Туризмнің түндігін түрдік, енді керегесін кеңейтелік, сөйтіп Бурабайды әлемге танытамыз…

Туризм табыс көзі

 Биылғы жаз былтырғыдан ерекше. Жаз басталмай Бурабайда буырқанған игі шаралардың бірін жазып бітсек, екіншісі тосып тұратын болды. Бастама көп болып, іс нәтижелі болса елдің, өлкенің өркеніне зор  пайда.Қазақ елі табиғи қазбаларға, ауыл шаруашылық өнімдеріне бай. Бірақ сол аталған байлыққа тәуелденіп, байланып қалмай — Бурабай сияқты әсем табиғатты өлкені туристерге толтырып, елді ақшаның астына қалдырсақ несі жаман. Туризмді дамыту бүгінгі күннің талабы. Туризм елімізде, Ақмола өңірінде жаңадан бастау алған тың тақырыптардың бірі. Мәлік Мырзалин Ақмола облысына әкім болып келісімен осы тың сала туризмді өңірде дамытуды айрықша қолға алды. Бурабай, Зеренді, Қорғалжын, Сандықтау,Ерейментау өңірінде бірнеше мәрте болып, туризмді дамытудың тетіктерін қарастырды. Ғалымдармен, туризмнің жілігін шағып, майын ішкен мамандармен ақылдасты, жобалар жасатты. Соның нәтижесінде өңірде туризмді дамытуда тың серпіліс пайда болды. Бір сөзбен айтқанда «Туризмнің түндігі түрілді, енді керегесін кеңейтіп, жетістіктерге жетуге көп-көп әрекеттер жасалып жатыр.Міне, осы орайда Ақмолалықтар үлкен істер тындырды десе болады. Бұл жазба өткен жазда Бурабай өңірінде болған игі шаралар жайлы жазылған екінші топтама. Осы және басқа Ақмола өңірінде туризмді дамытуда жасалып жатқан іс-шаралардың екінші топтамасын оқырман қауымға  жеткізуді жөн санадық.

Жаңа салаға жаңашыл ұйымдастырушы келді.

  Туризм ерекше сала, осы жайды саралаған облыс әкімі М.Мырзалин бұрын өзінің туризмге жауаптанған кеңесшісі Марат Иғалиді орынбасары етіп тағайындады. М.Иғали бұл салада тәжірибесі мол, ұйымдастыру әлеуетті зор.

Марат Несiпқалиұлы 1974 жылы туған, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе педагогикалық институтын, ҚР Президентiнiң жанындағы Мемлекеттiк басқару академиясын, Алматы экономика және статистика институтын бiтiрген. Саяси ғылымдарының кандидаты.

Мемлекеттiк қызмет жолын 1999 жылдан бастаған. ҚР Президентi Әкiмшiлiгi,  Қоршаған ортаны қорғау, Индустрия және жаңа технологиялар министрiнің кеңесшiсi,Туризм индустриясы комитетiнің төрағасы, «Қазконтент» АҚ төрағасының орынбасары сияқты лауазымды қызметтер атқарған. Өз ісінің тәжірибелі маманы ретінде танылған. Енді Ақмола облысының туризм саласын қолға алды. Іске сәттілік тілейміз.

  Туристік индустрияны цифрландырып, бағаны жеңілдетеміз

 Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин облыс және Бурабай курортты аймағындағы туризм жайында кеңес өткізіп, бұл саланы дамытудың тың міндеттерін белгіледі. Облыстық туризм басқармасының басшысы Данияр Идиятовтың баяндамасын тыңдаған әкім туризм елімізде жаңа өркендеп жатқан тың тақырып, сондықтан бұл салаға тың идеялар қарастырып, шетелдің озық тәжірибелерін зерттеп, керектісін алып, тәжірибеден өткізу арқылы қолданысқа енгізсек табысқа жетеміз деді. Әкім сонымен қатар туризм саласын жауаптанушыларға жатпай, тұрмай ізденіп, өңірдің туризмді өркендетуге мүмкіндігі бар өлкелерді зерттеуді тапсырды. Жиын барысында облыстық туризм басқармасының басшысы Данияр Идиятов, «Крокос» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Алексей Погодаев «Бурабай Pass» бірыңғай турист картасы тамыз айының бірінен бастап сатылымға шыққаны және бұл карта арқылы курортты аймаққа келушілер 50 пайыз жеңілдікпен аралайтынын жеткізді.

