Жиырма төртінде Қытайға қарсы шайқасқан қазақ

Белгілі ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері Әлімғазы Дәулетхановтың туылғанына 75 жыл толып отыр.
Әлекеңді жазушы, журналист ретінде сырттай жақсы білетінмін. Біздің газетте де бірнеше жыл қызмет еткен ағамыз туралы әріптестерінен аңызға бергісіз әңгімелерді шет жағалап естідім. Басқа-басқа ол кісінің үш айдың ішінде түрік тілін біліп, меңгеріп алуы ғажап. Тек біліп қана қоймай Түрік халқының тек журналистикасына ғана емес, оның көркем шығармаларына, тарихына ден қойып, оларды аударуы нағыз талантты адамның ерен еңбегі екендігінде сөз жоқ. Өткен нөмірімізде «Абдуллажан, Жер-Су атауларын жекешелендіруге болмайды» деген мақаласы жарияланды. Біліктілікпен, салиқалылықпен жазылған бұл мақала жаңсақ пікірлер айтқандарды сабасына түсіргендей. Әл-ағаңның өмірбаянымен танысып шыққанда ол кісінің өз отанының, ұлтының нағыз патриоты екендігіне көзім жетті. Біз бүгін ағаны мерейтойымен құттықтай отырып, ол кісіге ұзақ ғұмыр, толағай күш-қуат, зор шығармашылық табыс тілейміз.

Советтің азабын да бастан кешті

Әлімғазы Дәулетханов 1943 жылдың 15 қыркүйегінде ҚХР ШҰАР-дың Іле Қазақ автоном облысына қарасты Күнес ауданының Түрген ауылында мұғалім отбасында дүниеге келген. 1952-1962 жылдары аудан орталығы Бестөбедегі 10 жылдық мектепте оқыды. Мектепті ойдағыдай бітірген Ә.Дәулетханов 1961 жылы Үрімжі қаласындағы Шынжаң университетінің тарих-география факультетіне түседі, бірақ балалық арман жетегімен Қытай тілі-әдебиеті факультетіне ауысып, 1966 жылы университетті ойдағыдай бітіреді. Дайындық бөлімінде оқып жүргенінде сол жылдардағы Шыңжаңда шығатын жалғыз қазақ тіліндегі «Шұғыла» әдеби журналының 5-ші санында «Каникулда» атты тырнақалды әңгімесі жарияланады.
Жас маманның университетті бітірген кезеңі 1966-1968 жылдары Қытайда жүрген «Мәдениет төңкерісі» кезеңіне тұспа-тұс келеді. Дүрбелеңге толы 4 жылғы оқиғаларға қатысқаны үшін саяси қудалауға ұшырады. Соңынан «Көтерілісші екінші штаб» деген бұқаралық ұйым жұмысына белсене араласып, оның басшыларының біріне айналады.
1967 жылдың мамыр-маусым айларында «Көтерілісші екінші штабтың» 9 адамдық арнайы делегациясы құрамында Бейжиңде болып, Шынжаңдағы шағын ұлттар мүддесінің төмендетіліп отырғанына байланысты мемлекет басшылармен өткізілген кездесулерге қатысады. Осы кездесуде ШҰАР (СУАР) парткомитетінің І хатшысы Уаң Ынмаудың Ұлы хандық шовинизмін әшкерелейтін материалдарды орталық билікке тапсырады. Берілген материалдарда және кездесу барысында Шыңжаңдағы ұйғыр-қазақтың ұлттық мүдделерін қорғау мақсатында жергілікті аймақтағы кадр, экономика, жер, оқу-ағарту, ұлттық мәдениет, тіл және т.