер иесі, ата-жұрты үшін қанын төккен Әлмерек абыздың атын Шонжыға неге қоймасқа?!

Газетіміздің №34 санында (30 қыркүйек) тарих ғылымдарының кандидаты, Ш.Ш.Уалиханов атындағы Тарих этнология институтының қызметкері Әлімғазы Дәулетхан ағамыздың «Абдуллажан, жер-су атауларын жекелендіруге болмайды» деген мақаласы шыққан болатын. Бұл мақала туралы қоңырау шалғандар, әдейі ат басын бұрып келгендер де болды. Солардың бірі бүгін өз пікірін ортаға салып отырған Нұрмұқан Жанұзақұлы ағамыз.

Әлмерек абыз кім болған?

Әлмерек Жаншықұлы қазақ ұлтының ұлы жүз Албан тайпасынан Бәйдібек бидің жетінші ұрпағы немесе Жаншық, Бозым, Сүйменді, Сары, Албан, Жарқышақ, Бәйдібек болып таралады. 1658 жылы туылып 1754 жылы 96 жасында қайтыс болған. Сүйегі Алматы қаласының солтүстік шетіндегі «Әлмерек мазарында». Әлмерек бабамыз қазақ тарихында Албан тайпасындағы Абыз атын алған екінші кісі. Қазақ даласының аты әлемге жайылған, ел бастаған серкелерінің бірі — Шоған абыздан кейін ел ардагерлерінің ешқайсысына мынадай атақ бұйырмаған. Абыз дегеніміз — сол ру-тайпаның билерінің билігінің таласқа түскендеріне соңғы кесім жасаушы болса керек.
Әлмерек абыз бабаның туылған жылдары Қазақ ханы Жәңгірдің хандық құрған (1645-1680) кезіне тұспа-тұс келеді. Жәңгір ханды дене бітіміне қарай ел «Салқам Жәңгір» атаған. Жоңғар қалмақтары Қазақ даласын басып алуды сол Салқам Жәңгірдің хандық құрған кезінен бастаған. Сол соғыстарда Әлмерек соғыс өнеріне жан-жақтылы жетілген батыр атанады. 1680 жылғы Жоңғарға қарсы кескілескен соғыста Салқам Жәңгір хан қайтыс болады. Қазақтар алғаш рет жеңіске жеткенімен көп шығын тартады. Сонда да жаудың аптығы басылып, орнына баласы Тәуке таққа отырады. Ол әкесі тұсындағы бытыраңдылық пен тайпалар арасындағы алауыздықты жойып, қазақ елінің ішкі алауыздығын бәсеңдетіп, тыныштық орнатады. Осы даналығы үшін Қазақ халқы Тәукені «әз-Тәуке» — «Адамзаттың данасы» деп атап кетеді. Әлмерек әз-Тәуке хан жағынан бір бағыттағы сарбаздарға қолбасылық істейді. Әз-Тәуке хан жоңғарлармен бейбіт көршілік қатынас орнату үшін Қазыбек биді жоңғарларға елшілікке жібереді. Құлпырған Қазақ даласына көз тіккен қалмақтар келісім бермейді. Ал қазақтар өз жерін қорғап соғысады. Соғыс Тәуке хан тұсында да толастаған жоқ. Сол ұлтын, отанын, сүйемдей жерді қорғау үшін болған қанды шайқастардың ортасында қол бастап Әлмерек баба мен Қангелді батыр жүреді. Әлмерек бабаның қорғаған территориясы Жетісу өңірі яки қазіргі Алматы облысының жер көлемі екенін тарих шындығы дәлелдейді. Аңыздардағы ел аузында сол соғыстардың бірінде Әлмерек батыр Шонжы атты қалмақ батырының басын алады. Әлмерек пен Қангелді батырлар қалмақтармен соғысып жүргенде Қазақстанның басқа ұлттарын, әсіресе «империямыз бар еді» дейтін ұйғырлардың көлеңкесі де жоқ еді.
1718 жылы әз-Тәуке хан қайтыс болған соң ел іргесі бүліне бастады. Бұрыннан Тәуке ханнан ірге бөлгісі келіп жүрген кіші хан атағы барлар бас-басына кетіп, хандықтың берекесі кетті. Ел басын біріктірер хан шықпады. Қазақтың алтыбақан алауыз сұрқын көрген Жоңғар хандығы шабуылдаудың орайы туды деп біліп, 1723 жылы көктемде Қазақстанның оңтүстік бөлігіне баса-көктеп кіріп, бейбіт жатқан елді қырғындады. Тірі қалғандарының бір бөлігі жоңғарларға бағынып, ауыр азапты құлдық тірлік кешсе, енді бір бөлігі батысқа қашты. 