Халықтың «қанын» қандаладай сорған қымбатшылық тоқтай ма?

Әсіресе, биылғы жылдың қым-батшылығы қалың жұртты қажытып жіберді. Бұл маңда бағасы шарықтамаған нәрсе қалмады. Күнделікті тұрмысқа қажетті заттар, киім-кешекті былай қойғанда ыңқыл-сыңқылы көбейген жа-сы келген адамдар үшін дәрі-дәрмектің бағасының екі еселеп өскені арқаға аяздай батып барады. Күні кеше ғана жалақымыз өсті деп қуанған мұғалімнің де, зейнетақыға үстеме қосылды деп масаттанған зейнеткердің де көңілдері бүгін пәс. Қосылды-ау деген үстемелері жағадан алған қымбат-шылықтың салдарынан аспанға бу болып ұшып кетті.
Ала жаздай алыстан арқалап келмейтін, өзімізде өсірілетін қауын-қарбыз, алма, шие, жүзім және тағы басқа көкөністердің бағасының өскені соншалықты космостан әкелгендей болып тұр. Бара-бара дала төсінде мыңғырып өсірілген малдың да етін қалтасы жұқарып кеткен кез келген отбасы сатып алып, көсіп жей алмайтын халге жетіп қалды. Өйткені біздің Талдықорғанның ет базарында сиыр етінің әр келісі 1600-1700 теңге, ал жылқы еті 1700-1800 теңгенің, қазы 2500-2800 теңгенің үстінен түсіп көрген жоқ. Ал сиыр сүтінің әр литрі ала жаздай 150 теңге болса, қолдың майының әр келісі 2500-3000 теңгенің ар жақ бер жағында. Тіпті ала тауықтың жұмыртқасы да долларға қатысты болып шықты! Жаз бойы жұмыртқаның бағасы 280-350 теңгенің маңында болды. Сатушыдан «Неге соншалықты қымбат? — деп сұрасақ. Ұялмай-қызармай «Доллар қымбаттап кетті ғой», — дейді. Сөйтіп қыт-қыттаған ала тауығымыздың жұмыртқасы да валютаға тәуелді болып шықты.
Бір отбасы кішкене немересіне жатын төсек сатып алуға дүкенге барып, алдын ала келісімді ақшасының бір бөлігін төлеп қойыпты. Енді бір айналып екі күннен кейін барса, сатушы қыз бұл төсек қымбаттап кетті деп бермейді. Ашуланған апа;
— Қарағым, екі күн қойған жерінде қозғалыссыз тұрған төсек бағасы өз-өзінен қалайша өседі? Сонда сендер төсекке 20 мың теңге үстеме қосатындай не шығын шығардыңдар, — деп қатты ренжіпті.
Әрине, алыпсатарлардың арандары апандай болып кетті. Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ. Өзім білемдікпен халықтың қанын қандаладай сорып жатыр. Азық-түлік және тұрмысқа қажетті тұтынатын заттардың бағасы ай сайын емес, күн сайын қымбаттап жұртты абыржытып отыр. Бүгін көрген бағаңа ертеңіне үстеме қосылып, екінші баға болып тұрады.
Қазір біздің өңірде бір әзіл әңгіме желдей есіп жүр. Осы қымбатшылықтың болуына тікелей зейнеткердің кінәсі бар екен.
— Қалай апамның зейнетақысы өседі, солай базар мен дүкендегі заттар алдын ала қымбаттай ала жөнеледі, — деп қу тілді ұлы анасына әзілдепті. Оған сеніп қалған апа;
— Қарағым-ау, бізге үстеме керегі жоқ деп айтып жатырмыз ғой. Оданда мына бағаны тәртіпке салмай ма? — деп зар қағыпты. Әзіл де болса астарында шындық жатыр. Зейнетақы жалақысы пәленбай пайызға өседі деген жер-көкте жарнама басталған күннен бастап, дүкендегі заттардың бағасы жоғарыға қарай «құс» болып ұшады.
Ақиқатын айтсақ, теңгеміздің құны күннен күнге түсіп барады. Бүгінгі күні әрбір АҚШ-тың доллары 364 теңгеге бағаланып жатыр. Сол бір шетелдің көк қағазына барлық алыпсатарлық жүйеміз тәуелді. Не солға, не оңға қадам жасай алмайтын тұсалған пендеге айналдық.