б. әлеуметтік мәселелер көтеріледі. Бірақ олардың бұл әрекеттері сол тұстағы Қытай Коммунистік партиясы мен билеуші топтарына ұнай қоймады. Сондықтан осы науқанды ұйымдастырушылар мен қатысушыларды 1968 жылдың қыркүйегінде бүкіл Қытайда «Зиялыларды еңбекпен қайта тәрбиелеу» деген сылтаумен 1966-1967 оқу жылында бітірушілерді ауыл-қыстаққа қоныс аударуға мәжбүрлейді. Осыған байланысты Ә.Дәулетханов Бұратала Моңғол автономды облысына қарасты Арасан ауданына жер аударылып, оның Аққой фермасының 10-шы бөлімшесінде жылқы бағады. Қытай билік орындарының қудалауынан қашқан ол 1969 жылдың 2 сәуірінде бір топ жолдастарымен бірге 8 күн жол жүріп, Қазақстан шекара бекетіне қашып келеді. Шекара асқан жастар ендігі жерде 8 ай бойы Мемлекеттік Қауіпсіздік комитетінің (КГБ) бақылауында болады.
Кеңестік тоталитарлық жүйенің қатаң бақылауына алынған Ә.Дәулетхан 1970 жылдың қаңтарында Көкшетау облысы Ш.Уәлиханов ауданының «Золотая Нива» совхозының «Қазанқап» бөлімшесіне жер аударылып, қойшының көмекшісі, тракторшы және әртүрлі қара жұмыстарға тартылып, бір совхоз көлемінен шығуға болмайтын паспорттық режимде 1972 жылға дейін болады.
Сол 1972 жылдың қаңтарында өкімет орындарының арнайы рұқсаты бойынша Шымкент қаласына қоныс аударады. Оңтүстік өңірдегі өмір жолын қайтадан студенттік партадан бастайды. Осы жылы Шымкент қаласындағы М.О.Әуезов атындағы Педагогикалық институттың Қазақ тілі-әдебиеті факультетіне түсіп, оны 1976 жылы «қазақ тілі-әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша ойдағыдай бітіреді.
Ә.Дәулетхан 1976-1989 ж.ж. аралығында «Азаматтығы жоқ адам» («Лицо безгражданство») шарты бойынша сол тұстағы Бөген (қазіргі Ордабасы) ауданы Шұбар ауылындағы №146 Селолық кәсіптік-техникалық училищеде (СПТУ) ұстаздық қызмет атқарады.
Осындай ауыр жылдардың ызғарында жүріп қаламнан қол үзбеген Ә.Дәулетхановтың көптеген әңгіме, повестері облыстық және республикалық мерзімді басылым беттерінде жарияланып тұрды. 1978 жылы «Жалын» баспасынан «Сырымды айтам» атты повестер жинағы жарық көреді.
ХХ ғасырдың 80-ші жылдарында КСРО-да жүрген «Горбачевтік қайта құрулар» тұсында, яғни араға 18 жыл салып барып 1986 жылы «Кеңес азаматы» деген азаматтық төлқұжатты алды.
3 айда түрік тілін меңгерген…

