Ұлт кіндігі — ауылымыздың шаңырағын қалай түзейміз? деген дана қартымыздың жанайқайын кім естір?

Ауыл және ауыл шаруашылығы жөнінде Қайыр Рахметуллин ағамыз газетімізде соңғы жылдары көптеген мақалалар жазды. Мамандығы агроном әрі зоотехник болғанымен ол кісі ақын, жазушы ретінде де танымал болған. Білімі мен білігі жан-жақты ағамыз жазған мақалаларын терең талдап жазады. Бүгінгі нөміріміздегі мақаланы «қорытынды мақала» деп айдар тағыпты. Әрине, бұл көкейтесті мәселе мұнымен біте қоймасы анық. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінен бастап, тиісті орындар мақаланы оқып, бір нәтиже шығарады деген үміттеміз.

Министрлік өкілі неге күйзелді?
Мен 80 жастағы тәжірибелі ауыл тұрғыны ретінде (мамандығым агроном әрі зоотехник) ауылдардың ауыр дағдарысқа ұшырағаны, мектептер жабылып, халықтың жаппай қалаға көшіп жатқаны, бұл дағдарыстан шығу жолдары туралы ұсыныс-пікірлерімді «Qazaqstan zamany» газетінің №42 (1171) 2017 жыл, №4 (1185) 2018 жыл, №11-12 (1192) 2018 жылғы сандарында жазған едім. Бірақ көңілде сол мақалалар билік иелері менсініп оқи ма деген күдік болса да 29 адам қол қойып, лауазымды тұлғаларға 7 хат, 34 газет жолдаған едік. Оның ішінде Президент Н.Ә.Назарбаевқа арнайы хат және 3 газет, Парламент Мәжілісінің төрағасы Н.Нығматулинге, Премьер-министр Б.Сағынтаевқа Ауыл шаруашылығы министрі Ө.Шөкеевке, бір хат үш мекенжайға және 9 газет, Парламент депутаттарына (депутаттар Н.Сабилиянов, Н.Дулатбековтар), соңында облыс әкімі Ж.Қошанов пен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы С.Апақашовқа, бір хат екі мекенжайға және 6 газет жолданды. Сол хаттардың қорытындысын талқылауға Егіндібұлаққа облыс-тың ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Бошпанов Сырым Бейсебайұлы келіп, 1 маусым 2018 жылы тұрғындарымен кездесу өткізді. Жиынға 40-қа жуық адам қатысты. Бұл — мәселенің бүгінгі күнде көкейтесті екенін көрсетсе керек. Әңгіме өкілге бірден сұрақ қоюдан басталды. «Табиғатын қолайлы, өсімдікке тұнып тұрған, шөпті-көл елді мекеніндегі 100-ден аса үйден 7-ақ отбасы, бұрынғы совхоз орталығы Айрықтағы 130 үйден — 24 отбасы ғана қалды. Көбі 1-2 жылдың ішінде қауырт көшіп кетті. Қоса есептегенде үлкен 6 елді мекеннің мектептері жабылып, осындай күйге ұшырады». Жұрт жаппай көшіп жатқанда кімнің үйін кім сатып алады? Баспанасын, дүние мүлкін, қора-қопсы, айыр-күрегін тастап кетіп жатыр. Кейбір үй жиһаздарын, қаланың шағын бөлмелеріне сиғыза алмай, «свалкаға» апарып тастады. «Жұмыссыз жастар қалаға кетті», — деп бәрін-бәрін айта келіп: «Сіз осындай жағдайда Үкіметтің ауыл шаруашылығы тұрғысындағы саясат дұрыс жүріп жатыр деп есептейсіз бе?» — дедім. Іштей бәрін біліп, түсініп отырған азаматты бұлай қинау ауыр еді. Бірақ шындық осылай. Жастардың қалаға жұмыссыздықтан кеткенін, мал өсіруге республика жер көлемі бойынша дүниежүзінде 9-шы орында бола тұра мал азығының жетімсіздігін, осы уақытқа дейін халықтың ұсақ шаруа қожалықтарынан шөп сатып алып күнелтіп келгендері, ал олардың техникасы тозып, бұдан былай шөп сата алмайтындықтарынан тығырыққа тірелгені айтылды.
