Жалған жоғары баллды бергендер қалай жер басып жүреді?

Қызылорданың бір мектебінде көп жылдардан бері мұғалім болып жұмыс істейтін қарындасым қонаққа келді. Оқушылардың биылғы оқу көрсеткіштерін сұрадым. «Біздің биылғы оқу бітірген түлектер ерледі. Бірде-біреуі жүз баллдан төмен түскен жоқ», — деді ол. Мен таңданғаннан ішегімді тарттым. Бірақ ұстаз көңілсіз еді. Мұның мәнісін сұрадым. «Менің қынжылатын себебім ол жоғары баллды түлектеріміз өз еңбегінен алған жоқ. Бәрінің жауаптарын телефон арқылы өзіміз жібердік», — деді ол ащы жымиып. Тағы да таңдандым. «Мектептің мәртебісін көтеру үшін осындай қылмысқа бардық». Адалдықтың символы іспеттес мұғалімдердің мына істегендеріне мен де қатты қынжылып, ұят отына өртеніп отырдым.
Кейінірек зерттеп көрсем көптеген мектептерде осындай келеңсіз жайттар болған екен. Не үшін? Кім үшін? Жауап таппадым. Тіптен өте нашар оқитын атақты адамның баласы өте жоғары балл алған. Масқара! Оның қатарластары, достары оны мазақтап, мәз болып жүр. Бұл не деген сұмдық? Осы арқылы балаларымызды әділетсіздікке, жемқорлыққа, өтірікке, надандыққа тәрбиелеп жатқанымызды мұғалімдер, ата-аналар неге түсінбейді? Ұрпақ алдындағы, болашақтың алдындағы жауапкершілігімізді қалай жоғалтып алдық. Мен осыған түсінбеймін.
Біз онсыз да мұғалім мәртебесін төмендетіп алғанбыз. Ал бұдан кейін мұғалімнің шәкірттері алдында қандай абыройы болмақ? Біз бұл әрекетімізді қанша жасырғанмен қазір бәрі де, үлкені де, кішісі де, балалары да бұл келеңсіздік жайлы айтып жүр. Қадірлі ұстаздар, ата-аналар мұндайды тоқтатайықшы!

Ертай Айғалиұлы

(22)