Туризм басқармасының басшысы Данияр Идиятов әкім алдында берген есебі және туристік индустрияны цифрландыру туралыөңірлік коммуникациялар орталығында жедел  брифинг өткізді.

Брифингте Д.Идиятов туристік индустрияны цифрландыру бағытында құрылған  ақпараттық орталықтың қызметін таныстырып, «Е-туризм» жайыда мағлұмат берді. Басшы сөзінде: «Туристік ақпараттық орталық туризмді дамытудың стратегиялық даму жолын айқындайды және оны цифрландыру бойынша басым жобалар жасап, оны іске асырады. Қысқасы «Е-туризм» туристік порталды басқарып, кең санды ақпаратты жетілдіріп, электронды туризмді дамытуға жол ашады. Қазір веб-дизайндағы жаңа мүмкіндіктер кең экранда кескінделген бейне түсірілімдерді ыңғайлы түрде туристерге жеткізу үшін ақпарат сайтын жасау үстіндеміз.

Сайт мүмкіндіктерін арттырумен қатар функционалдық әлеуетін арттырып, серуендеу, саяхаттауға баратын жерлер, ойын-сауық орталықтарын анықтаған нұсқауларды жинақтап, келушілер өз қалауларынша таңдау жасайды. Бұл интерактивтік карта Ақмола облысында туризмді дамытуды насихаттауға жағдай жасайды. Туристік ақпарат орталығы бірыңғай  Сall  орталығын құрды. Онда қонақүйлер, мейрамханалар,санаторийлер, ойын-сауық орталықтары, олардың көрсететін қызметі, бағалары анық берілген. Туристік орталықтың шығармашылық ұжымы облыстағы туристік нысандардың әлеуетін насихаттайтын музыкалық, танымдық бейнероликтер топтамасын дайындады. Бейнетаспа бойынша насихаттау жасалып, курортты аймақтың экологиясын сақтау, табиғатты таза ұстау, дұрыс жүріп-тұру әдептерін насихаттаумен қатар, әсем өлкеге қызығушылар санын арттыруға себін тигізеді деген сенімдеміз. Ақмола өңірінде цифрландыру жүйесіне елуге жуық көрікті мекен,43 киелі орындармен 25 туристік саяхат бағдар, бағдарламалары жасалды», — деп журналистерге таныстырған Д.Идиятов келесі кезекте, брифингтің соңғы ең қызықты жеріне ерекше тоқталды.

Ол —тамыздың 1-нен бастап «Бурабай Pass»ресми туристік картасы айналымға енгізілгені жайлы. Бұл карта арқылы курортты аймаққа келушілер 50 пайыз жеңілдікпен аралай алады. Картаға «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіндегі «Табиғат мұражайы» мен хайуанаттар бағын, сонымен қатар, өз таңдаулары бойынша бес экскурсияны аралау кіреді. Бұдан бөлек, мейрамханалар мен қонақүйлер қызметін арзан бағамен пайдалану мүмкіндігі де қарастырылған. Ересектер үшін де, балалар үшін де бір картаның құны 2200-2500 теңге.

Картаның электронды нұсқасы да бар. Ол үшін www.burabay.city.pass сайтына кіріп, қай бағытта саяхат жасағыңыз келетінін таңдауыңыз қажет. Аралайтын нысандар қатары көбейген сайын, жеңілдік те артатүседі. Бұл әсіресе, шетелден келетін туристерге өте ыңғайлы болмақшы. Оларға электронды маршруттық парақтан бөлек, курортты аймақтың  картасы мен қазақстандық байланыс операторының сим-картасы қоса беріледі.

Бүгінгі күні аймақта туристер тамашалайтын 29 экскурсиялық бағыт бар.

BurabayPASS» туристiң ресми картасы, Қазақстандағы CityPASS операторы және«BurabayPASS» туристiк ақпараттық орталығының бiрлескен жұмысының нәтижесiнде іске асты. CityPASS жобасы 2017 жылы әлемнiң ең танымал туристiк қалалары — Нью-Йорк, Лондон, Париж, Барселона және т.б. негiзiнде баламалы түрде әзiрленген болатын. Бұл картаны Astana CityPASS http://astana.citypass.kz  ресми сайты арқылы да сатып алуға болады екен.