«Әйтеуірі келген екенсіз, осы отырған 30-дан аса отбасы бұдан былай жем-шөпті қалай алуымыз керек? Шешіп беріп кетіңіз», — деп өкілді де «тығырыққа тіредік». Бұрыннан жер дауы бар алпауыт мемлекеттерге айбар болып, көп жерге иелік еткен, бүгінде азып-тозып көшіп жатқан 1000 ауылды қайыра қоныстандыру, орнықтыру, тұрмыстарын көтеру, ол үшін бұрынғы совхоздың қазіргі жағдайға дөп келетін «екінші варианты» — «Мемлекеттік мал азығы шаруашылықтарын құру, яғни реформа жасау, қалаларға кетіп қалған, ішінде механизаторы бар жас отбасыларды «бір миллион теңге — бес бұзаулы сиыр» ұсынысымен елге шақырып, алдарына мал салып беру, мектептерді қайыра ашу үшін балаларға да көтерме төлем белгілеу турасында айтылды. «Мен дұрыс айтып отырмын ба?» — деп ара-тұра пысықтағанда, отырғандардың «дұрыс айтып отырсыз» — деп ду етіп қолдау көрсетулері көп нәрсені білдірсе керек. Елден қызықтың кеткенін, «сиырдың сүт тілінде екенін» білетін әйелдердің ер-азаматтардың алдында иба сақтап отырғандарын өкіл де түсінген болар. Осының бәрін естіп отырып, Сырым Бейсебайұлы: «бұл сіздің «жанайқайыңыз» ғой», — деді. Өз кезегінде өкіл бұдан бұрын да ауыл шаруашылығында бірнеше рет форма жүргізілгенін, бірақ шашылып қалған шаруаны қалпына келтірудің оңай болмай тұрғанын жеткізді. Екі сағаттың ішінде елдегі жағдайды толық түсініп, күйзеліп шыққан Сырым Бейсебайұлы сыртта қоштасарда: «Мектептерді қайыра ашу үшін әрбір балаға бір миллион теңгеден төлеу керек», — деп салды. Бәрекелді! Бұл енді облыстан келген, қиын ахуалға көзі жеткен тәжірибелі маманның «жанайқайы» еді.
Бұрынғы ұсыныстарымызды нақтыласақ…
Арнайы келген өкілдің ұсынысын қаперге ала отырып, бұрынғы мақалаларда жасаған ұсынысымды нақтылай түсуге тура келеді. Әрбір балаға, арнаулы орта және жоғарғы оқу орнында оқитын, мамандықтары ауыл шаруашылығына сәйкес келетін студенттерге де 5 жүз мың теңгеден төлеуді ұсынамын. Сонда бұрын жас ата-анаға төлеуді ұсынған бір миллион теңгені (5 бұзаулы сиыр) қосып есепке алғанда жан басына 500 мың теңгеден келеді. Бұлай істемеске лаж жоқ. Себебі қала мектебіне үйреніп қалған, 6-7 сыныпқа іліккен балалардың ауылға қайтуға қарсылық ететінін түсінуіміз тиіс. Тиісінше бұрын айтылғандай 5 жыл емес, елден көшпеуге 7 жылға келісімшарт жасалуы керек.
Әрине, мұндай «көзсіз есептен» Қаржы министрлігі шошып кетуі әбден кәдік. Мәселе мынада — бұл шара бүкіл республика бойынша бірден басталмайды ғой. Біртіндеп іске асады. Алдыңғы лек жас отбасыларға төленіп, оларға жаңа үйлер салына бастаса, сенім кіріп Үкіметтің бұл іске «шындап кіріскеніне» халықтың көзі жетеді. Бұл жерде баспасөздің, радио, теледидар, т.б. құралдар арқылы жүргізілуге тиіс шынайы насихаттың көмегі зор. Жастардың елдегі ата-ана, туыстары арқылы да жұмыс істеуге болады.