1724-1725 жылдары жоңғарлар Сырдарияның бойына дейін жетіп, қазақтар Самарқанд, Алқакөл жаққа дейін қашып барды. Қазақтың тең жарымы қырылып, жоғалып кеткен бұл қасіретті заманды халық «Алқакөл сұлама» деп атады. Қазақ ұлты осындай ауыр қауіп басқа төнгенде қартайып қалған Әлмерек баба жас батыр Райымбекке жол көрсетіп, жауға қарсы қосын бастауға баулыды. Қосын ұйымдастырып, Жоңғар қалмақтарын қанға бөктіріп, олардың Жетісудағы қосынын Қытай шекарасы Сарсүмбеге дейін түре қуды. Қалмақтардың алғашқы қырғыны қазіргі Еңбекші қазақ ауданы мен Шонжы ауданы ортасындағы Көкбек жазығында болған. Қазірде сол жылдардағы Қазақ қосыны қалмақты қырған жерді «Ойран төбе» деп атайды. Онда Райымбек батыр (Қангелді батырдың немересі) бастаған Қазақ (албан, суандардан ұйымдасқан) қолы қалмақтармен болған үш шайқаста он мыңға жақын қолын қырып, екінші рет бұл араға қалмақтарды аяқ баспайтын еткен. Міне осы ұлы жеңістің басы-қасында адуын батыр, ақ баталы қарт Әлмерек абыз болған. Ол — ол ма, Әлмерек баба  әулиелігі арқылы жаудың жауырыншысын, өзінің жауырыншылық әулиелік өнерімен жаңылдырып, қалмақтарды алдап әкеліп, қазақ қосынының қоршауына түсірген. Осы данышпан Әлмерек баба Райымбек батыр әр реткі соғысқа аттанарда Әлмерек бабасынан бата алып, жауға аттанып отырған. Бұл шындықтар, Қазақтың ақ сұңқар ақыны Мұқағали Мақатаевтің «Райымбек, Райымбек!» дастанында төгіле жырланады. Тағы да баба туралы жазылған «Әлмерек баба» атты өмірбаяндық романда да тәптіштей айтылған.
Әлмерек баба жас кезінде әскери қолбасшы, орта жастан өткенде Абыз би, қартайған шағында көріпкел әулие болған адам. Абыз би болған кезінде елдің ішкі ынтымағын күшейтуге, елдің соғыстан кейінгі тұрмыс-тіршілігін қалпына келтіруге басшылық еткен. Халқын алғаш рет егіншілікке, отырықшылыққа бастаған адам. Еңбекшіқазақ ауданының Шелек, Байсейіт ауылдарында сол отырықшылықтың айшықты іздері жатыр. «Малыбай тоғанда да» солай. (Байсейіт, Малыбайлар Әлмерек баба немерелерінің аттары).
Қытай қазақтарының ғалым, жазушы, зерттеуші Тәліпбай Қабаев пен Қазақстан зерттеушісі Ораз Қауғабаевтің «Әлмеректің бес баласы және Еділ-Жайық» атты кітаптарында Әлмерек бидің әулиелігімен одан тараған ұрпақтардың да ел қамын түгендеген, ел намысын өз жандарынан артық көрген, ұлт намысын ту етіп көтерген данышпандар мен батырлар болғанын айтады. Үлкен баласы Жәнібек батыр, ал одан тараған Пұсырманбай, Тазабак, Жақыпберділердің Орыс империясының қазақ жерін тартып алған зорлығына қол бастап, қарумен қарсы тұрған батырлар екені тарих бетінде жазулы. Екінші ұлы Құрман Албан тайпасындағы ең өскен ру болып «Қабырға жетпес Қара Құрман» деп аталды. Құрман тұқымынан болған шөбересі Саурық батыр орыс пен қытайдан Қазақ жерін қорғау күресінде қастандықпен өлтірілсе, Саурық батырдың баласы Ұзақ батыр Ресей империясына қарсы көтерілген атақты Қарқара көтерілісінің ұйымдастырушысы әрі қолбасшысы. Әлмерек абыздың өз кіндігінен тараған бесінші ұрпағына дейін түгендесек, Албан тарихы мен шежіресінде аты қалған ұлы адамдар саны 40-тан асады «Жақсыдан жол, шешеннен сөз қалады демекші Әлмерек биден де аталы, баталы сөздер қалған. «Мал емгеннің бір бүйірі тоқ, Жер емшегін емгеннің екі бүйірі тоқ», «Қазақтың үш жүзі қазанның үш бұтына ұқсайды, үш бұт бірлесіп бір шеңбер жасап қазанды көтеріп тұру керек. Бір бұты сынса қазан төңкеріледі», «Тозған елден, торыққан ел жаман» тағы басқалар. Бұл даналық сөздер Қазақ көшін бастауда елеулі үлес қосқан, елдің рухын көтерген. Осындай ұлы дана бабаға бір ауданның атын беру — Тәуелсіз Қазақ мемлекетінің міндеті болуға тиіс.