Азаматтық төлқұжатқа қол жеткізген Әлімғазы Дәулетханұлы 1989 жылдың соңында Алматыға қоныс аударды. Осы жылы республикалық «Алатау» телеарнасында журналист болып орналасып, 1992 жылдың соңына дейін тележурналистика саласында қызмет атқарады.
Ізденуден жалықпайтын, ауыртпашылыққа төзімді жан 1992 жылы Түркияда болып, үш айлық тіл үйрену курсында оқиды. Сол қысқа ғана үш айда түрік тілін меңгере жүріп, көптеген тарихи, әдеби, діни кітаптарды қазақ тіліне аударып, баспасөз беттерінде жариялап тұрды. Түркияда өткізген қысқа мерзімді үш айлық жол сапар естелігі бойынша «Өркен» газетінің бес нөмерінде «Түркия толғаулары» атты көлемді очеркін жариялады. Очерктің негізгі мазмұны Түркияны Қазақ еліне жан-жақты таныстыруға арналған.
Әлімғазы Дәулетханов өткен ғасырдың 90-шы жылдарында елге көш басын бұрған отандастырымыздың басын қосу мақсатында құрылған «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығында» да 1993-1994 жылдар аралығында бас маман болып қызмет атқарады.
Осы жылдары оның қаламынан шыққан «Тұтқын жолаушы» атты әңгімесі (1993) және «Мағжан және қазақ поэзиясы» атты көлемді зерттеу мақаласы (1994) «Жұлдыз» журналында жарияланады. Аталмыш зерттеу мақаласында кеңестік қазақ әдебиетінің тарихы, оның алып тұлғалары, қазақ әдебиетін дәуірлеу мәселелері туралы өзіндік ой-пікірлерін ортаға салады. Өз мақалаларында қазақ совет әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармаларына объективті тұрғыдан талдау жасай отырып, Мағжан бастаған алашшыл, түрікшіл ақын-жазушылардың өзіндік тарихи орнын анықтауға бет бұрады.
Түрік тілін тез арада еркін меңгерген ол 1994-1997 жылдар аралығында Халықаралық «Zaman-Қазақстан» газетінде аудармашы әрі журналист болып қызмет атқарды. Бұл жылдары аудармаға ден қойған журналист газеттің әр санында түрік тілінен аударған тарихи, әдеби және ағымдағы өзекті тақырыптағы мақалаларды жариялап тұрды. Ал журналист ретінде сол тұстағы аса өткір, әлеуметтік, саяси, мәдени құбылыстарға талдау жасаған публицистикалық мақалалары жиі жарияланып, зиялы қауымға кеңінен таныла бастайды.
Аудармаға барынша қызығушылықпен кіріскен Ә.Дәулетхан 1996 жылдан бастап Түркияда шыққан тарихшы Бахаддин Өгелдің екі томдық «Ұлы Хун империясының тарихы» кітабын аударуды қолға алады. Сол кітаптың аудармасы бойынша Қазақ тарих ғылымының қара шаңырағы болып табылатын Тарих және этнология институтына жұмысқа шақырылады. Сөйтіп тарих ғылымының қиын да қызықты көшіне ілесіп, ғылым жолындағы ізденістерін бастайды. Сол 1997 жылдың қаңтарынан бүгінге дейін Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының «Ежелгі және ортағасырлардағы Қазақстан тарихы», қазіргі «Ежелгі заман және Қазақстанмен іргелес елдер тарихы бөлімінде» кіші ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, жетекші ғылыми қызметкер болып жұмыс істеп келеді. Кешегі филолог-журналист Ә.Дәулетханның тарихшы ретінде қалыптасып, ғылыми ізденістерге толы өнімді еңбек етуіне Институт ұжымының қосқан үлесі орасан зор. Алғашқы жылдан бастап-ақ хундар тарихын жан-жақты зерттеуді қолға алды. Жоғарыда аталған Баһаддин Өгелдің екі томдық «Ұлы Хун империясының тарихының» толық аудармасы (Алматы, 1998) арқылы тарихи зерттеулерге қалам тартқан Ә.Дәулетхановты синолог, турколог әрі шебер аудармашы ретінде таныта алды.
Институт жанынан шығатын «Отан тарихы» журналының тұрақты авторы ретінде Хун тарихын зерттеудің өзекті мәселелеріне арналған мақалалары үзбей жарияланып келеді.
Сондай-ақ ғалым көптеген ұжымдық жинақтарды жазуға да белсене араласып келеді. Мысалға, «Иллюстрированная история Казахстана с древнейших времен до наших дней (в 3-х томах)» (Алматы: РОНД, 2001) атты жинақтың «От эпохи палеолита до монгольского нашествия» атты тарауына ғалымның 14 мақаласы арналып, оларда Қазақ тарихының ежелгі дәуірінен қазақ хандығына дейінгі басты оқиғалары, мәдени-рухани және саяси өміріне талдау жасалған. Алғаш рет Қазақ тарихы бойынша дайындалған бұл суретті кітаптың мектеп жасындағы балалардың тарихи санасын қалыптастыруға игі ықпал тигізетіні анық. Сонымен қатар «Деректану (қазақ тарихы мен мәдениеті парсы, қытай, моңғол, түрік, мажар тілдеріндегі кейбір деректер бойынша). Ғылыми ізденістер жинағында» (Алматы, 2002), «Көркем суретті Қазақстан тарихы». Ежелгі дәуірден біздің уақытымызға дейін. 4 томдық. – 1 том: Палеолит дәуірінен моңғол шапқыншылығына дейінгі Қазақстан» (Алматы, 2006), «Қазақ Мемлекеттілігінің тарихы (Ежелгі және орта ғасырлық кезең)» (Алматы, 2007) монографиялық зерттеудің, «Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихының деректері (б.з.б. 177 – б.з. 222 жылдары)» (Алматы, 2006) атты екі кітаптан тұратын және тағы басқа ұжымдық жинақтардың авторларының қатарында танымал.