Біз «Qazaqstan zamany» газетінде жарияланған, ауылдарды дағдарыстан шығару туралы жазылған «атаулы» үш мақаланың Президент Н.Ә.Назарбаевты бей-жай қалдырмағанын сол газетте басылған Ермек Сахариевтің «Мүмкін нанды да сырттан әкелерміз!» — деп Елбасы наразылығын білдірді, деген мақаласынан түсіндік («Qazaqstan zamany» №14 (1195) 12 сәуір 2018 жыл). Ал Ауыл шаруашылығы министрі Ө.Шөкеевтің оқығанын Оралхан Дәуіттің «Шөкеевтен тал қала ма, әлде мал қала ма?» атты мақаласынан ұқтық («Жас Алаш» №32 (16322) 26 сәуір 2018 жыл). Тілші мақаласында: «Өмірзақ Шөкеев осы қызметіне жаңадан кіріскен кезінде (яғни бес айдай бұрын) негізінен ірі шаруа қожалықтарын дамыту керек…» — деп еді (Қ.Р.). Ал «бұл бағдарлама (сәуірдегі Үкімет отырысында айтылған), негізінен ірі шаруашылықтарға емес, майда шаруашылықтарға арналған. Осының арқасында майда шаруашылықтардың санын (бұрынғы 20 мыңнан) 100 мыңға дейін өсіру көзделуде», — деді. Бірақ тілші министрлік бағдарламасының бұлайша бүтіндей өзгеруінің себебін айта алмайды. Бұл тұста «бар жерді бұрынғы 20 мың ұсақ фермерлер бөліп алған. Ал жаңадан қосылатын 80 мың майда шаруашылықтарға министр жерді қайдан тауып бермек?» — деген сұрақ туады. Менің пікірімше, Ө.Шөкеев тәжірибелі адам. Ауласынан 4-5 сиыр өретін ауыл бұқарасын, яғни бәрімізді де есепке алып отыр-ау деп ойладым. Аталған үш мақаладағы ұсыныстары іске асып қала ма? — деген дәмеде қалдым.
Бұрынғы жоспар-бағдарламалар 5 жылға жасалушы еді. Ал бұл жолы жаңа министр 10 жылға (2018-2027) ұзартты. Ұсыныстарым жүзеге аса қалған күннің өзінде шаруашылықты, ауыл халқының тұрмысын бұрынғы совхоз кезіндегі деңгейге жеткізу, 3 кемінде 10 жыл керек деп іштей межелеп жүруші едім.
«Qazaqstan zamany» газетін қолдауымыз қажет еді…
Мен аталған сол үш мақаланы «Жас Алаш» газетіне (Оралхан Дәуіт, көшіріп басуды) ұсынған едім. Құптамады. «Біз басқа газеттерде шыққан материалдарды екінші рет баспаймыз», — деді. Саясатта көшбасшы болып, ұлт зиялыларының «…азып-тозған…» ауылдар туралы күйзелістерін 22 жылдан бері басып келе жатқан газеттің мұнысын түсіне алмадым. Ұлттың кіндігі — ауылда. Оның тағдыры туралы газеттер «тізе қосуы» керек еді. «Qazaqstan zamany» бұрын халықаралық газет болды да, ел арасында аз тарады. Ал «Жас Алаштың» таралымы екі есе көп, ел ішіне көп тараған. Аталған мақалаларды көшіріп басқанда, талай ауылдардың «жанайқайын» тәжірибелі адамдардың ұсыныс-пікірлерін еститін едік. Бұл — Үкімет үшін пайдалы, кәдімгі «барлау» рөлін атқарар еді.