Жер иесі қазақ өз билігін жүргізуге құқылы

Қазақстандағы ұйғыр ұлты Алматы облысына алғаш 1853 жылы, Ресей патшалық өкіметі мен Қытайдың Шынжаңдағы Құлжа қаласы келісімі бойынша Жаркент ауданына Орыс пен Қытай өкіметі жағынан көшіріліп орналасқан. Себеп, осыдан он жыл бұрын шекара таласы себепті Шар патша қазіргі Қытайдың Іле өңіріне әскер шығарып басып алған. 1853 жылғы келісім бойынша Шар орыс әскерін Іле өңірінен шығарып әкетеді. Бірақ аз ұлттардан 300 түтінді кепілге Ресей жақ Қазақстан шекарасына көшіріп әкетеді. Алайда олар Қазақ болмауы керек екен. Ресей отаршылдарының ондағы залым қулығы қазаққа қазақ қосылса күшейіп кетеді. Ол үшін таза топыраққа құм, тас араластыруға тура келеді. Осы келісім бойынша 150 үй ұйғыр мен 150 үй дұңғанды егін салу атауымен көшіреді. Бірақ Ресей империясының залым жоспары іске аспады. Үш ғасырдан бері Қазақ ұлтының қонақжайлылық пен мейірімділік құшағына бөленген ұйғыр ұлты өсіп-өніп, тыныш, тату-тәтті өмір кешіп келеді. Әсіресе Қазақстан республикасы тәуелсіздік алғаннан бері еліміздегі барлық ұлттар бейбіт, бақытты өмір кешуде. Оның үстіне 1962 жылы мыңдаған Ұйғыр азаматтары, сол кездегі екі ел Коммунистік билігінің жымысқы саясаты бойынша мыңдаған ұйғырларды «қашып» өтуге желіктіріп, олар ұйғырлардың жан санын молайтты. Қазір билік басындағы тәуелсіз Қазақ ұлты Ата заңымыз бойынша да, адами жағынан да барлық жерге өз билігін жүргізуге құқылы. Осы шындыққа  кедергі болу өз ұлтының бақытын басқа тепкендікпен бірдей. Шонжы ауданы ғасырлардан бері қазақтардың мекені. Жер иесі қазақтар, Нақты иесі Әлмерек абыздың елі. Оның қарастылығы — тарихтан бері Әлмерек бабамен оның тұқымдарының басқаруында болып келеді. Шонжы ауданын 19 ғасырдың ортасында орыс отаршылдарына ерлікпен қарсы күресіп, ұлт тәуелсіздігін аңсаған Әлмерек бабамыздың шөбересі Саурық батыр Әлпарұлы басқарған болатын. Саурық батыр тіпті Қытай жерінің Іле ауданын да емін-еркін меңгерген адам. Қазір Іле Қазақ облысының Күнес ауданының тауында Саурық батыр қыстауының орны «Саурықтың сайы» деп аталады. Саурыққа өшіккен Ресей өкіметіне Құлжа қаласының бегі Солтан атты ұйғыр жансыздыққа сатылып, Саурық жөнінде Ресей жаққа мәлімдейді. Екі жақ бірлесіп оны ұстап Қазақстанға әкетеді. Алайда Саурықтың ел ішіндегі беделінен жасқанған орыс өкіметі қонаққа шақыру сылтауымен Саурық батырдың үзіңгісіне у жағып өлтіреді. Осындай тарихи дәлелдер Шонжы елді мекеніне Әлмерек абыздың атын берудің заңды екенін көрсетеді.
Енді Шонжы деген атауға келейік. Мен  жазба деректерден емес, ел аузындағы ауызекі әңгімеден тарап жүрген аңыздардан «Шонжы» деген сөз Әлмерек батырдың Тәуке ханның алғашқы кезіндегі немесе Әлмеректің батыр болып қол бастап жүрген кезінде оның өлтірген қалмақ батырының аты деп айтылады. Оған мынадай дәлелдер келтіру қиын емес. Қалмақтар алғаш басып алған кезде сол аймақтың жер-су аттары қол бастап келіп қазақ жерін басып алған Қалмақ қолбасыларының атымен аталған. Мысалы, Шонжының батысындағы Қаскелең