 Көне дәуір, өткен ғасыр мәдениеті әсем Бурабайды түрлентті

 «Рухани жаңғыру бағдарламасының «Сакральды география» жобасын iске асыру аясында Ақмола облысы Бурабай ауданының аумағында ашық аспан астында «Ботай — Бурабай» археологиялық-этнографиялық музейін орнатуды жобалап істі бастаған. Оны жазғанбыз. Енді сол жоба айналасы 2 айдың бас аяғында бітіп, туристерге, келетін қонақтарға есігін айқара ашқанынада біршама уақыт болды. Бұл жобаСолтүстiк Қазақстан облысы Айыртау ауданы аумағында жабайы жылқыларды қолға үйреткен тарихи дерек бойынша жасалғанын айтқан жөн.Саябақтың ашылу рәсiмiне Ақпарат және коммуникация министрi Дәурен Абаев, Ақмола облысының әкiмi Мәлiк Мырзалин, ғылыми орта және үкiметтiк емес ұйымдардың өкiлдерi қатысып тұсауын кескен болатын.Ашылуы Астананың 20 жылдығына орайластырылған бiрегей саябақ, диаметрi 8-10 метрлiк Ботай дәуiрiнiң жетi тұрғынжайынан тұратын сәулетін көрсетеді. Сол дәуірде адамдар жер кепе салып, тіршілік еткен. Баспаналар өзара жерасты жолымен қосылған. Әр баспананың өз ерекшелігі бар. Бірінде салт-дәстүр, екіншісінде қолөнер, үшiншiсiнде сол дәуiрдiң қару-жарақ, құрал-саймандарын,төртіншісінде қымыз, мал өнімдері, сусындар дайындау әдістерін дәріптейді.

Осылай Бурабай ауданының аумағында «Ботай-Бурабай» визит-орталығы» құрылысын салу жобасы  Ақмола облысы әкімідігінің қолдауымен жүзеге асты.

Жобаның мақсаты: қазақ халқының ежелгi мәдениеті мен салт-дәстүрлерiн қалпына келтіріп, тұрақтандыру, оны ел және шетелдерге белсендi насихаттауға ықпал етіп,  Ақмола өңiрiнiң туристiк индустриясын дамыту.

Ботай мәдениетi — дала өркениетiн айдай әлемге паш етті. Енді осыны шетелдіктер көзбен көріп, қолмен ұстап танысу еді, міне осылай ол мақсат та жолға қойылды. Қазақстандық ғалымдар В.Зайберт пен Н.Баймұхановтардың «Ботай мәдениеті» жайлы зерттеген зерттеулері, жазған еңбектері әлем ғалымдары алдында жоғары беделге ие болды және бағаланды.2017 жылы Ақпарат және коммуникация министрлiгi Қазақстан аумағында жылқыны қолға үйреткен тарихы және Ботай мәдениетi туралы «EQUUS Жылқы тарихы» туралы халықаралық денгейде кинотрилогия түсiрген. Бұлда «Ботайды» оған қосып Бурабайды әлемге танытуға қадам болары анық.

 Ашық аспан астында «Біржан мен Сара» әсем әнмен тербетті

 Көкше өңірі  — табиғаты тамылжыған, ауасы таза, суы бал, тарихы бай ерекше өлке десек. Осы өңірді әсемдігімен атағын алысқа шырқатып тұрған аймақ — Бурабай. Осынау табиғаты тамылжыған киелі мекендерді жырға қосқан Бiржан сал, Ақан серi, Балуан Шолақ, Үкiлi Ыбырай осы аймақта дүниеге келіп, елімізге танылған тұлғалар. Бүгін әңгіменің арқауы ретінде Бурабайдың әсем табиғатымен, сұлулықты жырлаушы Біржан арасындағы байланысты сөз етеміз.Бiржан салдың өнеріне барша қазақ тәнті. Біржанның атын ерекше асқақтатып тұрған қазақтың классикалық туындысы Мұқан Төлебаевтың «Бiржан — Сара»  операсы десек, ешкім дау айтпас. Сол «Бiржан — Сара» операсы ашық аспан астында Бурабайдың кең алқабы Абылай хан алаңында қойылды. Қойылым алғаш рет қойылғандықтан, халыққа ерекше көңіл-күй, үлкен әсер сыйлады.Оның шығармашылығы ұлт өнерiн жаңа деңгейге көтердi.