Тарих қамалын бағындырған жазушы

Оның зерттеулерінің аясы Орталық Азия мен Қазақ тарихына түбірлі өзгеріс әкелген әйгілі «Атлах-Талас» шайқасының және көптеген тарихи тұлғалар тарихына да арналады. Ғалымның зерттеу аясы Түркеш қағанатының құрылуы, түркештердің этникалық құрамы ежелгі руникалық түркі жазбаларындағы Түркеш қағанатына қатысты деректерді қарастыруымен кеңи түседі.
Ізденістерге толы жылдардың жемісті қайтарымы ретінде 2002 жылы 6 қаңтарда «Түркеш қағанаты» (саяси және мәдени тарихын зерттеу 692-766 жылдар) атты күрделі тақырып бойынша тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғады. Диссертациялық зерттеу жұмысын белгілі тарихшылар К.Нұрпейіс, У.Шәлекенов, М.Асылбеков, М.Қойгелдиев, Т.Омарбековтер жоғары бағалады.
Белгілі филолог-түрколог ғалымдар М.Мырзахметұлы, М.Акар, И.Жеменей, Д.Қыдырәлілермен бірлескен авторлықта «Түркі халықтары әдебиетінің тарихы» (Түркістан, 2005) атты Жоғары оқу орындарының барлық факультеттеріне арналған оқулық және хрестоматия жазуға да қатысады.
Тарихи зерттеулермен қатар Ә.Дәулетханов әдеби жинақтардың құрастырушысы ретінде де көпшілік оқырманға жақсы танымал. Оның құрастыруымен шыққан «Ақын Дәуітбай Мұсабеков: таңдамалы жинағы» (Алматы, 2013) үлкен сұранысқа ие болуда. Бұл жинақ ақын Д.Мұсабековты тарихи отандастарына таныту жолындағы шығармашылық ізденістерді көрсетуге арналған.
Ғалым Ш.Уәлиханов институтынан тысқары Уақытша келісім шартпен А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті жанындағы Туркология ғылыми зерттеу орталығында және Тараз қаласында ашылған «Бауыржантану ғылыми зерттеу орталығында» «Халық қаһарманы» Б.Момышұлының 30 томдық еңбегін дайындау тобында қызмет етті.
Ә.Дәулетханов ұзақ жылдардағы ғылыми ізденістерінің жиынтығы ретіндегі «Ежелгі және орта ғасырлардағы түркілер» атты көлемді зерттеу еңбегі біздің жыл санауымыздан бұрынғы мың жылдық пен б.д. VІІІ ғасырына дейінгі тарихи оқиғалардың маңызын зерделеуге арналған. Сондай-ақ «Түркеш қағанаты (692-766)» монографиялық еңбегі қазақ тарихының ғасырға жуық ақтаңдағын айқындап, түркештердің этникалық құрамы, этноаумағы, ел билеу үрдісі, дипломатиясы, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық, шаруашылық және мәдени жағдайына қатысты көптеген тың және нақтылы мәліметтер негізінде жазып, ғылыми айналымға көптеген деректерді енгізді.
Ал ұйғыр халқының 1679 жылдан 1949 жылдар аралығындағы үш ғасырлық қоғамдық-саяси, мәдени, әскери қалыптасуы мен даму тарихына арналған «Шығыс Түркістан халықтарының ұлт-азаттық күресі дәуірі әдебиеті» монографиясы осы кезеңдегі ұйғыр әдебиетінің ұлт-азаттық күрестер жаршысы бола алғандығын дәлелдеуге арналады.
Сонымен қатар журналистика саласынан қол үзбеген ғалым көпшілік оқырман қауымға «Тарту» атты еңбектерінің таңдамалы жинағында 50 жыл бойы жазған көркем әдеби шығармаларын ұсынады.
Ә.Дәулетханов Отан тарихының ежелгі және ортағасырлардағы өзекті мәселелеріне, тарихи тұлғалар мен тіл, діл мен дін мәселелеріне арналған ғылыми мақалаларымен қатар, Қазақ тарихының көкейкесті тақырыптарына арналған республикалық және халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларларда жасаған мазмұнды баяндамаларымен Қазақстан халықтарының рухани өсуіне, ұлтаралық жарасымдылық пен бірліктің салтанат құруына үлес қосып келеді.

(17)