ауданы. Оңтүстігіндегі Кеген ауданы, Іргелес Шарын өзенінің аты тағы басқалар. Сонымен бірге «Шонжы» деген сөз қазақ тілінде араласып жүрген моңғолдардың «Шоқыр» (өзен аты) «Шолымты» (Өткел), «Шолақай» (сайдың аты) тағы басқа сөздермен үндес келеді. Сонымен бірге «Шонжы» деген сөз өз кезінде Қазақ жерін қалмақтар басып алған аймақтардың көбінде кездеседі. Әрі «Шонжы» атаулары сыртқы моңғұлдан бері қарай қазақ топырағына бір сызық бойынша тартылып қойылған. Мысалы: Шынжаңның Үрімжі қаласының шығысындағы сыртқы моңғұл шекарасына ең жақын ауданының аты қазір «Шонжы ауданы» деп аталады. Ал Үрімжі деген қаланың аты ап-анық «Үріпжіл» деген моңғұл байдың аты. «Үріпжілдің сайы» деген жер бар. Содан соң Іле облысының орталығы Құлжа қаласының шығысындағы 70 шақырым жерде «Шонжы» деген сай бар. Онда қазір Құлжа ауданына қарасты «Шонжы» мал фермасы тұрады. Ал моңғұлдар атында да осыған ұқсас  «Шөпіл», «Шорын», «Күнжі» деген адам аттары бар. Осы айтқандарымыздан «Шонжы» деген атаудың «көне ұйғыр тілі» емес, тап-таза моңғұл тілі екенін білеміз. Ең күлкілісі — осыдан үш ғасырдан бұрын ұйғыр ұлты Шонжы өңірінде өмір сүрмесе қалайша ол арада «Ұйғыр империясы өмір кешіп, ұйғырлар бұл жерге Жасыл алқап» деп ат қойсын?!
Қазақстанға ұйғыр (кейде Сарт деп те аталды) ұлты қоныстанғалы үш ғасырдан ғана асты. Қазақ ұлты осы үш ғасыр ішінде ұйғыр ұлтына көптік, күштілік мінез көрсеткен жоқ. Қонағуарлық, жанашырлық, аяушылық көрсетіп, көмек қолын созып келеді. Екі ұлт та отаршылдық қудалаудың, кемсітудің, екінші дүниежүзілік соғыстың тақсыретін тең тартқан ұлттар. Олар осы үш жүз жылдан аса уақыт ішінде аралас көрші болып отырып, әрқандай ұлттық алауыздық тудырып, бір-біріне шоқпар көтерісіп көрген жоқ. Әсіресе Тәуелсіздік алғаннан кейін тіпті солай. Алайда жақыннан бері ішінара адамдар қай-қайдағы өтіріктерді ойдан шығарып, ғасырлардағы Қазақ топырағын қазақ қанымен суғарған топырақта, моңғұл басқыншы қарақшысының атын ұялмай өзінің ана тіліне кіргізбек сияқты. Мен бұларды, яғни Қазақстан халықтарының тәуелсіздік рухын жаңғыртуға көлденең тұрушы деп ойлаймын. Қазақ ұлты — Қазақстанның барлық аумағын 10-ғасырда қара Қытайдың (хидән) шапқыншылығынан, XIII-XIV-XV ғасырларда Шыңғыс ханның және қараниет Қоқан хандығының шапқыншылығынан, XVII-XVIII ғасырларда «Ақтабан шұбырынды» бола жүріп, жал-мауыз жоңғарлардың қырғынынан, XIX-XX ғасырлар-да бұрынғы, соңғы отаршыл менің қазағым орыс империясымен тәуелсіздік үшін қаншама жүз рет шайқаса жүріп, әр ғасыр сайын ұлтымыздың жан санының жарымын құрбандыққа шала жүріп өз территориясын сақтап қалған намысты, қахарман ұлт. Шонжы ауданын Әлмерек би мен оның қахарман ұрпақтары қорғап қалған. Ендігі жерде заманымыздағы ата жауымыздың аты Шонжыны өзгерту — тәуелсіздіктің талабы. Өз иесі Әлмерек абыздың атын қою — ұлт тәуелсіздігінің міндеті. Елбасымыздың рухани жаңғыру саясатының өкімі осы.

Нұрмұқан Жанұзақұлы,
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын, сыншы,
тарих зерттеуші, журналист

(22)