Елдің экономикасына жұмыс істесін деген ұранға ілесіп барлық жиған-тергенін теңгеге ауыстырып тастаған жігіттің қатты өкінгенін көрдім. Шындықты айтсақ теңгеміз жығылып, сүрініп, тәлтіректеп әрең жүріп келеді. Өзіміздің ұлттық валютаға деген сеніміміз күннен-күнге күңгірттеніп барады. Бірталай шет мемлекет мысалы, Түркия, Қытай, Ресей АҚШ-тың валютасынан бас тартуға әрекет жасап жатыр. Ал біз не істейміз? АҚШ-тың доллары баса көктеп елімізге кіріп алып, төрімізде тайраңдап жүр. Ұнжырғасы түсе бастаған елдің шыдамы қаншаға шейін жетеді?
Халықтың арасында бір ұтымды пікірі бар. Жарайды, бәрін шетелден тасымалдадық делік. Алайда сол жақтан сатып алған тауарға неге біздің «пысық» пайдакүнем алыпсатарларымыз 100-150 пайыз үстеме қосуы керек. 20-30 пайыз қосса да мұрттарын балта шаппайды ғой. Осындай шектеулер қоюға біздің Үкіметтің шенеуніктерінің шамасы келмей тұр ғой. Баға жөнінен жергілікті биілік басындағылар жұмған ауыздарын ашпай отыр. Бұрын анда-санда жоғарғы жақтан «Әй, бағаны ауыздықтаңдар!» деген жүзеге аса бермесе де бір зекіру болушы еді. Енді ол да жоқ болды. Әлде сен тимесең, мен тимемен жүре беріп, шыны да бір күні шытынап кетіп, «әттеген-ай!» деп қалмаймыз ба?
Байыған адам байи беретін, кедей адам кедейлене беретін принципке ноқталанып жүре берсек түбі жақсылық болмайды ғой деген күдігіміз бар. Бұдан біраз жыл бұрын жоғары жақтан нанның бағасын сол қалпында ұстап тұрмыз деген сөздер жиі-жиі айтылатын. Ия, солай болса солай болған шығар. Енді күнделікті тұтынатын нанның да бағасы да шарықтап кетті. Ақсайдың ақ батоны бізде 120-140 теңгеден, бөлке нан 85-100 теңгеден, бауырсақтың әр келісі 600-700 теңгеден сатылып жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды. Дүкендерде кәсіпорындар шығаратын айран-сүттің де бағасы күн сайын тоқтаусыз өсіп жатыр. Халық көп тұтынатын Шымкенттің кір сабыны да соңғы кезде 30-40 пайызға қымбаттап кетті. Ал қазір қысқа қажетті тас көмірдің әр тоннасы 14 мың теңгеден сатылып жатыр, оған тасымалға кеткен шығынды қосқанда 16-17 мың теңге болып айналып шыға келеді.
Жағадан алған қымбатшылық осылайша қылғындырып барады. Біз бірен-саран жағын ғана айтып отырмыз. Тереңдей берсек оданда қиыны шығады. Қазіргі кезде халық ертеңгі күніміз не болар екен деген сөзді жиі-жиі айтатын болды. Өйткені жас балаларын өсіру керек, киіндіру керек, ержеткен ұл-қыздарын оқыту керек. Көп ауру түрлерін біздің медицина емдеуге қауһарсыз болғандықтан шетелдерге баруға тура келеді. Ол да қыруар қаржыны қажет етеді. Басқа да кездейсоқ жағдайлар да болып тұратыны белгілі. Маңдай термен тапқан адамдардың жалақысы, зейнеткердің зейнетақсы қолға тиген сәтте-ақ су болып, саусақтың арасынан ағып кететінін көзіміз көріп жүр. Оның себеп-салдары — теңгеміз құнсыз. Көбіс халықпыз ғой, бас аман болсын деп жүре береміз. Алайда бастың да аман болуы үшін төл теңгеміздің үлесі болуы шарттылық емес пе?
Нұрила Бектемірова

(33)