Израиль, «ойнаймын» деп от басып алма!

Осыдан біраз уақыт бұрын Ливанда өткен парламент сайлауында парламенттегі 128 мандатқа 917 үміткер тіркелген болатын. Парламент сайлауы елдегі саяси дағдарысқа байланысты 2009 жылдан бері алғаш рет ұйымдастырылған-тын. Аталған саяси тартыста АҚШ-пен өзге де бірнеше мемлекетте лаңкестік ұйым деп танылған «Хезболла» тобын жақтаушылар жеңіске жетті. Енді заң шығарушы органның жартысынан көбі, осы радикалды шиит ұйымын қолдаушылар болмақ. Ливан ішкі істер министрі Нохад Машнуктың айтуынша, парламент сайлауына халықтың 49 пайызы ғана қатысқан.

Бұл ливандықтардың саяси өмірде белсенділігінің төмен екенін көрсетеді. Мысалы, ел астанасы Бейрутта бұл көрсеткіш небәрі 30 пайыз болған. Алайда қарапайым халық сайлау елдегі жағдайды жақсарта қояды дегенге сенбейді. Олардың уәжі: «Бұл парламент сайлауы да елде болып жатқан жағдайды жақсарта алмасы кәміл. Халықтың тұрмысы қандай болды, солай болып қала береді. Елді басқару жүйесінде де ештеңе өзгермейді. Саясатта жүргендердің барлығы бір-біріне туыс. Біреуі кетсе, оның орнына сол адамның жақын туысы, аға-бауыры, тіпті болмаса баласы келері анық»,— деуге келіп саяды. Парламент спикері Набих Берри: «Елдің жаңа үкімет құрамы бір ай ішінде құрылады, оған барлық тараптар мүдделі»,— дегенімен, аталған елдегі саяси оқиғалар тізбегін қалт жібермей бақылап отырған кәнігі саясаткерлер мен сарапшылар: «Премьер орынтағында сүннит Саад Харири қалса да, оған «Хезболла» сынды шииттік әскери-саяси топтың күшеюі жағдайында батыл әрекеттерге бару қиынға түседі. Тіпті мұның арты Ливан территориясындағы әлгі әскери-саяси топтың Израильмен шиеленісті тартысты бастауға мұрындық болуы мүмкін»,— деген болжамды алға тартады.
Биліктегі қазіргі саяси ахуал қандай?
Сарапшылар: «Жаңа үкіметті осымен үшінші рет қазіргі ел премьері сүннит Саад Харири құрады, бірақ, оған саяси қолдау көрсететін жақтастарының әлсіреуі оның батыл әрекеттерге баруына айтарлықтай кедергі келтірері кәміл. Өйткені, премьердің партиясы «Мустакбаль» («Болашақ») көп дауыстан айырылып қалды. Бірақ Харири елдегі барлық саяси күштердің «ынтымақтастыққа» дайын екендігіне сенім артады. Парламент сайлауы нәтижесінде шииттік «Хезболла» қозғалысы дауыс артықшылығына қол жеткізді, бұл жағдай оларға, премеьр-министрге де, ел президентіне де зор ықпал етуге мүмкіндік береді. Билікті бөлісу туралы келісімге сәйкес, Ливанның премьер-министрі мұсылман-сүннит, заң шығару органының спикері мұсылман-шиит, ал президент христиан-маронит (маронит шіркеуі — Ливандағы ең ірі христиандық қауым) болуы тиіс. Елдің жаңа үкіметінің құрылымы қандай болатындығына қарамастан, Ливанға жаңа идеяларды күту күрделі күйінде қала бермек. Елдегі саяси процесс бұрынғысынша қол жеткен жетістіктер аясында қала береді, елдің қай бағытқа бағыт ұстанатындығы туралы жаңа ой-түйсік бой көрсетуі екіталай. Жаңа үкімет шииттік басымдыққа ие болатынына қарамастан, ол ел мүддесін бірінші орынға қоюы тиіс, яғни Бейрут теңгерімді сыртқы саяси курсты жалғастыра берері анық. Сол себепті парламент сайлауының нәтижесін «Хезболла» қозғалысының толық жеңісімен аяқталды деп бағалауға болмайды. Бұл сайлау елдің саясат сахнасында мемлекетті басқарудың басты мәселесінде кезекті рет келісімді, уағдаластық сипатқа ие ливандық демократия моделі бой көрсеткеніне көз жеткізді»,— дейді.
Екі жақ та шайқасқа дайын