Біз шетелге сыр бермеу үшін бе, әлде саясаттың бір түрі дедік пе, «дамып кеттік» деп жалған насихат ұйымдастырып, артынан өз насихатымызға өзіміз сеніп, «мас болып қалдық». Адасу осыдан басталды. Жалған мадақтайтын баспасөзді ғана шолып, соған малданып, сын айтқан газеттерді дұшпан санадық. Еңбекқор газеттерді елемейтін болдық. Өткен жылы екі министрлік пен бірнеше ақпарат құралдарының басын қосып экспедиция ұйымдастырып, барлық облыстарды аралап, өмірдің күнгейі мен көлеңкесін жарыққа шығарып, күйзелген ауыл шаруашылығы үшін шыр-пыр болып жүрген «Qazaqstan zamany» газетінің ұсынысымен үстіміздегі жылдың 9-шы ақпанында Үкіметте өткен дөңгелек үстелге бірде бір депутаттың келмеуі осыны көрсетті.

Аудан әкімдігінің бұл мырзалығы қай мырзалық?
…Егіндібұлақта өткен сол жиында бұрынғы мақалалардағы ұсыныстар бойынша «Қоянды» ауылдық округінде «Мал бордақылау шаруашылығын» құру туралы арнайы сөз болды. «Сіз бұл ұсынысыңыздың жүзеге асуын үш жыл тосасыз, — деді қатысып отырған аудан басшылары, Қояндының шұрайлы жерінен «жолын тауып» жер алып, «Шаруа қожалығын» құрған Павлодар облысының азаматын бетке ұстады-ау, сірә. «Оның өзінің «бизнес-жоспары» бар», — деді. Сонда қалай, Баянауыл ауданының «Жайма» елді мекенінде тұратын адам 170-200 шақырым қашықтықтағы бойдақ малдарды жинап, бордақылап, Егіндібұлақ өңіріндегі екі мал сою цехын қамтамасыз етеді. Қоянды ауылдың округінің халқын жем-шөппен қамтиды, үй салып, қаладағы жастарды шақырып қоныстандырады», — деп кімді нандыруға болады? Бұл — Қарқаралы аудан әкімдігіне «шаруа қожалығын ұйымдастырдық» деп есеп беруге, өздері баспасөзде дәріптеуге ғана қажет. Ал басқа «қажеттіліктерін» өздері біледі. Басын ашып алу керек: «Қоянды ауылдық округінің штатын пайдаланып, аталған шаруашылықты өз басында құру керек. Ал айтылған азаматтың «бизнес-жоспары» Үкіметтің қазіргі бағдарламасына сәйкес жасалған шаруа емес. Оған жем-шөбін дайындап, өз малын өсіріп, семіртіп өткізу проблемасы да жеткілікті. Ол — жеке адамның мүддесі». Тиімсіз болып бара жатса, тастап кете барады. Шаруа қожалығының «Жайма» атауының өзі-ақ шалғай Егіндібұлақтағы мал сою Қоянды ауыл округі халқының мүддесінен бөлектеніп тұрғанын көрсетіп тұр емес пе? Аудан басшылығы мұндай «ішкі құпиясын» облыс басшыларына жіліктеп айтпайды, әрине. Бұл жерде айтпай кетуге болмайтын бір мәселе бар. Басқа облыстың адамы Қоянды ауылдық округінің жерінен ойып тұрып жер алатындай қаншалықты еңбек сіңірген? Бұл елдің келешегі жоқ па? Аудан әкімдігі осылай «мырзалық» таныта отырып, Америкада негрлерді ығыстырған испандықтардай, Егіндібұлақтың аз ғана байырғы тұрғындарын жерсіз қалдыруға айналды. Қазір бұрынғы Қазыбек би ауданының жерінде бөтен байлардың оншақты табын жылқысы өріп жүр. Әлі қаншасы келмек. Би-бабаның аруағы «атасында көрмегенді ботасында көріп» бір табын қодас та келген. «Китті» ортаға «жығып қойып» ойларына келгенді істеуде. Егер Үкімет дұрыс бағыт алса халықты қайыра қоныстандырып, орнықтыратын, тұрмысын көтеретін шаруашылықтар құра бастаса, бұрынғы баба жұрты қайыра қалпына келер деген ойдамыз.

Қайыр Рахметуллин,
Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Егіндібұлақ ауылы

(22)