Елордамыз Астананың 20 жылдығы және аудан орнауының 90 жылдығынаорай,  Еңбекшілдер ауданының аты осыөңiрдiң тумасы, белгілі ақын Бiржан салдың атына өзгерген болатын. Осы игі бастаманың жалғасындай болып, опера биыл көктемде «Астана Опера» сахнасында қойылып, жоғары баға алғанында айта кеткен жөн сияқты.

Белгілі сазгер Мұқан Төлебаевтың «Бiржан — Сара» қазақ опера өнерiнiң классикалық бірегей туындысы. Бірегей туындыны, табиғаты тамылжыған әсем Бурабайда қоюдыңда өзіндік мән-мағынасы зор. Әсем табиғат, ашық аспан астында қойылған қойылым, қазақ өнерінің жаңа мүмкіндіктерін ашты. Шеттен келетін туристерге қазақ мәдениетін, классикалық өнерді, әсем табиғатты насихаттауда таптырмас мүмкіндік болары даусыз. Негізгі рөлдердің барлығын отандық өнер жұлдыздары сахналады.«Бiржан мен Сара» операсын, оны тарих сахнасына әкелген Мұқан Төлебаевты халық та сол кездегі белгілі адамдар, әріптестері жоғары бағалаған.

 Жас геологтар бақ сынасты

 Елдің болашағы жастарымызда өздерінің негізгі жұмыстарының сыртында, отандық туризм саласының өркендеуіне өз үлестерін қосып келеді. Жастар курортты Бурабай аймағын шетелдерге, республикамызға  насихаттау және тарихын, табиғатын, жер қойнауын зерттеуде біршама игі істер атқарды. Осы тамыз айында осындай екі үлкен шара жастардың қатысуымен өтті. Біріншісі, еліміздің жас геологтары шетелдік жас әріптестерін шақырып, білім-біліктілігін шендестіріп, олимпиада өткізуі. Екіншісі, әр мамандық иесі жас ғалымдар Бурабайда халықаралық форум ұйымдастырды. Осы шараларға жеке-жеке тоқталсақ.

Тамыз айының басында Бурабай курорттық аймағындағы «Балдәурен» Республикалық оқу-сауықтыру орталығында Қазақстандық жас геологтардың V ашық далалық олимпиадасы болды. Олимпиаданы 2014 жылы алғаш құрылған «Жас геолог» корпоративтік қоры ұйымдастырды.Олимпиада 3 жылда бір өтеді екен. Мақсаты— Жастарға геология ғылымын насихаттау, табиғатты қорғау, қазба-байлықтарды зерттеу, туған жер, өлкенің табиғатын қорғап, экологиясын сақтау, патриоттықа баулу.

Олимпиадаға Ресей,Татарстан, Өзбекстан жастары қатысып, олимпиада халықаралық деңгейде өтті.Геология тақырыбында маршрутты анықтау, білу, геологиялық кескін салу, гидология және ашық дала жұмысы сияқты 12 түрлі сайыста  жастар бақ сынасты.  Тартысты өткен бәсекеде: «Шетелдік командалардан «Кузбас»  Кемерево (Ресей) бірінші,«ГеоБарс»  Қазан. (Татарстан, РФ) екінші,  «Странник» (Қырғызстан) үшінші орын иеленді.

Қазақстандық командалар арасындағы бәсекеде  жүлделі орындарды: –« 34 карат»  (Өскемен қ.) бірінші, «Геолис»  (Алматы қ.) екінші,«Альтаир» (Астана қ.) үшінші орынға шықты.

Жарысқа қатысушыларды Инвестициялар және даму вице-министрі Тимур Токтабаев  және аталмыш министрліктің Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы Акбатыр Надырбаев жеңімпаздарды құттықтап, сыйлықтармен марапаттады.

Құттықтаушылар геология ғылымын әрі қарай зерттеуде үлкен жетістіктерге жете берулеріне тілектестіктерін білдірді.Олимпиадаға қатысушылар курортты аймақты аралап, табиғатына тамсанып, айдын көліне шомылып, тұмса табиғатты аялау, экологиясын сақтау жайында демалушылармен еркін пікірлесті.

