Жігіттің төресі еді Сәбең…

Қайран Сәбеңнің, аяулы Сәбит ағамыздың жүрекуақыты осылай тоқтар деп кім ойлаған? Бұл өлім — жүрек біткенді елжіретіп, көңіл біткенді жабырқатты. Өлім түгілі, өкпеге қимайтын жан еді ғой марқұм. Тағдыр оны бір өзінің ғана емес, күллі қазақтың бақ-талайы сыналар қияметі мол, зейнетінен бейнеті ауыр салаға салыпты. Қаршадайынан жұрт ісіне жұмылып, ел мұратына қызмет етті.

Арыстай азаматпен жақын таныс-біліс болғаннан бері оның адамгершілігіне, ғибраты мол кісілігіне тәнті едік. Сөйлеген сөзі, жүріс-тұрысы, өзін-өзі ұстауы өнеге еді. Есіл ер жетпіске келсе де, қырықтағы жігіттей қара нар еді. Алқалы топты алға бастап, ноқталы топта нақылын айтып көш басында жүрген көсем еді ғой шіркін. Өмірінің соңғы жеті-сегіз жылы Алашты тану ісіне, Алаш мұрасын насихаттау жұмысымен тығыз байланысты болды. Ғажабы біздің Сәбең — шебер ұйымдастырушы, заманауи менеджер еді. Сондай қасиетінің арқасында Қазақстанның “Ақ жол” партиясын бейресми “Алаштану” орталығына айналдырып жібергендей болатын. Бес жыл қатарынан “ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы” жалпыұлттық ғылыми байқауын дәстүрлі ұйымдастырып, отыздан астам жеңімпаз, елуге жуық жүлдегер жас ғалымдардың бағын ашып, көпке танытты. Менің ұғымымдағы Сәбит Байдалының бейнесі — адал еңбектің символындай болып қалды. Жетпіс екі жасына дейін еңбек майданының өтінде жүрді. Елін қарқ қыламын деп жар құлағы жастыққа тимей, тынымсыз еңбектеніп жүріп, денсаулығының сыр білдіргенінде сезбей, елең-алаң шақта өміржапырағы үзілді де кетті ау…

Қош, қазақтың Сәбиті! Аса мейірімді Жаббар Хақ алдыңыздан жарылқап, панасына алсын. Қара ормандай қабырғалы ел-жұртыңыз барда, салған сара жолың, ешкімде еш уақытта қайталай алмайтын дара жолың барда, асыл бейнең мен шапағат-шуағы көп сәулелі азаматтығың санамызда мәңгі болмақ. Бақұл болыңыз, жақсы аға!

Елдос ТОҚТАРБАЙ, жазушы,

ҚР “Дарын” мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты

(69)