Енді бір сарапшылар: «Израиль де, «Хезболла» да шайқасқы дайын. Ливан — Таяу Шығыстағы ең маңызды мемлекеттердің бірі. Қазір оны көптеген аймақтық мемлекеттер Иран мен Израиль арасындағы шиеленісті текетірестің нағыз орталығы болуы мүмкін ел ретінде қарастырады. Израильге Ливандағы ең ықпалды саяси бірлестік ретінде «Хезболла» ұнамайды. Еврей жағы олардың әскері Сирияда белсенді шайқасып жатқан Ираннан қолдау тауып отыр деген пікірге ден қойған»,— деп есептейді. Бұрындары «Моссад»-тың экс-басшысы Дани Ятом «ГазетаRu»-ға берген сұхбатында: «Меніңше, Израильге қарсы төтеп беру үшін «Хезболла» сарбаздарын Ливанның оңтүстік аймақтарына Сириядан парсылардың өздері жіберетін болады»,— деген болатын. Оның бұл мәлімдемесін жуықта Израильдің өз әскерін Ливаннан әкетуінің 18 жылдығына орай қозғалыс көсемі шейх Хассан Насралла да растап, «Хезболланың» Ливан территориясында Израильмен шиеленіске баруы мүмкін екендігін айтқан болатын. Ол өз сөзінде: «Біздің қозғалыс Израильмен шайқасқа баруды қаламайды, бірақ, ол орын ала қалса, ол соғыста біз жеңіске жетеміз»,— деген-ді. Израиль әскері Ливанда 1982 жылдан бері Палестинаны азат ету Ұйымы отрядтарына қарсы күрес жүргізу үшін қалған-ды. Ол отрядтар Израильге қарсы күресті Ливан территориясынан жүргізген еді. Қазіргі уақытта «Хезболла» мен Израиль бір-бірімен щайқасты Сирия территориясында жүргізіп жатыр. Бұл жерде артықшылық Израиль жағында, олар Сирия территориясындағы «Хезболла» нысандарын әуеден бомбалауды жалғастыруда. Ливандықтар Израильді өздеріне қауіп төндіретін №1 ел ретінде бағалайды, соған сәйкес Тель-Авивтің Сирия территориясындағы іс-әрекеттерін өз мемлекеттеріне тікелей қатер төндіру деп қарастырады. Ливанды көкпарға тартқылап жатқан қазіргі жағдайдың ағымы осындай. Израиль әрекеті шиит қозғалысын Ливан территориясынан Израильге қарсы зымырандармен атқылауға мәжбүр етуі ғажап емес. Ол ұзақ күттірмеді де. Мәселен, РИА Новости: «Жақында Израильдің әскери ұшақтары Газа секторының оңтүстігінде орналасқан Рафах және Хан-Юнис қалаларындағы содырлардың екі бекініс базасына зымырандармен соққы берді. Мұның алдында еврей әскері палестиналық анклав Зейтун ауданындағы «әскери нысанды» артиллериядан атқылаған болатын. Израиль жағы бұл әрекеттерін Газа секторынан Тел-Авивке қарай атылған зымырандарға қарымта соққы деумен түсіндіруде»,— деп хабарлайды.
АҚШ «Хезболлаға» қарсы
Ал «Газета.Ru» дереккөзі болса: «Ливан Иран мен Сауд Аравиясы арасындағы күрестің аралына айналып отыр. Ең бастысы — бұдан саудиттер ұтпайды»,— дейді. Осындай сценарийдің орын алуы мүмкіндігін жоққа шығармаған Израиль премьері Биньямин Нетаньяху: «Біз Сирия территориясынан Ливанға қару-жарақ жіберілуіне жол бермейміз»,— деп мәлімдеді. Соған қарамастан, Израиль аталған шиеленісте қорғаныстан гөрі шабуылдауды жөн санайтындай. Ол өзінің Иранмен арадағы келіспеушіліктерін Сирия территориясында шешуге күш салуда. Бұған дейін ондай келіспеушіліктерді Ливан территориясында шешуді қалаған. Сириядағы шиеленіс Ливанға тікелей ықпал етеді, Өйткені, осы ел территориясында ондаған мың сириялық босқындар өмір сүріп жатыр. Тұрмыс жағдайларының аса ауырлығына қарамастан, олар соғыс өрті жайлаған өз елдеріне қайтудан бас тартуда. Жағдайға АҚШ та өз ықпалын тигізіп отыр, себебі, Ақ үй билігі бірден-ақ «Хезболланың» күшеюін жақтыртпайтындықтарын ашық айтқан болатын. Осылайша сөзден іске көшкен АҚШ-тың қаржы министрлігі АҚШ-та лаңкестер деп санайтын қозғалыстың басшыларына қарсы санкция қабылдады. Аталған санкция тізіміне «Хезболла» басшысының орынбасары Наима Кассем бастаған тағы да үш жоғары лауазымды тұлғалар кіргізілген. Олар әлгі қозғалыстың Жоғарғы кеңесіне мүшелер. «Хезболла» көсемі шейх Хассан Насралла да американдық санкциядан тыс қалмаған. Сауд Аравиясы да Ливандағы өз жағдайын нашарлатып алудан сескенеді, олар да Израиль секілді Иранның Бейтруттағы ықпалының күшеюінен секемденеді. Қалай десек те, Таяу Шығыста тағы бір шиеленістің бой көрсетуі жақсылықтың нышаны емес екені кәміл. Тек бәрі дау-жанжалсыз, бейбіт жолмен шешілсін деп тілейік дегіміз келеді.

Дайындаған —
Ермек Сахариев

(16)