Жас ғалымдар ел болашағын Бурабайда болжады

ҚазақстанРеспубликасыныңТұңғышПрезидентіҚорыныңұйымдастыруыменБурабайкурорттыаймағындағы «TERRASSAPARK» емдеу-сауықтырукешеніндежасғалымдардың халықаралық форумы болып  өтті. Форумды өткізуге Елбасы Қоры мен Ақмола облысының әкімдігі арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандумсебеп болған.«Қазақстанның халықаралық ынтымақтастығы» тақырыбында өткен форумға Елбасы Қорының атқарушы директорының орынбасары И.Рогов, Білім және ғылым вице-министрі Т.Ешенқұлов, Kazakh Tourizm ұлттық компаниясының жетекшісі Р.Күзембаев, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Қ.Ыдырысов, ТМД және елімізден келген жас ғалымдар қатысты.

Форумда жас ғалымдар туризм, ауыл шаруашылығы, ғылым мен мәдениет, физика және ғылымды қажет ететін технологиялар саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға қатысты өз пікірлерін ортаға салды. «Келешекте ғылымды қай бағытта дамыту қажет, осы істе жас ғалымдардың рөлі қандай болмақшы?» — деген сауал, ойлар айтылды.

Негізінен, форум тамыз айының 8-і күні елордамыз — Астана қаласында басталып, онда бірқатар министрліктердің өкілдері, жоғары оқу орындарының ректорлары баяндама жасаған болатын. Келесі күні ол Бурабайда жалғасты. Жиынды ҚР Тұңғыш Президенті Елбасы Қорының Алматы қаласындағы өкілдігінің директоры С.Тоқтаров ұйымдастырды.  Білім және ғылым вице-министрі Т.Ешенқұлов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне берген сұхбатында: «Бүгінгі күні ғылым саласын дамытуға елімізде зор көңіл бөлініп отырғандығы, мемлекетімізде жас ғалымдарды әлеуметтік қорғау жақсы жолға қойылды. Оларға Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен өткен жылы және биыл 120 пәтердің кілті тапсырылды».

«Еліміздегі ғылымды дамыту, қаржыландыру жүйесі басқа елдерге қарағанда едәуір алда келе жатыр деп нық сеніммен айта аламын. Форумға шетелдерден келген меймандар біздің жүйемізді зерттеуге қызығушылық танытып отыр», — деп атады. Форум соңында барлық қатысушыларға сертификаттар табыс етіліп, Бурабайдың көрікті жерлеріне саяхат ұйымдастырылды.

Жаппай малту Бурабай көлінде мәреге жетті

 Елімізде алғаш рет жаппай малту науқанды жарыс «Burabay Swim 2018» айдармен Бурабай көлінде болды.

Жарысқа Астана,Алматы, Көкшетау, Қарағанды,Петропавл,Екібастұз, Шымкент қалаларынан  келіпті. «Жүзушілер қашықтығы 1-4,5 шақырымға күш сынасты. Жүзушілердің ең жасы Петропавлдық Дарья Кутикова болса, ең үлкені Астаналық Алмаз Жакеев екен.  Жарыс «Оқжетпес» санаторийінің күн шуағымен «Айнакөл» арасында өтті. Жарыстың 4,5 шақырымына Қарағандылық А.Иоцус 56 мин 46 секундта жүзіп алтын, одан кейінгілер Астаналық Д.Деревянко мен Е.Руденко күміс, қола иеленді. Қола иеленген Е.Руденко спорт шебері, 2008 жылғы Пекин, 2012 жылғы Лондон олимпиадасына қатысушы, Азия ойындарының еліміздің  бірнеше мәрте чемпионы екен. Бір шақырымға Д.Кутикова17 мин 46 секундта малтып алтын, Астаналық К.Жанатов,М.Кайдарлар күміс, қола жүлдегер атанды. Жаппай суға жүзу науқанын келешекте Алакөл,Каспий,Балхаш,Щучье көлдерінде ұйымдастыру жайын жарысқа қатысушылар ақылдасты. Бұл жарыс адамдардың салауатты өмір салтын сақтауға аса қажет және әр адам суда малтып, жүзе білгені дұрыс», — дейді.

Бояу шашыпта жарнама жасауға болады

 Қазіргі кезде бәріне де таңдаған жарнаманы жасауға, көңіл көтеруге жол ашық. Бірақ әдептен озып, ерсі қылық жасалмаса болғаны. Жуырда Бурабайда ерекше көңіл көтеру серуені болды. Ол «Colorfest Burabay» фестивалі. Фестивальға қатысқан 200 адам бір-біріне бояу шашып, көңіл көтеріп, күлкіге қарық болыпты. «Burabayland» паркінің аумағында ұйымдастырылған шара барысында қатысушылар бір-бірінің үстіне барынша бояу шашуға тырысты. «Colorfest Burabay» фестивалі «Four seasons» тұжырымдамасы шеңберінде ішкі туризмді дамыту мақсатында өткізіліп жүр. «Фестиваль кезінде адамдар бір-бірінің үстіне бояу шашып қана қойған жоқ, тамаша табиғат аясында серуендеп, əсем ән тыңдады», — делінген,Visit Aqmola туристік ақпарат орталығының дерегінде.Шара соңында жергілікті диджейлер мен кавер-топтың концерттік бағдарламасымен мəресіне жетіпті.

Түйін.Туризмді дамытуға әлем құлшынып отыр. Туризм арқылы экономикасын көтерген, сол арқылы күнін көріп отырған елдерде бар. Осығанорай — Халықаралық туризм ұғымы пайда болды. Халықаралық туризм үлесінде дүниежүзілік жиынтық ішкі өнімнің және жалпы жұмыс істейтін халықтың 10 пайызы болса, Мальдив сияқты елдерде 25 пайызға жетіпті. Туризмнен түсетін түсім бойынша Куба әлемде 1 орында екен. Шетел туристерін қабылдау жөнінен Еуропа әлемде алдыңғы орында. Кәрі құрлықта туристердің 60 пайызы демалады. Ал Америка шетел туристерінің 20, Азия 10 пайызын  ғана қанағат тұтады екен. Олай болса, бізде туризмді дамытуда біршама тер төгуді қажет ететіні, белгілі болып тұр. Бұл мақсатта Ақмолалықтарда жан таласа еңбектеніп жатқанын жоғарыда жаздық. Ақмолалықтар осылай Бурабайды елімізге, әлемге таныту үшін барын салып жатыр. Ендігі мақсат — түндігі түрілген туризмді тың ой, жаңа серпінмен жалғастырып,керегесін кеңейтіп, әлемге таныту болып табылады.

Бет қаталып жатқанда
Мәлік Мырзалин әкім өзі гид, өзі спикер болды.
Облыс әкімі М.Мырзалин курорты аймақта баспа сөз өкілдеріне арнап Бурабайда атқарылып жатқан істер жайында пресс тур ұйымдастырып, соңынан ашық аспан астында брифинг өткізгені жайлы әкімнің баспа сөз қызметі бет қатталып жатқанда мәлім етті. Мәлік әкім пресс турға басынан аяғына дейін өзі жетекшілік етіп, әсем өлкеде салынған, салынатын жаңа нысандар және басқада атқарылған жұмыстар жайлы журналистерге өзі таныстырып, өзі гид қызметін атқарғанын білдік. Гид әкім туризмдi дамытуда не істелді, енді не істелмекші, келешекте қандай жоспар бар, қандай күрделі мәселелр туындап жатыр, осы жайында журналистерге жария еткен.

Үлкен жобалардың бірі Бурабай кентiнде аумағы 14 га мөлтек аудан құрылысы басталса, келешекте хайуанаттар саябағын сафари-саябақ ретiнде үлкейіп, көл жағасына ағылшын инвесторлары құны 200 млн теңгенi құрайтын үстi жабық аквасаябақ салынбақ екен, Саябақ 2019 жылы аяқталады . Саяхат барысында журналистер Бөлектаудың биiк жерiне шығып Бурабайдың әсем табиғатын тамашалаған. Саяхат соңында Бурабайдағы 4 жұлдызды «Park House» қонақ үйiнiң аспан асты террасасында баспа сөз өкілдеріне арналған брифинг өтеді. Өткен жылы Щучье-Бурабай курортында 850 мыңнан астам адам демалса биыл бұл көрсеткіш 900 мыңға жетпекші. Жұмыста ұсақ түйек деген болмауы тиіс, сондықтан атқарылатын жұмыстың мән мағнасына терең үңіліп, талапқа сай қызмет жасап, туристерді курорты аймақта көптеп, тартып, өңірді, елімізді өркендетуге үлес қосу біздің негізгі мақсат, деп М.Мырзалиын әкім, журналистер алдына ойын қортындылаған. Журналистер брифингте әсем өлкеде көргенн білгендерін ортаға салып, әкімге сауал салып, қанағатты жауап алады.

Дайындаған Дахан Шөкшир

(22)